Тәжік президентінің қызы сенатор болды
Эмомали Рахмонның қызы әрі Тәжікстан президентінің атқарушы аппаратының жетекшісі Озода Рахмон сенатор боп сайланды.
Ресми дерек бойынша, 29 мамырда өткен Душанбе қаласы халық депутаттары мен астана аудандық депутаттары мәжілісінің ортақ сессиясында Озода Рахмон ел парламентіне сенатор боп сайланған. Депутаттар оған «бірауыздан» жақтап дауыс берген.
Бұған дейін ел парламентінің жоғарғы палатасына № 4 округтен президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Бахтиёр Худоёрзода сайланған болатын. Ол қаңтардың аяғында сайлау және референдумдар бойынша Орталық сайлау комиссиясының жетекшісі боп тағайындалғанына байланысты, сенаторлық жұмысын тоқтатқан болатын.
38 жастағы Озода Рахмонның 5 баласы бар. Заң ғылымдарының кандидаты, 2005-2007 жылдары Тәжікстанның АҚШ-тағы елшілігінің мәдениет бөлімінде жұмыс істеді, 2007-2009 жылдары Тәжікстан СІМ консулдық басқармасына жетекшілік етті, 2009-2014 жылдары ТӘжікстан сыртқы істер министрінің орынбасары болды, ал 2014 жылдың 15 мамырынан бастап СІМ басшысының бірінші орынбасары ретінле тағайындалды. Үстіміздегі жылдың 27 қаңтарында Озода Рахмон Тәжікстан президентінің атқарушы аппаратының жетекшісі болды.
Абай-ақпарат