Жұма, 22 Қараша 2024
Болған оқиға 5688 0 пікір 5 Шілде, 2016 сағат 09:28

АҚТӨБЕ ОҚИҒАСЫ БАЛҚАШТА ҚАЙТАЛАНА ЖАЗДАДЫ

26 маусымда Балқаш қаласында және Қарағанды облысының Гүлшат елдімекенінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы террористік актіні жоспарлаған радикалды топтың іс-қимылының жолы кесілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Гүлшат ауылында қылмыскерлерді ұстау барысында терроршылардың біреуі өз-өзін жарып жіберіп,  алған жарақаттардан көз жұмды. Басқа құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. «Топтың басқа мүшелері ұсталды. Жарылғыш құрылғы құрауыштары, дәрімен атылатын қару және өзге заттай айғақтар алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу іс-шаралары жалғасуда», - деп хабарлады ҰҚК-нің баспасөз қызметі.

«Балқаш оқиғасы» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың барлығы Қазақстан үшін дәстүрлі емес «салафизм» діни ағымын ұстанушылар екені белгілі болды. Қазіргі кезде олардың ДАИШ халықаралық лаңкестік ұйыммен байланысының бар-жоғы тексерілуде. Атап айтарлығы, олардың лаңкестердің идеологиялық ықпалында болғаны (ДАИШ ұйымының иделогиясымен уланғаны) нақты анықталып отыр. Бұдан шығатыны, лаңкестердің көздегені – рамазан айында террорлық акті жасау. Себебі олардың түсінігінше, «ораза айында жасалған мұндай әрекетті бүкіл әлемдегі терроршылар мен діни экстремистер жоғары бағалайды».

Құзырлы органның шағын хабарынан белгілі болғаны, лаңкестер Қарағанды облысының аумағында теракті жоспарлаған. Бұл ақпаратты сәл кейінірек ҰҚК-нің басшысы Владимир Жұмақанов растады.

– Алты адам ұсталды, оның біреуі өзін жарып жіберді. Ұсталғандардың барлығы жергілікті тұрғындар, Қазақстан азаматтары. Салафиттік ағымды ұстанушылар, - деп мәлімдеді В. Жұмақанов Парламент дәлізінде журналистерге берген жауабында. Бес қылмыскердің тергеу аяқталғанша абақтыға қамалғаны мәлім болды. Бұл жөнінде Қарағанды облыстық соты хабарлады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 257 бабының 1 бөліміне, 287 бабының 5 бөліміне сәйкес, 5 лаңкеске террорлық топ құрып, заңсыз жолмен қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен құрылғылар тасымалдады деген айып тағылды. Қамалғандардың үлкенінің жасы 37-де, кішісі – 26-да. Күдіктілердің барлығы – Қарағанды облысының тумалары.

Лаңкестің топтың 2016 жылдың сәуір айында құрылғаны мәлім болды. Топқа «әмір» жетекшілік еткен. Дәстүрлі емес діни идеологияны ұстанған Балқаш тұрғыны аталған топқа өзінің ниеттестерін тартқан. Атап айтарлығы, топтың әр мүшесінің атқаратын рөлі мен міндеттері болған. Мысалы, біреуі жарылғыш зат, екінші біреуі ақша іздесе, үшіншісі өздігінен жарылатын құрылғы дайындаған. Оқиғаға куә болған жергілікті тұрғындардың бірі өзін-өзі жарып жіберген лаңкестің Гүлшат кентінде туып-өскенін әңгімеледі. Әкесіз өскен жігітті анасы өсіріп-жеткізіпті. Мектепті тәмамдағаннан кейін Балқашқа қоныс аударады. Ал Гүлшатқа өз анасының хәлін білуге барған көрінеді.

Лаңкестік топтың арам ниетіне тосқауыл қойған арнайы қызмет органдарының біліктілігі екені даусыз. Алайда халықтың қырағылығы лаңкестерді тоқтатты десек еш қателеспейміз. Әлбетте қоғамның, мемлекеттің тыныштығына қауіп төнген кезде ел тұрғындарының бірлігі мен тұтастығы, белсенді азаматтық ұстанымы үлкен маңызға ие. Терроризм сияқты аса қауіпті құбылыспен мемлекет және азаматтық қоғам деңгейінде топтасып күресудің нәтижесі де зор болатыны айдан анық. Сол себептен «Балқаш оқиғасынан» сабақ ала отырып, дәстүрлі емес идеологияны ұстанушылардың іс-қимылынан күдікті жағдайларды байқаған әрбір отандасымыз дер кезінде құзырлы органдарға хабар беруі тиіс.

Ағымдағы жылдың 10 маусымында Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін ел Президентінің берген тапсырмаларын орындау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, іске кірісті. Ең бастысы терроризм және діни экстремизм құбылыстарымен күресуге және оның алдын алуға мүдделі барлық құзыретті органдардың жұмысы, күші бір жерге жұмылдырылды. Мемлекет басшысының өзі қадап айтқандай, Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін бізде барлық мүмкіндіктер, ресурстар, адамдар жеткілікті екенін ұмытпағанымыз абзал.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5261