Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 27409 11 пікір 12 Маусым, 2016 сағат 22:21

ЗІКІРИЯ ЖАНДАРБЕК. "ЕЛІМІЗДЕГІ САЛАФИТТІК АҒЫМНЫҢ АРТЫНДА КІМДЕР ТҰР?"

Уақыт бізді маңдайымызға өтпелі кезеңде өмір сүруді жазыпты. Бұл кезеңнің қиындығы қаншалықты ауыр екендігін қазақ халқы енді сезіне бастады. Отарлық езгінің 250 жыл бойы бар тауқыметін көрген, кеңестік жүйенің қан сасыған қанды қасабынан аман шыққан қазақ халқы қаншама зобалаңды басынан өткерсе де, өзінің рухани-мәдени өзегінен ажырамаған еді. Тәуелсіздігін алғалы бергі жиырма бес жыл ішінде қазақ халқы сол рухани өзегінен ажырап, түрлі діни ағымдар мен мәдениеттердің жетегінде кетіп, рухани азғындыққа ұшырап отыр.

Қазіргі қазақ дініне қарай, тіліне қарай бір жіктелсе, саяси ұстанымына қарай орысшыл, батысшыл, шығысшыл болып тағы жіктеліп отыр. Бұрындары қазақ үшін құлақ есітіп көрмеген азғындықтың жеті атасы бой көтерді. «Қызын қырық үйден тыйған» қазақ қыздарына ие бола алмайтын қалге жетті. Жезөкшелік қазақ қоғамының белгілі бір бөлшегіне айналғанын мойындайтын қалге жеттік. Ал, жігіттеріміздің кейбірі гомосексуализм дертіне шалдығып жүргендері анау. Мұның бәрін тізбектеп отырудағы мақсат – қазақ қоғамының қаншалықты былыққа батып, біртұтас халық деңгейінен ажырап, іріп-шіріп бара жатқандығын тағы бір халық жадына еске салу. Бұлардың қатарына қоғамды шырмап алған парақорлық, жемқорлық т.б. қаншама дерттің қазақ мемлекеттілігінің тамырын кеміріп жатқан жегі құрттарға айналғанын қоссаңыз, онда біздің мемлекеттілігіміздің қандай қатерге душар болғанын сезінесіз. Мұндай былыққан қоғамда белгілі мүдделі топтардың өздерінің ыңғайына қарай парламент арқылы заң шығартып, қылмыстарын заң аясында ашық жүргізуіне толық мүмкіндіктері бар. Ол солай болып жатыр да! Міне, осындай күрделі сәтте қазақтың есін жиғызып, халық екенін  сезіндірген жер мәселесі еді. Қазақ тез есін жиып, өре түрегелді. Қарсылық көрсетті. Өзінің қай мәселеде ұтылғанын есепке ала бастаған сәтте, Ақтөбедегі қанды қырғын бұрқ ете қалды. Бұл жай сәйкестік пе? Әлде, халықтың көңілін жер мәселесінен басқа жаққа бұрудың амалы ма? Халық бұл мәселенің аражігін әлі ажыратқан жоқ. Белгілісі – терактілерді жасаушылардың уаххабилік-салафилік ағым өкілдері екендігі белгілі болып отыр. Бұл қанды оқиға туралы есіте салысымен, Б.Тілеуханов, А.Избаиров сияқты уаххабилік серкелері өз пікірлерін білдіріп те үлгерді. Б.Тілеуханов «Діннің бұл террорлық әрекетке ешқандай қатысы жоқ» - десе, А.Избаиров болса, бұл терактіні жасаушылар такфир жамағаты өкілдері екендігін, сырттан арнайы пәтуа алғандығын алға тартты. Екеуі де уаххабилік-салафилік бағытындағы діни топтардың бұл терактілерге қатысы барлығы немесе жоқтығы туралы жақ ашпады. Олары түсінікті де. Тура осы мәселе туралы кеше «Қазақстан» телеарнасында арнайы тікелей эфирде хабар болып, Ақтөбе оқиғасы арнайы талқыланды. Хабар жалпы біраз мәселенің басын ашқанымен, уаххабилік-салафилік бағыттың қазақ жастары санасына қаншалықты кері ықпалы болып жатқандығына теолог Д.Кенжетай талдау жасай бастаған кезде, жүргізуші әңгімені басқа арнаға бұрып жіберуі, менің көңіліме жүргізушінің уаххабилік-салафилік бағыттың жастар санасына қаншалықты кері ықпалы барлығын халықтың білгенін қаламаған сияқты болып көрінді. Қазіргі күні елімізде бұл мәселені тереңінен талдап бере алатын Досай Кенжетайдай маман жоқ десе болады. Мәселе хабар өтті деген ат керек пе еді? Ушығып тұрған мәселені ғылыми негізде шешу керек пе еді? Осы мәселе айқындалмай қалды.

