Тұрсын ЖҰРТБАЙ. "АЖАЛЫҢ – БИIК ҚАБАҚ, АҚСҰР ҚЫЗДАН..."
Жалғасы. Алдыңғы бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:
http://abai.kz/post/view?id=7271
http://abai.kz/post/view?id=7292
http://abai.kz/post/view?id=7363
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7819
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7963
http://abai.kz/post/view?id=8004
http://abai.kz/post/view?id=8164
http://abai.kz/post/view?id=8190
“Адамның өткен заманға қандай көзқараспен қарауы мен бүгiнгi күндi қалай қабылдауы өзара байланысып жатады”.
Бокль
Жүргiншiлер Ераланың қазiр де қуаң тартқан шалғынын бiраз аралап өттi. Топтың алдына таман озғындап келе жатқан Абай бiр кiшкене төбешiкке қарай тартты. Ол төбенiң басына шыққанда, барлық аттылар сәл ғана томпайып жатқан ескi екi моланы көрдi... Ат тұяқтарының тықыры басылып, жұрт тегiс жым-жыртыққа ауысқанда Абай сөз қаты. Ақырын қоңыр үнмен сөйлей бастады.
– Осы жалғыз мола осынау елсiз жотаға пайда болғалы, мiне, жүз рет жадырап жаз, кiрбең тартқан күз кептi. Сол бiр ықылымнан бергi көп буындар тiршiлiгiнiң үнсiз куәсi осы мола. Бұл қос мола – iшiне аса бiр ауыр сыр бүккен молалар. Шанда бiр осы тұсқа соғып өткенде әлдебiр арылмаған қаразым бардай боламын. Ақындық қарызым сияқтанады. Мұнда жатқан бiр қыз, бiр жiгiт. Жiгiт – Кебек, қыз – Еңлiк атанушы едi! - деген кезде Абайдың үнi ажарланып, машықты қалпына ауысып, қатаң сөйледi”.
Мұхтар Әуезов. “Абай жолы” эпопеясы.
І.
1917 жыл. Маусымның жетiншi жұлдызы. Бұл күндi Абай ауылы ерекше ықыласпен күттi. Және сол тағатының таусылғанына орай есте қаларлықтай болып өттi. Ұлы ақын дүниеден қайтқан соң оның жүректегi уыты ұзақ мерзiм бойы тарқамаған. Оның үстiне Мағауия, Ақылбай сияқты асыл жандардың кiлт үзiлу де отаудың уайымын молайтып, көңiлдерiндегi қайғы таңбасын тереңдете түскен. Арада өткен он үш жыл сол бiр кiрбеңдi кетiрмеген. Тiршiлiктiң иiрiмiне iлiккен үлкен қуаныштың да ұзақ күттiргенi рас. Әр оқиғаның орайында үш арыстың орны үңiрейiп, қоңылтақсып тұратын. Қанша зерек, кең мiнездi болып, өнерге еркiндiк бергенiмен де, Дiлдә бәйбiше де, Әйгерiм де кең сақараға жар салып, сауын айтып қуаныш бiлдiрудiң уәжiн таппаған. Олар үшiн Абайсыз той тойлау, қызық көру, ойын-сауық тамашалау – ақылға сиымсыз. Көз алдарына елестете алмайтын. Осы көңiл күй айналасына да әсерiн тигiздi.
Бұл түсiнiктi де едi.
Ендi, сол бiр жұбаныштың ретi осы жылы келiп-ақ тұрды. Он алтыншы жылдың дүрмегi мен дүрбелеңiнен соң халықтың рухани өмiрi қатты сiлкiнiске түсiп, өзгеше бiр қуатпен, жан-дүние ашуымен, қайсар қайратпен түлей бастаған. Сол күштi бұғаулаған патша да тақтан құлады, бастарына найзағай ойнатқалы төнiп келе жаткан дүлей кенет ыдырап сала бергендей әсер еттi. Ертеңiнен жарқын да үмiттi заманды дәметкен халық алаңсыз қуанышты күттi. Ақпан революциясы қыр қазақтарының санасына да төңкерiс әкелдi. “Жеңiлмейтiн әмiршi жоқ” екенi шын болды! Соған сендi. Ендi заман көшi қалай бет алады? Қала жаққа құлақ түрiп үйренiп қалған жұрт әр жолаушыға, әр “қаратаяққа” (оқыған адамдарды осылай атаған) елеңдей қарайтын. “Уақытша өкiмет”, “Алаш” партиясы дегеннiң ақ-қарасын ажырата бастады. 16-жылы шығарған дастанында Абайдың әншi досы Уәйiс ақынның: “Орыстың данасы бар Ленин деген” адамы кiм екен. Ендi ел қалай өмiр сүредi. “Әзiрше еркiндiк” деп үмiт пен күдiк аралас күй кештi.
