Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 11893 1 пікір 4 Шілде, 2016 сағат 12:29

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ!.. (жалғасы)

Жалғасы. Алдыңғы бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

Екi үйдiң арасына зыр жүгiрiп жүрген ойын баласы болса да, қыр қазағына тән зеректiкпен Мұхтардың “артистер” арасында түтiге ашуланып тұрғанын дәл байқап, жадында сақтап қалыпты. Ғайса Сармурзин ақсақал қайтыс болғаннан кейiн Николай Иванович Ановтың архивiн парақтап отырғанымызда, жоғарыда үзiндi келтiрген жазбаның шындығына көзiмiз жеттi. Мұхтардың спектакльден соң қуанудың орнына ренжитiн жөнi бар екен.

Николай Иванович Ановтың жазбасынан: «(әңгiменi Мұхтардың өзi айтып отыр)” – Бiз Ералы жазығына келдiк, сол арада алғашқы қиындыққа тап болдық. Бiздiң санымыз аз едi, ал пьесада ойнауға тиiстi адамның саны одан көп боп шықты. Жергiлiктi жiгiттердi шақыруға тура келдi. Бiрақ олардың бәрi сауатсыз едi. Олардың ешқайсысы рөлдегi сөздердi жаттауға шамасы келмейтiн (бұл арада жiгiттердiң текстi дұрыс жаттамағанын Николай Иванович олардың сауатсыздығынан деп түсiнiп, қағазға солай түсiрсе керек. Себебi: спектакльге қатысқандардың денi Абай немерелерi, Жағыпар, Зiкайыл, Жiбiрейiл, Ақкенже, Әбiштiң қызы Райханның күйеуi Бәстеми бәрi де ол кезде бес кластық орыс мектебiн бiтiрген болатын. Ахмет Әуезов гимназияда оқитын. Оның себебi басқа едi – Т.Ж.). Бiрақ бұл бер жағы екен. Ешбiр қыз сахнада ойнауға келiсiм бермедi. Спектакль шықпайтын болды. Бiздi бұл қиындықтан менiң ағам (?) жасы құрдас Ахмет Әуезов құтқарды. Оның бет-әлпетi сондай ажарлы, ашық едi, ең бастысы ол қалада оқығандықтан да қысылып-қымтырыла бермейтiн. Осы өңiрге аты әйгiлi жүйрiктiң құйрығын кесiп, оған бұрым қып өрiп бердiм. Екi киiз үйдi қапталдастыра тiгiп, ортасын керегемен бөлдiк. Сахнадан аумай қалды, ортасын шымылдықпен бөлдiк. Ендi суфлердi қайда орналастырамыз деп басымыз қатты. Бiреу тұрып суфлердi сандықтың iшiне жасарайық та, тұншықпас үшiн аузын жартылай ашып қойсақ дестi.

Мен бүкiл пьесаны жатқа бiлетiнмiн, сондықтан да олардың барлығы бiр ауыздан суфлерге менi лайық деп санады. Сандық онша үлкен емес едi. Бiрақ онда мен де 19 жастағы талдырмаш, сыптығырдай жiгiт едiм ғой, “сүфлер сандығының” iшiне қуана-қуана жата қалдым. Шындығын айтқанда, менiң сол сандыққа тығылуымның ешқандай да қажетi жоқ боп шықты. Мен қанша айқайлап ескертумен болсам да, артистер менiң сөзiмдi естiген жоқ, тiптi естiгiлерi келмеген де болу керек. Роль сөзiн жаттап үлгермеп едi. Алайда, спектакль сәттi өттi. Артистер аңызды да, пьесаның мазмұнын да жақсы бiлетiн. Олар автордың ойын дұрыс түсiндi. Бiздiң халқымыздың қанына сiңген суырып салма ақындық өнерiнiң арқасында спектакльдi аяғына дейiн ойнап шықты.

Мен үшiн киiз үйде қойылған осы тұңғыш спектакльдiң үлкен маңызы болды. Мен ойын кезiнде айтылған талапкер артистердiң аузынан шыққан тосын репликалармен пьесаны бұрынғыдан да жандандыра түсуге болатынын iштей сөзiндiм”.

