Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4164 0 пікір 13 Маусым, 2016 сағат 14:19

«Тектілік тегеуріні» атты тарихи-деректі романның тұсаукесері өтті

10-шы маусым күні  Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер иснтитутында этнограф жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Алматы облысының және «Жамбыл» ауданының «Құрметті азаматы» Жанат (Жәнатхан) Ахмадидың «Тектілік тегеуріні» атты тарихи-деректі романының тұсаукесері өтті.

Жиынға әділеттілікті ту еткен қазақтың көрнекті сатирик қаламгері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғаббас Қабышұлы, қазақ әдебиетінің белді өкілі, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Смағұл Елубай, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, 68 монографиялық еңбектің авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Оразалы Сәбден, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, ақын, аудармашы, «Кафка» атындағы халықаралық сыйлықтың және «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы-Алтын Адам» сыйлығының иегері Шөмішбай Сариев, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Еркін Жаппасұлы, танымал публицист Саясат Бейісбай, кітаптың редакторы, халықаралық «Жамбыл» атындағы сыйлықтың иегері, Жазушылар Одағының мүшесі Доқтырхан Тұрлыбек, түбі бір түркінің бірлігінің жаршысына айналған «Түркі әлемі» газетінің және Түркі халықтары мәдени қорының атқарушы директоры Дариға Жүніс, кітап авторы және кітаптың күретамыр кейіпкері медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлы, сондай-ақ, Жасан Зекейұлының әкесімен ағалы-інілі, достық қатынаста болған, ҚХР-нан арнайы келген, өзі тұратын өңірге белгілі сазгер  Нұрсалғазы Қызыкенұлы, жалпы кітапсүйер көпшілік қатысты. Жиынды әдебиет зерттеушісі Серікқазы Қорабай жүргізді.

Кітаптың тұсаукесеріне жиналған сөз өнерінің саңлақтары қазақ әдебиетіндегі тарихи-деректі жанрдың тағы бір қазынаға молайғандығы туралы тоқталды. «Тектілік тегеуріні» аталатын романның бас кейіпкері  Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы болғанымен,  кітап тек ата-тек шежіресі мен өмірбаяндық өсу жолын баяндаудан тұрмай, тарихи кезеңдер яғни,  қазақ халқының қысылтаяң шақтарды бастан өткеруі, онан соң Қытай компартия билігі  кезіндегі шынайы оқиғалар тізбегінен құралуымен де құнды екендігі айтылды.

Атамекеніне оралып, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медициналық орталығын ашып, алған білімін өз елінің қажетіне жаратып, дерті дендеген науқастарды айықтырып келе жатқан орталық басшысы Жасан Зекейұлына сөз алғандардың барлығы дерлік айрықша рахметтерін білдіріп, тектілік, білімпаздық, еңбекқорлық, жомарттық қасиеттеріне де тоқталып өтті.

Сондай-ақ романның көркем де айшықты тіл өрнегі әр дәуірдегі кейіпкердің тіл қолданысын өте дәлме-дәл бере білуімен де ерекшеленіп, бұл өз кезеңінде еңбектің тіл білімі саласының да зерттеу жұмыстарына нысан, қор болуына жол ашатыны да сөз болды.

Мәдени шара барысында ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ радиосының «алтын дауысына» айналған Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова мен ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері әрі талай буынды тәрбиелеген танымал диктор Аманжан Еңсебайұлы «Тектілік тегеуріні» романындағы билер кеңесі мен даналық сөздерінен үзінді оқыды. Халқымыздың сан ғасырлық бай ауыз әдебиеті үлгілерінің ең мәйектісі мақалдарды және жазушы қиялы мен мен қаламынан туған сөз маржандарын ерекше дарынды дауыс иелері оқығанда одан сайын құлпыра түсті.

ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Ержан Белғозиев өз әндерінен шашу шашты.  Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Тілеубек Қожанұлы әуелетіп ән шырқаса, айтыс ақыны Қазірет Бердіхан кітап авторы мен жиналған көпшілікке суырып салма жырын арнады. Қарлығаш Нұрсалғазықызы да қоңыр домбыраны күмбірлетіп ән салды.

«Тектілік тегеуріні» кітабының тұсаукесері қазақ фольклортану, әдебиеттану және өнертану ғылымдарының орталығы, яғни М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтында өтіп жатқанының да тарихи мәні зор екендігіне тоқталған Жасан Зекейұлы жиналған көпшілікке өз рахметін білдіріп, кітап авторы – Жанат Ахмадиға құндыз шапан жауып, ат мінгізді. Сондай-ақ, халық болып мақтан тұтатын О.Сәбден, Ғ.Қабыш, Ғ.Жайлыбай, Е.Жаппас сынды ел ағаларына да шапан жауып, «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығынан тегін ем алуға куәлік тапсырды.

Түйінсөзді алған ұлттық ұғым, халықтық салт-сана, қазақы жөн-жоралғының білгірі, мақал-мәтелдердің мәйегін беруші, сөз шебері Жанат Ахмади жиынға келген қаламдастарының әрбіріне тоқталып, естеліктерден сыр ақтарды. Өзі сомдаған кейіпкері – Жасан Зекейұлына, оқырмандарына, жиналған көпшілікке алғысын білдірді.

Эстетикалық танымды, ой өрісті кеңейтіп, қазақтың шұрайлы, киелі сөз өнеріне тұшындырып, отан сүйгіштікті еселеп, ұрпақ тәрбиелеудегі негізгі қағидаларды мықтай түсетін тамаша тарихи-деректі туындыны оқырмандар Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасынан оқи алады, сатып алам деушілер «Жас-Ай» медиаорталығына хабарласып тапсырыс берулеріне болады.

 

Байланыс телефондары: 302-15-40; 390-19-19;  

8-777-232-18-71; 8-775-711-62-35.

Эл. пошта: zhasai_67mail.ru

Сайт: www.jasai.kz

 

«Жас-Ай» медициналық-ақпараттық журналының ұжымы

Абай-ақпарат


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5674