1916 ЖЫЛ: ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ
Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабының бас қаһармандары, 1916 жылғы Қарқара көтерілісі жетекшілерінің бірі – Жәмеңке Мәмбетұлының біз біле бермейтін қыры көп. Жазушы Жәмеңкенің көтеріліске қатысты жағдайын бере отырып, бар болмысын оның айналасындағы адамдар арқылы жеткізген. Шығарма арқауы Жәмеңке мен Ұзақ арқылы дамып отырса, олар бір-бірін қашанда толықтырып, елдің ертеңі мен бүгінін ойлаған басшылар есебінде баяндалады. Ел ішіндегі татулық пен бірлікті сақтауға барын салып, патша өкіметіне қарсы шыққан күрескерлер ретінде баяндалады. Екеуі де албан, суан, қырғызға белгілі тұлға болғандығын көрсетеді. Оны біз ел ішіндегі көнекөз қариялардың әңгімелерден анық байқаймыз.
Жәмеңкенің елге танылып, билікке араласқанына Қашаған би Әуелұлының да ықпалы болған екен. Және де белгілі биден көп нәрсе үйренген. Қашаған 1847 жылы Албан руына би болып сайланып, келесі жылы Алтынемел жайлауында отырған Жетісу өлкесінің билеушісі Тезек төреден қазақ биі деген белгісін алған. Тезектің он екі биінің бірі атанған Қашаған елу жылдай билікте болып, өзінен кейінгі талай жастарды тәрбиелеп, дау-жанжалды қалай шешуді үйретіп, ақыл кеңестерін беріпті. Сол тәрбиені көрген Жәмеңке қазақ пен қырғыз арасындағы даулы мәселелерге де қатысады. Сондай бір басқосуда «Жәмеңке Қашаған биден сұрапты» деген әңгіме ел арасында бар. «Қашеке көп тыңдап, аз сөйлейтін болдыңыз. Бұл қалай?» депті. Сонда Қашаған: «Біз болсақ таудан түсіп келеміз, сендер болсаңдар таудың басына шығып барасыңдар. Кезінде жағым талғанша сөйледім, аяғым талғанша жүрдім. Енді сөз де, жол да сендердікі. Жастардың жұмысына не жастың жайсаңы, не кәрінің сайтаны араласады. Енді менікі – тыңдау, сендердікі – сөйлеу» деп жауабын беріпті.
Жәмеңке Мәмбетұлы 1838 жылы Жәркент уезінде дүниеге келген. Ерекше қабілетімен танылып, 18 жасынан билікке араласыпты. 19 жасында Қарқарада Албанның игі жақсылары Тезек төремен кездескенде Жәмеңкені көрген төре: «Шіркін-ай, мойын омыртқалары адамзатта сирек кездесуі, алдынан ат шаптырмас екен» деп, баға беруі де тегін емес. Сол жылдардан бастап, 27 жыл Жәмеңке Иванов болысының беделді ғана емес, Ыстықкөлді мекендеген қырғыздарға да танымал биі болыпты.
Сөзге шешен, тілмарлығымен дауға да әділ төрелігін айтқан кісі. Көнекөз қариялардың айтуынша, Жәмеңке орта бойлы, ер мінезді, кеудесі тіп-тік, қара торы, шоқша сақалды, сұйықтау мұрты бар, дауысы жіңішкелеу, орта етті, сопақ басты қария ретінде көптің есінде қалған. 1909 жылдары Нарынқолда қазақ балалары үшін қазақ-орыс мектебін ашуға да үлес қосқандығы туралы әңгіме айтылады.
1916 жылғы патша өкіметінің 26 маусымындағы жарлығына байланысты туындаған ел басындағы қиындықты Ұзақ пен Жәмеңкенің бірлесіп шешкен байламдары арқылы бір ауыз шешімге келген. Бүкіл албан елі «Жәмеңке мен Ұзақ не дейді?» – деп жауап күткен. Оны біз Мұхтар Әуезовтің кітабынан табамыз.