Қатар, көршi отырудың да көшпелi жұртта өз тәртiбi болған. Абай мен Әуез ауылы қанаттас, бiрақ, күздеуiн – жайлауға айырбастап, бұрын бөлек-бөлек жайлауға шығатын бұл екi үлкен ауыл осы жазда неге Ойқұдықты қоршай отырды? Бiз мұның мәнiсiн көпке дейiн түсiне алмай, кей естелiктерге күдiкпен қарап едiк. Ол пiкiрiмiзден:
“... Осы жылы жаңбыр көп жауып, мал жайылымында жер сондай жақсы болғандықтан, Шыңғыс тауын асып, жайлауға шығудың аса керегi жоқ болғаннан кейiн, қожаның екi ауылы, Абайдың, Ысқақтың және басқаларының ауылы Ойқұдық, Ералы жазықтарын жайлауға ұйғарды. Ойқұдық пен Ералының жазығының ұзыны 80-100, көлденеңi 30-40 шақырым. Оны: шығыстан – Қасқабұлақ, Шолақ, Терек таулары, оңтүстiктен – Ералы, батыстан – Ақшоқы тауы, солтүстiктен – Көкен таулары көгере көрiнiп қоршап тұрады. Әуез қожаның екi ауылы өздерiнiң әдетте қоныс ететiн Сарыапан деген жерiне бармай, Ойқұдықтың орта шенiне көшiп келiп қонды. Абайдың балалары Тұрағұл, Ақылбайдың ауылдары, Ысқақтың балалары, немерелерi – Кәкiтай, Ахметбек, Әрхам ауылдары бұрынырақ көшiп келген екен. Әуез қожаның ауылы көшiп келдi деп ерулiк берiсiп жаттық”,– деген Мәжит Диханбаевтың сөзiнен соң қайттық.
Көктем шыға мұғалiмдер семинариясының кезектi баспалдағын тәмамдаған Мұхтар көп бөгелмей ауылға қайтты. Онда ағайын-туыспен қоса ұрын қалыңдығы Райхан да күтiп отырған. Бұл жолы бұрынғыдан да есейiп қайтты. Ол Ресейдегi және қазақ даласындағы саяси жайларға қанық, iштей “ел үшiн қызмет етiп, ендi араласамын” – деп белдi бекем буып келген болатын. Қала тұрмысындағы аумалы-төкпелi аласапыраннан сәл қол үзiп, тыныс алып қайту үшiн ауылға қайтқан. Әдетiнше Әйгерiм әжеге, Тұрағұл ағаға сәлем бере келгенде тың хабар, қуанышты жәйттi естидi. Өзi жақсы сыйлайтын, әзiлдесiп жүретiн Ақыштың ұзатылу тойы күтiп тұр екен.
Халық өмiрiндегi, жалпы қоғамдық құрылыстағы адам сенгiсiз құбылыстар шаңыраққа түскен ұлы ақынның уайым салмағын сейiлтiп, тiршiлiк дүниесiне бет бұрғызғандай едi. Сондықтан да, жер көгерiп, ажары кiрген шақта Ақылияны айттырған ауылына ұзатуды жөн көрдi. Бұл рәсiмдi кәдiмгiдей сауын айтып, үлкен қуанышпен атқаруды лайық санады. Себебi: қазiр он жетi жасқа шыққан Ақылияның атын қойғанда, “Көп жаулық пен қастандықтың соңы, татулықтың ұйтқысы болсын. Немеремiзге өштiк қалдырмайық. Бесiк құда болайық”,–деп келген Оразбайға: “Есейгенде келiссе, мен қарсы емеспiн. Елдi табыстырса арман не”,– деп келiсiм берген де; “немеремнiң алды” деп бауырына салған да, төрт жасқа дейiн қолында ұстаған да – Абайдың өзi болатын. Сондықтан да бұл той – Абайдың кенже қызының ұзатылуы едi. Оразбайдың ұлы Медеудiң баласы Санияз бен Ақылияның көңiлi де жарасты, ынтымақты болды. Той – жетiншi маусымға белгiлендi. Әйгерiмнiң өзi қыздың әр жасауын қадағалап, ақыл айтып, басыкөз боп жүрдi. Құдалықтың тiзгiнiн Тұрағұл ұстады. Барша жұрт Абай ауылының қызығына қуана-қуана қол ұшын берiп, ынтымақ қосты.
