Бейсенбі, 29 Ақпан 2024
Білгенге маржан 5812 0 пікір 13 Қыркүйек, 2016 сағат 12:09

«МАЛЕНЬКАЯ ПРИНЦЕССА»

Кішкене қыз-Гүлжан  көзін ашты, шала-жансар болып төсекте жатқанына бір жұма өтіпті. Бүгін қалаға келгеніне тура 3 ай болғанын есіне түсірді.  Осы үш айда ол он жыл өмір сүргендей еді. Ақ жамылғымен бетін бүркеніп алып, ауылдан шыққаннан бергі ащы өмірін есіне алды. «Енді не істеймін?» - деген ой миын шақты.  «Құдай-ау, дәл қазір қасымда ең болмағанда жанашыр туысқаным, иә жанымды түсінер досым болса, ең болмағанда ақыл-кеңес берер еді» - деп ойлады. Ал, соңғы үш айғы өмірі – өзінің қалыпты өмірін де, өмір туралы түсінігін де, өзінің барлық болмысын да өзгертіп жіберген,  үш ай өмірі –көз алдында кино лентасындай болып тізбектеліп өтіп жатты.

Гүлжанды нағашысының әйелі атын атамай, «Кішкене қыз» атап кеткен. Шағын денесі мен қысқа бойына лақап атының сай келгенін мойындағандары ма, әке-шешесінен бастап, мектепте де оны осы лақап атпен атайтын болған. Бірақ, бұл лақап есім Гүлжан қызға ұнамайтын.

Кішкене қыз-Гүлжан мектепті бітіріп, оқуға түсуге баратын болды. Ол үйінен кететініне қуанды, енді ылғи ұрысумен жүретін әке-шешесін көргісі келмейді. Аяқ астынан  басталған ұрыс, әкесінің қол көтеруімен, шешесінің айқай салып жылауымен, Гүлжан мен бауыры Тимурдың шырылдап ара түсіп, азан-қазан болып, әкесінің кімге арнағаны белгісіз, адрессіз бір боқтап, темекісін езуіне қыстырып,  есікті тарс жауып кетуімен аяқталатын.  Бұл ұрыстың екінші сериясы - түнде әкесінің араққа сылқия тойып, айналаны басына көтеріп, «Арыс жағасындағыны» айтып, таң ата есік алдындағы тапшанда ұйқыға жатауымен аяқталатын. Кішкене қыз-Гүлжан бірін-бірі жек көретін адамдар неге бір шаңырақтың астында тұратындарын түсінбейді. Жек көретіні емей немене, анасы әкесіне жаман сөздер айтады, ал әкесі анасын аямай соғады, талай рет қан қылып, анасы бірнеше күндер бойы орнынан тұра алмай жатқан кездері болған.   Кішкене қыз Гүлжан өзі  күйеуге шыққанда ешқашан күйеуімен ұрыспайтынын,  жұбайы да  оқымысты, мәдениетті адам болып, Кішкене қыз-Гүлжанды ұрмақ түгілі дауыс та көтермейтін болатынына сенімді.  Кішкене қыз-Гүлжан бой жете келе, осындай нәрселерді жиі армандайтын болған.

Мектеп бітірген кластастарының  кейбіреулері той жасап аттестаттарын жуып,  жастарды жиып, «вечер» өткізіп жатса, Кішкене қыз - Гүлжанның анасы қызы төртінен бесі көп аттестатын алып келгенде,  айналадағы 4-5 кемпірді шақырып құран оқытты.  Қорадағы екі сиырдың бірін көршісіне  он мың теңгеге сатып, бір тиынын шашау шығармай қызының алақанына салды.  Көз жасын бір-екі сығып алған шешесі, қызын шығарып тұрып:

- Қызым,алла алдыңнан жарылқасын, оқуға түсуге тырыс,  жақсы

оқыдың ғой,  түсе алмасаң ақылы оқытуға жағдайымыз жоқ екенін білесің,  мен аурумын, әкең болса жұмыссыз, жұмыс істеп жүрген кооперативі тоз-тоз болды, ондағы бар дүние-мүлік директордың атына өтіпті, ана әпкең де мектеп бітіре сала күйеуге тиіп, баланы бірінен соң бірін топырлатып туып отырып қалды, сені оқуға түседі деп үміттенемін. Түсе алмасаң  ауылға келме, ауылда ештеңе жоқ, сонда жұмысқа орналасып, сырттай болса да оқуға түсуге тырыс, оқымасаң да аман жүрші айналайын - деп ентіге дем алып отыра кеткен. Бауыры Тимурды қимай,  қайта-қайта сүйіп, әрең қоштасқан Кішкене қыз-Гүлжан үлкен асқақ арман қуып, бірінші рет  үлкен қалаға аттанып кеткен. 

Қалаға келіп, өзіндей екі қызбен пәтер жалдады, мемлекеттік оқу орны болғанмен жатақхана жетіспейді екен. Бұрын үлкен қалада болмаса да Гүлжан етінің тірілігінен, есте сақтау қабілетінің күштілігінен, неге қолы тисе де орны орнына келтіре қоятын пысықтығынан аз-ақ күнде қаланың қызына айналуға тырысты. Меруерт екеуі бір ауданнан болып шықты.  Үшінші қыздары Айгүл  пәтерге анда-санда келіп қонып кететіні болмаса, тұрмайтын. «Тест тапсырып біткенше туысқан ағамның үйінде тұрамын»-дейді, онысы бір жеке оқу орнында декан болып жұмыс істейді екен.  Ол үш қыз бір күнде құжат тапсырғанмен, Гүлжан қыз бен Меруерттің тест тапсыратын күндері алғашқы күн де, Айгүлдің тест тапсыратын күні соңғы күн болып белгіленіпті.  Екі қыз  жүректері лүпілдеп, оқуға түскендердің тізімі  шығар күнді асыға күткен. Бұлардан бір балл артық алған Айгүл  грантқа оқуға түсіп, бір-бір балл жетпеген екі қыз салдары суға кетіп қапа болды. Гүлжан қыз қаламаған мамандығы болса да, басқа төмен баллмен өтетін мамандыққа тапсырмағанына өкінді. Сонда ғой, әрі оқуға түсіп, әрі жатақханада жатып, әрі шәкіртақы алатын еді.  

Меруерт ауылына қайтатын болды, ал Гүлжан қыз не істерін білмеді, ауылдан алып шыққанда таусылмастай көрінген он мың теңгесі азайып барады.  Құжат тапсырғанда апайлар мен көкелер «анаған төлеп кел», «мынадан көшірме жасап кел», «мына кітапшаны сатып алыңдар, тест тапсырғанда пайдасы тиеді»-деумен болған. Абырой болғанда пәтерге екі айға бірден төлегені жақсы болды. Гүлжан қыздың  жағдайынан хабары бар, бір-екі жас үлкен Меруерт кетерде үлкендігін көрсетіп,  «Жолыма 300 тенге жетеді, мына 1000 тенге саған қалсын, жұмыс тапқанша қажет болады, уайымдама, келесі жылы түсеміз, пәтер ауыстырсаң адресіңді жазуды ұмытпа, хат жазып тұрамын»-деген. Ол кеткен соң, Гүлжан қыз  тіпті жалғызсырап қалды.  Пәтер иесі қанша іздегенмен, жағдайы жоқ, шеттеу үй болған соң ба, қасына қапелімде қыздар да табыла қоймады. Гүлжан қыз жұмыс іздеуге кірісті,  қолынан келсе болды не жұмыс болса да істеуге әзір. Көше аралап, кездескен кез-келген  мекеме, кәсіпорындарға кірді. Бірақ, жұмыс табыла қоймады, ең болмаса қолынан келетін еден жуушылықта табылмады. Кейбір бар  жұмыстарға біреуіне арнаулы білімі жоқтығы, біреуіне орысша білмейтіндігі, біреуіне компьютерді жақсы білмейтіндігі кедергі болды.

