Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 8364 0 пікір 13 Маусым, 2016 сағат 11:30

АШЫҚ ХАТ: САЛАФИЗМГЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛУЫ ШАРТ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВҚА,
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, Б. ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ,
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ Қ.К. ТОҚАЕВҚА,
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ К. Қ. МАСИМОВКЕ!

Әр елдің салты басқа. Салтына қарай әдет-ғұрпы болады. Бұл да норма. Қазақ тарихи тәжірибесі мен болмысын сол нормалар арқылы қалыптастырған. Бұл -  құндылықтық қыры. Құндылық деген қарапайым тілмен айтсақ, құрал-инструмент сияқты. Оны қолдану болмыстық тұрғыдан, шарт. Себебі "ортақ мен" "ішкі тыныштық", "бақыт", "тұтастық» пен "бірлік" үшін негізгі әрекет сол құралды қолдану арқылы болады. Ал қолданбау немесе одан бас тарту адамды сол ортақ меннен, ортақ бақыттан, бірлік пен тұтастықтан ажыратады.
Құқықтық норма да осы сияқты. Қазақтың құқықтық санасы, мемлекеттілігі, негізінен оның болмысының қажеттілігін өтеп келген. Бұл болмыста ең басты принциптер Отанда тыныштық, бірлік, туыстық, құрмет, сыйластық, махаббат, тәртіп, адал ас, кеңпейілдік, намыс, ар, әділдік, тура сөз, дұрыс ой, ізгі амал және т.б. болып жалғасып кете береді. Осы принциптер жиналып қазақты ұлы мұратқа қауыштырады. Жалпы принцип пен идея яғни, мұрат тұтас болғанда ғана ол жерде тіршілік те, даму да, болмыс та сақталады.
Қазір қазақтың болмысынан тыс мына кеңістікте басқа мәдени ұлттық болмыстар да тіршілік етеді. Сонда қазақ үшін «ішкі» және «сыртқы» болмыстық қарым-қатынасты нақтылау деген жауапкершілік әрдайым сақталады деген сөз. Яғни, өзінің болмыстық құндылықтары мен басқалардың құндылықтарын да есепке алу міндеті, оның конституциялық құқықтық кеңістігіне айналады. Сонда қазақ болмысы үшін бүгінгі жағдай "үш радиуста" әрекет етуді, соған бейім болуды міндеттейді.
Енді қазақ бүгін өз ішінен шыққан "неосалафтардың нормаларын" тоқтатуды талап етсе, онда қазақ өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан болмыстық ерекшелігін сақтауды дерт етіп отыр деген сөз. Қазақтың дерті ол - болмыстық дерт. Оны мемлекеттік институттан, үкіметтен талап етуге құқылы. Себебі қазақтар бұл мемлекетті өз болмыстық мәні мен ақиқатын сақтау, дамыту, қорғау үшін құрған. Бұл жағынан келгенде "неосалафилерге тыйым салу" шарт. 
Бар мәселе жат ағымның діни танымында болып отыр. Діни таным бұл - адамның Алла мен арасындағы байланысының орталық платформасы. Ол сол адамды адам қылған тұтас болмыстың мәні. Адам іштей Алламен жеке байланыс құрғанымен, сырттай осы болмыстан әсте бөлек бола алмайды. Себебі, дін құбылысы тек қана адамның ішкі сенімі, санасы, ішкі тәжірибесінен ғана тұрмайды. Ол алдымен сол адамның тіршілік кеңістігі мен уақытындағы әлеуметтік шарттармен рухани ортақ сезіну психологиясын қамтамасыз етіп барып, жеке құлшылығын жүзеге асырады. Яғни, оның діндестерімен ортақ туыстық сезімі мен бақыт, ақиқат, сенім мен мақсат бірлігін сезінуі шарт. Осы сезім, таным, сенім мен ортақ сана арқылы олардың ортақ мәдениеті яғни, болмысы олар үшін ең басты қорғанға айналады. Сондықтан да біз кез келген мәдениеттің мазмұнында дін құбылысы бар деп айтамыз. 
Енді осы болмыс салафилік діни таныммен қазақты жікке бөлді. Бір қазақ екінші бір қазаққа дос, туыс, діндес бауыр емес, керісінше өзара қарсы жақтағы бөтен тарапқа ажыратып жіберді. Екеуі де бір-бірін құтқару немесе ақиқатты өздерінің жағында деп есептеді, солай танып, білді. Бұл құбылыс ғасырлар бойы ортақ туыстық сезіммен қалыптасқан қазақ болмысын бөлшектеудің басты себебі деген сөз. Екі таным, екі ұлттық бастауға айналары хақ. Оған негіз де жоқ емес. Кешегі кеңестік режимнің ұлтсыздандыру үдерісінен кейін қазақ орыс тілді және қазақ тілді болып жіктеле бастады. Соңғы ширек ғасырда орыс тілді қазақ пен қазақ тілді қазақтың жеке діни танымы қалыптасып үлгерді. Сонда қазақ діни танымы мен тілі жағынан да қайшылыққа түсіп отыр. Бара бара екі жақ агрессиялық, танымдық платформасы бар мінездегі, болмыстағы екі ұлтқа ажырайды. Бұл Қазақстан деген мемлекетті құрушы қазақ деген ұлттың болмыстық тұрғыдан екіге бөлінуіне апарып соғады да, мемлекеттіліктің баяндылығына ең басты қауіпті туғызады. 
Сондықтан кеш те болса, мемлекеттің тұрақтылығы мен баяндылығы үшін, екінші жат діни танымның яғни, салафизмнің тіршілігіне тосқауыл қою шарт. Бұл шешім бүгін елдің тыныштығына да, өзара қырғи қабақтық, жаттану, мүмкін жауласу психологиясына дейін барып, нәтижесінде тағы агрессиялық қылмыс топтары шығуы ықтимал. Бірақ бұдан қазақ болмысы аман қалады. Тұтастығы мен тарихи тәжірибесіне қайта оралып, ұлттық бірлігіне қауышады.Ол дегенің, елдің болашағы үшін де қазақ болмысы үшін де ең қажетті шарт. 
Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік құрылымдары, үкімет пен билік, парламенттегілер мен құқық қорғаушылары бәрі бірауыздан осы болмыстық ақиқатты негізге алғанда ғана қазақтың болашағына жарқын қадам ашылатын болады.

Құрметпен, 
Халық атынан, ұлт жанашыры
профессор
Досай Кенжетаев
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
, АСТАНА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5656