Қадыржан Батыровтың үйі Бакиевтердің меншігіне өтті
Қырғызстанның Сузак ауданының сот орындаушы бөлімінің меңгерушісі Дінислам Кожоакматов Қадыржан Батыровтың жеке үйі Санжар Бакиевтің иелігіне өткенін мәлімдеді.
Аталған тұрғын үйде Батыров отбасымен 2010 жылға дейін тұрған. Соттың шешімімен үй Қырғызстанның бұрынғы президенті Курманбек Бакиевтің немере інісі Санжар Бакиевтің меншігіне өтті.
Сот мұндай шешімді Бакиевтердің арызы бойынша қабылдған. Олар Батыровтың жақтастары 2010 жылғы оқиға кезінде Бакиевтің үйін өртеп жібергенін айтып, одан шығынды өтеуді талап еткен.
Жалал-Абад қалалық соты Бакиевтердің шағымын қанағаттандырып, 7,4 миллион сом өтемақы төлеуге шешім шығарған. Дмитриев ауданындағы Батыровтың үйі екі рет қамауға алынып, екі рет сатуға қойылған. Алайда бұл үйді ешкім сатып алмаған. Сол себептен 2016 жылдың сәуірінде үйді Санжар Бакиевке берді.
Қадыржан Батыров 2010 жылғы маусым оқиғасынан кейін Қырғызстаннан қашып кеткен. Ол халықаралық іздеуде. Кейбір мәліметтер бойынша, оған Швецияда саяси баспана берген.
Абай-ақпарат