Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 8639 2 пікір 12 Қыркүйек, 2016 сағат 16:13

АДАСЫП ҰШҚАН АҚҚУЛАР

 

 

 

 

 

Қазақ әйелі жыласа мен қосыла

жылаймын, қазақ әйелі күлсе мен

 өзімді бақытты сезінемін.

 

Автор 

90 жылдардың орта кезі. Университетте бірге оқыған досым Гүлнармен ойда-жоқта Алматыда  кездесіп қалдық. Өзім орналасқан қонақ үйге әкеліп, рестораннан тамақ ішіп, одан бөлмеге келіп шәй іштік. Бұдан жиырма жылдан астам бұрынғы, студент кездегі бастан кешкен оқиғаларды еске түсірдік. Бір-бірімізге  «есіңде ме, анау жігіт ше, ол қыз қайда?»-деп жарыса әңгіме бастап, таласа айтып, жас балаларға айналғандаймыз. Сол жас кездегіміздей бейқам, таза, алаңсыз күлкімен сақ-сақ күлеміз. Бір кезде Гүлнар:

- Күләш, сен Қасым туралы сұрамадың ғой? - деді.

- Иә, өзім де... сұрайын деп отыр едім - деп, күмілжіп ыңғайсызданып қалдым.

- Ол сені ылғи сұрап жүреді, тек менен ғана емес, бір факультетте оқыған сені білетіндердің бәрінен сұрайды екен. «Күйеуге тиді ме, жағдайы қалай, неше баласы бар»? - деп.

-  Өзінің жағдайы қалай екен?

Ол туралы аз да болса хабарым барын жасырдым.

- Ол қазір үлкен басшы. Үш баласы бар, материалдық жағынан жағдайы жақсы, бірақ, ол – бақытсыз – деді, Гүлнар. Байқаймын, сары қарын әйел болса да, жас кезіндегідей мәймөңкелемей,  кесіп, тіке сөйлейтін мінезінен әлі де таймаған.

- Қойшы қайдағыны айтпай, өзі әдемі, өзі әнші сұлу келіншегі, бала-шағасы, абыройлы қызметі болса, одан басқа не керек?

- Жоқ, олай еместігіне көзім анық жетеді, сол кездегі сенің жақын дос қызың болғаннан соң ба,  әлі де маған іш тартып, сырын  айтады. Әйелімен сөзге келіп қалса, ол әйел әлі күнге дейін сенен қызғанып, «иә, Күләш махаббатың есіңе түсіп отыр ма, соны ойлап күйзеліп отырсың ба, сенің Күләшіңдей қайдан болайық?!»-дейді екен. Әйелінің кезекті мүжуінен кейін болса керек, бір рет Қасым кеңсеме келіп, әңгіме үстінде таусыла сөйлеп, «Күләштай әйелдер некен-саяқ, екеу болса біреу, біреу болса өзі ғой»  деген - деп, Күләш Қасым туралы әңгімесін бастап кетті.

Гүлнардың әңгімесінен көп нәрсеге қанықтым. Мекен-жай, телефондарымызды жазып алып, енді хабарласып тұратын болдық. Кешке тойға барады екен, сондықтан оны таксиге  шығарып салып, бөлмеме  келдім. Сигарет тұтатып, креслоға жайғастым.  Түтінді баппен, сақиналап шығарып, ой теңізіне шомдым.

...Қайран, Қасым! Сенің бейнеңмен сырласқым келеді. Сен «сүйем» деген бір ауыз сөз айтпастан-ақ  үлкен жүрекпен сүю дегеннің не екенін маған  ұқтырғаныңды білесің бе? Өздері сүйе алған және сүйікті болған адамдар қандай бақытты! Сен мен туралы «мені менсінбей кетті»-деп ойладың. Ал, шындық басқада еді, сол шындықтардың кейде уақытында айтылмай, ашылмай қалатыны өкінішті-ақ. Мен өмірде кездестірген жігіттер мен еркектерді  сенің бейнеңмен салыстырып, сенің болмысыңмен өлшейтінімді білесің бе? Біреуіне қарап «Қасымның тырнағына да тұрмайды екен» - десем, енді біреуіне  «Қасымның мінезі секілді екен»-деймін. Сенің бейнең мен үшін еркектердің азаматтылығының, үлкен жүректілігінің, мәрттігінің, ер мінезділігі мен әділдігінің, сүйіспеншілігі мен тұрақтылығының  т.б.  өзге жақсы қасиеттерінің өлшемі секілді.

