Сенбі, 23 Қараша 2024
Шынның жүзі 6012 0 пікір 25 Мамыр, 2016 сағат 09:22

ҚАСЫМОВ МЫРЗА, ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛАУЫН БІЛЕСІЗ БЕ?..


Мен ешкімді алаңға шығуға үгіттемедім. Өзімнің демократиялық құқығым бойынша, ҚР Қылмыстық және әкімшілік кодекстерінде көрсетілген ережелерді сақтай отырып, алаңға бардым. Мен - журналистпін. БАҚ туралы заңда көрсетілгендей, менің ақпарат алуға және таратуға мүмкіндігім бар еді.  Сондықтан мен: Мен не көрдім, не істедім? Билік ше? - деген сауалдарға жауап іздеп байқамақпын.

Бірден естеріңізге сала кетейін, Қазақстан азаматтарының Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi заңда бекітіліп берілген (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U950002126_). Жұрт алаңға  билікті құлату, немесе мемлекеттік төңкеріс жасау үшін шыққан жоқ, Мәсімов Үкіметінің «Жерді сату және жалға беру» туралы шешіміне наразылығын білдіру үшін шықты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл шешімге мораторий жариялағанымен, бұл мәселеде соңғы шешімді жаңадан құрылған «Жер комиссиясы» ұсынатыны тағы белгілі. Алғашында 75 адамнан құрылған комиссияның екі мүшесі Мақсат Ілиясұлы мен Макс Боқаев мүшеліктен өз еріктерімен шыққан соң, оларды ІІД қамауға алды. Ал комиссия құрамында қалған азаматтық қоғамның аз өкілінің дауысы билікшіл құрамның басым дауысына төтеп бере алмайтыны бесенеден белгілі. Демек, ондағы ахуал түсінікті. Халық та, қазір ақпараттан мақұрым емес. Осының бәрін көріп-біліп отырған алматылық жұрт алаңға жиналып, Бауыржан Байбек мырзаға арыз-талаптарын айтпақшы еді. Өкінішке орай, билік диалогқа келмеді. Алаңға халықтың талап-тілегін тыңдауға кім келді? Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Саясат Нұрбек келді.(https://www.facebook.com/azattyq/?fref=ts). 

Екінші мәселе, алаңдағы оқиғаларды түсіріп, ақпарат таратуға нөпір журналистер де келді. Беттеріне бетперде киген ОМОН мен полиция жасақтары көзіне көрінген, қолына ұсталған адамды көліктерге күштеп тығып, Алматыдағы түрлі АІІБ бөлімшелеріне жеткізді. (Алмалы, Түркісіб т.б.) Осы нөпірдің ішінде алматылық оншақты журналист те бар еді (Тоқтарәлі Таңжарық, Қасым Аманжолұлы, Мақсат Толықбай, Асылхан Мамашұлы, Нұртай Лахан т.б.). 

Артынша мәлімдеме жасаған Ішкі істер министрі генерал Қалмұхамбет Қасымов «журналистерді қамамаңдар, жіберіңдер» демеп пе еді? Сонда, ІІМ өз адамдарына өз сөзін тыңдата алмағаны ма? Дәлірек айтсақ, алматылық полицейлер үшін министр Қасымовтың сөзінің құны көк тиын болғаны ма? ІІМ, Әкімшілік полициясының өкілі Игорь Лепаха журналистердің ұсталуын жәй ғана «түсініспеушілік» деді (https://www.nur.kz/1135364-v-mvd-nazvali-zaderzhanie-zhurna…

Сонда алаңдағы оқиғаларды түсіріп жүрген журналистердің кәсіби жұмысына кедергі келтіргені үшін министр Қ.Қасымов жауап бере ме, әлде кім?.. Әлде, ІІМ солдаттары (ОМОН, полицейлер) ҚР БАҚ туралы заңына түкіргендері бар ма? (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z990000451_).

Алаңға жұрт жиналды. Жұрт ішінде мен де тұрдым. Өктем билік өгей әкедей, халықтың құқығын таптап, езгілеп, жаншып, көліктерге сүйреп жатты. Ұсталдым, сытылып шықтым. Өзіме берілген мүмкіндікті (ҚР ҚК, ӘК, БАҚ туралы заңдар негізінде) пайдаландым, журналист екенімді айтып, берілген жоқпын. Бірақ... Ұсталғандар қаншама?!