Бұл жерде осы мәселені тәптіштеп жазып отырудың бір ғана себебі бар. Ол – мемлекеттік органдардың да, ҚМДБ-ның да уаххабилік-салафилік десе қорғаштап, үзіліп тұратынын байқаймыз. Мысалы, өткен күзден бері «Абай.кз» сайтында 7-8 мақала жарияладым. ҚМДБ атынан халық алдына шығып, уағыз айтып жүргендердің ханафи жамылғысын жамылған уаххабилік-салафилік  өкілдері екендігін, «Асыл арнаның» араб тарапынан қаржыландырып отырғандығын, жалпы Қазакстан халқына жүргізіліп жатқан діни идеологияның Сауд Арабиасы ықпалында екендігін нақты айғақтар негізінде көрсеттім. Өкінішке орай, селт еткен жан болмады. Бұл да уаххабилік-салафилік ағым өкілдерінің сүйенгені мықты екендігін көрсететін тағы бір факт. Егерде бұл бұдан ары жалғасатын болса, онда ертеңгі күні қазақ деген халықтың тарихта ізі қалмайтыны анық. Ал, бұл кімге керек?

Тағы бір мәселе – қазақтың дәстүрлі дініне қатысты мәселе көтеріп, кітап жазатын болсаң, оны жариялатуың - қиынның қиыны. Бір кітапты өзім кредит алып, шығардым. Ол кітап әлі өзінің өзектілігін жойған жоқ. Ал өткен күзде «Қазақтың дәстүрлі дінінің негіздері» атты кітапша жазып, Дін істері комитеті сараптамасынан өткіздім. Бірақ, оған назар салып, «мынау дұрыс екен, басып шығарайық»,- деген пенде көрмедім. Түркістан қаласының әкіміне хат жазып, кітаптың қажеттілігін айтып, өтініш жасадым. Ол Ішкі саясат бөліміне беріпті. Ал, Ішкі саясат бөлімі болса, «Сен тендрге қатыспадың» деп, аузын қу шөппен сүртіп отыр. Сонда мені таңқалдыратын мәселе – мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі тендермен шешілетін бе еді? Онда бүкіл Қазақстанды сол тендерге салып, сатып жіберсек қайтеді?

Ал уаххабилік-салафилік бағыт өкілдерінің кітаптары болса, еркін таратылып жатыр. Оларда қаржы проблемасы жоқ. Өйткені, олардың сүйенгенідері мықты. Жақында Түркістан қаласы базарынан інім бір кітап сатып алыпты. Кітап «Құран, тариқат, бидғат» деп аталады. Авторы түркиялық Абдулазиз Байындыр деген. Кітаптағы негізгі идея қазақтың діни танымы негізін құрайтын сопылық танымды жоққа шығару, салафиліктің артықшылдығын дәлелдеу. Бұл кітап та Дін істері комитетінің саптамасынан өткен. Бұған не дейсің? Ештеңе дей алмайсың? Қолыңнан келетіні бармақты шайнау ғана. Басқа шараң жоқ. Бұл мақаланы жазғандағы мақсат бұл емес еді. Қазақтың діни-рухани жіктелу тарихына көз жүргіртіп, өзім куә болған мәселелерді назарларыңызға ұсыну болатын. Енді соған кезек берелік.

Мен 2007 жылы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан жүргізілген «Елдің ұлттық қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үрдісіндегі Қазақстандағы заманауи діни жағдайды зерттеу»  атты ғылыми-зерттеу жобасына қатысып, Батыс Қазақстан облыстарында зерттеу жүргізіп едім. Сол зерттеу жұмыстары кезінде анықталған мәселер бойынша 2007 жыл соңында есеп берілген болатын. Бір қызығы бұл есеп, мемлекеттік органдар қолына тиген кезде, мен жұмыстан қуылып, жобадан шеттетілдім. Сол есепті назарларыңызға ұсынбақпын. Бұл елімізде уаххабилік ағымның таралуына қатысты кейбір мәселелердің бетін ашуға мүмкіндік береді деген үміттемін.