«1916 жылы патша жарлығына қарсы шығып, оны орындаудан бас тартқаны үшін және Қарқара жәрмеңкесінде көтеріліс ұйымдастырды», – деген айып тағылып, уездік әкімшіліктің тарапынан Албанның игі жақсылары 16 адамды тұтқындайды. Көп кешікпей 10 қарулы әскермен Қарақол абақтысына жеткізген. Қамалғандардың ішінде «көтерілістің басшылары» деп, Ұзақ пен Жәмеңке және Әубәкірден жауап алады. Олар айтқанынан қайтпай, өздерінің пікірлерінен таймайды. Осыдан кейін көп кешікпей абақты жендеттері Жәмеңке ақсақалға әдейі қастандық ұйымдастырады. Абақтыдағы жасы сексенге таянған Жәмеңкеге у беріп, «ажалымен өлді» деген сылтау айтқан. «Жәмеңкенің сүйегі жақын туысқандары берілмесін» деген бұйрық та болып, оның сүйегі мұсылман зиратына жасырын көміліпті.
– Біздің жақын туысымыз Динамжан Дәуітов деген ағамыз 1990 жылдары атамыз Жәмеңке би туралы дерек жинамақ ниетінде Қарақол қаласына барған еді. Ағамыздың айтуынша Жәмеңке атамыз сол жердегі ноғай зиратына жерленген, басына самауырындай ақ тас қойылған деген сөзді естіп, қалың зиратты аралап іздепті. Бірақ атамыздың зиратын таба алмапты. Себебі айналасын қалың зират басқан. Тасты біреулер керегіне алып, не болмаса қалың шөптің астында қалған ба деп келді. Анығында атамыз сол ноғай бейтіне жерленгені рас.
1991 жылы мен Алматыдағы мұғалімдер білім жетілдіру институтында тыңдаушы болып жүргенімде, белгілі зерттеуші, жазушы Тұрсын Жұртбаев біздерге дәріс оқыды. Мен ол кісімен кездесіп, 1916 жылғы Қарқара көтерілісінің басшысының бірі болған Жәмеңкенің ұрпағы екенімді айтып, атам жайлы сұраған едім. Жұртбаев өзінің Қарқарадағы албандар көтерілісі туралы зерттеу жұмысында КГБ-ның рұқсатымен Қарақол абақтысындағы материалдармен танысқанында атам Жәмеңке туралы кейбір деректерді көрсеткен еді. Онда атамның тамыздың 10, кейде 9-ы, ал кейде 8-і өлді деген деректің шындыққа жанаспайтынын көрдім. Жұртбаевтың қолындағы деректе дәрігер Левин Жәмеңке Мәмбетовтің қай күні өлгендігі туралы сараптамалық анықтама беріпті. Анықтамалық сараптама кәдімгі кирилица әріпімен орысша жазылған. Жазуы маржандай. Онда атам «кәріліктен 7 тамызда қайтыс болған» деп жазылыпты. Ал шын мәнінде атам абақтыда 6-тамыз күні кешкі тамаққа қосып берген удан уланып, 7-і күні қайтыс болған.
Бұл туралы дәрігер ешнәрсе жазбапты, -дейді Алматы облысы Райымбек ауданы Қақпақ ауылындағы Жәмеңке Мәмбетұлы атындағы орта мектепте 40 жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстаз, Жәмеңкенің шөбересі Монқай Құдайбергенұлы.
– Жәмеңке мен Ұзақ екеуі қатты сыйласқан жандар. Албан арасында бірін-бірі толықтырып тұратын жақтары басым. Билікте де бірге жүріп, ел ішіндегі дау-жанжалды бірге шешкен. Кейбір басқосуларда екеуі ренжісіп те, кейде өкпелесіп те қалған деседі ел. Алайда бірін-бірі кешіре біліп, жақсы сыйласқан. Оны біз үлкен кісілердің әңгімесінен естіп өстік, дейді сарыбастаулық 92 жастағы көнекөз қария Рахман Төкебаев.
– Бір отырыс жиында Жәмеңке мен Ұзақ қатты ренжісіп қалыпты. Ұзақтың ашуланғаны соншалық, отырған орынынан қарғып тұрып, «Атаңа нәлет, басыңды кесіп алайын ба? Айт-Бозымға бір серкешке құның келмейді» деп айтыпты. Ол кезде Ұзақ дәулетті болса керек. Бір адамның құны жүз жылқы көрінеді. Шатақ шыққаннан кейін жиын тарқап кеткен. Ертесінде ел қайта жиналып, жиындарын жалғастырыпты. Сірә, Жәмеңке дұрыс сөйлемеді ме, жоқ басқа әңгіме болды ма ол жағы белгісіз. Жиынға Жәмеңке келмепті. Жағдайдың бәрін ұққан Жәмеңкенің бәйбішесі ақылды адам екен. Ұзақтың алдына келіп, «Батыр, ағаң жетпістен асқанда бір ағаттық кеткен болар, кешір. Сөзден жаңылған болар. Екеуіңнің ренжіскендерің болмас» дегенде, Ұзақ: «Әттеген-ай, ақ жаулығыңмен алдыма келіп кешірім сұраған екенсің, әйел жолы жіңішке деуші еді, қайыр кешірдім» депті. Осыдан кейін Ұзақ пен Жәмеңке қайтадан қатар жүріп, ел ішіндегі көп мәселені бірге шешкен.