Ойын-сауық жағына жастар құлшына кiрiстi. Одан Мұхтар да шет қалмады. Суырып салма ақын Әубәкiр, әншi – Жебiрейiл, домбырашы, скрипкашы – Зiкайыл сияқты жастар бас қосып: “Әкеміздiң кенже қызының тойында ел-жұртқа тосын өнер, мәдениеттiң жаңа түрiн көрсетейiк. Абай дәстүрiнiң өшпегенiн, өскенiн байқататын болсын”,– дестi. Ақын өмiрден көшкен соң оның сөзiн ұстап қалған Тұрағұл да ел таныған шешен бидiң бiрi болатын. Дәстүрдi, халық тарихын жақсы бiлетiн. Сол кiсiнiң әңгiмесiнен ұшқын алды ма, жоқ Мағауияның “Еңлiк-Кебек”, не Шәкерiмнiң “Жолсыз жаза” дастанын скрипкаға қосылып орындау туралы ұсынысынан әсерлендi ме, белгiсiз, әйтеуiр жиырма жасар Мұхтар: “Осы айтқан мандолин, скрипка, сырнайларыңның барлығы қазiр қыр қазағына, оның iшiнде Абай ауылына таңсық емес. Одан өзгеше, бұрын сақарада болмаған, әкемiздiң өзi (Абайды ауыл адамдардың бәрi солай атайтын – Т.Ж.) де армандап кеткен тосын сый жасайық. Оқиғалы ойын қояйық”,– деп ұсыныс айтады.
Сол отырыста Мұхтар “Еңлiк-Кебек” туралы пьеса жазуға уәде етедi. Рольде ойнайтын адамдар да бекiтiледi. Әйгерiм рұқсатын бердi. Өзiнiң сегiз қанатты екi ақ үйiн жапсарластыра тiгуге келiседi. Ол тұралы Николай Анов мынадай естелiк қалдырыпты:
“– Бiрде Мұхтар екеумiз Абай бульварының бойында серуендеп жүрдiк. Мұхтардың көңiлдене қалған сәтi екен. Ол маған: “Кел, отырайық. Мен саған “Еңлiк-Кебектi” қалай жазғанымды және ол пьеса маған не үшiн қымбат екенiн айтып берейiн. Есiңде ме, “Абайдың» үшiншi кiтабындағы мына жер. (бұл арада Н. Анов осы тараудың эпиграфындағы үзiктi келтiредi.) Пьесаның өмiрi сахнада басталады ғой. Ал, төңкерiске дейiн қазақша театр болған жоқ. Сол кезде маған да, пьесама да тосын оқиға жол ашты. Ғашықтардың қабiрiнен он бес шақырымдай жерде Абайдың екiншi әйелi Әйгерiм немересi Ақышты ұзатып жатты. Мiне, сол кезде менiң достарымның бiрiне жас отау иелерiне сый ретiнде “Еңлiк-Кебектi” қоюды ұсындым”,– деп айтып берiптi.
Әңгiменi Николай Иванович араға ұзақ уақыт өткiзген соң қағазға түсiргендiктен де, кейбiр сөздердiң жалпылама баяндалғаны байқалады. Мұхтардың Мағауияның “Еңлiк-Кебек” поэмасы бойынша пьеса жазғанын айтады. Ол кезде Шәкерiмнiң атын атауға рұқсат етiлмегендiктен де, оның “Жолсыз жаза” дастанын аузына алмаса керек... Екiншiден пьеса Ақыштың тойына қатыссыз, одан бұрын жазылды деген емеурiн бар. Ол – жаңсақ. Каникул да жүргенде, Тұрағұлдың көмегiмен Шәкерiмнiң дастаны бойынша сахналанған.
Тобылғы мен қараған бүршiк атып, ойпат пен белес ақша гүлге малынып, хош иiс аңқыған шақта Мұхтар салт атпен Еңлiк-Кебектiң қабiрiне қарап тұрып, кейiн өзiнiң романында Абай арқылы айтқызған:
“Бұл қос мола – iшiнде аса бiр ауыр сыр бүккен молалар. Шанда бiр осы тұсқа соғып өткенде әлдебiр арылмаған қарызым бардай боламын. Ақындық парызым сияқтанады», – деген ой келген де шығар, кiм бiлсiн.