«Елдің ұлттық қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үрдісіндегі Қазақстандағы заманауи діни жағдайды зерттеу» жобасы бойынша жоспарланған Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарына ғылыми іссапар толығымен орындалды. Жиналған материалдар негізінде аталған облыстардағы діни ахуалға сараптама жасалып, мынадай мәселелер анықталды:

1) Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚМДБ-на тіркелген 59 мешіт бар және тіркелмеген бірнеше мешіт бар. Ол мешіттерге келіп намаз оқушылардың  85% 15-30 арасындағы жастар; 10% 30-40 жас аралығындағылар; 5% ғана жасы  40-тан жоғары азаматтар құрайды.

2) Мешітке келіп намаз оқушылардың барлығы дерлік салафилік бағытта. Қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қарсы. Осы негізде жастар мен ата-аналарның арасында келіспеушілік, баланың ата-анаға қарсы шығуы фактілері жиі кездеседі. Мешітке келіп намаз оқып жүрген жастар ата-анасын емес, өздеріне діни уағыз айтып жүрген шейхтарын көбірек тыңдайды. Салафилік бағыттағы уағыздар мешіттерде емес, жеке үйлерде жүретіндіктен мешіттердің салафилерге ешқандай қатысы жоқ десе де болады. Алайда, салафилерге мешіттің де ешқандай ықпалы жоқ. Мешіттерге келіп намаз оқитын жамағатқа мешіттегі имамдардың ешқандай ықпалының болмауы, мешіт өз қызметін өз дәрежесінде атқара алмай отырғандығын көрсетеді.

3) Облыс көлеміне діни уаххабилік әдебиеттер Солтүстік Кавказдан, Ресейден, Алматыдан келеді. Соңғы кездері діни әдебиеттер аудио-видео таспалар арқылы, дисклер арқылы таралатын болған.

4) Батыс Қазақстан облысындағы салафилер жетекшісі болған бұрынғы қылмыс әлемінде ерекше беделге ие болған М.Хамзин атты жігіт. Өткен жылы сотталғанға дейін Орал қаласындағы көптеген түнгі клубтар мен «Пантера» казиносының иесі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол казино қазір шешендердің иелігіне өткен. Сонымен қатар, қаладағы машина саудасы (авторынок) салафилер бақылауында. Демек, бұл Батыс Қазақстан облысындағы салафилердің қазірдің өзінде әлеуметтік және экономикалық базасы барлығын көрсетеді.   

5) Салафилер ықпалымен уаххабилік көзқарастың мемлекеттік қызметкерлер арасына да белгілі дәрежеде ықпалы барлығы байқалады. Оған мысал ретінде Облыстық ішкі саясат департаментінің діни ұйымдармен байланыс бөлімінің бас маманы Ихсанғали Махамбеттің көзқарасынан байқауға болады. Ол әңгіме барысында қазақ халқының салт-дәстүріндегі көптеген діни ғұрыптарға  уаххабилік көзқараспен қарайтынын байқатты. Сондай-ақ, Облыстық қаржы полициясының бастығы Р.Тілеухановтың (Бекболат Тілеухановтың ағасы) Орал, Атыраудағы салафилердің рухани жетекшісі болған Халил Абдужаббаровпен тығыз байланыста болғанын, салафилерді облыстық ҰҚК мен облыстық прокуротура қызметкерлерінен қорғаймын деп, олармен тіке-тіреске дейін барғаны, соңында үш сала басшыларының түгелімен қызметтерінен кеткенін республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. Бұл салафилік идеологияның мемлекеттік органдарды да шарпи бастағанына айқын дәлел.

