АСТАНАҒА БАРҒЫМ КЕЛЕДІ
(Әңгіме)
Балаларға базарлығымды Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаймын.
Автор.
Асылбек – алғыр да ақылды бала. Биылғы жаз ол үшін әдеттегіден де ыстық болмақ. Анығын айтқанда, әр оқу жылы сайын ата-анасы оған ерекше сый жасайтын. Міне, биыл да оған «Астанаға барамыз» деп уәде берген. Ол үшін бар болғаны оқу жылын үздік аяқтау керек...
Бесінші сыныпты аяқтаған жүгірмекке «жылдық жоспарды» орындау оңайға тимеді. Сабаққа қандай жүйрік болса, ойыннан да сондай тынбайды. Бала емес, айтқанынан қайтпайтын «бәле» өзі.
Кішкентай тентек шілде айын сарыла, сағына, жұдырықтай жүрегі жарыла күтті. Маусымның соңғы күнін күнтізбеден қуана жұлып алған ол дастархан үстінде байыз таппады, таңғы асын да жөнді ішкен жоқ. Бақырайған екі көзі әке-шешесін бақты. Бірақ бұл жолы баланың ойы анада, ананың ойы далада боп шықты. Кеудесін кернеген қуанышты жасыра алмаған Асылбек ұзаққа бармады:
- Сендер де қызықсыңдар, бүгін шілде айы басталды, қалай шыдап отырсыңдар? Астанаға барамыз ғой?!
Сірә, бұл Бауыржан мен Бақыттың есінен шығып кеткен болу керек.
- Мәссаған, солай екен ғой, ә? – деді әкесі. - Иә, әрине, барамыз!
Әкесі айтып үлгергенше Асылбек ұқыпты буып-түйілген жол сөмкесін әп-сәтте алып келді:
- Міне, менде бәрі дайын! Қай күні шығамыз?
Абдыраған анасы не дерін де білмеді. Артынша баласын құшағына алып:
- Баруын барамыз-ау, тек биыл емес деп қорқамын. Ресейге өзіңдей балаларды апаруым керек. Ал, әкең жұмыстан әзірше босамайды.
- Бірақ сіздер маған уәде бердіңіздер ғой?
Асылбек ауыр күрсініп:
- ...Астанаға бару тек ертегіде болатынын біліп едім. Өткен жолы маған інімді де «алып» бермедіңдер! Жыл сайын велосипед әпергендеріңнен жалықтым. Мені жақсы көрмейсіңдер! – деп ашуланған Асылбек аузы бұртиып, бөлмесіне кетіп қалды.
Баласының бал сөзіне алғашында күлкісі келгенімен, кейін екеуі де үнсіз қалды. «Онымен қатар балалар болса, Астанаға баруды ойларына да алмайды, ал, бұның жөні мүлде бөлек. Әлде аз да болса өсіп қалғаны ма?..» деп қойды ішінен баласына алаңдаған ана.
Күні бойы көңілін аулауға тырысқандарынан ештеңе шықпады.
- Жағажайға барасың ба?
- Жоқ.
- «Тамашада» ойнап қайт!
- Жоқ.
- Астанаға барасың ба?
- Иә! Рас айтасыңдар ма?
- ...
Көңілі құлазыған бала ертемен «ата-әжеме барамын» деп қиқу салды. Оларға жетісімен ата-анасына жинаған өкпесін тарқатып, мұңын шақты. «Бала жанын баға алмаған олардың өздері де әлі бала сияқты. Жан дегенде жалғыздарына қарай алмайды. Құлыншағымызды Астанаға бір ойнақтатып келсе, нелері кетеді солардың?..» десті қариялар.
Ата-әжесінің үйіне сол күні Асылбекке сабақ беретін мұғалімінің жолдасы қонақтатып келіпті.
- Қалың қалай, балақай?
- Сәлеметсіз бе, ағай. Көріп тұрғаныңыздай...
- Сен жөнінде апайыңнан естігем. Сыныптағы ең озат оқушы өзің екенсің, жарайсың! Көрімдікке не берейін, қалағаныңды айт!
- Құлағыңызға айтамын...
- Иә?
Қонақтың құлағына сыбырлаған күйі: «Он мың теңге берсеңіз жеткілікті...»
- Не-е?.. Ол не үшін?
- Таңғы сағат сегіз жиырмада «Скатқа» отырып, екі сағаттан соң Астанада болу үшін, әрине!
Әңгімеге үлкендер араласты.
- Бұл қай сөзің, жарығым?.. Қонаққа олай деуге бола ма?
- Ұят болады...
Бір мезгілде есік қағылды. Ішке Асылбектің сынып жетекшісі кіріп келді.
- Саламатсыз ба, Күміс апай!
- Амансың ба, Сәтөк! Ата-әжеңді сағынып келген екенсің ғой.
- Ол да бар...
Күміс – тәжірибесі аздау жас мұғалім болғанымен, бала десе, Заттыбектің әніндегідей, «бар нәрсені беретін, оның бәрін аз десе – жан беруге көнетін» балажан кісі.
- Саған айтар жаңалығым бар! Сен Астанаға барасың!
Ұстазының сөзін қағыс естіді ме, Асылбек бұған қуанар-қуанбасын білмей, тұрып қалды...
- Қалай сонда?
-Оқуды озат тәмамдаған оқушыларға жолдама алып беру үшін жергілікті әкімшілік қаражат бөліпті. Ол тізімде сен де барсың!
Асылбек бөркін аспанға атып, тұра секірді!
-Ата, әже, естідіңдер ме? Алақай, Астанаға баратын болдым!
- Иә, құттықтаймыз, ботақаным сол!
Сол мезетте үйдегі телефонға тіл бітіп, сайрай жөнелді... Бірінші қоңырауда шешесі Бақыт:
- Балам, әкең жұмыстан сұранып, сені Астанаға апаратын болды. Қам жеме, бірге барып демалып қайтасыңдар, жарай ма?
Ал екіншісінде әлдебіреу:
- Хамза атай, немереңіз екеуіңізге билет алып қойдық. Сәрсенбінің сәтінде Астанаға ұшуға дайындалыңыздар!
...Иә, Жаратқан берейін десе аямай бәрін бір-ақ береді екен. Қызық, Хамзаевтар әулеті қай жолдамамен баратын болды екен? Ал, сіздің Астанаға барғыңыз келе ме?..
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ, Атырау облысы
Abai.kz