Бес мың  теңгеге, қожайындармен бірге тұрып, тамағын сол үйде ішіп, бала бағып, үй күтушісі болуға жұмыс табылғанда  ол бірден келісті.  Бірақ, ерте келіп, кеш кеткенмен бірге тұрмайтынын кесіп айтты.  Оған себеп, үй иесінің тек бұның ба, әлде әйелдердің бәріне ме, адамның үсті–басын көздерімен тіміскілеп қарайтын ойнақшыған көздері ұнамаған.  Гүлжан қыз өз жұмысына аса бір ықыласпен кірісті.  Ең басты міндеті өзі бағатын бір жастағы қызға бір жұма өтпей-ақ, бауыр басып қалған. Ауылдағыдай су тасып, от жағып, күл шығарып, су төгіп, малдың астын тазаламайсың. Ыстық су, салқын су өзі келіп тұр, жаман суларды да белің майысып шелектеп апарып төкпейсің, өзі кетіп жатыр, рахат, тамақтың да неше түрі бар, ауылдағыдай, нан мен шәй ішіп, кеспе көжені  қанағат тұтпайсың.  Үйдің жұмысын тиянақты істеп, үйіріп әкетті. Тіпті қолы тигенде ішетін тамақ та жасап қояды. Үй иесі ғалым әйел риза болғаны сондай, мерзімінен бұрын «авансың» деп екі мың теңге берген.  Жаңа жылға ауылға барамын, сонда Тимурға спортивка апарып беремін деп ойлады.  Тимурды қатты сағынып жүр, ал, апасын онша сағынбапты, папасын мүлде сағынбады.  Гүлжан қыз  өз өміріне дән риза болып, бір жағынан бала бағып, бір жағынан жеке, үлкен үйді тап-тұйнақтай етіп ұстап, үйрене келе  енді арасында сабаққа да әзірленуді ойлап жүрген.  Бірақ, бәрі ойда-жоқта бұзылды.

Бір күні қақпаның ашылып-жабылғанын естіп есік алдына шықса, үй иесі - дәу еркек машинасымен базардан азық-түлік әкеліпті, үйге демалысқа қарсы көп қонақтар келеді екен.  Азық-түлікті тасысқан Гүлжан қыз ұйықтап жатқан сәби оянғанша біраз жұмыстарын бітіріп алайын деп,  ваннада бір шама кір жуып жатқан.  Оқыстан ваннаға кіріп келген үй иесі-дәу еркек бұны бір қолымен-ақ қаусырып құшақтап алды.  Екінші қолымен біресе төсін езгілеп,  біресе іш киіміне қол  жүгіртіп, біресе айқайлаған аузын баспақшы болды.  Гүлжан қыз аяқ-қолын сермелеп тыпырлады да қалды.

Гүлжан қызға бұрын ешкім бұндай үстемдік жүргізіп көрген жоқ еді. Ол бұлаңдап, еркелеп өспесе де бұндай дөрекілікті кездестірмеген. Бой түзеп, сылаңдап жігіттерге көз тоқтатқан емес.  Дәу еркек түгіл жігіттермен де жұмысы болмаған.  Сосын да шығар, басқа қыздардай жігіттерден «записка» да алып көрмеген. Бар арманы оқып, мамандық алып, анам мен інімді асырасам, соларға жақсылық көрсетсем дейтін. Үй иесінің жаман ойын әлдебір сезімталдылықпен сезген, жігіттермен сүйіспек түгіл қол ұстасып та көрмеген Гүлжан  бұзық ойлы дәу еркекке қарсы қайратты  қара шашынан бастап, денесіндегі әр бір тамшы қаны, әр бір нерв талшықтары,  әр бір мүшесі табандылықпен қарсы күресіп жатты.  Болашақта шын сүйген адамына ғана сыйлайтын нәрсесі үшін еш нәрседен тайынбайтынына сенімді еді, бір аузы босағанда дәу еркекке: «осыдан ұрынсаңыз, өлемін» - деді.  Ешкім естімейтінін білсе де, айқайлауға тырысты, оған қоса үй иесінің қолдарын тістеледі, тырнақтарымен қолдарын осқылап тырнауға кірісті. Дәу  еркек Гүлжан қыздан бұндай қарсылықты өзі де күтпесе керек, шешесінен жіберіп,  бір боқтап жібере салды, содан соң түк болмағандай «әлі қыз ба едің?»-деп, ыржиды, одан соң «пошутил»-деді. Кетерінде оқымысты әйелінің екінші әйелі екенін, оны жақсы көретінін, оған Гүлжан қыз бірдеңе айтса, екеуіне де жақсы болмайтынын шегелеп, енді бұндайдың ешқашан қайталанбайтынын айтып, айыбының өтеуіне кешірім сұрағандай, «керек нәрсеңді аларсың»- деп,  екі мың теңге тастап жұмысына кетті.

Тәніне дақ түспесе де,  жүрегіне дақ түсіп, жаны жараланған Гүлжан қыз жылап жүріп кірін жуып бітірді,  қара көздерінен еріксіз жасы моншақтап тыйылмаған ол ыржалаңдаған дәу еркектің ерні тиген аузын, қайта –қайта шәйіп, түкіріп жүріп, ол тастап кеткен екі мың теңгенің иісі шықпайтынына қарамастан, алса дәу еркектің ыржалаңдаған хайуан жүзін елестететіндей, жыртуға да қолы бармай, үйде де қалдыра алмай, қоқыс салатын шелекке салды.  Үлкен ғалым-қожайын апайына «мені кешіріңіз, енді келе алмаймын»-деп бір ауыз сөз жазып, оның жұмыс столына апарып қойды.  Ол апайы кешкі сағат жетіде келіп, бұл сәбидің жағдайын, істеген жұмысы мен даярлаған тамақтарын көрсетіп барып кететін. Бүгін Гүлжан қыз апайына есік ашқан бойда, оның сәбиінің бөлмесіне өткенін көріп, үйден шығып жүре берді. Қоштаспады да, онымен сөйлессе күйеуінің жасаған ісі туралы айтып қоятындай сезінді.

Пәтерге келіп, ештеңенің бүлінбегеніне шүкіршілік қылды. Ана үйге бірге тұруға келісім бермегеніне қуанды.  Олай болмаған күнде «қазір қайда барар едім» –деп ойлады. Анасының «бұған да шүкір»-деп отыратыны көз алдына келіп, «бұған да шүкір» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды.Тимурға спортивка алуға сақтаған ақшасының 1,5 мың теңгесін үшінші айға пәтерге төлеп,  500 теңгем таусылғанша жұмысқа тұруым керек деп, жұмыс іздеуге кірісті. Ақша  үнемдеймін деп, жаяу жүріп, сілесі қатты. Бірде Айгүлге оқуға түскен университетіне барып жолықты. Жұмыс таба алмай жүргенін айтып, жақсы дайындалып, бір-екі балл артық алғанда өзінің де оқуға түсіп, студент атанып бақытты болатын мүмкіншілігін қолынан шығарып алғанына өкініш білдірді.

Бұны Айгүл өзінше жұбатқысы келді ме, бір шидің төбесін қылтитты. Гүлжан қыздың сабаққа әзірлігі жақсы болғанын, ал, өзінің нашар оқыса да «ерекше топта» болғанын мәлімдеді. «Ерекше топ» - деген оқу орны басшылары мен сол тест тапсыруды ұйымдастырушылардың өздері оқуға түсіргісі келген талапкерлерді бөлек топқа жинайтынын, тест тапсыру кезінде оларды шетте, елеусіздеу, адам аяғы көп бармайтын жерге отырғызып, оларға кітап, шпаргалка қолдануға, сырттан «көмек» тасуға да болатынын, тіпті арнайы белгіленген адамдардың кейбіреулерінің қасына келіп, қай жауапты белгілейтінін де айтып беретінін, бірақ, ондай «ерекше топқа» кіру үшін біреулерге алдын-ала көк қағаздар төлейтінін жеткізді.

