Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 5174 0 пікір 12 Шілде, 2016 сағат 11:44

НАМАЗДАН БҰРЫН ПАРЫЗ ЕТІЛГЕН ҚҰЛШЫЛЫҚ

Аса қамқор, ерекше мейірімді, он сегіз мың ғаламның Раббысы – Аллаға сансыз мақтаулар мен шүкірлер болсын!

 «Әй, бүркеніп жатушы (Мұхаммед Ғ.С.)! Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта; Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос. (Түннің жартысында не одан аз, я көп тұруда еріктісің). Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы. (Намаз парыз болудан бұрын, түнде ояу болу парыз болған). Әрине саған салмақты (маңызды) Құранды түсіреміз. Шын мәнінде түнде тұру, нәпсіге әсерлі, оқуға қолайлы» («Әл-Муззәммил» сүресі, 1-6 аяттар)

Ислам ғалымдарының айтуынша, түнгі құлшылық – жүрек пен тілдің үйлесімділігі өз ретін табады, терең әрі байыппен, соншалықты ықыласпен оқылған Құран мен жасалған ғибадаттар жүрекке әсер етеді, сондай-ақ түнгі мезгілдегі құлшылық күндізгіден қиынырақ, михнатқа толы болғандықтан, нәпсіні сындырудың басты құралы екендігі һәм адам өзін-өзі тәрбиелеп, амалдарында тұрақты етіп жүрек пен тілдің үйлесімділігі артатынын дәлелдеген. Алла Тағала Әл-Әнкабут сүресінде: «Егер олардан: «Аспаннан су түсіріп, ол арқылы тіршіліксіз қалған /өлген\ жерді тірілткен кім?» - деп сұрасаң: «Аллаһ», - дейді. Сен: «Барлық мақтау Аллаһқа», - де. Алайда олардың көпшілігі ақылдарын істетіп ұғынбайды. Әрі бұл өмір – тек бос ермек және ойыннан басқа ешнәрсе емес. Егер де олар білетін болса, анығында, соңғы, мәңгілік өмір /ақирет\ тұрағы – шын, нағыз өмір», - дейді. («Әл-Әнкабут» сүресі, 63-64 аяттар).

Иә, бұл өмір жәй ғана сынақ. Сынақтан сүренбей өтіп кеткенше «Әс-Сәжде» сүресінде айтылғандай сәждеге жығылып, түнгі уақыттарда құлшылығымызды мейлінше жасап қалайық. «Шын мәнінде аяттарымызға, өздеріне үгіт берілген кезде, сәждеге жығылып; Раббыларын мақтап, пәктейді. Сондай-ақ тәкаппарланбай иман келтіреді. Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады» («Әс-Сәжде» сүресі, 15-16 аяттар).

Құлшылық – адамның екі дүниесінің кепілі һәм тірегі. Мына біздер Екі дүниенің Сәруары, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасаған құлшылықтарына ой жүгіртіп, бой түзгеніміз абзал. Ардақты елші (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде-бір рет түнгі намазын шет қалдырмаған.  

Хузәйфа (Оған Алла разы болсын): «Бір күні түнде Аллаһ елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұйып намазға тұрғанымда, «Бақара» сүресін оқи бастады. Сонда мен жүз аят оқып рукуғ жасайтын шығар деп ойладым, бірақ ол оқуын жалғастыра берді. Бұл жолы мен екі рәкатты осы сүремен оқып бітіретін шығар деп ойладым. Бірақ ол аталмыш сүренің тең жарымынан көбін еңсерсе де, оқуын жалғастыра берді. Сол кезде мен бұл сүрені толық оқып рукуғ жасар деп ойладым. Алайда, ол «Бақарадан» кейін бірден «Ниса» сүресін бастап толық оқып, содан кейін «Әли Имран» сүресін де басынан аяғына дейін оқып шықты. Арасында Аллаһты кемшілік атаулыдан пәктеуді бұйыратын аятқа келгенде, Аллаһты пәктеп, Аллаһқа жалбарынып дұға-тілек тілеуді бұйыратын аятқа келгенде, жалбарынып дұға жасап және Аллаһқа сыйынып, пана тілеуді бұйыратын аятқа келгенде, Аллаһтан пана тілеп, байыптылықпен асықпай оқыды. Содан кейін рукуғ жасап: «Субханә раббиал-азим» (Ұлы Раббым күллі кемшілік атаулыдан пәк) – деп, шамамен қиямда тұрғандай ұзақ тұрды. Содан кейін: «Сәмиаллаһу лимән хамидаһу, Раббанә ләкәл-хамду» (Аллаһ өзіне мақтау айтып, шүкіршілік білдірген құлын естиді. Уа, Раббымыз! Бар мадақ Саған тән) – деп, тікесінен тік шамамен рукуғта тұрғандай ұзақ тұрды. Содан кейін сәждеге жығылып: «Субханә раббиәл-алә» (Аса Ұлы Раббым күллі кемшілік атаулыдан пәк) – деп, шамамен қиямда тұрғандай сәждеде де ұзақ тұрды», - деген. (Муслим)

Міне, көрдіңіз бе? Түнгі ғибадаттың қасиетін қараңызшы. Жалған дүниені Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қандай құлшылықпен өткізді? Аяғы іскенше намаз оқыды. Түндерінің баршасын намазбен ғибадатпен өткерді. Ал біз ше? Осы амалдардың ең болмаса бір ширегін орындай алдық па? 

Әзімхан ИСАБЕК, студент

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5641