Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қазақ жері 14846 2 пікір 27 Маусым, 2016 сағат 10:03

НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ: «ЖЕР МЕНІКІ ЕМЕС, ХАЛЫҚТІКІ!»

Оңдасынов, Тәшенов, Есенов секілді ерлерден бүгінгі ел мен жер тізгінін қолға алған әрбір азаматтың үйренер үлгісі мол! 

 «…- Соғыс бітіп, ел әлі есін жиып үлгермеген жылдар. Мәскеудегі өтетін жиналыстарға жиі барамыз. Бір жолы сондай бір жиынды Украинаның сол кездегі басшысы Н.С.Хрущев жүргізді. Оның қасына Өзбекстанның жетекшісі Осман Юсупов жайғасыпты. Мәжіліс залына кіргенімде екеуі сыбырласып отыр екен. Шынымды айтсам, екеуін де аса ұната қоймайтын едім, сондықтан көздеріне түспей-ақ қояйын деп арт жаққа отыра беріп едім, Хрущев   көріп қалды да:

-Оңдасынов, тұр орныңнан! Сен неге өзбектерге ана үш ауданды бергің келмейді, өзбектер мақтаны жақсы егеді! – деді діңкілдеп. Мына сөз менің   шымбайыма батып кетті:

 -Ол үш аудан  менің жерім  емес, оны беру-бермеуді халық шешеді! Ал мақтаны біз де жақсы өсіреміз, өткен жылы жоспарды асыра орындадық! – дедім.

Хрущев қып-қызыл болып кетті, ашулы үнмен «отыр!» деді. Оған айтқызып отырған  Осман Юсупов екені даусыз. Өйткені оның өзі маған бір мәрте шығып, осы осы үш ауданды сұраған болатын, сонда мен: «Сіз де бір республиканы басқарып отырсыз, Сізден қырғыздар немесе әлде түркімендер үш емес, бір ауданыңызды сұраса берер ме едіңіз?!» дедім. Уәж айта алмай қалған болатын. Өзінің сөзі өтпеген соң даңғой Хрущевты айтақтап салып отырған түрі ғой!»

Нұртас атам  «жадыңа жазып ал!» дегендей тік қарап, әңгіме арнасын басқа жаққа аударған-ды. Жасы сексеннен асса да еңселі денесі еңкеймеген, жүзі нұрлы, сөзі нәрлі, Әбіш Кекілбаевша айтқанда «өзіне жүктелген ел мен жер парызын даналықпен атқарған басшының»  сол нар тұлғасы дәл бүгінгідей көз алдымда.

Бұл – Қазақстан Үкіметін 13 жыл (1938-1951) басқарған кемеңгер Нұртас Оңдасыновпен соңғы бір кездескендегі сұхбат еді. Осындай бір жәйтті 20 жылдай Қазақ ССР Жоспарлау Комитеті төрағасының орынбасары болған аса білікті экономист, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ғарай Қалапашұлы Сағымбаев  «Нұртас Оңдасынов» атты ( «Елорда» баспасы, 2002 жыл, Астана) кітапқа енген естелігінде былай жазады:

«-…Қазақ КСР-інің 40 жылдық мерекесі 1960 жылы тойланбай, Хрущевтың келуін күтіп,  1961 жылдың 24-ші маусымында өткені белгілі. Қонақтарға арналған кеште «Хрущев был в плохом настрооении и рано ушел с приема» деп жазады Д.А.Қонаев («От Сталина до Горбачева», 143 бет.) Бірақ, Димаш аға себебін ашып айтпайды. Оның себебі мынадай еді. Хрущев қолында арақ құйылған стақаны бар, тойға жайылған дастарханның орта шенінде отырған Оңдасыновтың қасына келіп: «…Нұртас Дәндібаевич, мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болушы едің, ертең Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы қабылданады» дегенде Нұрекең орнынан аспай-саспай тұрып: «Мен Қазақстанның Үкіметін басқарып отырсам, әлі де қарсы болар едім!» депті. Мұндай жауапты күтпеген болуы керек, ашуға булыққан  Хрущев қонақасыдан кетіп қалады. Нұрекеңе «кешірім сұра, ертең сессияда аудандарды беру туралы ұсыныс жаса» деген бюро мүшелерінің кеңесін үзілді-кесілді қабылдамайды». 