Жәмеңке албан мен қырғызға белгілі де беделді адам болғаны елге аян. Оның беделдігі тілінде, ақылға салып айтуында немесе дұрыс бағасын беруде болса керек. Сол үшін Жәмеңкені ел бағалап, басқаларда мойындаған және сыйлап өткен. Ел ішіндегі көп дау мен жанжалды ақыл парасатымен шешіп берген. Осы әділдігі үшін ел сыйлап, құрметтеген. Төрінен орын берген. Елмен есептесіп, пікірін айтып отырған. Бір отырыста Жәмеңкеден ел сұрапты деген әңгіме бар. Отырғандардың бірі: «Жәке сіз кімнен қорқасыз?» – дегенде «Албанда екі адам бар, бір – Айт Қожым, ол тауып айтады, тілі тас жарады. Екіншісі – батыр Ұзақ. Ол бас, көз демей кесіп айтады. Ал қалғандарына пішту», – депті.
Бірде Албан руының ішіндегі Айт тармағынан тарайтын Қожым мен Жәмеңке Текес өзенінің аспалы көпірінен арғы бетке өтпек болып, екеуі де аттарынан түседі. Бірінші болып, Қожым атын жетектеп, өзеннен тез-ақ өтіп, артына қараса, Жәмеңке көпірдің бел ортасына келгенде кермелі арқанды етпеттей ұстап тұрса керек. Жолдасының мына қылығын көрген Қожым күлкіге айналдырып, «Жәке-ау, Жәке, сізге не болды? Астыңызға көпірді алып апсыз, есіңізге үйдегі жеңгем түсіп кетті ме?» деп шағып алыпты.
Бұл сөзге жауап қатпаған Жәкең аспалы көпірден өткеннен кейін «Қожым, жаңағы сөзің елге кетпесін, ауыз бастырық мойынымда» деп атына мініпті.
Ерте бір жылдары Қызай мен Албан елі арасында үлкен дау болып, Қызай жағынан атақты биі Байеке бастаған елдің игі жақсылары Кегенге келсе керек. Дауын шешуге Албаннан Жәмеңкеге беріпті. Дауласқан екі жақта сөйлеп, дауларын айтқан. Екі жақтың сөзін тыңдаған Жәмеңке: «Егер сендер адал, ақ болсаңдар мына Кегеннің өзенінен қырық рет өтесіңдер» деп қызайлар жағына сөз тастаған екен. Бұл шешімді Байеке жағы өзара ақылдасып, «мақұл» дескен. «Шартқа келістік. Бізге екіреткі намаз оқуға мұрсат берілсе. Содан кейін өтеміз» депті Байеке.
Қызайлар екіреткі намазын оқып, Кегеннің суынан қырық рет өтіпті. Байекенің шартты орындағанына Жәмеңке риза болып, қызайдың дауын шешіп, ризашылықтарын алыпты.
Албанның игі жақсылар жиналып отырғанда Жәмеңкеден біреулер: «Жәке, албанда қызыр бар ма?», – депті.
Сонда Жәмеңке: «Үш қызыр бар. Біріншісі – сүйіндік Ниязбек байда, екіншісі – қызылбөрік Қашағанда, үшіншісі – жолдыбай Түркебайда» дегенде, екінші біреуі:
– Ал Албанда қанша білгіш бар?, – депті.
– Албанда төрт білгіш бар. Төртеуі болғаны Албанның төрт құбыласы тең болғаны. Алжан Жанқабыл білгіш, құрман Қаңтардың Кәрібозы білгіш, Бәйіттің Өтебайы білгіш, қызылбөріктің Мейірманы білгіш. Қалғандары дауы көп, дауы көптің жауы көп. Не титықтап бітеді, не ала көздік танытады деп жауап беріпті.
– Ал Албанның құлы кім депті?
– Албанның құлы – Жәмеңке мен Ұзақ. Ол байға да құлақ тосады, кедейге де құлақ тосады. Әділдік үшін Құдай жолын ашады, – деген екен.
Жексен АЛПАРТЕГІ
abai.kz