Есіңде ме, Қасым, мен сенімен алғаш рет жатақхана жанындағы стол теннисі алаңында таныстым.  Теннис ракеткасын дұрыс ұстай да білмейтін қызды оңай жеңіп, келесі қарсыласыма көз салсам, бәкене бойлы, толықша келген, кең иықты, көздері сықсиып қалған, беті жылтырап тұрған қара жігіт екен. Бұл жігітке тәкаппарлау көз тастап, іштей «бұған «подачаны» теннис столының екі жағына кезек беріп, ырсылдатып жүгіртіп қойсам, тез жеңіске жетемін» - деп ойладым.  Бірақ, ол ойым іске аспады, Қасым ширақ қимылдап, өзін еркін ұстап ойнады.  Кезекте тұрғанда менің ойнау тәсілімді біліп алған ба, қулығымды тез түсініп, ол да қарсы қулыққа көшті.  Бірде теннис шарын ортадағы тордан сәл асыра беріп, алға жүгіртсе,  бірде столға  әрең ілінетіндей шетіне тастап, мені кейін жүгіртуге мәжбүрледі.  Ал, бірде әуелетіп жоғарыдан тастаса, бірде қатты екпінмен, көз ілеспес жылдамдықпен  өте төмен береді, ондай «подачаны» алу мен үшін қиынның қиыны. Мәреге екеуіміз қатарласа келдік. Ойын соңына қарай  Қасымның әдейі сылбыр ойнай бастағанын байқадым. Сәл үстемдікпен мен жеңіске жеткенмен, Қасымның бұл ойыннан менен үстемдігін көрсетіп барып,  әдейі жеңілгенін сезіп, ызадан жарылардай болып, намыстанып кеттім. Ішімнен бұл жерге жиірек келіп, шеберлігімді шыңдап, қалайда бұл жігітті таза жеңетіндей болуым керек деп шештім.

Неге екені белгісіз, онымен таныспай жатып, кездесуден қашып жүретін болдым, кездейсоқ кездесіп қалғанда, асығыс түр көрсетіп тез кетуге асықтым. Бірақ, бір жатақханада тұрған соң және менімен бірге тұратын қызылордалық Гүлнардың жерлесі, әрі менен бір курс жоғары оқитыны болмаса, бір факультеттен болғандықтан  жиі кездесіп қалып жүрдік.

Менің ол кезде  екі жылдай Маратпен кездесіп, оқуды бітіргесін  

үйленетін болып шешіп,  болашаққа бірге жоспарлар құрып жүрген кезіміз еді. Өзі әзілкеш, ұзын бойлы, бұйра шашты, гитара және домбырамен өлең айтатын Маратты дүниедегі жалғыз еркек деп ойлайтынмын, басқа жігіттерге көз де салмаймын. Жатақханадағы тәртіпті бақылайтын, студенттер кеңесінің мүшесі болғандықтан ара-тұра кезекші студенттердің жұмысын бақылайтын  Қасым менің уәделескен жігітім барын біле тұра, кейде «Сені вахтада Марат шақырып тұр»- деп, айтып жүріп, мені жақсы көретінін білдіруге тырысты, әйтеуір онысын әрбір ісі дәлелдеп тұрса да, көңіл аудармауға тырыстым. «Сүйем, күйем, ғашықпын»-деп, оп-оңай айта салып, өлең жазып, «сенсіз өмірім қараң» - деп жүріп, бір-екі айдан кейін-ақ, басқа қыздарды қолтықтап жүргендердей емес, оның сезімі ерекше, таза, шуақты, біркелкі айтылған әуезді ән секілді еді, бірақ,  онысын жүрегім бос болмағандықтан  елемедім.

