Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3313 0 пікір 19 Қыркүйек, 2016 сағат 17:50

Матаевтар ісі. Куәгер С. Матаевтың табысын жасыру арқылы салықтан жалтарғанын айтты

Астана қаалсындағы №2 Есіл аудандық сотында Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бүгін сотқа шақырылған куәгерлер «Салық төлеуден жалтарды» деген екінші эпизод бойынша сотқа түсінік берді. «Сейітқазы Матаев өзінің табысын жасыру ниетімен тек «коммерциялық емес ұйымның табысы» деген декларация тапсырып келген. Заң бойынша қызметтің бұл түріне салық салынбайды. «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі құрылғаннан бері оның С. Матаев деген жалғыз ғана қызметкері, жетекшісі болған»,- деп хабарлады сотта Алматы қаласының мемлекеттік кірістер департаменті аудит басқармасының бас маманы Нұрлан Серкеев.

«Мен «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ-не салық төлеуі бойынша тексеру жүргіздім. Ол үшін әуелі С. Матаевтан салық төлемдері бойынша құжаттарды сұрадым. С. Матаев маған «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінде  есепші қызметі жоқ екенін, сол себепті бухгалтерлік есеп-қисап жүргізілмейтінін айтты»,-деді куәгер соттағы сөзінде. Оның айтуынша, салық төлемдері бойынша тексеруден анықталғандай, Сейітқазы Матаев заңды тұлға ретінде бюджетке 168 730 897 мың теңге корпоративтік табыс салығын төлеуден жалтарған. Сонымен қатар, жеке табыс салығы бойынша 2011- 2015 жылдары 65 420 741 теңге, резидент болып табылмайтын тұлғалар үшін 2011- 2014 жылдары 8 578 748 теңге төленбеген.

«Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі журналистика саласында қызмет ететін коммерциялық емес ұйым ретінде құрылған. Осыған сәйкес, «Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сейітқазы Бейсенғазыұлы Матаев «қоғамдық бірлестік коммерциялық қызметпен айналыспайды» дегенді растап, коммерциялық емес ұйым ретінде декларация тапсырып отырған. Бірақ «Ұлттық баспасөз клубы» Астана және Алматы қалаларында ғимараттарды жалға беріп, ақпараттық материалдарды әзірлеумен айналысқанын, баспасөз мәслихаттарын өткізгенін, теледидар эфирінен және баспа БАҚ-тардан ақпарат таратқанын, сонымен қатар байланыс қызметін көрсеткенін ескерсек, бұлардан табыс тапқанын көреміз. Алайда қоғамдық бірлестіктің коммерциялық емес ұйым мәртебесін пайдаланып,іс жүзіндегі табыстарын жасырған»,- деді куәгер сотта.

 Тергеудің нұсқасы бойынша, Сейітқазы Матаев 2011-2015 жылдары өзінің туыстары мен «Ұлттық баспасөз клубының» мүшесі болып табылмайтын басқа да азаматтардың карточкасына 264, 7 млн. теңге аударған. Алайда С. Матаев жауапты тұлға ретінде ол ақшадан жеке табыс салығын төлеуі тиіс болған, ол үшін декларация тапсыру міндетті. Сайып келгенде, тергеудің нұсқасы бойынша Сейітқазы Матаев 2011-2015 жылдары 300 млн. теңгеден астам салық төлеуден жалтарған.

Атап айтарлығы, бұл жолғы сот отырысында Астана қалалық сотының фельдшері Сейітқазы Матаевтың денсаулығы жөнінде мынадай ақпарат берді: «Бүгін сағат 09.45.-те С. Матаевтың қан қысымы 220-да 120-ны көрсетті. Ал қазір 11.30-да 180-де 105-ті көрсетті. Науқас физиотенз дәрісін қабылдады. Соның әсерінен қан қысымы төмендеді». Фельдшер оған дәріні соттың үстінде емес, отырыс басталғанға дейін қабылдауды ұсынды. Ал С. Матаевтың өзі кардиолог дәрігердің көмегіне жүгінгісі келетінін жеткізді. Алайда сотқа төрағалық етуші судья Ақболат Құрмантаев өткен аптада бірнеше рет С. Матаевқа өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарамауды ескерткен еді. Мәселен, С. Матаев өткен аптаның бейсенбі, жұма күндері ауруханаға бармаған.

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5627