Ералы жазығының ортасындағы жалғыз төбеден бүкiл аймақ тегiс көрiнедi. Шыңғыс тауларының беталысындағы көлденең жатқан бел – Кiшi орда. Соның бүйрек тұсында, ұры қалта сияқты жасырынып бiткен жартастың қуысында – Еңлiк пен Кебек мекен еткен. Алты-жетi шақырым. Оның оң жағында – Ақшоқы. Қос мұңлықтың баласы соның басында құндағында ораулы қалған. Ал, мына екi ортадағы жазықта ат бауырына сүйретiлiп өлтiрiлген. Сол жазықта – әне, Әйгерiмнiң қос киiз үйi тұр. Оқиғалы ойын сонда болмақ. Ол ойынды, сол бiр “Жолсыз жазаны” жүзеге асырған билердiң ұрпақтары да көрмек. Кейбiрiнің, тiптi, өздерi қатысады. Рушыл, аруақшыл желiккен жұрт өз аталарының қатыгездiгiне түңiлiп, жазғырып қарай ма, жоқ, өре түрегелiп, жанжал шығара ма? Шындығын айтқан Мағауия мен Шәкерiмге өкпе артып, өштескен адам аз ба едi. Ондай “ит көрген ешкiкөзденгендердiң” бетiн Абай қайтарған. Ал бұған кiм араша түседi?
Тұңғыш шығарманың жазылу азабымен қоса Мұхтарды осындай күдiктер де қатты толқытты. Сондай сәттер де жүрегiн орнықтырып, батылдана түсу үшiн, шындықтан ауытқымауға тырысу үшiн “Еңлiк-Кебектiң” қабiрiнiң басына барып, iштей өзiн-өзi қайраған. Оның мұндай толғаныста жүрген кезiн ағасы Разақ талай байқапты. Разақты Абай жақсы көрiп, iш тартады. Әзiл аралас өлең де шығарған. Пысық, ептi, етi тiрi адам. Мұхтардың бар қиындығын көтерiп, елуiншi жылдарға дейiн “не керек” едi дегiзбей, әкесiнiң орнына әке болған кiсi. Семинарияда оқуда жүргенде де Райхан осы үйде қалған. Сол Разақ “Еңлiк-Кебектi” жазу тұсындағы Мұхтардың бiр мiнезi жөнiнде жазушы Кәмен Оразалинге мынадай естелiк айтыпты.
“Ауыл Ойқұдықта. Бiр күнi жолдан кеш оралдым. Қыстай қара сұлымен ұсталған атымды таң асыруға ойладым да, жатып қалдым. Күн шығар мезгiлде отқа қояйын деп қарасам, кермедегi атым жоқ. Жүгенiн де сыпырмағам. “Өй, шешiп әкеттi-ау” деп ауылдың маңын қарадым, жоқ. Ұры мiнiп кеттi дей қоярлықтай себеп таппадым. Таң асып тұрған атты әлдекiм мiне жөнелдi ме дейтiндей қисын да болмай тұр. Ақыры далаға намаз оқуға шыққан атам Әуезге жолықтым. Ол кiсi де дәләлдi болжау айта алмады. Осы кезде Еңлiк-Кебек жақтан салт атты көрiндi. Ол Мұхтар екен. Мұхтар маған қарап күлдi де:
– Атыңыздың бойында бiр қамау тер бар екен. Оны мен алып келдiм, – дедi. Жақсы көретiн iнiме не айтамын, үндемедiм. Атам баласын тергей бастады:
– Сен кеше күн шықпай Еңлiк-Кебектiң зиратын күзетiп неғып отырдың? Маған жылқышылар айтты, нең бар онда?
Мұхтар атасына жайлап қана күлiмдеп жауап қатты:
– Олардың басына барғанды жазалайтын күн өттi ғой, ата, қорықпаңыз.
Атам қайта сөзге араласқан жоқ.
Сұрастырып бiлсем, Мұхтар менiң атымды мiнген бойда Кiшi Ордадағы Еңлiк-Кебектiң тығылып жатқан үй тасына барып, жолдан зиратына соғып қайтқан екен. Бұл кезде “Еңлiк-Кебектiң” жазылып бiтiп, қойылмақ болып жатқанын кейiн бiлдiм”.