Сессияда бір сабақтан үш деген баға алсаң стипендия берілмейді.  Бірде француз тілінен  үш алып, стипендияға ілікпедім. Өзім кінәлімін. Бір күні Гүлнар, «сенің отбасың туралы анықтамаң қайда?»-деп сұрағанда, әншейін жатқан, пайдаға аспаған қағазды «не істейсің?»-деп сұрамастан бере салғанмын, бір айдан кейін маған стипендия беріле бастады. Университет кәсіподағы басшылығының мүшесі болып саналатын Қасым: «Көп балалы үйден, жақсы оқиды, университеттегі  спорт пен  өнерпаздар үйірмелерінің белсенді мүшесі» - деп көмектесіпті. Өткендегі анықтамамды Гүлнардан сол үшін сұратқан екен. Қайда барсам да Қасымның маған білдірмей жасайтын қамқорлығы алдымнан шыға берді.

Иә, бірде онымен Алатауды тамашалауға шыққаным есімде. Тауға шығуға шақырғанда «бармаймын»-деп, бас тартып едім,  Қасым: «Күләш, тауға барғанда не тұр,  мен осы жерде төрт жыл оқып жатсам да, әлі Алатауға шықпаппын, оны сенімен бірге тамашалағым келеді» - деді. Іштей барғым келіп тұрса да, сыпайы рахметімді айттым.  Соңынан Гүлнар арқылы үгіттеуге көшкенде «Қасым менің жігітім бар екенін біледі, мені шақырып қайтеді, оны да жақсы көретін қыздар да толып жатыр емес пе, әрі Марат та жерлестері арқылы  білсе не ойлайды?» дегем, Гүлнар сөзімді бөліп:

- Сен тыңда, біріншіден, Маратың шақырса екі –үш жылдан бері қайда қалды, екіншіден, тауды көріп тамашалап,   қайтқанда не тұр, үшіншіден, Қасым сені жеп қояды дейсің бе, сенің еркіңсіз ол  қолыңнан да ұстамайды, сенімді жігіт,  төртіншіден - Маратты Қасымнан жоғары қоятын  сен соқырсың,  Қасымдай жігіт маған сөз айтса, көзді жұмып, қазір-ақ, жердің түбіне кетер едім, бесіншіден...

- Жә, болды, тақылдап кеттің ғой, ендеше оған «Күләшті емес, мені шақыр»-деп айтпадың ба?... Екеуміз әбден салғыласып, оның ақыры    менің   «Менде   джинси  жоқ,  тауға  киюге   джинсиіңді   бер»- 

деумен бітті.

Тауға үш қыз, үш жігіт болып шықтық. Таудағы қызықты айтпаңыз, тауға бірінші шығуым. Батыстың көз ұшында сағымнан басқа көзге ілігер ештеңесі жоқ, шөлді жазық даласында өскен мен үшін тау арасы жұмақтағы бақтардай көрінді. Рауғаш жеп, әр түрлі гүлдер тердік, кейбірін бірінші рет көріп тұрмын, жас баладай мәз болып көбелек те қудық.  Алатау кейбір таулардай жалаңаш емес, қалың ну, шөпке бай екен, олардың арасында тұрған адамды байқамай да қаласың. Қасым маған сүйетіндігін айтатын шығар десем, жоқ, ол түгілі, не сезім, не қыз бен жігіт туралы да ештеңе айтпады. Қасымыздағы екі жігіт пен екі қыз үйленуге сөз байласып жүргендер болса керек, жеке-жеке палаткаларға кетіп, Қасым екеуіміз бір палаткада оңаша қалғанда қатты ыңғайсыздандым, бекер келгем екенмін деп өкіндім.

