Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 13755 0 пікір 18 Шілде, 2016 сағат 11:30

АЛМАТЫДА АТЫС БОЛЫП ЖАТЫР (СОҢҒЫ АҚПАРАТТАР)

Алматыда Алмалы аудандық ІІБ маңы қоршауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Куәгерлердің айтуынша, Никольский базарының аумағында атыс болып жатыр. Бұл жерде аудандық полиция басқармасы орналасқан. Сонымен қатар, куәгерлер көрші ғимараттардағы адамдарды кеңселерінен шығармай отыр екен.

Таяу маңда орналасқан кеңседегілердің айтуынша, 10 рет оқ атылған. "Бастапқыда тапаншамен бір-бірден оқ атылды, кейін жылдам атыла бастады. Белгісіз біреу қолына автомат ұстап алып, Байтұрсынов көшесінің бойымен жүгіріп өтті, кейін артынан полицейлер қуды", - дейді олар.

Қазақпараттың жазуынша қолына қару ұстаған белгісіз біреу Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратының алдында екі адамды атып кеткен. Адам шығыны бар болуы мүмкін.

Қазіргі сәтте, ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша Департаментінің ғимараты, Алмалы ауданының Ішкі істер басқармасы аумағы, Абай даңғылы мен Байзақов көшесі қиылысында, Абылай хан даңғылы мен Қазыбек би көшесі аумағы оқшауланды.

Сондай-ақ, Абылай хан мен Төле би көшесінің қиылысында да тәртіп сақшыларымен белгісіз біреулер арасында атыс болған», – дейді куәгерлер.

Оқиға барысынан Abai.kz ақпараттық порталының тілішісі мына жайттарды хабарлады:

Абылай хан мен Төле би көшелерінің қиылысында атыс болды. Екі полиция қызметкері оққа ұшты. Полицейлерге оқ атқан бір бүлікші ауыр жарақат алып қолға түсті. Енді атыс Мақатаев пен Сейфуллин көшесінде жалғасуда.

Алматы қалалық шұғыл жедел көмек көрсету ауруханасына қазір жараланған 5-6 адамды алып келді. Ауруханаға Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова келді. Қасында бір топ адам бар. Аманжолова дауыс салып жылады. 

Біздің тілшіміз Мәжіліс депутатының інісі қайтыс болғанын ол кісінің өзінен сұрап білді. Зәуреш Аманжолова Алматы қалалық шұғыл жедел көмек көрсету ауруханасынадағы 5 ота жасау бөлімінің бос еместігін, осы жаңа ғана екі полиция қызмтекерінің жан тапсырғанын айтты. 

 

WhatsApp желісі арқылы Алматыдағы атысты ұйымдастыруы мүмкін деген күдіктінің суреті жарияланды.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан болжам бойынша, Алматыда атыс ұйымдастырған адам Қызылорда облысының 27 жастағы тумасы екені анықталды. Бұрын сотталған. 

ҚР ІІМ ресми сайтында бүгін Алматыда болған оқиғаның ресми нұсқасы жарияланды.

«18 шілдеде сағат таңғы 11 шамасында Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына баса-көктеп кірген күдікті кезекші полиция қызметкерін атып жаралап, автоматын қолға түсірді де, ізін жасырды. Қылмыскердің соңынан түскенде, ол қолындағы автоматтан оқ жаудырып, «Боран» экипажының екі қызметкерін жаралады. Көп кешікпей, полиция қызметкерлері күдіктіні «Қазақконцерт» тұсында жаралап, қолға түсірді. Оның жеке басы анықталды. Ұстау барысында екі полиция қызметкері жараланды. Өкінішке қарай,  қылмыскер көшеде кетіп бара жатқан көлікті тартып алмақ болып, оның иесін атып өлтірген еді. Ауыр жарақаттан ауруханаға жеткізілген үш полиция қызметкері қайтыс болды. Алдын-ала мәлімет бойынша, 27 жастағы күдікті бұрын сотталған, Қызылорда облысының тұрғыны. Өткен жексенбіде бір әйелді өлтірді деп күдікке ілінген. Қазір қалада ұсталған қылмыскердің сыбайласын да қолға түсіру үшін, «Сирена» оперативті жоспары енгізілді», — деп хабарлаған.

Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің хабарлауынша, қалада қазір антитеррорлық операция жарияланған.

Cондай-ақ, желіде «Алматы - 1» темір жол вокзалында жарылғыш заттың болуы мүмкін деген хабарлама тарап кетті.

ТЖД өрт туралы ақпаратты жоққа шығарды. Жарылғыш зат туралы ресми мәлімдеме әлі жасалған жоқ.

Астана уақытымен 12:20-да Алматы қаласының аумағында террористік қауіптіліктің қызыл деңгейі белгіленді.

«Осыған байланысты, қала тұрғындары мен қонақтарын аталған деңгейде қарастырылған талаптарды сақтауға шақырамыз», - делінген ІІД таратқан хабарламада.

Айта кетейңк, «Қызыл» деңгейлі қауіп орнаған кезде жеке заттары мен транспорт құралдарын тексеруге және қозғалысты уақытша шектеуге немесе тоқтатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы деңгейде еш кедергісіз тұрғын үйлерге және басқа да ғимараттарға кіре беруге рұқсат бар. Телекоммуникациялық жүйе каналдары арқылы берілетін ақпарат пен келіссөздерді бақылау тәрізді шаралар да қабылданады. Барлық арнайы қызметтің әскери дайындығы күшейтіліп, әуежайлар, теңіз порттары мен метрополитен обьектілерін, темір жолдар мен автобекеттерді арнайы құралдармен тексеру кезіндегі режимдердің қатаңдатылуы тәрізді шаралар жүргізіледі.

Аbai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534