“Бiр жамандықтың бiр жақсылығы болады” – деген көшпелi елдiң даналық сөзi бар. Сол осы арада дәл келiп тұр. Ойнаушылар мен тыңдаушылардың әр қайсысы өз ата-бабасының әруағын қорғап, пьесада жоқ сөздердi жанынан қосып айтуының нәтижесiнде жас драматургке ой салды. Текстегi сөздi бұрмалауы (Николай Иванович айтқандай) ойнаушылардың “сауатсыздығынан” емес, керiсiнше әлi де саналарында сақталып қалған “әруаққа сиынудан”, ата-баба намысын қорғаудан туған “импровизация” едi.

Дәл осындай қарбаласы мен қызығы мол сәттердi өзiнiң алғашқы шығармашылық жолында М.Шолохов та басынан кешiрген. Жазушы Анатолий Калинин орыстың ұлы жазушысының жастық шағы жөнiндегi очеркiнде:

“Жоғары Дондағы станциялар мен хуторлардан жап-жас Шолоховтың пьесалары бойынша қойылған спектальдердi қызықтаған көрермендердi кездестiруге болады. Егерде “Тынық Дон” немесе “Көтерiлген тың” туралы олармен сұқпаттаса қалсаң, қазiр бұл кiтаптар жұрттың бәрiне белгiлi ғой әрине, олар Шолохов туралы тек өздерiнен басқа ешкiмге белгiсiз жайларды айтады. Ол кезде Шолохов – Мишотка болатын. Пьеса жазып қана қойған жоқ, бейне бiр актерлыққа дайындалып жүргендей-ақ өзi мәнерлеп оқитын. Драма үйiрмесiне келгенде түнi бойы отырып пьеса жазған дәптердi белдiгiнен суырып алып жолдастарымен бiрге рөлдердi жаттайтын, содан кейiн дәптердi белдiгiне қайыра қыстырып үйiне қайтатын”, деп жазды.

Шолохов хақындағы бұл жолдарды оқығанда Мұхтар Әуезовтiң де әдебиетке деген жастық құштарлығы елестейдi. Әрине, мұның барлығы – кездейсоқ ұқсастық. Бiрақ, сол ұлы адамдардың өмiрiндегi ұқсастықтың өзi ерекше бiр жылы ұшырап, әрi заңды құбылыс сияқты әсер ететiнi бар.

Иә, “Еңлiк-Кебектiң”, де жазылуын, оның тұңғыш рет қойылуын көрген адамдар болған. Сол куәлармен қоса Мұхтар өмiрiнiң талай жұмбақтары да ғайыпқа айналды. Қуанышқа орай осы пьесаның дүниеге келуiне себепшi болған Ақыш Тұрағұлқызымен жүздесiп қалудың сәтi түстi. Он шақты жыл бойы сыр тартып, ой суыртпақтап, бiраз дерек алдық. Ол кiсiнiң әрбiр сөзiнiң астарынан талай-талай қымбат оқиғалардың жаңғырығы естiледi. Сондықтан да тым ұзақтығына қарамастан, ол мәлiметтердi толық келтiрдiк. Бұл – тек “Еңлiк-Кебектiң” алғашқы қойылымының жайын ғана қамтымайды. Сонымен бiрге, Абай мен Мұхтардың арасындағы рухани өзектестiктiң тамырынан да мағлұмат бередi.

Ақыш Тұрағұл қызы – аққұба, ашаң жүздi, ұқыпты киiнетiн адам. Төргi бөлмесiнде оюлы сандық, оның үсiне жүк қойылған. Ат жақты, дөңестенiп келген қыр мұрын, аялы байсалды жанар... Атасы Абайға бет – пiшiнi ұқсап –ақ тұр. Кiшкене дөңгелек үстелдiң үстiнде арап әрпiмен терiлген кiтап пен көзiлдiрiк жатады. Сырмаққа отырып әңгiмесiн бастамас бұрын өзi қөрген, естiген оқиғалардың iшiнен қайсысын айтарын iштей толғап, бiр сәт дағдарыс күй кешедi. Ұзақ ойланып барып, әңгiмесiн үзiп-үзiп айтады.

