Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 10415 0 пікір 24 Маусым, 2016 сағат 14:30

ҰЛЫБРИТАНИЯ ЕО-ДАН ШЫҚТЫ. ЕАЭО-НЫҢ ЕРТЕҢІ НЕ БОЛМАҚ?

Бүгін Ұлыбритания Еуропалық одақтан шықты. Жалпы халықтық референдумның нәтижесінде 16,7 миллион адам Британияның ЕО-дан шығуын жақтап дауыс берген. Ресми деректерге сүйенсек, британдықтардың 52 пайызы Еуроодақтан шығуды жақтаса, қалған 48 пайыз халық керісінше, еуро интеграцияны қолдаған.


Британдық «BBC»-дің хабарлауынша,  Ұлыбритания премьер-министрі Давид Камэрон 2017 жылдың аяғына дейін елде референдум өткізіп, ЕО-ға қайта мүше болатынын айтқан.

Ал еуроинтеграцияға қарсы тарап өкілдері ЕО-ға мүше өзге 27 елмен жаңа келісімдер жасау арқылы, экономикалық мәселелерді шешуге болады деген дәлелдер келтіруде. Норвегиялық тәжірибеге сүйене отырып, ЕО-дан мүшеліктен шығып, Еуропалық экономикалық одаққа өту – Британия үшін ортақ еуронарыққа жол ашады-мыс. Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына қатысты талас-тартыс, тараптар арасында келіссөздер  ұзақ уақыт бойы жүргізілген. Айта кетейік, Ұлыбритания аталған одаққа 43 жыл үздіксіз мүше болып келеді.

Жақында Санкт-Петербор қаласында өткен Халықаралық экономикалық форумда Италия премьер-министрі Маттео Ренци:  «Мен бұл жерде сылап-сипап, осында отырған жұрттың естігісі келіп отырған сөзін сөйлеу үшін емес, нақты мәселені көтергенді жөн деп есептеймін. Егер Ұлыбритания ЕО-дан шығатын болса, ол қайтада кіре алмайды. Бұл жерде, шығып алып, қайта кіру деген әңгіме болмайды. Егер Британия шығатын болса, бұл бүкіл  Еуропалық одаққа қиын тиеді. Бірақ, ең ауыр соққы ағылшындардың өздеріне тиетіні сөзсіз. Ең әуелі, ағылшын экономикасы үлкен дағдарысқа ұшырайды»,-деген болатын.

Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы кәрі одақтың ішкі ыдырауына әкеліп соқтыратыны түсінікті. Жұмысы нақты жүйеге қойылған, толысып,  қалыптасқан одақтың өзі ішінен іріп жатқанда  кеше ғана құрылған еуразиялық экономикалық интеграцияның болашағынан не күтуге болады? Осы мәселеге қатысты қазақстандық саясаттанушылар не дейді?

Серікболсын Әбділдин, саясаткер: ЕО КСРО-НЫҢ АНАЛОГЫ РЕТІНДЕ ҚҰРЫЛҒАН ЕДІ

– Жалпы Еуроодақ алғаш құрылған уақытта оны осы күнгі 28 мемлекет бірден құра салған жоқ. Әуелі 4 мемлекет бастап, кейін Кеңес өкіметі құлағанда Балтық елдері қосылып, әсте-әсте ұлғайған. Сол жылдары мен Страрсбург деген қалада болдым, Еуроодақтың парламентінде біз пікір таластырдық. Сол кезде күйреген Кеңес одағының жүйесін қайталап жасап шығармақшы болды. ЕО дегеніңіз сол КСРО-ның аналогы ретінде құрылған одақ еді. КСРО-ның істеген жұмысын көздеп отырғанын сол кезде инициаторлардың өздері айтты.  Одақ дегеннің құрылуы да, таралуы да тарихта бар. Еуропалық одақтың негізгі жұмысының ала-құла екендігі сонау басынан-ақ белгілі болған. Әйткенмен мемлекеттер біріккенде, олардың ішінде азулылары да болды. Бірімен-бірі тартысып отыратын елдер де болады ғой. Мысалы, Германия, Англия, Франция сияқты елдер бір-бірімен күндес мемлекеттер. Сол себептен де ішкі араздықтардың ақыры одақтастардың ыдырауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Екіншіден, капиталистік дүниеде ең үлкен мәселе – бәсекелестік. Осы бәсекелестікті бұлар дұрыс жасай алған жоқ. Ал мынау Еуразиялық одақ – «аңқау елге арамза молда» дегеннің кері. Өйткені дүниежүзінде бірігу  мәселесінің барлығы түбінде шатаққа әкеледі. Мына одақтың құрылуының өзі Ресей мен Украина арасында жанжал туғызды.   Мемлекеттер бір-бірімен бәсекелесе алмайды. 17 миллион халық 130 миллион халықпен бәсекелесе ала ма? Күлкілі. Ал құрылғаннан бері соқыр тиын пайдасы тиген жоқ. Оны президенттердің өздері де мойындап отыр. Ал, бұл одақты экономканы көтеру үшін жасадық дейді. Экономиканы көтеру үшін Кедендік одақ та жеткілікті еді. Әуелде экономикалық деп құрылған одағымыз, қазір саяси одаққа айналып бара жатқандығы да шындық. Жалпы бұл акциома. Экономиканың үстінде саясат тұрады. Саясаттың ақыры жанжалға әкеліп соқтырады. Сондықтан бұл одақтың құрылуының өзі үлкен қателік. Енді қарап отырсаңыз біздің экономикалық деңгейімізге байланысты Ресей бізден он есеге артық пайда көріп отыр. Жоғарыда айтқанымдай, бұл Қазақстан мен Белорусияны Ресейдің одағына күштеп қосу процедурасы. Енді бұдан шығудың өзі қиын.