Бұдан кейін Айгүл бір-екі адресті айтып, олардың жас қыздарды жұмысқа шақырып жатқанын айтты.  Бірінші барған жерінен Гүлжан қыздың барғанынан қайтқаны, кіргенінен шыққаны тез болды.  Ұлты мен жасы белгісіз, ерсі боянып алған бір әйел алдында тұрған жас қыздарға төтесінен «Клиенттің берген ақшасының жетпіс  пайызын бізге бересіңдер, ол «крышаларымызға», су мен светке, жылуға, сусындарға кетеді» -деген даусын естіген Гүлжан қыз әңгіменің не жұмыс  туралы екенін ерсі боянып алған әйелдің алдына бармай- ақ түсінген.

Екінші жерге барған  кішкене қызға, әппақ бөлмеде отырған әппақ қыз бұны бастан-аяқ бір шолып өтіп: «сенің бетің әдемі болғанмен бойың кішкентай екен. Бізге фигурасы күшті, бойы ұзын, әдемі қыздар керек, басқалары бастықты мазаламасын» - дегесін, бұрылып кете бергені сол еді, келесі бөлмеден шыққан, жасы 35-тер шамасындағы  бұйра шашты жігіт «қарындас тоқтай тұрыңыз»-деді. Аққұба өңді, мамасы «қала сорып тастаған»-дейтін адамдарға ұқсас, жүдеулеу жігіттің бір ерекшілігі, мүмкін кемшілігі шығар бойы да, Гүлжан қыздың бойымен шамалас кішкентай екен. Бойы аласа болған қыздарға ерсі көрінбейтін болса, жігіттердің бойының  кішкентайлылығы көзге қораш көрінеді екен.  Ол Гүлжан қызды кабинетіне шақырып, әр нәрсені сұрастыруға кірісті.  Әппақ қызға екі стакан кофе алдырып, аса бір жылылықпен бұған ұсынып, тәтті толы ыдысты да бұның алдына қойды. Қандай оқуға тапсырғанын, жасын,  семья жағдайын, келген ауылын, қалада қайда тұратынын – түгел сұрастырды. Гүлжан қыз  жұмысқа аларда осылай  сұрайтын шығар деп, түгелдей жауап берді, тек қалада тұратын пәтерін айтқан жоқ. Үй иесі әйел ешкімге айтпаңдар да, ешкімді келтірмеңдер де деген. Тезірек жұмысқа орналасқысы келетінін айтты. Гүлжан қызға жұмыс іздеген кезінде бірінші рет жылы қабылдап, кофе ұсынып, терезесі тең адамша сөйлескен Жарбол Барболович шынымен-ақ ұнап қалған болатын.

Жарбол Барболович болса Гүлжан қыздың бет-әлпеті кейбір әтір, иіс су, бояуларды жарнамалауға қажет болуы мүмкін екенін, бірақ, қазір фотографы жоқ болғандықтан кесімді ештеңе айта алмайтынын, үш күннен кейін тағы да соғуын өтінді. Сөз арасында биліктегі бірнеше адамдардың аты-жөндерін атап, олармен жақсы жолдас екенін, егер бұлар тіл табысып, бірге жұмыс істесіп кетсе, оқуға түсудің де түкке тұрмайтынын айтып, үміттендіріп қойды. «Қандай мәдениетті, жақсы адам»-деп ойлады Гүлжан қыз ішінен.  Пәтеріне келген ол  үш күннің өтуін асыға күтті.

Өтіп болмастай көрінген үш күн де өтті-ау. Ертемен келген Гүлжан қызды Жарбол Барболович бұрынғы танысын сағынып күткен адамдай қарсы алды. Тағы да әр түрлі сұрақтар беріп, әңгімеге тартты. Өзі алғаш ойлағандай қыздың әдеміше жүзін фотоға түсіріп, аз-кем ақша төлеп, шаштараздар мен дүкендерге жарнама ретінде қоймақшы еді. Ал, фигурасы мен бойы ешнәрсеге жарамайды деп ойлады. Бірақ, қызбен сөйлесе келе, ол магниттей тарта түсті. Гүлжан қыздың өзін тартымды бір білінер-білінбес тәкаппарлықпен ұстау қасиеті, сөз саптауы, жасандылықсыз, табиғи, сенгіш ашық мінезі, кішіпейілділігі мен өжеттігі, тіпті адамға езу тарттыратын жабайылығы да ұнап, отыз бестегі жігітті бозбала шағына тартқандай. Бұрын әжептәуір жұмыстарда істеп, машина мініп жүруге үйренген жігіт кез-келген адамдармен араласпақ түгіл, өзінен төмен санайтын  жандармен қол беріп те амандаспайтын. Гүлжан қыз секілді бір күндік тамағы проблема болып отырған, қарадан, қалың топтан шыққандарды менсінбейтін, сыртына шығармағанмен іштей «тобыр»-дейтін. Себебі, Жарбол Барболович үлкен лауазымды қызметте істеген адамның жалғыз ерке баласы болып өскен. Оқуға барғанда оны мектепке апарып, әкелетін жеке машина мен шоферы, жоғарғы оқу орнына түскенде студенттің астында жеке машинасы болды. Жарбол Барболович «жоқ», «болмайды» деген сөздерді ешқашан естіген емес, сол бойы келе жатыр.  Әкесі бірнеше жыл бұрын қайтыс болғанмен, «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін»-деп, қазақ білмей айтқан ба, сол әкесінің жолдастары мен кезінде  әкесі қол үшін бергендердің арқасында бұл да аттан түспей келе жатыр. Зауыт та, фирма да басқарып көрді, бірақ, жүрген жерінде шөп шықпады, барған жерін құрдымға кетіріп тынады.  Бір жақтан батып бара жатса, бір жуан жұдырық екінші креслоға отырғыза салатын. Осының алдында «қыз зорлады» деп, түрменің дәмін татайын деп тұрған жігітті құтқарып қалған да солар, әкесінің көзін көргендер.  Бірінші әйелін бір баласымен  тастап кеткенде, «құртамын» деп қаһарланған академик атасын да сабасына түсірген солар.

Бірақ, олардың әсері болмай қалған жоқ. Жарбол Барболович  төмендеп-төмендеп, қазірде уақытша бір фирманың басын ұстап, жоғарыдан жақсы жұмыс күтіп жүрген. Екінші үйленген әйелімен де аралары онша болмай жүр. Баласын алып, әке-шешеме барып келемін деп кеткелі екі жұмадан асты, хабарсыз.  Екі рет үйленіп, екі балалы болып, бірнеше рет үлкенді-кішілі креслоларды ауыстырып үлгерген отыз беске келген жігіттің қолынан талай-талай сұлулар өткен. Тіпті сол жасанды қуыршақ секілді сұлулардан шаршағандай күйге жеткен.  Сәби кезіндегі әкесі шет елден алып келген ойыншықтарды  біраз ойнап, лақтырып тастайтынындай, қыздармен де біраз бірге болып, айырылысып кете беретін.   Ол әдемі ойыншықтарды бұзып, ішін ашып қарайтын, ішкі құрылысы мен жасалу механизміне көзі жеткеннен кейін, бәрі өзіне түсінікті болып тұрса  тарығуға түсетін. Механизмі қиын болып, құпиялылығы ашылмай, күрделілігін түсіну үшін миын қатырып отырғысы келетін. Бір таң қаларлығы ол ойыншықтардың жұмыс істеу процесі өте қарапайым болып келетін, әлде кішкентайынан жұмыс істемей үйде отырған анасының бар ермегі жалғыз баласы болып,  музыкадан бастап, бірнеше үйірмелерге қатысып, арнаулы сабақтар алып, жан-жақты болып өскен оған қиын еш нәрсе жоқ секілді көрінетін. Әйелдерді де жан-жағынан күрделі болып, күн сайын жаңа ойыншық-жаңа әйелдей көрініп тұрса дейтін. Бірінші әйелімен ажырасқанда да оған «сенен әбден жалықтым» деген бір ауыз ғана сөз айтқан.