– Шырағым, осынау өмiрден көргенiм мен түйгенiмдi тiзiп, тағдыр тарауында екшелiп, ғұмыр өзегiне айналған нәрсенiң барлығын айту, көңiлге әсер етiп, жүректi сан құбылтады ғой. Әңгiменiң арқауын қалай құрсақ екен. Бiлетiнiм де, көргенiм де бiр шама. Әрине, оның барлығы әкем мен (ол кiсi Абайды солай атайтынын әңгiме барысында байқадым) Мұхтар жағына қатысты ғой. Тұрағұл ағамыз өнерге құштар, сауыққой, iскер, сөздi мәнерлеп, мақалдап, шешен сөйлейтiн. Көп оқитын. Жастарды әкемнiң (Абайдың) дәстүрiнде тәрбиелеп, соны дамытуға зер салатын. Өзi де бiрнеше, анығын айтсам, төрт шығарманы орыс тiлiнен қазақшаға тәржiмалады. Бiразы дер кезiнде баспасөз бетiнде жарық та көрдi. Соның ықпалының арқасында бiздiң үйге оқыған жастар үйiр өстi. Бәрi де Тұраш ағаны сағалайтын. Абай ауылы Әуез ақсақалмен бiрге қоңып, қатар жайлауға шығатын. Қатты араластық. Әуез ата Әйгерiм анаммен ұзақ күндер әңгiмелесiп, ел-жұрт жайын ақылдасып отыратын. Талай жиында:

– Әйгерiмнiң Абай үшiн жөнi бөлек. Ел қадiрiн, жұрт татулығын, ағайын арасын пайымдайтын байсалды жан ғой, деп айтып отыратын. Омархан да аса көпшiл кiсi болатын. Үйiмiз қатар қонғандықтан жиi көрiп, амандасып өтушi ек. Расында да, қызық, мiнезi кең, аңғал жан. Бiр оқиға үнемi көз алдымда тұрады. Мал суарғанда (ол кезде құдықтан шелектеп су тартатынбыз) үнемi құдық басында жүредi. Ақ көйлегi бар. Таңертеңнен сәскеге дейiн суатқа келген малдың барлығына қауғамен су тартып бередi. Өзiнiң малын да, өзгенiң малын да науға айдап әкеледi. Бөлмейдi де, ерiнбейдi де. Сол сәске болып, күн ысыған шақта ақ көйлегiн тер басып, су-су боп отауына оралады. Соңда Нұржамал шешей кей сәттерде:

– Омархан-ау, мұның не. Үстi басыңды су-су етiп. Көйлегiңдi кiрлеттiң-ау – дегенде:

– Е, жануарлардың да сауабы бар. Обал емес пе, деп қоятын.

Әлi есiмде, 1917 жылдың жаз айы. Көк бас көтерiп, гүл шешек атқан мезгiл. Мен де сол жылы он жетiге толып, Оразбайдың Медеуiне келiн болып ұзатылғалы жатқам. Той жасау қамына да кiрiсiп, бәрi еңсерiлдi. Жаз жайлаудағы, биенiң байлаудағы кезi. Өзге ағайын туысқанның бәрi Шыңғыс асып, жайлауға көштi. Бiз төрт ауыл, қоныста қалдық. Әйгерiм апа мен Тұрағұл ағаның және Әуез ақсақалдың екi ауылы. Онда Ералы жазығының шалғыны кесе өткен құлынды жағып, атты адамның етегiне оралатын едi ғой. Теңiздей тербелiп, жайқалып тұратын. Ойқұдықтамыз. Той күнi ерекше жаңалық болды. Әйгерiм шешемнiң сегiз қанат отауының iшi жастарға толды. Мен таң қалдым. Өйткенi, Әйгерiм шешеммен бiрге әкемнiң (Абайдың) кенже әйелi Еркежан бауырына басқан, Әйгерiмнiң туған қызы Кенженiң үйiн қосақтап тiгiп жатыр. Кенженiң күйеуi қайтыс болып, жыл толғаннан кейiн осында көшiрiп алғанбыз. Ол Мұсатай ауылының жiгiтi болатын. Сегiз қанат сырлы үй. Басқұры, түндiгiнiң жиектерi оюланған. Өрнектi шимен керегенi ұстаған. Сөйтсем, қаладан келген Мұхтар бастатқан жастар “Еңлiк-Кебек” ойынын көрсетпек екен. Ол кезде пьеса дегендi солай атайтынбыз. Кейiн ғой, театр, спектакльдi тамашалап жүргенiмiз. Мен қатты қуандым. Оны несiне жасырайын. Алдында Зiкайыл аға, Мұхтар сияқты жастар әр күн сайын жиналып, скрипка, мандолин, қобыз тартып, сән-сауық құрып жүретiн. Сөйтсем, Абайдың кенже қызының ұзатылуына күтпеген үлкен сый әзiрлеп, әрi әкемнiң дәстүрiн жалғастырып, елдi таңдандырмақ болыпты. Бар ауыртпашылықты Мұхтар өзiне алыпты. Пьеса жазу да, қою да, сахна тәртiбiн реттеу де соның мойынына түсiптi. Өйткенi, театр жайын әркiм бiле бермейтiн көз ғой. Ұзақ толғанып жүрiп жазып бiтiрiптi.