- Қыздар мен жігіттер бөлек жатпаймыз ба, олар қайда кетті?-деген сұрағыма от жағып отырған Қасым:

- Күләш алаңсыз ұйықтай бер, Мен сенің ұйқыңды күзетемін - деді. Әңгімемен көп отырдық. Өмір мен өнер туралы, әр түрлі әдеби шығармалар туралы ой бөлістік.  Мен оның әр нәрседен хабары мол, жан-жақты білімді жігіт екенін топшыладым. Оны алғаш көрген кездегі түріне қарап тәкаппарланып, менсінбеген көз қарасым үшін ұялдым. Оның бейнесі көңілімде бірте-бірте анықталып, ұлғая бастағандай. Таң сыз бере шаршағаным сондай, ұйықтамаспын деп өзіме берген уәдемнен тайып, Қасымға қайырлы түн айтып, палаткаға ұйықтауға кеттім,  сөмкемнен «на всякий случайға» салып жүретін аңшы пышағын алып, жастығымның астына қойдым. 

Таңертең ұйқыдан оянғанда, шашымды сипап отырған Қасымның жанға жәйлі жылы алақанын сездім. Менің оянғанымды көріп, «байқап қалмасын» дегендей дереу алақанын тартып алды.  Таудан оралғанда мен Қасымды қадірлей бастағанымды байқадым, бірақ, сыйлау сүю емес қой.

Сессия бітіп, екі ай жазғы демалыста болып келдік. Жатақханадан орын алып, орналасып, әне-міне дегенше екі апта өтіп кетті. Мараттың ауылдан келетін уақыты болса да, маған әлі келген жоқ, бір хабарын білейін деп, СХИ-дың жатақханасына келгенмін, неге екені белгісіз, ол  жолдастарымен пәтерге шығып кетіпті, курстастары арқылы қысқаша хат жазып беріп жібердім. 

Содан екі –үш күн өткен соң Нұрлан деген пәтерде бірге жататын досы келді.

- Мәкеңнің жағдайы нашар, мотоциклдан құлап мүгедек болып қалған, саған сәлем айтты «бақытын тапсын, мендей мүгедекті қайтеді» - деді. 

Бөлмедегі қыздардың ортасында рахаттанып шәй ішіп, Гүлнардың

бабына келтіріп пісірген палауын аузына ала берген Нұрланға:

- Тұр кеттік, мені Маратқа алып бар, мен жаңа пәтерлеріңнің қайда екенін білмеймін ғой - дедім. Одан  Марат туралы бас салып өзім

сұрауға бата алмай отырғанмын.

- Ой, ойнап айтам, аяғын сәл жырып кеткен, сабаққа таяқ ұстап барып жүр, Гүлнардың палауын жеп, қыздардың қолынан шәй ішіп алайық та, екі –үш айдан бері көріп отырғанымыз осы, әзілдеймін деп бәлеге қалдым ғой деп –ыржыңдады Нұрлан.

Үш жігіттің жалдаған пәтерлері қаланың шет жағында, едәуір алыста екен. Келсек, Марат шынында төсекте жатыр. Жүдеп кеткен, дәрі-дәрмектер исі қосылып, бөлмеден күлімсі иіс шығады.  Мүгедек болып қалғаны өтірік, бірақ, әжептеуір ауру,  күтім керек секілді.  Сол күннен бастап, сабақтан кейін Мараттың қасында боламын. Лекция болса бармай, дереу Мараттардың пәтеріне тартамын. Оның киімдерін жуып, үш жігітке тамақ істеймін, пәтерлерін тазалаймын, әйтеуір қолымнан келгенді аянып қалған жоқпын.  Ол менің болашақ жұбайым, болашақ күйеуім, басына қиындық түскенде көмектесіп, демеу болу менің міндетім деп ұқтым. Оның төсектен тезірек тұрып кетуіне күш салдым.

Мараттың жағдайы түзеле бастады.