6) Облыстағы ҚМДБ-ның өкіл-имамы - С. Сейітбеков Түркияның Бурса қаласындағы Ұлытау университетінің Иләһият факультетін бітірген, жоғары білімді теолог-маман. Өзін ханафи мазхабының өкілі санайды. Бірақ өкіл имамның мешітке келіп намаз оқитын салафилерге ешқандай ықпалы жоқ. Кейбір мешіт имамдары өздерін «ханафи мазхабынанбыз» деп айтқанымен салафилер ықпалында екенін аңғару қиын емес. Облыстық өкіл-имам уаххабилік бағыттың тез таралу себебін былай түсіндіреді: Біріншіден имамның қолында ешнәрсе жоқ. Имамға мемлекет ешқандай көмек бермейді. Имам мешітке келушілерге, олардың беретін қайыр-садақасына тәуелді. Оның үстіне бұл жерлерде халықтың саны аз. Сондықтан батыс облыстарда қызмет істеуге білімді мамандар келе бермейді. Бар имамдар сауатсыз. Сол себепті, олар салафилерге қарсы тұрар қауқары жоқ. Екіншіден, материалдық жағы төмен имамдар салафилер жетегінде кетуі әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселе мемлекет тарапынан шешілуі тиіс. 

7) Батыс Қазақстан облысындағы салафилердің рухани жетекшісі – тегі оңтүстікқазақстандық Халил Абдужаббаров. Мәдина қаласында бес жыл оқыған. Жағдайдың өзгеруіне байланысты қазір Сауд Арабиясында тұрады. Қазір ол салафилерді Мәдинада отырып, интернет арқылы басқарады.

Атырау облысындағы діни ахуал да осыған ұқсас. Мешітке барып намаз оқитындардың 95% салафилер қатарына енген жастар. Бұл жерде де салафилердің жетекшілері - бұрынғы спортшылар, кейіннен қылмыстық топ жетекшілері. Алғашқы кезде олардың қолында да түнгі клубтар болған. Кейіннен жетекшілері ол жолдан бас тартып, түнгі клубтарды жауып, қаржысын басқа салаға салған. Атырау қаласындағы салафилердің Оралдағы салафилерге қарағанда мынадай бірнеше ерекшелігі бар:

 1. Атырау қаласында салафилердің өткен жазға дейін «ат-Тақуа» атты мешіті болған және ол мешіт жеке діни бірлестік ретінде қызмет еткен. Мешіт имамының қарумен ұсталуына байланысты ол мешіт жеке бірлестік ретіндегі қызметі тоқтатылып, ҚМДБ қарамағына берілген. Алайда, мешіттің статусы өзгергенімен, бағыты өзгермеген. Бұрынғыша салафилер орталығы екендігі көрініп тұр.

2. Атырау облысында ханафилер мен салафилерден басқа тәкфирлер, нақшбандилер, таблиғи жамағат өкілдері бар. Такфирлердің өзі аййубиттер, бахауадиншілер болып екіге бөлінеді. Облыс орталығы Атырау қаласынан батысқа қарай салафилер ықпалы басым болса, облыстың оңтүстік- шығысындағы Мақат пен Жылыой аудандары нақшбандилер ықпалында.

Атырау облысындағы ҚМДБ-ның өкіл имамы Қазбек Ахметовтың айтуына қарағанда, салафилер күндіз-түні мешіттен шықпайды. Бірі кетсе бірі келеді. Жұмыс істемейді. Бірақ барлығында дерлік қымбат «Джип» машиналары бар. Егерде шет елдерден көмек алмаса олар ондай қаржыны қайдан алады деген пікірді айтады.

Атырау облысындағы салафилердің де рухани жетекшісі, әрі салафилік ағымды алғаш Атырау жеріне таратушы - Халил Абдужаббаров. Ал ол келгенше Атырау жеріне келіп, қылмыстық топ жетекшісі Шарифулланы осы жолға салып, бағыттаған Б. Тілеуханов, М. Тазабеков, А. Ескендір. Шарифулла 2004 жылы мешіт салып, оны жергілікті өкімет орындарының қарсылығына байланысты тіркеуден өткізе алмағанда, Б. Тілеуханов пен Қ. Сатыбалды көмегімен Астана арқылы тіркетеді. Бұл Орал мен Атыраудағы салафилердің рухани жетекшісі Х. Абдужаббаров болғанымен, олардың саяси және қаржылық дем берушілері жоғарыда аттары аталған азаматтар екенін көрсетеді.

