Сәби саудалағандар түрмеге отырды
БАҚ өкілдері сот мәжілісі залына кіргізілмеді; үкімді жариялау сәтін олар басқа бөлмедегі бейнемонитор арқылы бақылады.
Сот кәмелет жасқа толмаған балаларды жасырын түрде сөз байласып сатқан, жалған құжаттар жасаған және пайдаланған деп айыпталған сотталушыларды кінәлі деп таныды. 15 сотталушы жазасын түрмеде өтейтін болды. Қылмыстық істе белсенділік танытқан делінген медициналық мекеме қызметкерлері бес жылдан тоғыз жылға сотталды; ал мекеменің қалған қызметкерлері екі жыл түрмеде отырады. Жаңа туған сәбилерін әдейі саудалаған деп танылған аналар да екі жыл түрме жазасына кесілді. Нәрестелерді асырап алушылар кінәларын мойындауына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
32 сотталушының түрме мерзімін алған 15-і сот залында кісенделді. Жазаны өтеу мерзімі 2016 жылдың 5 шілдесінен басталады. Үкім оқылып жатқанда сотталушылардың бірінің денсаулығы сыр беріп, сот залында болған жедел жәрдем дәрігерлері оған алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Сот шешімі бойынша, Алматы облыстық көпсалалы ауруханасының перзентхана бөлімінің қызметкерлері сегіз жыл бойы жаңа туған нәрестелерді сатумен айналысқан. Олар кейбір жас аналарды сәбиден бас тартуға үгіттеп, нәрестелерге жаңа ата-ана іздестірген. Сот үкімінде көрсетілгендей, сәбилердің құжаттары оларды туған аналарға емес, бірден сатып алушылардың атына рәсімделген. Саудаға түскен нәрестелердің жаңа ата-аналары оларды туу туралы куәліктерімен бірге сатып алып жүрген.
Абай-ақпарат