Ол сүю, сезім, махаббат деген қиялшылдардың,  фантазерлердің ойлап тапқаны деп ойлайтын. Ол үшін өмірде тек тамақ жеу бар, тәніңнің қажеттілігін өтеу үшін секспен айналысу ғана бар. Адамдар өмірге тек осылар  үшін келеді және өмірдің қызығы да осы екеуінде дейтін. Ол миллионер емес, сол себепті  өзін ақшамен қамтамасыз ету үшін жұмыс керектігін, жұмыс болғанда да өзіне  тек  басшылық жұмыс керектігін білетін. Ол жұмыс бір нәрсені ұқсату, өндіру, адамдарға пайда тигізу, қоғамның бір тетігінің ролін  атқарып тұрған керек нәрсе емес.   Оған жұмыс сыпайылық сақтай отырып,  адамдарды билеп-төстеуге, керек кезінде олардан ашуын алуға,  үстемдігін көрсетуге, қажет емес кезінде  лақтырып тастауға, өзінің олардың алдында құдайдай сезініп, олардың өзіне жағымпазданғанынан, жалынғанынан, кіріптар болғанынан  ләззат алу үшін керек еді. Осы өзін қатты ұстайтын, сырттай білімді, мәдениетті көрінетін жігіттің артында жалғыз, ерке өсіп, айналадағы бар дүние маған қызмет ету керек деген ұстанымға үйренген үлкен монстр тұратын. Бірақ, оның монстр екенін ешкім байқамайды, қасында көп жүрген, онда да бұны зерттеп жүрген адам ғана білуі мүмкін. Монстр деген сөзді шешесі айтқан, иә бұдан әбден шаршаған анасы.  «Жалғызым емес, жалмауызым болдың ғой, Кішкентай баладан  Монстрға қалай айналғаныңды білмей қалыппын»- деген. Анасы қазір де бөлек тұрады, жалғыз баласымен араласқысы жоқ.  

Жарбол Барболович үшін қыздармен танысқаннан бастап, оларды төсекке дейін жеткізудің де өзі ойлап тапқан тактикасы бар.  Көбіне олар өздері келіп мойнына асылатын, себебі, өзін мәдениетті, бай,  оқыған аз ғана «алтын жастардың» тобына жатқызатын ол өзін-өзі қатты ұстай алатын, өзінің бір есебі ішінде жүретін жан, қажет кезінде өзін қалай көрсетуді біледі. Не бір жаман нәрсені ойлап, жаман нәрселерді істеп тұрып, алдындағы адамына жақсы көріне алатын. Сұлу қыздар мен жас келіншектердің  өзі үшін күрделі механизмі жоқ ойыншықтардай болып қалғанын  Жарбол Барболович түсінгелі екі –үш жылдың жүзі болып қалған. Майлы қызметте істейтін қазіргі енесі де  күйеу баласын көзінен таса еткісі келмейтін.  Бірақ, ол күйеу баласының қаланың қақ ортасындағы «Сауле» сауда үйінің үстінде іші жиһазға толы үш бөлмелі үйі барын білмейтін.  Күйеу баласының серілік құрғысы келгенде  «жолдастарыммен аңға «Шошқакөлге» кеттім, балық аулауға  Шардараға кеттім»-деп, сол пәтерде кезекті сұлумен уақытын өткізетінін сезбейтін.   Ол үйге кімде кім күндіз кірсе де, ол пәтердің табалдырығын аттағаннан бастап,  түн басталатын. Қабырғалары дыбыс өткізбейтін арнаулы материалдармен қапталған, терезелері сынбайтын, сыртынан қарасаң ештеңе көрінбейтін, бірақ, жарық өткізетін арнаулы әйнектер салынған болатын.  Ал шетте оңаша орналасқан пәтерінің есігіне қосымша темір шарбақ жасалып,  құлып салынған пәтер есігінің алдына  Жарбол Барболович қаламаса ешкім жақындай да алмайтын.

Ол  фотографының  бір-екі сағаттан кейін келетінін айтып, Гүлжан қызды кафеге шақырды. Гүлжан қыз қарны шұрылдап тұрса да бас тартқан.   Бас тартқан қызға өзінің таңертең тамақ ішпегенін, тамақ ішкісі келмесе  де қасында отыруын, өзінің оған қалай фотоға түсуі керектігі жөнінде кеңестер айтатынын, бұлар тамақтанып келгенше фотографтың да келіп қалатынын айтып көндірді. Қызбен қатынасын таза қызмет бабы секілді көрсетуге тырысты. Қыздың тамақ ішпегені көзінен көрініп тұрса да, бұл оны байқамағандай болып, «сен тамақ ішкің келмесе, ең болмағанда шырын ішіп отыр»-деп оған бір стакан шырын алдырды. Өзі асықпай отырып тамағын ішті, қыздың  жұтынып отырғанын көріп, ішінен мырс-мырс күлді.

 Алғашқыда кішкене бастықтың сөзінен қауіптеніп отырған Гүлжан қыз офиске келгенде, фотографтың күтіп отырғанын естіп көңілі жайланды. Кішкене бастыққа «сіз туралы қате ойлаппын, кешіріңіз» дегендей,  ризашылықпен бір қарап қойды.

Жарбол Барболович ішінен тактикасының іске аса бастағанын сезіп, миығынан күліп қойды.  Амандық болса, тау етегінде таза ауада өскен гүлді жұлып алып, хош иісін рахаттана иіскеп отыратын күн жақын қалғанын сезгендей болды.  Фотографқа Гүлжан қызды  маржандай әппақ тістерін тізілдіре, күлімсіретіп те, қыпша белін үзілдіріп те, түп-түзу аяқтарын айқастырып та, қайратты қара шаштарын төгілдіріп те, өкпелеген баладай аузын томпайтып та, бар фантазиясы жеткенше әр қырынан суретке түсірткізді.  Бірақ, стол үстіне көлбеу жатқызып, сандарын ашыңқырап түсірем дегенінен Гүлжан қыз бас тартты.  Бұл ұсыныс оған ерсі көрінген.  Жем шашушы адамының ыңғайына қарай өзеуреген  фотографты  Жарбол Барболович «Гүлжанның өзі білсін»-деп тыйып тастады.

Енді бір аптадан соң келуі керектігін  айтқан кішкене бастыққа Гүлжан қыз жұмыс туралы төтесінен сұрақ қойды, ол асықпаса болмайтын еді, пәтер ақысына, күнделікті керек заттарын алуға, тамағына  ақша керек, қысқасы бұл жерде алмаса, нүкте қойып, басқа жақтан жұмыс іздегені жөн екенін айтқан.  Жарбол Барболович жұмыс жоқтығын айтса, бұл хош иісті тау гүлінің көз алдынан жоғалатынын білді.  Ал,  бұл жабайылау қыздың, оның марғауланып, еріне қимылдап, сөніп бара жатқан еркектік сезіміне от беріп қозғау салғаны анық.  Осы қызды алғаш көргенде, өн бойы ток соққандай дір етіп, баяу толқынның билеуінде кеткен. Ол өз мақсатына жеткенше ұзын арқан, кең тұсауға сала тұруды жөн көрді.