Мұхтар тек пьеса авторы емес, сонымен қатар спектакльдiң режиссеры да болды. Гете өзiнiң пьесаларын өзi қойып, маскарадтар ұйымдастарды. Сөйтiп, немiс ұлттық театрының дамуына үлкен үлес қосты. Ал, Мұхтар үшiн бұл – қажеттiлiк едi. Ол “Еңлiк-Кебек” арқылы мұқым бiр халық өнерi жанрының көзiн ашты. Сол ойынды бала кезiнде көрген журналист Ғайса Сармурзиннiң әсерi мынадай:
“1917 жылдың жаз айы. Бiздiң ауыл биыл да Абай ауылдарына қанаттасып, Ойқұдықта отырған-ды. Оразбайдың Мәдеуiнiң баласы Саниязға Тұрағұлдың Ақыш деген қызын ұзатқалы жатқан. Той болардан бiрер күн бұрын: “Еңлiк-Кебек жайында Мұхтар жазған “пьеса” деген бiр жаңа ойын ойналады екен”– деген хабар естiдiк. Сол “пьеса” деген ойынды көруге құмартып, бiрнеше бала тай-құнанмен шапқылап сол ауылға келгенбiз. Ышқырымыз толған асық. Ретi келсе, алдыңғы ауылдағы Жәкiммен ойнап (Мағаштың кiшi баласы Жағыпарды Жәкiм дейтiнбiз), әнеукүнгi ұтқызған кенейлерiмiздi қайтарып алу да ойымызда бар.
Сөйтсек, ойынның көкесi – “пьеса” екен. Екi киiз үйдi тiркестiре тiгiптi. Сол үйдiң бiрi Мұсабайдың Бәстеми деген баласының үйi екенiн дөдеге-үзiктерiнен таныдық. Ойынға жұрт көп жиналыпты. Төр алдында жүк-жасау жиналыпты. Ойнаушылар бөтен киiмдер киiп, өңдерiн өзгертiп, бiрнешеуi сақал-мұрт жасап, Жапал деген қойшысы (Тұрағұлдың Жебешi) бетiн күйелеп те алыпты. Оларды кiм екенiн дауыстарынан ғана айырасың. Ұзын шаш тағынып, үстiне шағи көйлек, дүрия шапан, басына кәмшәт бөрiк киген Еңлiгi – Әуездiң Ахметi, Кебек боп ойнағаны – Ақкенже, Матай шалы – Бәстеми, оның кемпiрi – Жағыпар, Абызы – Зiкайыл, ал шымылдықты ашып-жауып тұрғаны Сәлiмғазы екен. Әлгi жүк жиналған төр алдына бiреуi келiп, бiреуi кетiп жатады. Әйтеуiр сөздiң бәрi Еңлiк пен Кебек жайында екенiн ғана аңғарасың. Бiр мезетте “билер” дауласып кеп кеттi... Сонда отырған бiр бидiң: “Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билiк айтпаймын!” – деген ажарлы даусы саңқ ете қалды. Дәл осы сәтте бұдан бiр жыл бұрын менiң атам мен Әуез ақсақал әңгiмелесiп отырғанда Мұхаңның дәптерiне жазып алған осы сөзi есiме түсе кеттi. Сөйтсем, кейiн аңғардым, Мұхаң сол кездiң өзiнде-ақ әңгiме, сөз тындағанда өзiне керектiсiн жазып алып отырады екен.
Бiр мезетте: “Қазiр мылтық атылады. Екi қабат әйелдер шошынбасын. Бұл – ойын” – деп хабарлады бiреуi. Бiрақ мылтық дауысы тарс етiп, Еңлiк пен Кебек құлаған кезде үйдегi жұрт дүр сiлкiнiп, қорықпағандар кемде-кем болған шығар. Мен сонда Мұхаңды бiр үзiлiс кезiнде үй сыртында “артистер” арасында көрдiм. Былтырғы жылы пiшiндi, кiшiпейiл Мұхаң жоқ, түтiгiп алған. Сәл шытынап, кейи сөйлеп тұр екен. Таяу барсам да, сәлемдесуге батылым бармады. Жанындағылардан қаймыға бердiм. Ойын арасындағы осы бiр қысылшаң шақта оның басқа еш нәрсеге алаңдауға мұршасы да жоқ сияқты едi”.
(жалғасы бар)
abai.kz