Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 3969 0 пікір 17 Шілде, 2016 сағат 11:56

ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫННЫҢ БЕЛГІСІ – ҚЫЗУ ЕҢБЕКТІҢ ҚҰРМЕТІ МЕ?

Еңбек ерлері Тәуелсіздік деп соққан жүрек тұсына отаршылдық  символы – Қызыл жұлдызды  қалай тағады? 

 Адамзат үшін адал еңбектен артық не бар дейсіз?  Маңдай терден маржан тамшылатқан маңдайалды марғасқалар  марапаттың қандайына да лайық!  Еңбектің нарқы мен парқы, жемісі мен жетістігі атам заманнан айрықша құметпен айшықталып келеді. Кешегі Кеңес кезеңінің өзінде еңбекшілерге ерекше құрмет көрсетілді.  Тәуелсіз Қазақ Елі де  Еңбекке зор мән беріп, еңбек адамын құрметтеуде ешкімнен кем емес. Елбасымыздың бір  Жолдауы да түгел Еңбектің ерекше рөліне арналғаны белгілі.

“Ақ жол” партиясының депутаттық бір сауалы Еңбек адамын құрметтеу үшін Еңбек даңқы орденін шығару болатын.  Ақжолдықтардың бұл ұсынысы  ақжолтай болды – Үкімет бірден қолдап шыға келді.  Ақыры, соның нәтижесі – бүгінгі “Еңбек Даңқы” ордені.

“Бақсам, бақа екен”-дегендей,  “Еңбек Даңқы” орденінің  бекітілген  нұсқасын  көріп, алып ұшқан көңіліміз су сепкендей басылды.  Тәуелсіз Қазақстанның еңбек адамының төсіне тағылар орден – “Қызыл жұлдыз” белгісі  екен…   Иә, кешегі  елімізді отарлаушы Кеңес Одағының Қызыл жұлдызы!  Қызыл қырғынды жасаушы Қызыл Армияның  Қызыл жұлдыз эмблемасы!

“Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін бүлдірді” -дегендей, Президент жанындағы мемлекеттік комиссия мүшелері қайда қараған? “Бұл не масқара?!-дейтін  құлдық санадан құтылған бір адам табылмағаны ма?  Комиссия төрайымы – Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіхалықова ханым бұған қалай жол беріп отыр?

Ертең Еңбек ерлері  Тәуелсіздік деп соққан жүрек тұсына отаршылдық  символы – Қызыл жұлдызды  қалай тағады?

Мына  Кеңес одағы кезіндегі ордендер мен біздің тәуелсіз Қазақ елінің “Еңбек Даңқы” орденін салыстырып қарасаңыз,  баяғы “Александр Невский”, “Қызыл жұлдыз” ордендерінен бері түк өзгеріс жоқ, заңды жалғасы сияқты… Қандай қорқынышты еді!?.

Түрлі саладағы еңбек үздіктері аса жоғары көрсеткіштері үшін наградталатын «Еңбек Даңқы» ордені үш дәрежеден тұрады. «Еңбек Даңқы» орденінің үш дәрежесінің иегерлері мәртебесі бойынша «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға теңестіріледі.    Мұндай еліміз бойынша ерекше маңызды рөл атқаратын марапаттың белгісін таңдау үшін  республикалық конкурс жариялау керек емес пе? Бір жыл ғана болатын мерекелердің эмблемаларының өзіне байқау жариялап жатамыз, ал Мәңгілік Елдің мәңгілік марапаты болмақ  орденімізді  омбай-домбайлап жасай салғанымызды қалай түсінеміз…

Мамандығы суретші ақын ретінде айтарым, орындалуы да сүреңсіз, қарабайыр, еңсеңді езіп  тұратын үйлесімсіз түстер (көк пен қаракүрең түс бір-бірімен үйлеспейді) жарқын марапатты емес, жаншылған машақатты білдіретіндей…  Қызыл империяның “қызыл жұлдызды” ордендерін нашар  көшіре салған мына мемлекеттік марапаттан қазіргі кез-келген қоғамдық ұйымдардың шығарып жүрген орден-медальдары көш ілгері! Мысалы, “Тіл жанашыры” белгісі жарқырап-ақ тұр…

Еңбек адамының еңсесін  езетін  “қызыл жұлдызды ”   қызу еңбектің айқын белгісі – берекені көрсететін белгілермен ауыстыру керек дүр!

Қазыбек ИСА

qazaquni.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1502
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3273
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5701