- Гүлжан,  сен басқа жақтан да жұмыс іздей бер, бірақ, бізден хабар үзбе.  Көп болса қосымша жұмыс істейсің, қиын жұмыс емес, тауарларды жарнамалауға қатысасың, қосымша ақша тапсаң жаман ба, ақшаның артықшылығы болмайды, оған қоса француз әтірлері мен косметикасын аласың.  Біздегі жұмыс сенің бет әлпетіңнің фотода қалай шығуына байланысты. Кейбір әдемі беттер фотоға, не телевизорға түскенде бар әдемілігінен айырылып қалады. Ал керісінше, өмірде онша көрінбейтін беттер фотода әдемі көрінеді. Сондықтан, алдымен фотоларың әзір болсын көреміз,  мен Астанаға кеткелі жатырмын, екі-үш күннен кейін келемін,  Сол кезде бір соғарсың –деді. Фотографтың көзінше «мынау жұмысың мен кеткен уақытың үшін» - деп, үш мың теңге ақша берді. Бір сағаттан аса уақытта бірнеше фотоға түскені үшін үш мың теңге алғанына Гүлжан қыз қатты қуанып қалды.

Гүлжан қызға жұмыс іздеу азап болды.  Біреуі «жоқ»-деп, зірк ете түссе, екіншісі «осылай жұмыс іздей ме екен, денің дұрыс па?» дегендей таңданыспен қараса,  үшінші біреулері бұның сұрақтармен мазалағанына кейістік танытқандай болды. Тек бір-екі жерде ғана, кінәлі кейіпте оған жұмыс жоқ екенін айтты. Үш-төрт күнді әрең өткізіп, кішкене бастыққа тағы келді.  Оған бастық «жиналыс өткізіп жатыр»-деп әппақ қыз жібермеді.  Кішкене бастық болса, аяқтарын столға артып, қалада жаңадан қолданысқа енгізіліп жатқан мобильдік телефонмен сөйлесіп отыр еді. Оның бір досы  Астанадағы басқару билігіндегі үлкен бір лауазымды жұмысқа орналасып, бұны да сонда жұмысқа шақыртқан. Кішкене бастықтың  жұмыс орны осы пәтері бар қалада  болса деген тілегіне:

- Бала байқа, скоро бастық болғысы келетіндердің барлығы Қазақстанның түкпір-түкпірінен осында ағылады.  Кеш болып кетпесін,

пока вакансия бар-деп, күлген.

- Сөзді қой, алып кетесің, арнаулы дипломыңның жоқтығы сөз бе екен, оны 200-300 долларға сатып алатын жерді өзім айтам, ал, оны тексеретін мына көкең емес пе ?- деп, қарқылдап күлгені естілді.

-  Маған білімді емес, ең алдымен сенімді адамдар керек.  Білімді, ақылды адамдар өзім үшін қауіпті ғой.  Жеке бизнес дегенің қазірде қолданыстағы  заңдар тұрғанда әншейін гәп қана - деп білгішсінген астаналықтың ойына тілеулес інісімен бірге сұлулармен өткізген ұмытылмас  кештері есіне түсіп кетті ме,  «қалай, сұлуларды асаудай үйретіп, жаратқан жүйріктей  мініп жүрсің бе?» - деп, дөрекі сөйлеп, қатты даусын  басына көтере күлгені, телефон арқылы  кішкене бастықтың да кабинетін басына көтергендей болған. Астаналық досымен  сөйлесіп болған Жарбол Барболовичтің қазіргі көңіл күйі, орысша айтқанда «чемоданное настроение» болып отырған. Ол жаңа сөйлескен досынсыз-ақ, Астанаға барып, жаңа тәуір жұмыс туралы «крышаларымен» сөйлесіп, шешіп қойған. Жұмыстарындағы құжаттарды дұрыстап, анықтамалар алу тағы басқа уақ-түйек жұмыстары қалған, содан соң «Астана, қайдасың?» - деп,  тартып тұрмақ.  Гүлжан қызды бір жақты етіп кетпек, шамды айналған көбелектей, оған орала берген өзі емес пе?  Осы кезге дейін әлсіз жыныстылар туралы ойын әрқашан  жүзеге асырып келген, бұл ойын да іске асырмаса еркектігіне сын.  Кішкене бастық хатшысын шақырып,  Гүлжан қызға жиналыстың қазір бітпейтінін, оның түс қайта келуін тапсырды.

Гүлжан қыз түс ауа қайта келгенде  Жарбол Барболович, басында піскен жоспары бар, тап-тұйнақтай әзір отырған. Өзіне үміттене, үлкен сеніммен  тіке қараған жас қыздың таза көзқарасынан тайсалғандай, кішкене бастық оған:

- Сен мына адрес бойынша фотоларыңды алып кет, фотограф үйге тастап кетіпті,  мамам үйде болу керек,  менің қазір асығыс жұмыстарым бар, Астанаға кеткелі  жатырмын, сені менің орныма қалған адаммен таныстырып кетемін, мәселені сол шешеді - деді.  Қолына адрес жазылған бір жапырақ қағаз ұстаған қызға жаны ашыған түр көрсетті.

- Сенің қаланы білмейтінің есімнен шығып кетіпті. Машинамен жолай апарып тастайын, жүр тезірек,  мамам әлі тамақ әзірлеп үлгірмеген шығар, жолай тамақ ішіп алайық - деп, қызды ойлануға да мұршасын келтірмеді. Екеуі өткендегі кафенің оңаша кабинасына барып тамақтанды, бұл жолы Гүлжан қыз өзін еркін ұстады,  тек өзіне жылылық көрсетіп, жанашыр болған кішкене бастықтың Астанаға кететініне қапалы еді. Олар тамақтанып болып шыққан соң «фотоларыңды алып кетіп, дүкен бастығына апарасың олар қасына тауар суреттерін қосып үлкейтуге фотосалонға заказ береді» - деген кішкене бастықтың сөзіне имандай сенген Гүлжан қыз қала ортасындағы көп қабатты үйдің  төртінші қабатындағы, есігінің алдында ерекше темір қоршауы бар пәтер есігін еш қорқынышсыз аттады.

Жарбол Барболовичке де керегі осы еді.  Оған ең басты проблема  Гүлжан қызды пәтерге кіргізу екенін ұққан, ал кірсе болды кірген қыздың шаруасы біткені және пәтер ішіндегілерде  ешкімнің шаруасы болмайтынына сенімді еді.

-     Мамам әлі ауылдан келмепті - деген,   Жарбол Барболович арнайы жобамен  салынған элитный үйдің, элитный пәтер есігінің алдында қосымша жасалған темір қоршаудың кілтін ашып, одан пәтердің екі-үш кілтін ашып, алға Гүлжан қызды өткізіп, жарықты жағып, өзі есікті мұқият жауып, ашқыштарды қалтасына салып алды.  Гүлжан қызға «отыра бер» дегендей ишара жасап,  терімен қапталған диванды нұсқап, өзі келесі бөлмеге өтті.  Гүлжан қыз жаңа байқады, үйдің іші жиһазға толы болғанмен, ішінде адам тұратындай белгі жоқ екен, не киім-кешек, не күнделікті тұтынатын заттар жоқ.  «Мамам тамақ істеп үлгермеген шығар» - деген Жарбол Барболовичтің  өтірік айтқаны ма сонда? Қыз көңіліне күдік кірді,  кішкене бастық кіріп кеткен келесі бөлмеге көз салып, жанұшыра есікке жүгірді.  Есік мықты құлыптанған, аузында ашқышы жоқ. Гүлжан қыз не болса да сыр бермеуге тырысты.  Келесі бөлмеге фотоларын алып келуге кеткен шығар деген адамы, душқа шайынып, беліне үлкен орамал орап шыққанына қанша білдірмеуге тырысса да, таңданысын жасыра алмай:

-     Мен фотоларымды алып қайтайын -  деп, орнынан тұрды.