Ақтөбе облысындағы жағдай да жоғарыда аталған екі жағдайға ұқсас. Облыс ҚМДБ-на тіркелген 32, тіркелмеген 20 мешіт бар. Олардың ішінде «Фатиха» мешіті салафилер мен таблиғи жамағат өкілдерінің мешіті болып табылады.

Ақтөбе облыстық өкіл-имам Бауыржан Есжанның айтуынша, облыс көлемінде уаххабилер, таблиғи жамағат, тәкфирлер, нақшбандилер, зікіршілер бар. Кейіннен өзіміз анықтаған тағы бір топ – «Ахл ал-Құран» тобы.

Актөбе қаласындағы салафилер жамағатын қалыптастырған, Мәдина қаласында 5 жыл оқып келген, Бауыржан Нұрғалиев деген азамат. Алдында «Нұрдәулет» мешітінде болған. Кейіннен оның екі шәкірті – Азамат, Еркін деген жігіттердің Ресей территориясындағы террорлық әрекетке қатысуына байланысты, ол «Нұрдәулет» мешітінен шеттетіліп, осы мешіттің «Бестамақ» аулындағы филилына имам етіп жіберілген. Білетіндердің айтуынша, ол жергілікті салафилерден бөлінген. Өйткені, соңғы кезде салафилер ұстазының өзін тыңдамай кеткен. Бірақ, Б. Нұрғалиев өзінің діни көзқарасынан бас тартпағанға ұқсайды. Ол имамдық жасайтын мешітке барып, онымен сөйлесіп көрмек болдық. Алайда оны орнынан таба алмадық. Мешітте тұрған діни кітаптарды көргенімізде, олардың барлығы дерлік уаххабилік бағытта екендігіне көз жеткіздік. Бұл Б.Нұрғалиевтің әлі өз көзқарасынан бас тартпағандығын көрсетеді. Бірақ, жергілікті халықпен пікірлескенімізде, ақтөбелік салафилер шетелдік орталықтардан басқарылады дегенді айтты.

Ақтөбе облысындағы тағы бір анықталған мәселе – Кеңқияқ елді мекенінде «Такфирлер» мешітінің болуы. Ол жерде өткен жазда тәкфирлер мен нақшбандилер арасында қақтығыс болған.

Ақтөбе облысындағы салафилердің әлеуметтік негізі мен кімдер тарапынан қолдау көрсетілетіні толық анықталған жоқ. Кейбір мәліметтерге қарағанда мұндағы салафилер де машина саудасымен айналысатын сияқты. Облыстық Әділет басқармасының діни ұйымдармен байланыс бөлімі қызметкрлерінің  айтуына қарағанда, салафилер орталығы болып табылатын «Фатиха» мешіті айналасына күніге кешке қымбат машиналар шоғырланатыны туралы айтты. Соған қарағанда, салафилердің бұл жердегі тірегі осал емеске ұқсайды. Сонымен бірге, олардың шетелдіктермен байланысы барлығы анықталды. Біз «Фатиха» мешітіне барғанымызда, мені Пакистаннан келген адам ретінде қарсы алды. Бұл мешітке бұрыннан шетелдіктердің келіп тұратынын көрсетсе керек. Имамның өзі де бұл жерге үнемі дағуатшылардың келіп тұратынын жасырған жоқ. Сонымен бірге, жергілікті бизнес өкілдері де белгілі мөлшерде дінге жәрдем беретіні байқалады. Мысалы, «Нұрдәулет» сауда орталығының иесі Байжарқыновтар әулеті Ақтөбе қаласы орталығындағы «Нұрдәулет» мешіті мен Бестамақ» аулындағы мешітті салдырады. Б.Байжарқынов тапқан табыстарының белгілі бір бөлігін мешіттерге жұмсайтынын айтты. Бір өкініштісі, ол кісінің діни көзқарасында уаххабилік ықпал барлығы байқалды.

Қызылорда облысындағы діни ахуал жоғарыда аталған облыстарға қарағанда, біршама өзгешелігі бар. Мұнда да уаххабилер, нақшбандилер, таблиғи жамағат өкілдері мен зікіршілер бар. Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешітіне келіп намаз оқушыла арасында уаххабилер саны оншалықты көп емес. Шамамен 35-40% және олар өздерінің діни көзқарасын ашып айта бермейді. Мүмкіндігінше жасыратыны байқалады. Олардың қалада өз араларында өткізіп тұратын «Сұхбат» атты отырысы бар. Мүмкіндігінше, аптасына бір рет, немесе екі аптада бір рет жиналып сұхбат өткізеді. Ол отырыста қай тақырыпта әңгіме өткізілетіні, оған сырттан кімдер шақырылатыны белгісіз.

