Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5195 0 пікір 27 Маусым, 2016 сағат 11:35

ЖУРНАЛИСТЕРДЕН ҚАШАТЫН ЖҮЙРІКТЕРДІҢ ЖАРЫСЫ ӨТТІ

Қазақ қоғамын терең ойға салып, толқытып, толғандырып тұрған Жер мен Тіл және кешегі «Сектанттардың сойқаны» секілді мәселелерді бір сәтке ысыра тұрып (аталған жайттарды ұлықтарымыз ұмытып кетіп жатқан соң осылай деуге тура келді), Астанада өткен бір "аламан" жарыстың жайына тоқталайық.

Бұл негізі «позитивті» жаңалық. Насихаттық маңызы да зор-ақ. Жас қоғамға салауатты өмір салтының нағыз үлгісін көрсету болса керек. Жақында Астанадағы ақ жағалы «ағайлар» жүрігуден жарыс ұйымдастырыпты. 

«Астана-дуатлон 2016» деп аталатын қос сайыс түрінен турнир Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған. Үш кезеңнен тұратын жарысқа қатысушылар  әуелі 5 шақырымды жаяу жүріспен, сосын 15 шақырым веложүріспен, әрі қарай тағы 5 шақырымды жүрігіріп өтуі тиіс болған.

Бұл жарыстың ерекшелігі жоғарғы лауазымды шенеуніктердің қатысуы болды. Бір жағынан «жүгіру – денсаулық кепілі» болса, бұның символикалық жағыда бар. Әсіресе журналистерден қашқанда алдарына жан салмайтын министр мырзалар өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтен бастап, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, экс-экономика министрі Ерболат Досаев, Қазақстан Даму банкі төрағасы Болат Жәмішев, спортшы Александр Винокуров, Қазақстан Футбол федерациясының Президенті Ерлан Қожағапанов т.б. азаматтар 25 шақырымды жүріп, жүгіріп өтіпті. Олардан бөлек, «барып-кел, шауып-келдері» бар, барлығы 500 астаналық жүгіріпті. Әсіресе Кәрім Қажымқанұлының бұл жарысқа асығып келгендігі «шұлығынан-ақ» байқалып тұрды. Әлеуметтік желі қолданушылары арасында Мәсімов мырзаның екі түрлі шұлық киіп шыққандығы қызу талқылануда. Жә, мүмкін сән болар. Сөге жамандамайық.

«Әділбек Рыскелдіұлы қаланың «мэрі» болып тұрғанда осындай шара өткізуді ұсынды. Мен «бәріміз қатысамыз», дедім. Міне, қазір ол басқа қызметке ауысса да, басталған іс аяқсыз қалған жоқ. Менің ойымша, Астана күні қарсаңында бұл барлық астаналықтар үшін үлкен мереке болды»,-дейді Кәрім Мәсімов.

Дұрыс екен, Премьер-министр мырза. «Басталған іс аяқсыз қалмағаны дұрыс», әрі қарай да жалғасын тапсын деп тілейік.

Ал Жақсыбеков мырзаның өзінің айтуынша, биылғы дистанция 5 шақырымға ұзартылыпты.

«Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл жүгіру қиынға соққан жоқ. Керісінше жеңіл болды. Біз рекорд жасадық. Мен, бұл шақырымды 1 сағат 50 минутта жүгіріп өтеміз бе деп ем, 1 сағат  25 минутта-ақ өте шықтық. Айтпақшы, журналистерге де жүгіру керек. Келесі жылы бұны ескеру керек екен. Барлықатрыңызға форма беру керек. Сосын Премьер-министрдің артынан бәріміз жүгіреміз»,-дейді ПӘ жетекшісі Әділбек Жақсыбеков мырза.

Айтпақшы, жарыс соңында желаяқтар анықталып, мықты жүгіргендер марапатқа ие болды. «51 жастан жоғары» деген категория бойынша ең үздік желаяқ – Болат Жәмішев болған. Ол 25 шақырымды 1 сағат 09 минутта жүгіріп өткен. Естеріңізге сала кетейік, былтырғы «Алматы марафонында» Болат Жәмішев мырза 42,195 шақырымды 4 сағат 3 минутта жүгіріп өтіп, «55-59 жас аралығында» ең үздік желаяқ атанған-ды.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560