-     Қайда асығасың, отыр - деген бұйрық райдағы зілді дауыс шынымен Жарбол Барболовичтікі ме дегендей Гүлжан қыз оның бетіне үлкен таңданыспен жалт қарады. Алдында сүйкімді кішкене бастық емес, әзірейіл тұрғандай елестеп кетті, бойын билеген қорқыныштан лезде көз алды тұманданып, жанарына жас толды.

-     Енді бұл жерден мен қашан жібергім келсе, сонда кетесің - деген әмірлі дауыс естілді. Кішкентай сүйкімді бастықты  сиқырлы қолдар аяқ астынан әзірейілге ауыстырып кеткендей. Бір сұмдық боларын жүрегімен сезгендей, есі шығып есікке жүгірген  Гүлжан қызға кішкене  бастық назар аударған да жоқ, өзі қос қабат қалың есікке сенімді болуы керек, графиннен коньяк құйып, асықпай ішіп тұра берді. Мына қыздың есінен адасқандай болып, тыпырлап қалғаны соңғы кезде жолы болмай жүрген кішкене бастықтың бойына сондай бір ләззат құйып күш берді. Өзінің үлкен адам екенін, артықтығын сезінгендей болды. 

-     Аға, мені жіберіңіз, мен сізге сеніп едім ғой, мен ешқашан жігітпен жүрмегенмін - деп, жыламсыраған Гүлжан қыздың сөзіне

Жарбол Барболович қарқылдап күлді де, лезде түсін суытып:

-     Бар душқа кіріп, жуынып шық - деді. Терімен қапталған диванға жақындап, бір тетігін басып еді, жазылған төсек дайын болды.

    Гүлжан қыз басын шайқады. Оның бұл қылығы кішкене бастықтың ашуына тиейін деді.  Онсыз да соңғы кезде көңіл қошы болмай түнеріп жүр еді. Қолындағы  стаканын қоя салып, Гүлжан қыздың қарынан қысып ұстап, төсекке қарай қатты екпінмен итеріп жіберді.  Бойы кішкене болғанмен қолдары қарулы екен, Гүлжан қыз төсекке жетпей құлады, басы төсектің жылжымалы темір аяғына тиді. Орнынан асығыс тұра беріп еді, көздері қарауытып қайта құлады. Бір жерден қалта телефонының шылдыры естілді. Гүлжан қыз есін жиып қайта көзін ашқанда қамқоршысындай көрінген адамнан бір мезетте  әзірейілге  айналған адамның қырын қарап,  қалта телефонымен сөйлесіп отырғанын көрді.

-     Сұлулармен  проблема болмайды, өзім қамтамасыз етіп тұрамын, ол жағынан қам жемеңіз. Служебный машинам қандай маркалы болады? Е, өзіңіз қолға алсаңыз ол жағы сізге түк емес қой... Әлден соң, бір нәрсеге риза болғандай қарқылдап күліп, сөйлескенін жалғастыра берді. ..

Гүлжан қыздың есіне әлі күндіз екені, мына орталықтағы үлкен, кең даңғыл бойына орналасқан, астында үлкен азық-түлік маркеті бар үйдің жанынан адамдар жүріп жатқаны, соларға иә, көршілерге терезе арқылы бір хабар берсе, адамдардың құтқаруға келетіні, ең болмаса полиция шақыртатыны есіне түсті. Осы мүмкіндікті пайдалану керектігін, бірақ, терезелердің де мұқият жабық екенін, кейбіреулерінде шыбын-шіркей кіргізбейтін ұсақ торлардың тұрғанын байқады. Гүлжан қыз тастан-тасқа секірген еліктің лағындай екі аттап терезенің қасына жеткен, ол алғаш есіктен кіргенде байқаған терезе алдында тұрған үлкен гүл отырғызылған құмыраны алып терезе әйнегін сындырмақшы, сосын сырттағыларға «Құтқарыңдар» деп, айқайламақшы ниетпен, құмыраны алып бар пәрменімен терезе әйнегіне лақтырып еді, әйнек емес, керісінше құмыраның быт-шыты шықты. Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсіп, таңданған Гүлжан қыз сілейіп тұрып қалды.  Күн көзі мен даладағы жарықты кәдімгі әйнектей өткізіп, ашық аспан мен ағаш жапырақтары, үлкен даңғылмен жүйткіп арлы-берлі өтіп жатқан машиналар мен автобустар, троллейбустар мен таксилер көрініп тұрған әйнектің қаттылығы темір бетоннан кем емес екен.

Ұялы телефонын жауып, қасына келген Жарбол Барболович еденде шашылып жатқан қара топырақты, быт-шыты шыққан әдемі шет ел керамикасы мен бірнеше бөлікке бөлінген сүйікті гүлін көрді.  Гүлінің сау бөлігін еңкейіп, қолына көтерген ол сілейіп, есін жинай алмай тұрған қыздың жағынан шапалақпен тартып жіберді. Бұндай жабайылықты кішкене бастыққа осы үйде болған ешқандай қыз- келіншек көрсетпеп еді. Көзінің оты жарқ ете түскен Гүлжан қыз мәдениетті жылы сөйлеп, сыпайы, сырбаз жүретін кішкене бастықтың шын бет бейнесін енді көріп, адам емес, албасты екеніне, оған ағалап жалынғанмен ештеңе шықпайтынына көзі әбден жеткендей болды.   Жанарынан от шашып, ширығып алған ол, бір шешімге келгендей, дереу кішкене бастық шыққан бөлмеге бет алды. Алғашқыда, менің әмірімді орындап, жуынуға бара жатыр деп ойлаған Жарбол Барболович ол ойынан тез қайтып, сәлден соң мысықша басып  қыз артынан ілесті. Сезімі алдамапты, дұрыс күдіктеніпті. Гүлжан қызды ас үйдегі стол тартпасынан пышақ алып жатқан жерінен ұстап, айтқанымды орындамасаң алатының осы дегендей, әбден ашуы келіп,  шекесінен бір ұрып құлатты.  Көздері қарауытып құлап бара жатқан Гүлжан қыз «Мынаның қасында дәу еркек қожайыны айналайын екен ғой, сол жерден неге кеттім»-деп ойлап үлгірген ол қараңғы тұңғиыққа батып бара жатты.

Кішкене бастық ессіз жатқан Гүлжан қызды көтеріп әкеліп, төсекке жансыз нәрседей лақтыра салды, қыз қаперімде есін жия қоймады. Шыдамы таусылған Жарбол Барболович асықпай темекісін тартып болып,  ішінен бұл қыздың шомылып, хош иіс аңқып жатқаны  жақсы еді  деп ойлап, «ну, ничего»-деп қызға жақындады. Біраздан кейін есін жия бастаған Гүлжан қыз  қорлық пен шарасыздықтың жанын сұққылаған инелерінен басқа, балғын денесіне бұзып-жарып, ауыртып оқтаудай кіріп келе жатқан бөтен денені сезгенде көзін ашып, «Мама»-деп ышқына айқайлады. Аз уақытта көрген азабы мен  жүйкесіне түскен қорқыныштан, тапталған намысы мен алданған сенімі мен сезімінен бойындағы қаны айналмай, уақытша өліп қалған денесін жәукемдеп, үстіне отырып алып  ойына келгенін істеп жатқан әзірейілдей кішкене бастықты көріп, қайтадан талықсып кетті.