 

Әзімбай Ғали, саясаттанушы: ЕАЭО-НЫ ЕО-МЕН САЛЫСТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

– Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы – олар бірқатар мәселелермен келіспеді. ЕО елдің егемендігін жаншып жатыр деп есептеді халық. Саяси коньюнктура соған сай келді. Британия ЕО үшін үлкен рөл ойнайды. Бірақ, олардың валютасы бөлек, толық интеграцияға кірмеген. Тіпті, Британияның интеграциясы АҚШ-пен де бірдей. Сондықтан, ЕО құрымайтын анық. Олар НАТО-ның мүшесі. Бірқатар мәселелер шешіліп қалуы мүмкін. Енді Шотландия ЕО-ға мүше болғысы келеді. Демек, Шотландия Ұлыбритания құрамынан шығуы мүмкін. Бұл Ұлыбританияға қосымша проблемалар тудыруы ықтимал. Ал біздің ЕАЭО-ға қарсы халықтың ішінде наразылық туып келе жатыр. Ол кездейсоқ мәселе емес. Ол Ресейдің эгоистік позициясының кесірі.  ЕАЭО-ның ішіндегі қарама-қайшылықтар мен тараптардың талаптарының орындалмауын да көріп жүрміз. Олар біздің тауарларды қайтарып тастап жатыр т.б. Сонан кейін олар эконмикалық одақты саяси одаққа айналдыруды көздейді.  Өздерінің авантюраларын жасағысы келеді. Сондықтан бұл одақ негізіненен пайдасыз одақ, оны  ЕО мен салыстыруға келмейді.

Дос Көшім, саясаткер: ЕО ТАБИҒИ ОДАҚ. ЕАЭО ЖАСАНДЫ ОДАҚ

– Әуелі Ұлыбританияның одақтан шығуына не себеп болды? Бұған осыдан екі жыл бұрын басталған Грециядағы, Португалиядағы  экономикалық дағдарыс себеп болуы мүмкін және  Африка мен Таяу Шығыстан босқындардың келуі. Бұл мәселелерге Ұлыбритания ерекше алаңдаушылық білдірген. Сондықтан да халық «өзіміздің жеке шығуымыз дұрыс» деп шешсе керек. Өйткені Ұлыбритания экономикалық жағынан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Ал енді оны Еуразиялық одақпен салыстыруға болмайды. Себебі ЕО-да саяси негізі болды десек те, олар экономикалық саяси мәдениетті бірінші планға шығарды. Және олардың арасындағы интеграция табиғи болды. Біз құрып отырған ЕАЭО бұл жасанды одақ қой. Кеңес өкіметін қайта  тірілту мақсатында қолға алған Ресейдің жобасы ғана. ЕАЭО-ға мүше елдердің талаптары мүлде ескерілмеді. Сондықтан да халықтың ішкі қарсылығы күн сайын үдеп барады. Тіпті, біздің одақ өмір сүріп жатқан уақыттан бері бір де бір пайдасы тиген жоқ бізге. Керек десеңіз, сол одақты жасағандардың өздері мұны мойындап отыр. Қазір ешқандай пайда әкелмейтінін Ресей де, Қазақстан да ашық мойындауда. Егер Ұлыбритания кейіннен қайтадан Еуроодаққа қосылып жатса, оған таң қалуға болмайды. Бұл демократиялық жолмен шешілген дүние. Бұл табиғи организм ғой, мұндай процесстер жүріп отырады. Себебі,  АҚШ-тың өзі кезінде 10 штатпен  бастады. Біреулері шығып, біреулері кіріп жатты. Керек десеңіз, Техас соғысты да. Сондықтан, табиғи одақ мұндай дүниелерді өткереді. Бұл жерде тек бір нәрсеге қол соғуымыз керек деп ойлаймын.  Еуропалық одаққа қосылуды да, одан шығуды да Ұлыбритания халқының өзі шешті. Демократиялық жолмен, референдум өткізді, халық таңдауын жасады. Билік бұл таңдаумен келісті. Халықтың қалаумен есептесіп, таңдауымен келіскен Британ билігінің әрекеті біз секілді псевдодемократиялық жолмен жүретін елге үлгі болуы керек.

 

Ерлан Саиров, саясаттанушы: БИЛІК ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАБЫН ОРЫНДАДЫ

– Еуропада мемлекет дамуының бағытын жасаудағы халықтың рөлі өте жоғары. Халық мемлекет дамуының магистральін өздері реттеп отырады. Меніңше, Ұлыбританияда болған референдум, биліктің қоғам алдындағы есеп беруінің айқын мысалы бола алады. Бұл жердегі ең маңызды мәселе Англияның Еуроодақтан шығуы емес, биліктің халықтың талабын орындауы деп білемін. Ал, енді экономикалық тұрғыдан қарасақ, біраз ауытқу болуы, фунт стерлингтің төмендеуі, биржалардың құлдырауы ықтимал. Дегенмен де ұзақ мерзімді нарық барлығын орнына келтіреді. Ешқандай экономикалық катаклизм болмайды. Өйткені Ұлыбритания Еуроодақпен басқа да ассоциациялық қарым қатынас формасын табатындығы сөзсіз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5557