Елі мен жерінің тағдырына жауапты басшы нақ осындай-ақ болар! Бұдан артық қандай жанпидалық керек, жанашырлық керек?!. Бүгінгі басшыларымыз үйренерлік-ақ  үлгі мен өнеге  емес пе?! Бұған дейін де Оңдасыновқа талай шүйліккен Хрущев қаһарына мініп, 58 жастағы Оңдасыновты зейнеткерлікке кетуге мәжбүрледі. Әйтпесе, мемлекетті ең қиын шақта 13 жыл үздіксіз (1938-1951ж) басқарған басшының мол білімі мен тәжірибесі арқасында шаруашылығы артта жатқан Гурьев облысы (қазіргі Атырау мен Маңғыстау облыстары) күн санап көтеріліп келе жатқан жоқ па еді?! Республиканың басшылары, оның ішінде мемлекет ісіне баулыған өз шәкірті Д.Қонаев арашаға түсе алмады. Қазақстан үшін еңбегі ұшан-теңіз Оңдасынов зейнеткерлікке шығып, кооперативтен үй алып, оған ақшасы жетпей, қайын-жұртынан қарыз алып, елден жырақ Мәскеу асып кете барды.

Сонымен, Н.С.Хрущевтың тұсында қазақ жері «ханталапайға» салынды, Бостандық, Мақтаарал, Киров, Жетісай, Шымқорған сияқты шұрайлы бай өлкелер Өзбекстанға беріліп жіберілді. Ол кездегі ел басшылары,   Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Исмайыл Юсупов, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаев, Қазақ ССР  Жоғарғы Кеңесі Президумының Председателі  Исағали Шәріповтер қарсы тұра алмады. Қазақстан өлкесінің бір бөлігін Өзбек ССР-інің құрамына беру туралы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президумының указына төраға Шәріпов пен  Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президумының  Секретары үшін Президум мүшесі М.Нұғыманов 1963 жылдың 26 январь күні қол қойды. Сол кездегі   Республика басшыларының Хрушевтың солақай саясатына бір ауыз сөз айтып, қарсы тұра алмауының, қорқақтықтарының, мансапқорлықтарының арқасында көптеген совхоздар шұрайлы жерімен, халқымен,  мал-мүлкімен, байлығымен Өзбекстанда қалып қойды.

  Осы орайда Ғарай Сағымбаев ағамыздың ауруханада жатқанда айтқан сөзі ойға оралады. «Өзбекстанға берілген жерді қайтару үшін құрылған комиссияның ішінде мен де болдым (21 адам  деді ғой деймін – Г.О.). Бәріміз де көріп отырмыз, берілген жердің көп бөлігі өзбектерде қалып барады, олар  қулық жасап  аудандарды алысымен жерін бөліп, жаңа аудандар құрып тастаған ғой. Шынымды айтсам малға жайлы, ең шұрайлы жерлердің  өзбектерде қалып бара жатқанына ішім ашып, комиссия мүшелерінің бәрі «қайтарылсын» деген құжатқа  қол қойса да, мен қол қоймай отырып алдым. Үшінші күні Димекең (Д.А.Қонаев) телефон соғып «Ғарай, неғып отырсың, қолыңды қой!» деді. Жүрегім қан жылап тұрып қол қойдым».

Осы сөз әркез біздің  жадымызда жаңғырып, «ойпыр-ай, Хрушевқа тойтарыс берген Оңдасынов, Тәшенов құрлы болмады-ау мына кісі!..» деп,  Димекеңді кейде орынсыз асыра мақтап, қолдан пайғамбар жасап жатқанда жан-дүниемізде дүлей соғып, бұл адамдар неге соқыр, өздеріне жасалған шамалы жақсылықтың айналасынан аса алмай,   пенделілікке түсетініне ашынып, «аһ» ұрып қалатынбыз.  Қазақ жері «ханталапайға» түскелі тұрған тұста бұл фактіні айтпасқа болмады. Бүгінгі басшыларға сабақ болар деген үміт айтқызды. Халықтың құлағы мың, осылай біреудің болмаса біреудің санасында, жадында жазылып қалады. Мұндай  халықтық үлкен мәселелерде   «мені мен одан басқа ешкім білмейді» деген жосық жүрмейді. Ал, Ғарай Қалапашұлының өтірікке аттап баспайтынын «…мен Ғарай әкелген құжаттарға көзімді жұмып тұрып қол қоямын» деп Қонаевтың өзі айтып кеткен. Ғ.Сағымбаев Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, ауыр жарақаттанып, өмір бойы   денсаулығымен әлек бола жүріп, отбасын да құрмай, өмірін тек ел қызметіне арнаған, ісіне адал, таза, хас маман болған. Мемлекет қазынасын орынсыз шашуға жол бермеген, принципшіл адам болған. Жолдастарының «Ғарайдан мемлекеттің бір сомын сұрағанша, су сұра» деген қалжың сөзі де қалған.