Қанша жатқанын білмейді, Гүлжан қыз есін жиып басын көтергенде қасында қорылдап ұйықтап жатқан  Жарбол Барболовичті көрді. Гүлжан қыз орнынан әрең көтеріліп, аяқтарын тәлтіректей басып, ваннаға бет алды, өлгісі келді. «Мұндай масқаралықтан кейін өмір сүріп қажеті жоқ» деп, шешті. Душтың жылы суын ағызып астында тұрды.  Басына іс түскенде көмек сұрайтын адамы жоқ, болса да сұрай алмайтын Гүлжан қыз жанына жаққан жылы суды медет еткендей, содан көмек сұрағандай болды. Басынан төмен қарай сорғалаған жылы су оған «Денеңе салынған бар  арсыздықтың іздерін жуамын»-деп, тәнін аймалап, жұбатып жатқандай. Жылы су көзінен аққан ащы жасты  жуып, «Сенің көрген қорлығыңды, бар қасіретіңді алып кетемін»-деп, жәбірленген жанын әлдилегендей, жылы су «қатып қалған денеңе қан жүгіртем, денеңнің бар мүшесін, тіпті әр бір тал қылшығына дейін жан бітірем, жаныңның жарасын жуып емдеймін» дегендей-бар денесін аралап, еденге ағып жоғалып жатыр.

Гүлжан қыз төменгі жағынан ағып тұрған қанды көріп шошып кетті.

Денесінде жарақат жоқ секілді еді. Сандарының ауырғанына,  тәнінің ашығанына қарамастан ойда-жоқта арамданған пәктігінің белгісінен тез құтылғысы келгендей, айналаға көз салды. Айналасы әппақ болып жалтырап тұр,  жауып тастаған ба, темір трубаларда  көрінбейді, асылып өлетін оңтайлы нәрсе жоқ. Асханадағы пышақтарды Жарбол Барболович бағана жинап алған, қайда тыққаны белгісіз. Енді не істейді? Кенет көз алдына бауыры Тимур келді, «Тәте, мені қайда тастап кетесің?»-деп тұрғандай.  Енді бірде  Тимурдың «Тәте, сіз маған қарағанда, жақсы оқисыз ғой, оқуыңызды бітірген соң жұмыс істеп, маған темірден жасалған күшті машиналар алып бересіз бе?» деген сұрағы есіне түсті. Оған жаңа жылда спортивка алып беруге уәде еткен. Осы сәтте ішінен бір ой бас көтерді. Ішкі санасынан бұрын соңды байқамаған, естімеген дауыс саңқылдап қоя берді.

- Бұл не қылған әлсіздік, сен өлгеннен қара жердің қойны толар деймісің, бұныңмен кімді мұқатасың. Анау жұмыссыз алқаш әкеңнің, ауру шешеңнің, екі жылдан бері дене шынықтыру сабағына киетін киімді армандап жүрген  бауырың Тимурдың ендігі сүйеніші сен емес пе еді, ал мына сенің аңқаулығың мен сенгіштігіңді пайдаланған, бетіне маска киіп, қой терісін жамылған, жаныңды жаралап, намысыңды қорлаған Жарбол Барболовичтен кім кегіңді алады, бұлай тұзаққа түскен қыздардың басы да, соңы да сен болмассың, кім болса да бұндай озбырлықты  тоқтатуға тырысу керек емес пе ?

Гүлжан қыздың басы айналды. Ішкі дауысты естігісі келмесе де, миының ішінде қайталанып тұрып алды.  Айнаға қарады, қатты шапалақ тиген бетінің іскені сондай, сол жақ бетінің көздері жұмылып кетіпті.  Диван аяғына тиген жері-оң жақ шекесі жағынан,  шаш арасынан шодырайған ісік қолына сезілді.  Он жеті жасында тұңғыш рет тұщы етіне ащы таяқтың тиюі.  Бөтеннен, не үшін десеңізші, адамдарға сенгені үшін, аңғалдығы үшін, өз намысын қорғағысы келгені үшін. Бұлардың көршісі Бағила деген жалғыз қиялилау кемпір, қыздарды көрсе болды «Туысқаның болса да еркекпен оңаша қалмаңдар, еркек итке де іийді, екі елі бір жерлеріңе төрт елі қақпақ қойыңдар, күйеуге шыққанша мұқият болыңдар»-деп безілдеп жүретін.  Оның еркектер жөніндегі дөрекі философиясы Гүлжан қыздың санасына енді жеткендей.  Ол  қияли кемпірдің дөрекі болса да, өз деңгейінде  осындай пәлсапаны ұстанып, оны неше жылдар бойы уағыздап жүруінің өзіндік бір сыры бар шығар, оған мүмкін басынан өткен маңызды оқиғалар себеп болуы мүмкін-ау деп ойлады.  Миын шағып басында дызыңдап тұрып алған дауыс, кеудесінде тұрақтап қалған бір үлкен мақсатқа айналды.  «Өмір сүруге тиіспін» -деп ойлады. Дегеніне жетті ғой, енді мені жіберетін шығар.  Енді өлуге емес, осы жерден аман шығуға бекінді. 

Бұл  жуынып,  киініп  шыққанда, ұйқысынан  оянып, тыр  жалаңаш

күйі темекі тартып жатқан әзірейіл еркек әлі хайуандық инстинктің жетегінде еді.  Түрегеліп тұрған «арғымағына»  тоқмейілси көз салған ол, Гүлжан қызға «тоңқайып жат»-деп әмір етті. Мына әзірейілдің ұясынан аман шықсам болды-деген бір ғана ой мазалаған Гүлжан қыз қайтадан роботқа айналды. Қайтадан оның денесіндегі қан айналымы тоқтап, ауырлық пен азапты, қорлық пен мазақты сезбейтін бір жансыз нәрсеге айналғандай, сондықтан да болар, арт жағынан төніп, ойына келгенін істеп жатқан әзірейіл еркектің іс-әрекетіне үнсіз көніп, қан шыққан еріндерін тістелеген күйі жата берді. Гүлжан қыз ештеңені сезбейтін, ешнәрсені көрмейтін, еш дыбысты естімейтін темір конструкцияға айналған.

Әзірейіл, кішкене бастық бұнымен де қанағаттанбады. Ештеңе естімейтін Гүлжан қызға бірнеше рет айқайлағаннан кейін, қыздың шашын қолына орап, басын жұлқа көтеріп, екі бұтының арасындағы «екі жүз грамм» етін, «тықпаған тесік қалдырмайын» дегендей аузына сұқты. Бірнеше сағаттың ішінде еркек жыныстыдан бүкіл өміріне жетерлік дөрекілік пен қорлық-азапты көрген Гүлжан қыз аузына сыймай  тұншықтырған қорқынышты нәрседен басын алып қашқанмен, шашын жұла тартып, дегенін істетпек болған әзірейіл еркектен босанғысы келген, жанталасқан, бірақ, қайтадан өлгісі келген Гүлжан қыздың не қимылынан екенін кім білсін, әзірейіл еркектің қатты даусы шығып, қызды жібере сала, орысша айтылған былапыт сөздер толы қапшықтың аузын ашып жіберді. Гүлжан қыздың көз алдына мультфильмдегідей әр бір жаман сөздің қапшықтан секіріп шығып жатқан бақалардай   болған суреті ғана қалды. Киімдерін  кие бастаған әзірейіл еркек қайтадан кішкене бастыққа айнала бастады, айтқан сөздері Гүлжан қыздың құлағына еміс-еміс, жартылай жетуде.