Бейбіт мақсатта алаңға шыққан жұрттың көздегені не еді? Көздегені билікпен диалог құру еді. Бірақ, билік мұны қаламапты. Қаматты.

Үшінші, біз "құқық қорғаушылар" деп жүрген, шен таққан полицейлер құқық қорғаушы емес, құқық бұзушы болып шықты. Оған да 21-мамырда кезекті рет көзіміз жетті. Бейбіт жұрттың құқықтарын аяққа таптаған полицейлерге енді кім сенеді? Биліктің жауабы: «Олар тыныштықты қорғау үшін келді алаңға». Сұрақ: Кімнен? Халықтан ба? Билікті халықтан қорғау үшін бе? Иә, дәл солай. Сонда биліктің негізгі құрылымы қандай? Билік кім үшін? Халық үшін емес пе еді? Ашық диалогтан жалтарған биліктің әрекеті әлі де әшкерелене жатар. 

Бұған қатысты БҰҰ мәлімдеме жасап, Қазақстан билігінен азаматтардың сөз бостандығы мен журналистердің құқығын бұзбауға шақырды (https://www.facebook.com/azattyq/?fref=ts). Демек, Алматыдағы жағдай әлем наразына ілінді. 

БҰҰ немесе шетелдік БАҚ десек, Қазақстандағы халықтың демократиялық құқығын аяқа таптап, көпе-көрнеу жала жапқан Еуразия арнасы еске түседі. Кеше арандатушы арна тағы да ақпарат таратты (http://www.1tv.kz/ru/news/video20052016/glavnye/1).

Республика мен Алматы алаңдарының маңайынан жарылғыш заттар табылды деді. Аталған ақпарат пайда болған соң, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекпен жедел сұхбат жасадым.   «Біз жалған ақпарат тарататындай басымыз екеу емес» деді Салтанат Әзірбек. Өкінішке орай, Салтанат ханым алаңнан "табылған" "суық қарулардың" кімдер хабарлағанын  ашып айтпады. «Халық» деді бар болғаны. Бес адамның тұтқындалғанын айтқанымен, олардың кім екендіктерін қанша қазбалап сұрағанымызбен оны да таратып бере алмай тартынып қалды. Демек, әзірге олардың кім екендіктері белгісіз. Жаңалықтарда арматура, темір-терсектер, жанармай құйылған бөтелкелер мен қару-жарақ көрсетілді. Яғни, алаңға келетіндер дәл осындай жабдықталып келеді деген мәлімет жетті.

Ал кәне, айтыңыздаршы, Алматыда алаңға шыққан халықтың тым болмаса біреуінен жоғарыда аталған заттар табылды ма? Ұсталғандардың тым болмаса біреуінен қару тәркіленді ме? Жоқ, халықтың мақсаты да бұл емес еді. Өкінішке орай, әлгі арна тағы да жалған ақпарат таратқан еді.

Құрметті бауырлар, мен билікке қарсы немесе қандай да бір саяси топтың мүшесі емеспін, қатардағы журналистпін. 

Кұрметті, Қалмұхамбет Қасымов мырза! Бірінші кезекте мен - халық өкілімін. Біз - халықпыз. Бізді, яғни журналистерді қудалауды, қамауды, бізден арандатушы, билікті төкеруші күш жасауды доғарыңыздар! Халық билікке қарсы емес. Керісінше, биліктің халыққа келуін, ашық диалогқа шығуын ғана қалайды. Жері үшін, Елі үшін, керек болса, Елбасы үшін алаңға шыққан халықтан қылмыскер жасаудың керегі қанша? 

Құрметті министр, мырза! Мына сұрақтарыма жауап беріңіз: Сіздер кімнің құқығын қорғайсыздар? Кімді кімдерден қорғайсыздар? Алаңға шыққан халық кім еді? Полицейлер мен ОМОН неге ҚР Конституциясындағы ережелерді ескермеді? Ол үшін кім жауапты?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381