Қызылорда қаласында уаххабилердің «Ынтымақ» атты қоры жұмыс жасайды.  Қор төрағасы - Болат Қожбан атты жігіт. Осы Б. Қожбан мен Серік Әлжанов деген жеке кәсіпкер жігіт екеуі уаххбилердің Қызылордадағы жетекшісі болып табылады. Облыстық «Айтбай» мешітінің наиб-имамы Б. Омаровтың айтуына қарағанда, «Ынтымақ» қорында қаржы көп. Облыстық мешіт өткен рамазан айында осы «Ынтымақ» қорының қаржылық көмегі арқасында бір ай бойы күніне екі рет «Қоғам» телеарнасында діни хабар ұйымдастырған. Облыстық өкіл-имам Нұржан Қияс уаххабилермен тығыз байланысты екендігі  сезіледі.

Облыс көлемінде нақшбандилер ықпалы басым екендігін көруге болады. Облыс орталығындағы үш мешіттің екеуінде нақшбандилер өкілі наиб-имам болса, біреуінде имам болып қызмет атқарады. Сондай-ақ, облыс көлемінде нақшбандилердің шоғырланған жерлері бар. Бірақ нақшбандилердің облыс көлемінде  нақты белгіленген, жетекшілік жасайтын ұстазы жоқ. Сол себепті, бұлардың арасында арнайы жиналып, мәжіліс өткізу жоқ. Тек Құбанәлі, Дайрабай сияқты жетекшілері келгенде ғана жиылып бас қосады.

Жалпы төрт облыс көлемінде жүргізілген жұмыс нәтижелері осындай. Бұл жинақталған материалдар мынадай қорытында жасауға мүмкіндік береді:

1. Аталған облыстар көлемінде уаххабилік бағыттағы діни жамағаттар күн санап өсіп келеді және олар белгілі бір орталыққа бағынған, қатаң тәртіп шеңберінде жұмыс істейді.

2. Аталған облыстардағы уаххабилік бағыттағы жамағаттар бұрынғы қылмыстық топтар негізінде қалыптасқандықтан бұл топтардың жастар арасындағы ықпалы күшті және олардың қатарына жастардың көптеп тартылуна ықпалын тигізуде.

3. Жалпы халықтың діни сауатсыздығы, дәстүрлі діни танымнан хабарсыздығы да уаххабилік идеологияның тез таралуына ықпалын тигізуде.

4. Уаххабилік-салафилік бағыттың кең таралуына ҚМДБ тарпынан шығарылып жатқан діни кітаптар мен мерзімді баспасөз құралдарының да үлесі аз емес. Бұдан басқа «Халифа Алтай» қоры, «Шапағат Нұр» журналы мен баспасы тарапынан шығарылып жатқан кітаптар уаххабилік бағытты уағыздауда. Дәстүрлі діни танымы жоқ халықтың көпшілігі осы кітаптардың ықпалымен уаххабилер жағына өтуде.

5. ҚМДБ-ның ұстанған бағытының айқын болмауы, ауызша ханафи мазхабымыз дегенімен, жүргізген бағытының, шығаған кітаптарының уаххабилік сипатта болуы жай халықты ғана емес,  мешіт имамдарының өздерін де шатастыруда.

6. Уаххабилік-салафилік жамағатының негізін /ядросын/ кіші және орта бизнес өкілдері құрайды. Оған Орал, Атырау, Актөбе, Қызылорда қалаларындағы уаххабилік-салафилік жамағаттар жетекшілерінің кіші және орта бизнес өкілдері екендігінен көруге болады.

Қорыта айтқанда, Қазақсан Респуликасындағы діни ахауал күн санап күрделеніп келе жатыр деуге толық негіз бар. Ең бастысы уаххабилік-салафилік бағыттағы жамағаттардың еліміздің мұнайлы өңірлерінде шоғырлануы да бұл діни ағым артында шетелдік ықпалды ұйымдар тұру ықтималдығы барлығын көрсетеді.        

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5657