...Милицияға арызданып барамын деп әуре болма.  Менің қолдарым ұзын, жоғарыда істейтін  таныстарым да жетеді. Мені зорлады дегенге ешкім сенбейді. Менің үйіме  өз аяғыңмен келдің, сені ешкім сүйреп әкелген жоқ,  кафеде де менің қасымда жабысып жүргеніңді кафе қызметкерлері көрген. Ақша үшін жүрсің сен, фотограф та менен ақша алғаныңды көрді.  Бұрын еркекпен болмадым деп едің, қан шыққан жоқ, значить девственница емессің, біреуге тіс жарсаң адам жалдап өлтіртем, дұрыстап ұғып ал...

...Кішкене қыз сумкасын ашып, ол айтқандай рекламаға фотоға түскені үшін кішкене бастық берген 3000 теңгені алып, төсек  үстіне қойды.  Кішкене бастық: «Бұл сенің нашар да болса жұмысың үшін»-деп, ол 3000 теңгеге тағы 5000 теңге қосып, сумкасына қайта салды. Роботқа ұқсаған Гүлжан қызды шығарып салған кішкене бастық тек қос қабат есігін ғана емес, есік алдындағы темір тор қоршауын да мұқият жауып алды.

Тозақ отына ұқсаған жерден шыққанына сенер-сенбесін білмеген

роботқа ұқсаған Гүлжан қыз тау етегіндегі ауылдың өжет қызына айнала бастады. Баспалдақтан әрең жүріп төменге түскен қыз, кенеттен ойына бірдеңе түскендей қинала  қайтадан 4-ші қабатқа келді. Сумкасынан бір парақ қағаз бен қалам алып, үлкен әріптермен «Жарбол Барболович-хайуансың! Сені қарғыс атсын, құдай жазаңды берсін»-деп, үлкен әріптермен жазып, қолын барынша созып, есік алдындағы теміртор қоршаудың ішіне, баспалдақпен жоғары көтеріліп жатқан адамдар көретіндей  етіп ыңғайлап  қойды. Әзірейіл еркек пәктігінің төлеуіне бергендей болған 8000 теңге қағаздарды парша-паршасын шығарып, майдалап жыртып, темір қоршаудың ішіне шашты. Робот қыздан қайтадан Гүлжан қызға айналған оның бар қолынан келгені осы еді. Кішкене бастықтан кек алғысы келген, оның жолдарын таппады, ішінен «қорғансыз менің қолымнан не келуші еді?- деп ойлады.  Ол әйтеуір бір нәрсе істеуге тиіс екенін ұққан, ойына келгені де, ақылының жеткені де осы болды. Қысқа қыз ғұмыры мен пәктігі қалған табалдырыққа қараған Гүлжан қыздың қолқасына келген ащы запыран, жүрегіне өне бойы жүк салып тұрар жұдырықтай тасқа айналған,  ол  басын әрең ұстап, жаны кеткен аяқтарын тәлтіректей басып кете барды.

...Міне содан пәтеріне келіп,  төсектен тұрмай жатқанына бір жұма болыпты. Пәтерші әйелге рахмет, ертеңіне беті ісіп, түрі қашып, шала өліктей болып келген Гүлжан қыздан ештеңе сұраған жоқ. Оның басқа адам болып оралғанын әйелге тән әлде бір сұңғылалықпен сезді. Күніне бір мезгіл ыстық тамақ әкеліп, зорлап ішкізіп отырды. Бір жұма тән азабы мен жан азабын тартқан Гүлжан қыз бүгін өзін жеңіл сезінгендей, орнынан тұрып жуынып таранды. Бір шешімге келгендей, аяқтарын нық басып үйден шықты.  Біздің қоғамның әйелдерге берген сыйы осы ма?   Мен онда өмірдің өзі ұсынған ойын ережесімен ойнауға тиіспін деп ойлады. Кімі бар сенетін? Жұмыссыз әкесі ме, ауру шешесі ме ?  Жоқ мен өлуге тиіс емеспін, әлі ақ бақытты боламын. Бірақ, менің алдымда қандай жолдар жатыр? Таңдау менде ме? Жоқ. Менің қолымда таңдау жоқ, сол себепті дімкәс қоғам маған не ұсынса соны аламын. Бұл тек қазірше, уақытша ғана. Соңынан таңдауды өзім жасаймын. Осы ойларға бекінген Гүлжан қыз алдында бетін басып қашқан, ұлты мен жасы белгісіз, қатты боянып алған әйел отырған  шағын кеңсенің есігін ашты...

...Тау етегінде алыс ауылда қалған Тимур жаңа жылда қалада жұмыс істейтін әпкесінің  автобус жүргізушісінен беріп жіберген сәлемдемесін:  су жаңа әдемі спорттық костюмі мен жақсы көретін неше түрлі ирис кәмпиттерін алды.  Әпкесі оған қоса әкесіне жылы кеудеше, анасына әдемі жібек орамал мен  үнді шәйін де жіберіпті. Бір емес екі жерде екі оқуда сырттай оқитынын, сол себепті жақын арада ауылға бара алмайтынын айтыпты. 

...Үлкен қалада қызқұмар, қызыққұмар, қызыл құмар  еркектердің ауыздарының суы құрып айтатын, еркектерді тәтті қылығымен, мұңды әнімен, орынды әзілімен баурап, сарымайдай ерітіп, іші-бауырына еніп, қалталарын тазартып беретін «маленькая принцесса» деген жезөкше пайда болыпты. Ол үшін еркектер жиі таласып, аңыз қылып айтады екен. Ол туралы көрмегендері көргендерінен «сұлу ма?»- деп, сұраса, көргендері «жоқ сұлу емес, бірақ, еркекке ұнап, есін шығаруды біледі»-дейтін көрінеді. Ұлты мен жасы белгісіз, қатты боянатын әйелдің өзі оның алдында құрдай жорғалап, әке-көкелейді екен. Оның себебі, өздерін магниттей тартатын Кішкене қыз-Гүлжанды қалаған еркектер ол әйелге жалынып, бірінен соң бірі төлейтін  бағасын өсіреді екен. Ол жезөкшенің ақылына көркі сай, орақ тілді, өзіне барған еркектерді орынды әжуалап, сөз тапқыштығымен  таңдандырып,  талай еркектер сөз таба алмай, оның алдында жер болыпты. Еркелігі де, өткірлігі де, уытты тілі де өзіне жарасып тұрады, әрі жақсы психолог көрінеді, әр түрлі жолдармен ретін тауып қалталарын тазартқан еркектер де ол қызға қатты ашулана алмай, не сиқыры тартатынын білмей, келесі жолы да сол қызды таңдайды дейді.            ...Осы кезде Астанада жеке саунада бір топ жолдастарымен және қыздармен  шет елге елшілікке кетіп бара жатқан досының жолаяғына қатысып отырған Жарбол Барболович, серіктері бір-бір қызды құшақтап жеке бөлмелерге кіріп кеткенде қасындағы қыздың  ишарасымен ол да әйелдің артынан ерген.  Оңаша бөлмеге кіріп, әлгі әйел қолынан келгендерін істегенмен, кішкене бастықтың «арғымағы» кісінемей-ақ қойды.  «Басқа шарам жоқ»-дегендей, әйел еркектің арқасына массаж жасауға кірісті. Маужыраған  Жарбол Барболовичтің көзі ілініп кетіп еді, бір кезде кенеттен шошып оянды. Орнынан тұрған ол әйелді шығарып жіберіп, сол әрекеті құтқаратындай темекі тартуға кірісті. Құлағына дауыстар келіп, екі шекесі әлі шыңылдап тұр.

Түсіне қайта-қайта Кішкене қыз –Гүлжанның   айқайлап тұрғаны,  сынған гүл құмырасы мен парша-парша жыртылған ақша  жиі енетін болып жүр.       

Р. ҚАМИДУЛЛАҚЫЗЫ  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Қауырсын

Әлімжан Әшімұлы 1639
Әліпби

Латын жайы

Бижомарт Қапалбек 1710