Ата-бабамыздың айлап-жылдап бел шешпей аттың жалы, түйенің қомында жүріп жаудан қорғаған жеріне кімдердің көзі түсіп, ашкөзденбеді дейсіз. Тағы да соның бірі – Қазақстанда тыңды игеру,  Солтүстік бес облысты: Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Ақмола, Павлодарды Ресейге қосу болды. Бұл мәселе патшалық Ресейден бері көтеріліп, «қарашекпенділердің» қазақ  даласына баса-көктеп кірген кезінен жүргізіліп келе жатқан империялық көзқарас болатын. Тек Лениннің тұсында Алашорда өкілдерінің бесенді араласуының арқасында  республика  шекарасы  анықталып, бекітілген кезде сәл де болса саябырлағанымен,  қырқыншы жылдарға қарай қайта көтерілді. Ол, әсіресе, Кеңес елін әпербақан Хрущев басқарған тұста  тіпті үдей түсті. Бұл – ұзақ әңгіме, әріге бармай қысқа қайырайық.

Оңдасыновтың айтысына қарағанда 1947 жылдары бұл мәселе бірде  СССР Министрлер Советінде арнайы қаралады. Айтқан уәждері – «шекаралас бес облысты Ресейге беріп, үлкен  астықты аймақ жасайық, бидайды ресейліктер жақсы өсіреді».  Сонда Нұртас Оңдасынов: «Солтүстік облыстардың Ресейге қосылу-қосылмауын Сіз бен біз шешпейміз, жалғыз Үкімет шешпейді, ол облыстарда тұрып жатқан сан мыңдаған жергілікті халық бар,  сол   халық  шешеді! Ал, тыңды көтерсек көтерейік, Үкімет оған қарсы емес, бірақ аштық жылдарында жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен қазақтарды жинап, туған жеріне оралтып, сосын көтерейік!» дейді. Қысқасы, келе жатқан алып тасқынға Оңдасынов тосқауыл қояды.

Бұған дәлелді тағы да Д.А.Қонаевтың өзінің естелігінен аламыз. 1961 жылы  республикаға келген Хрущевты пойызбен ел шетіне дейін шығарып салып бара жатқанда, Хрущев: «было большой ошибкой, что целиной занялись очень поздно. Это ошибка Скворцова, Шаяхметова, Оңдасынова» депті.  Әрине,  ол ешқандай қателік емес еді. Бұл сонау патшалық Ресейден жүргізіліп келе жатқан отарлау саясатының жалғасы екенін түсінген Оңдасынов оған үнемі қарсы болып, тойтарыс беріп келді. Ақырында Оңдасынов, Шаяхметов биліктен кеткен соң ғана Мәскеу мақсатын іске асырды – тыңды игеру басталды. Жайылым қысқартылып, халық қолындағы күн көріп отырған малын арқандап жаюға дейін мәжбүр болды, мал басы күрт азайды, қазақтар ата кәсіптерінен айрыла бастады, жер құнарсызданды. Басты қиянат – Мәскеу 1953 жылы 27 наурызда амнистия жариялап, бір миллионнан астам қылмыскерлерін түрмеден босатып алды да,  тыңды көтереміз деп,  жүгенсіз кеткен жүліктерін,  баукеспе бұзықтарын  «комсомолдық жолдамамен» Қазақстанға қарай тоғытты да жіберді. Ақырында, 1962 жылы тың көтерушілердің саны 2 миллионға жетті. Мұндай «басқыншылық» адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген шығар-ау.

1961 жылы  Маңғыстаудың Жетібай мен Өзенінен мұнайдың мол қоры табылып, атағы әлемді шарлады. Сол кезде бұл кен орындарының қоры бүкіл Әжірбайжан республикасының өндіріп жатқан мұнай қорына пара-пар болатын. Содан көрші жатқан түркімендер мен әзірбайжандар қызғаныш көрсете бастады, «қазақтар мұнайды өндіре алмайды, мамандары жоқ, Маңғыстауды бізге беріңдер» деп, басшылары Мәскеуге шапқылады. Мәскеуліктер де ойланып қалды. Дәл осы кезде Нұртас Оңдасынов осы уақытқа дейін жиған  абырой-беделін салып, Мәскеулік басшылардың алдына барып сөйлесіп,   телефон арқылы күн сайын байланысып, әупірім-тәңірмен алып қалды. Осылай боларын білгендей 1957 жылы Форт-Шевченкодан «Манғышлақнефтегазразведка» тресін ашып, атыраулық көптеген геолог-барлаушы, геофизиктерді… Маңғыстауға көнгенін жөнімен, көнбегенін қазақшалап айтқанда «тізеге салып» жіберген болатын.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Маңғыстаудағы  Асар, Атамбай, Түркіменой, Қарамандыбас тәрізді 17 кен орнын ашқан ардагер азамат Сайлау Есжановтың сөзіне құлақ түрелік:

-Гурьев облысына  басшы болып Оңдасынов келісімен мұнай іздеу мен өндіруді қатты қолға алады. Қазақ жастарын Үкімет қаражатымен оқуға жібертті, барлаушы, геолог, геофизик мамандарын көбейтті. Қысқасы, Оңдасынов  мұнай төңірегінде бөгделердің емес, қазақтардың, ашығын айтқанда жергілікті жердің өкілдерінің еңбек етуін ойлайды. Сол тұста «Маңғышлақмұнайгаз» тресіне бас инженер табылмай тұр екен. «Кім лайықты?» деп обкомдағы, атқару комитетіндегі тиісті бөлімдерден сұрайды ғой. Бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай Халекеңді (Халел Өзбекқалиевті)  «пысық, алғыр, білімді, жауапкершілігі мол..» деп, мақтауын жеткізеді.