Бірде жексенбі күні тамағын істеп, қайтқалы жатқанымда  Марат:

- Жігіттер қала маңындағы ауылға тойға кетіп еді, қасымда отыра тұршы, жігіттер келгеннен соң апарып тастайды - деді.   Түннің бір уағы болды, жігіттер келмеді, қала шеті, такси шақыртатын телефон үй иелерінде де жоқ екен, сонымен мен Мараттың қасында пәтерде қалатын болдым.  «Онда тұрған не бар, тауда бөтен жігітпен де қондым емес пе?»-деп ойладым. Мараттың аяғының дәкесін ауыстырып таңып, тамағын беріп, қасыма жатшы дегеніне қарамай, екінші бөлмеге келіп, төсекке киімшең  қисайдым.  Қатты ұйықтап кеткен екенмін, түннің бір уағында  үстіме құлаған біреуден шошып ояндым, мені тұншықтыра сүйіп, киімдерімді жұлқылап шешіп жатыр, жанұшыра айқайлап, қарсыласып жүріп жарықты жақтым. 

- Марат, сен бе, бұның не ?

- Менің сенімен болғым келеді.

- Соңғы курста үйленеміз дедік қой. Мен сенің есігіңді адал, ақ күйімде аттағым келеді.  Мені сүйетінің шын болса, маған тиме. Мен сені сүйемін Марат, бірақ...

- Сенің адал, ақтығың маған ғана керек, бәрібір үйленеміз ғой, бүгін пәктігіңді маған сыйла, қасымдағы екі жігіттің де бірге жататын қыздары бар, тек мен ғана сенің көңіліңе қарап әрең шыдап жүрмін, сені құшақтап сүйіп тұрғанда маған шыдау оңай деймісің.

- Жоқ, мен кетемін, түннен қорықпаймын, сумкамда пышағым бар - деп сумкамды іздей бастап едім, ол:

- Сәл  тыңдашы  Күләш - деп,  осы  күнге  дейін  маған  беймәлім

болып келген еркектердің табиғаты мен ақылдарына көнбейтін қиын жағдайлары туралы үзіп-жарып айта бастады.  Оның бірін де құлағыма ілместен, есіктен шығып бара жатыр едім, Марат тоқтатып, көздеріме үңіліп:

- Күләш, не сен мені сүймейсің, не қыз емессің –деді. Түсі де бұзылып кеткен, бір қайтпас шешімге келгені көрініп тұр. Мен кетсем, оны мәңгіге жоғалтатынымды сезіп, сылқ ете түстім. Сөйтіп, әрі етегімді еркек ашпаған қыз екенімді, әрі оны сүйетінімді дәлелдеу үшін қасында қалдым.

Сол жерден Марат мені екі күн бойы жібермеді...  

Алғашқы сәттен-ақ, тұра қашқым келген, Мараттың жібермегені өз алдына, тіпті басымды көтеруге шамам келмей, денемді билей алмадым. Еркек пен әйелдің төсекте табысуы- махаббаттың  соңғы нүктесі ме? Мөлдір махаббат деген сезім осы ма деймін?  Кітап пен киноларда төсек қатынасы деген екі жаққа да керемет бір ләззат сыйлау керек секілді еді, ал мен өзімді бүркіт тояттап отырған шала-жансар  түлкідей сезіндім. Олай сезінуіме себеп болған, Мараттың бұл күйге қалай қол жеткізгені мен төсектегі дөрекі қимылдары болса керек.

Жігіттері де сол күйі төбе көрсетпеді.  Мен төсекте шала-жансар жатқанымда келген оларды Марат қайтарып жіберсе керек. Оның үстіне жолдастары  қыздарым мазасызданбасын деп,  менің олардың пәтерінен тіке туысқан ағамның үйіне кеткенімді айтыпты.  Содан екі күннен соң жатақханаға әйел болып оралдым.  Бір жұма орнымнан тұра алмай, күйіп-жанып ауырып, ешкімге көрінбей жатып қалдым.

Қайран Қасым, ауырып жатқанымды естіген бойда жетіп келді, біресе, алма, біресе айран, сүт алып келеді.  Менің жаным жүз жылға қартайып кеткендей, өмірдегі ең бір қымбат нәрсемді жоғалтқандай, басыма бір ақырзаман орнағандай күйде екенімнен хабары жоқ.  Қыздарға «ағамның үйіне барып, жеңгеме үй әктесуге көмектестім» -дегенмін, олар мені моншадан кейін салқын ұстаған деп жүр. Мараттың қойнынан шыққаннан кейін жаным мен тәнімдегі ластан құтылайын дегендей моншаға тіке тартқанмын.