Күндiз Әйгерiм шешемнiң үйiнде “Еңлiк-Кебек” қойылды. Төрт ауылдың адамдары түгел тамашалады. Егер ұмытпасам, кiсi басы 50 тиыннан билет алды ғой деймiн. Оны Семейде оқитын кедей қазақ жастарына жинап табыс етеуге ұйғарылыпты (Белгiлi әдебиет зерттеушiсi Рымғали Нұрғалиевтiң дерегi бойынша бұл қаржы сол кезде Құлжа, қаласындағы ашыққан адамдарға көмек ретiнде жiберiлген – Т. Ж.). Сахнада қобыз да ойналды. Өте қызықты өтiп, тарасты. Сонда басты бейнелердi мына адамдар ойнады. Зiкайыл Абай баласы – нысан Абыз, Құтайба Мағауия баласы – Көбей болыс, Жағыпар Мағауия баласы – Еңлiктiң шешесi, Ақкенже Ақмағамбетов – Кебек, Ахмет Әуезов – Еңлiк, Ысмайылхан Құлжанов – Кеңгiрбай, Жебiрейiл – Жапал, Бәстеми Мұсабаев (Абайдың ұлы Әбдiрахманның қызы Райханның күйеуi) – Еңлiктiң әкесi болып ойнады. Ал Найман жағын бейнелеп шығарғандар есiмде толық қалмапты.

Бұл бiр Абай ауылының еңсесiн көтерген, қызық пен думанға толы күн болды. Әуез ақсақал менiң ұзатылғалы тұрғанымда ақ батасын берiп, iзгi тiлегiн айтты. Айтпақшы, ұмытып бара жатқанымды қарашы. Ойын – ең түркпiрдегi үйге қойылды. Қызықтаушылармен екi ортаға шымылдық ұсталды. Әр үзiлiс сайын қоңырау қағылып, хабарлама айтылып отырды. Бұл мiндеттi бiздiң ауылға сiңген Ғабитхан деген адам атқарды. Перденi ашарда, жабарда қоңырауды шылдырлатып, тыныштыққа шақырады. Соның өзi ерекше әсер қалдырып, көпшiлiктi күлкiге батырды. Кейiн осы “Еңлiк-Кебек” ойыны жөнiнде газеттерге жазылып, мақала басылды. Онда осы оқиғалар қысқаша баяндалған.

Шырағым, “Еңлiк-Кебектi” алғаш сахнаға шығарған осы азаматтардың үшеуінiң ғана суретi мен аты жөнi Мұхтардың музейінде тұр. Ал қалғандары ескерiлмей қалған. Материал мен суреттiң жоқтығынан емес қой деймiн. Оның барлығын табуға болады. Бар да.

Ауылымыздың еңсесi басылып, бұйығы тартып, көңiл құлазып жүрген кезiмiзде “Еңлiк-Кебек” ойын-сауығы Абай ауылының еңсесiн көтерiп, желпiндiрiп тастады. Сонын барлығын жүрегiмен сезiп, көп қайрат шығарған асыл Мұхтар едi ғой. Жекенiң емес, ел қамын сол жас кезiнде ойлап, қабырғасы қайысатын. Бертiн келгенде “Еңлiк-Кебектiң” үшiншi нұсқасы театрда қойылғанда маған барлық артистердiң көзiнше:

– Ақыш, осыны сенiң тойыңа арнап жазып едiм ғой. Ендiгiсi қандай, бұрынғысы қандай? Салыстыра қарашы өзiң, дегенi әлi есiмде.

Шырағым, есе берсе сөз шудасы сала-сала. Тек “Еңлiк-Кебектiң” дүниеге келуiнiң қысқаша тарихы, жай-күйi осы, балам. Барлығы да өмiр беттерiнен алынған. Артық айтып асырғам жоқ. Бәрi, өз бiлгенiм, түйгенiм”.

(жалғасы бар)

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333