Содан облыс басшысы Халекеңмен сөйлесуді Геология басқармасның бастығы Наум Исакович Гершманға тапсырады. Бірақ ол ит арқасы қияндағы Маңғыстауға баруға Өзбекқалиевті көндіре алмайды. Одан кейін облыстық партия комитетінің хатшысы Дьяченко өзіне шақырады, Халекең оған да көнбейді. Көнбеуіне басты себеп – қос бауырының қатар науқастанып, жатып қалуы екен. Шынында да қалай тастап кетсін, бауырлары емес пе. Содан әлгі екі бастыққа Оңдасынов «кадрларыңа қадырларың  жоқ!» деп, ренжиді де Халекеңді өзіне шақыртады. Бос сөйлеп, былжырап отыру табиғатында жоқ Оңдасынов салған беттен: «Халеке! (Оңдасынов өзінен кішілерді де қазақи әдеппен осылай атай береді екен). Естіп, біліп отырмын, бауырларың науқас көрінеді. Айналайын, кейде көптің мұраты үшін өзіңді де құрбан етуге тура келетін кез болады. Не істейміз, мұнайдың бәрін бөгделерге басқартып қоямыз ба? Каспийдің арғы бетіндегі ағайындарды шақырсаң, тайлы-таяғымен бүгін көшіп келгелі отыр! Біздің жігіттердің намысы қайда сонда?! Кейінгі ұрпақтардан ұят болып жүрмей ме?!» депті. Халекең бұл сөзден кейін бір ауыз уәж қайтара алмай Маңғыстауға тартыпты. Ұлтының ертеңін ойлаған Оңдасыновтың  бұл әрекетін, аталы сөзін  маңғыстаулықтар аңыз етіп айтады. Естігенімді мен де үнемі ел-жұртқа жария етіп жүремін, өйткені мұнда үлкен тәрбие, өнеге бар. Тек бүгінгі басшылар осыдан үлгі, өнеге алса деген тілек бар.

Маңғыстау түркімендер мен әжірбайжандарға әуелі басшы Нұртас Оңдасыновтың  абырой-беделінің, екіншіден, сол кездегі  Геология министрі Шахмардан Есеновтің  табанды, дәйекті талабының арқасында берілмей қалып еді (бұл да бір өзекті әңгіме).  Бұл екі Азаматтың  елі мен жеріне деген құрметін, батылдығын, батырлығын ешқашан ұмытуға болмайды. Қолында ел билігі бар, жеріне жаны ашитын басшылар осылай әрекет етсе керек-дағы.

Осылай, заңды бұзып, өр кеуделікпен  қазақ жерін тартып аламыз дегендердің көкірегін басқан Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың батырлығын көнекөз қарияларымыз білгенмен бүгінгі көгенкөз жастарымыз білмейді. Өкінішті-ақ!

Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің қазақ жері бөліске түскелі тұрған тұста ұрда-жық Хрущевқа қасқайып тұрып тойтарыс бергенін аңыз етіп айтып жүрміз. Өте дұрыс! Үлгі болар ерлік! Бірақ,  Тәшеновке дейін жерді бөліске бермей, ел іргесін сөктірмей келген Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов есімі көлеңкеде қалып келеді. Біз олардың бірінің ісі кем, екіншісі артық деуден аулақпыз, қайта Оңдасыновтың да, Тәшеновтің де өз дәрежесінде   жастарға дәріптелінбей жатқанына қарнымыз ашады. Әрбір жастың  отаншыл болуы   осындай үлгілі істерден тәлім алуында.  Ел мен жер тағдыры  таразыға түсіп, қылыш үстінде тұрғанда қарақан бастарының, әулет-жұрағатының қамымен кетпей, қалың халықтың қамын жеген, нағыз қас батырларша қорғай білген әрекеттерін әспеттеп жазу, жариялау, жастар санасына ұялату – бүгінгі біздің тікелей міндетіміз! Өйткені, Оңдасынов, Тәшенов, Есенов секілді ерлерден бүгінгі ел мен жер тізгінін қолға алған әрбір азаматтың, жастардың, болашақ мемлекет ісін басқаратын басшының үйренер үлгісі мол!

Гүлсім ОРАЗАЛИЕВА,  

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566