Бірнеше күннен кейін  басымды көтеріп, сабаққа бара бастадым. Бір күні Қасым:

- Күләш, мен қарындасыма тон-шуба алайын деп едім, оның дене бітімі сенікіндей. Соны саған кигізіп, көріп алсам деп едім, мына оныншы мөлтек аудандағы «Самал» дүкеніне барып келейік –деп өтініш айтты.  Алдында Қасым командир болған студенттік құрылыс отряды жақсы ақша тауыпты деп естігенмін.  «Жерлесі Гүлнарға неге  айтпады екен, екеуіміздің фигурамыз бірдей ғой»- деп ойлағанмен, ұсынысына қарсы болмадым.

Қасыммен бірге дүкенге барып, бірнеше тонды киіп көрдім. Өзі

қымбат бағалы, аң терісінен тігіліп, белінде теріден қынама белбеуі бар тонды кигенде Қасым :

- Күләш сенің денеңе құйып қойғандай екен, саған сыйлығым болсын, өзі саған әдемі жарасады екен - деді қуанып.  Мен не естіп тұрмын дегендей аң-таң болып, түрім бұзылып кетсе керек. Маған қараған Қасым «өзіңе арнап тіккендей екен»-дей беріп еді, мен өзімді ұстай алмай кеттім. Бұндай тон елуге келген менің шешемде  де жоқ еді.

- Немене, мені сатып алғың келеді ме, сен қарындасыма аламын деп едің ғой, маған қымбат тон алып беретіндей сен менің кімім едің? - деп, сол тонды киіп тағы бір минут тұрсам, бір нәрсе жұғып қалатындай, асығыс жүре шешіп, дүкеннен жүгіре шығып кетіп қалдым.  Неге екені белгісіз көзіме толған жасты ешкімге көрсеткім келмеді. Өткендегі жағдайдан кейін ашуланшақ болып кеткенмін. Жүйкем жұқара  бастаған ба, қит етсе көзіме жас толып,  жылауға әзір тұрамын. Түн бойы жаным азаптанып, ұйықтамай шығамын. Соңғы кезде жан дүниемде бір қатты шайқас жүріп жатыр. Шыққаннан кейін қатемді түсініп, сатушылардың алдында Қасымды ұятқа қалдырмай-ақ, дөрекі сөйлемей, жәйіммен неге кетпедім деп, қатты өкіндім. 

Үш жұмадан асты Марат жоқ,  мен ең алдымен өткендегі түннен кейін  оның өзі хабарласу керек деп шештім. Сол түннен кейін оған мен  модадан шығып қалған көйлек секілді, қажетсіз болып қалғандаймын. Гүлнардан  Қасымның ешқандай қарындасы жоқ екенін, өзінің он баланың кішісі екенін білдім. Менен жүз есе сұлу, жүз есе ақылды қыздар жүр ғой, мені несіне жақсы көреді деп ойладым.  Кешке Қасым келіп, теннис ойнауға шақырып еді, шықпадым.

Менің жаныма жара түскен сол бір түннен бір айдан аса уақыт өткенде Марат келді.  Мен өзіме де, оған да таң қалдым. Өзіме таң қалғаным, оны көргенде әдеттегідей қуанышым қойныма сыймай жүгірмедім, мойнына да асыла  кеткім келмеді. Оған таң қалғаным, мені көргеннен кейінгі сөзі «неге келмей жатырсың?» болды. «Аяғың жазылып еді ғой» - деп,  не айтайын дегеніне түсінбей, бетіне сұраулы жүзбен қарап едім, оның: «қыздар жігітпен бір қонғаннан кейін өздері жүгіреді» - деген сөздерін естігенде не айтарымды білмедім. Соны айтқанда, езуінде жеңімпаздың мысқылы пайда болды.  «Неге?» -деппін сасқанымнан. «Олар да қажет етеді» деп  күлді. Аузыма ащы бір нәрсе түсіп кеткендей болды.Сол сәтте –ақ ,  «менің бүкіл өмірімді бірге өткізуге таңдаған болашақ жарым осы жігіт пе?»-деген өкінішті ой қылаң берді. Менің пәктігіме көзін жеткізгеннен кейінгі  ризашылықтың табы да жоқ,  солай болуы заңды секілді, мен жүгіруім керек екен. Ол менің іздеп барғанымды күткен. Есімді жиып, енді бір нәрсе айтуды артық санап, бұрылып кете беріп едім:

