"ДИНАМО" БАЛАЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ ОЙЫН-САУЫҚ ШАРАСЫН ӨТКІЗЕДІ
2016 жылдың 31 мамыры күні cағат 09:00-де «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігі 1 маусым – «Халықаралық Балаларды қорғау күні» мекересіне орай, «Динамо – Қазақстан балаларына. Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясының аясында «Үміт бастаулары» атты балаларға арналған спорттық ойын-сауық шарасын өткізеді.
Шараның мақсаты – бір кездегі қарапайым бала болып, қазірде ұлы спортшыға айналған Шәміл Серіков, Валерий Резанцев, Ермахан Ибраимов, Александр Винокуров, Бақтияр Артаев, Илья Ильин, Геннадий Головкин, Данияр Елеусінов, Светлана Подобедова, Ольга Шишигина және басқа да Олимпиада, Әлем, Еуропа және Азия ойындарының чемпиондары атанған динамошылардың өмірін үлгі ете отырып, дене шынықтыру қоғамының спорт саласындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда алар орны ерекше екенін көрсету.
Шараның ерекшелігі – байқаулардың басым көпшілігін «Жас динамошы» клубының белсенділері, еріктілер және қарапайым мектеп оқушылары өздерінің замандастарына, соның ішінде, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, құқық қорғау органдарының қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлерінің балаларына, жасөпірімдер ісі жөніндегі инспекцияда тізімде тұрған жеткіншектерге арнайы ұйымдастырған. Шара барысында түрлі спорттық эстафеталар, байқаулар өтіп, сондай-ақ қоян-қолтық ұрыс, футбол, семсерлесу, дзюдо, бокс және басқа да спорт түрлері бойынша «Динамо» балалар мен жасөспірімдердің секцияларында тәрбиеленушілер өз өнерлерін паш етсе, Workout «Динамо - Mix Team» командасының көшбасшылары футбол сынды басқа да командалық спорт түрлерінен шеберлік кластарын ұйымдастырады. Сондай-ақ «Динамо» қоғамы мен жоба демеушілерінен түрлі сыйлықтар күтеді.
Бүгінгі таңда еліміздің ұлттық құрамаларында өнер көрсететін спортшылардың 75% – «Динамо» мектебінің тәрбиеленушілері. 1992 жылдан бастап 2014 жылға дейін олар еліміздің қоржынына 46 олимпиада медалін, соның ішінде 13 алтын, 15 күміс, 18 қола медаль салып берді. Динамолық спортшылар 101 рет әлем чеспионатының тұғырына көтерілсе, Азия ойындарынан 175 медаль еншілеп қайтты. Алтын қорымызда 90 ҚР еңбек сіңірген спорт шебері және 115 халықаралық кластағы спорт шебері бар.
Мерекелік шараға «Динамо» спорт қоғамының әр кезеңдегі спортшылары мен жаттықтырушылары, қалалық ІІД Ардагерлер кеңесінің өкілдері мен ІІМ және ҰҚК оқу орындары, сондай-ақ, Алматы қаласындағы мектеп оқушылары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысады. Салтанатты мерекеге Алматы қаласы әкімінің орынбасары, «Нұротан» ХДП қалалық филиалы мен «Жас Отан» өкілдері, қалалық мәслихат, ІІД жетекшілері және қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сонымен қатар БАҚ өкілдері шақырылып отыр. Балалар күніне арналған мерекелік шараға қатысып, ақпараттық қолдау білдіруге шақырамыз!
Абай-ақпарат