ӨЗІМЕН ӨЗІ СӨЙЛЕСУ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?
Жақындарыңыздың, әйеліңіздің (немесе күйеуіңіздің) өзіне өзі сөйлеп жүргенін көрген боларсыз? Немесе өзіңіз солай істейтін шығарсыз? Өз-өзіне сөйлеу нені білдіреді? Кейбіреулер өздігінен сөйлеп жүрген адамды көрсе «мынаған не болған» деп ойлайды. Сол дұрыс па? Бұл сұрақтың жауабын asylsoz.kz порталы іздеп көріпті.
Негізінен, әлемнің барлық данышпандары осындай әдетке ие. Поэзия мен әдебиет – біреудің ішкі монологы.
Өз-өзіне, көбінесе әйелдер сөйлеп жүреді. Мысалы, бірнәрсе істеп жатқанда шаруалары тым көбейіп кетсе өздеріне: «мына тірлікті істеймін, содан соң анау, содан соң кір жуамын» деп істеуі керек нәрселерін ретке келтіріп алады. Ол әйелдердің ойын жинақтап, жұмыстарын тез аяқтауына көмектеседі. Өз-өзіне бұйрық бере отырып жұмысын жылдам әрі тиянақты орындайды.
Психологтар өз-өзіне сөйлеу пайдалы екендігін айтады. Ол ешқандай да ақыл-естің ауытқуының нышаны емес дейді. Керісінше, адам өз-өзіне сөйлеп жан-жаққа шашыраған ойларын жинақтайды, өзін-өзі тыныштандырады, эмоцияларын ретке келтіреді.
Сондықтан, әйеліңіз өзімен өзі сөйлеп жүрсе, оған таңырқай қарамаңыз немесе «саған не болды?» деп шошымаңыз! Себебі олар дауыстап ойланады.
Abai.kz