Жексенбі, 24 Қараша 2024
Бетбұрыс 3032 0 пікір 14 Қыркүйек, 2016 сағат 11:37

САҒЫНТАЕВ ШЕНЕУНІКТЕРДІ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРМАЙДЫ

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің қайта жасақталған әм жаңартылған құрамын жинап, алғашқы жиналысын өткізді. 

Алғашқы отырыста-ақ,  жаңа Премьер пәрмен беріп, Елордадағы көп шенеуніктің шығынын есептеп, рұқсатсыз шетелге шығуға тыйым салды. Сөйтсек, өткен жылдың өзінде біздің министр мырзалар мен ханымдар әкімшілік шығын ретінде бюджеттің 119 миллиард теңгеден астам қаржысын жұмсап тастапты.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің атқаратын шаруамыз оңай болмайын деп тұр. Қазір жағдай қиын. Сондықтан барлық шетелдік іс-сапарлар шегеріледі. Тек Елбасымен бірге баратын сапарларға ғана рұқсат етіледі. Және қатты мұқтаждық туындап жатса, менің тікелей рұқсатыммен ғана шетелге шығуға болады»,-деді Премьер-министр Сағынтаев мырза.

Бақытжан Әбдірұлының айтуынша, тіпті ел ішіндегі іс-сапарлардың өзіне шығу үшін Премьер-министрдің тікелей рұқсаты болуы керек екен.

Әсіресе, министрлер мен әкім-қаралардың формалды түрде ғана жұмыс істеу үлгісі қалыптасып қалғаны былай тұрсын, қанға сіңіп кеткені белгілі.

Жаңа Премьер мұндайға жол бермейтінін ашып айтты. Айтқанда да, Елбасы міндеттеп берген тапсырмалардың нақты іске асырылуын тікелей өзі бақылап отыратынын, әсіресе іске икемсіз министрлер мен әккі әкімдерді қатаң тәртіп күтіп тұрғанын ескертті.

«Біздің қабылдаған шешімдеріміздің барлығы қарапайым халыққа түсінікті әм жеңіл болуы керек. Себебі, қазір қарапайым халық, қазақстандықтар біздің не істеп, не қойып жатқанымызды білмек түгілі түсінбейді де. Сондықтан да біз «формалды» есеп үшін емес, халық үшін жұмыс істеуіміз керек»,-деді Бақытжан Әбдірұлы.

Бюджет қаржысы сарқылып, ел экономикасы қиындықты бастан кешіп тұрған тұста әлеуметтік төлемдер, азық-түлік бағасының қымбаттауы секілді түйткілді мәселелерді шешуге кіріскен Бақытжан Сағынтаев бағаны орынсыз көтермеуге және тарифтер бағасын бақылауда ұстауды Ұлттық экономика министріне тапсырды.

«ҚР Ұлттық экономика министріне мынадай тапсырма беремін. Өңірлердегі әкімдіктермен бірлесе отырып баға тұрақтылығын сақтап қалу үшін барлық шараны қабылдаңыздар. Тарифтер бағасы өспеуін жіті қадағалаңыздар»,-деді Үкімет басшысы.

Ең бастысы Бақытжан Әбдірұлы көп шенеуніктің керегі жоқтығын кесіп айтты.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқандай, қазіргі таңда Үкіметтік агенттіктер мен министрліктердің қарамағында қызмет ететін 371 ведмоство бар екен. Мұнша көп басқарманың бізге не керегі бар? Қарап отырсақ, солардың әкімшілік шығынының өзіне 120 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалады екен. Бұл аз  ақша емес. Ал, мен айтқан сома тек орталық органдардағы мемқызметкерлерге жұмсалатын шығын. Бұл сұмдық қой»,-деді Премьер-министр Бақытжан Әбдірұлы.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5671