Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5016 0 пікір 14 Шілде, 2016 сағат 14:21

БАЯН-ӨЛГЕЙДЕГІ АПАТ. БІРЛІГІҢДІ КӨРСЕТ, ҚАЗАҚ!

Бүгін Моңғолияға арнайы іссапармен барған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Баян-Өлгейдегі апаттан зардап шеккен ағайынмен кездесіп, мемлекет тарапы қандастарымызға көмегін аямайтынын жеткізді. Тілі қазақша кәлимаға келмей жүрген премьер-министріміз мемлекеттік тілде сарнап қоя бергені сол еді, ол жақтағы ағайын Кәрім мырзаға ат мінгізіп, шапан жапты.

Әрине, Мәсімов мінген ат жайлы айтып, шеттегі ағайынға Үкіметтің қол ұшын созғанын "жарнамалап" ода айтудан аулақпыз. Десе де осы жолы Қазақ мемлекеті әлемнің кез-келген жеріндегі қазақ азаматтарының панасы бола алатынын байқатты. Дәл осындай ұрымтал тұста Кәрім Мәсімов төбе көрсетіп, өзінің саяси тұлғасына сәл-пәл болса да "әр беріп алғаны" болмаса, біз де, Баян-Өлгейліктер де дән риза...

Біз демекші, Баян-Өлгейдегі апат бүкіл қазақтың жүрегі мен тілегі біртұтасып кеткенін әйгіледі. Әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық белсенділер сауын айтып, зардап шеккен ағайынға жылу жинап жатыр.

Аятжан Ахметжан, белсенді:  

- Апаттан зардап шеккен ағайынға қол ұшын берсек деген бастама менің жеке идеям емес. Жігіттермен ақылдасып, белгілі журналист Амангелді Құрметұлы екеуміз арнайы шот ашпаққа келістік. "Сайдағы арқардың тұяғына тас батса, қырдағы арқардың мүйізі сырқырайды" дейтін қазақпыз ғой. Шеттегі ағайынның басына іс түскенде құр қол қарап отыруға дәтіміз жетпеді. 

Құдайға шүкір, бастаған жұмысымыз сәтін салып, ел-жұрт бір қазақ екенін дәлелдеп, өз көмектерін көрсетуде. Қазақстанды былай қойып, алыс-жақын шетелде жүрген ағайын да ақшасын аударып, қандастарымыздың қамы үшін барын салып жатыр. Мәселен, Даниядан бір азамат 1000 АҚШ долларын жіберді. Енді Ирландиядағы қандастар хабарласып, түстен кейін аударым жасайтындарын айтып жатыр. Сондай-ақ, еліміздегі ұжымдық мекемелер мен түрлі қорлар жәрдем жасайтындықтарын жеткізді. Екі күннің ішінде жинаған жылуымыз 1 млн. теңгеден асты. 

Алла жар болса, 20 шілде күні Баян-Өлгейге жол жүрмекпіз. Оған дейін ел болып қаражат жинап, қандастарымызға мүмкіндігінше көмек көрсетіп қайтамыз. Басында Амангелді Құрметұлы екеуміз жолға бірге шығамыз деген едік. Енді Айдос Сарым, Мұрат Әбенов ағаларымыз да баратын сыңай танытып отыр. 

Біз Баян-Өлгейге барып, бір аптадай сараптама жасап, негізінен көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созбақшымыз. 


Түйін

Зардап шеккендерге жылу жинау жалғасуда. "Әр қазақ - менің жалғызым" деген ұранмен өскен Сіздер де қарап қалмағайсыз, оқырман қауым!

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5684