- Не, ренжіп қалдың ба? Жай әзілдегенім ғой. Бүгін пәтер оңаша,

жүр қызыққа батамыз - деді. «Қалайша осы жігітке мен екі жыл бойы ешкімді тең көрмей келгенмін» - деп ойладым.

- Енді маған ешқашанда келме.               

- Қалай?

- Солай. Күләш Абзалова деген қызбен жүргеніңді де, бұл жатақханаға жолауды да ұмыт.

- Бір жола ма, шын айтып тұрмысың? Қыз дәуреніңді маған сыйлап, не болды сонша, әзілді көтермейсің бе?  Мен саған міндетті түрде үйленемін, бұрын 2-3 қызбен болсам да, ешқайсысы қыз болмаған...

Оның басқа не айтып жатқанын естімедім, естуге шамам да келмеді, құлақтарым тұнып қалды. Жүрегімнің бір талшықтары бытырлап үзіліп жатқандай болды, бірақ, естіген соңғы сөздерден кейін нақты шешімге келгенімді сездім. Нақты үйленетінін дәлелдемек болған ол, байқаусызда бет пердесін  өзі  сыпырып алғанын сезбеді, немесе оған бұндай өмір, бұндай ойлар қалыпты жағдай екен ғой.

- Иә, пәктігімді саған сыйладым, бірақ, мен қазір сені сүймейтінімді, қателескенімді білдім, хош бол – деп, жүгіре басып кетіп қалдым.

Тағы да бір тағдырдың соққысын алғанымды сездім. Мені өмір сүруге талпындырып, армандарыма асықтырып,  мақсаттарыма қол жеткізуге ұмтылдырып тұратын күштер мені тастап кеткендей. Жүрегім де, кеудем де бос, кеудем қуыс, миым тұман, басым жүрсем зірк-зірк етеді.

Пәктігімнен айырылғанымның үстіне бойжеткелі, одан Маратты кездестіргелі мәпелеп келген сезімім  өлді. Мектептің соңғы жылында оқып жүргенде,  менің жұбайым сана-сезімі, ақыл-ойы биік адам болады деп армандайтынмын. Нағыз, шынайы  махаббатымды тапқанша басқа ешкімге еркек ретінде  қолымнан да ұстатпауға, ернімнен де сүйдірмеуге өзіме-өзім ант еткенмін.  Маратпен кездесіп,  ол сезімін білдіргенде мен де іздеген адамымды кезіктіргендей болғанмын, оған алаңсыз сенгенмін, мені де сезім жалыны отқа ораған. Қай жерден қателік жібердім, неге бұлай болды? - деген ой басымды қаптап алып, басқа ешнәрсе ойлауға мұршамды келтірмеді. Марат одан кейін де бірнеше рет келгенмен шықпадым.

  Біраз уақыттан кейін осы қайғы, осы уайымдарым аз болғандай, Маратпен өткізген, оның билігінде болған екі түн, екі күн мен үшін тағы үлкен қайғы қосып  әкелді, мен жүктімін! Бұл тағдырдың маған салған қиындығының басы ғана екен. Махаббаттан қателесу бүкіл тағдырыңды өзгертіп жібереді екен.

Ішім біліне бастады, әзірге сырт көзге байқалмайды, етеккірім тоқтаған. Ауылға баратын бет те, ниет те жоқ. Шешемнің шашымды қолыма жұлып беретінін біліп, әрі «жақсы ит өлігін көрсетпейді» - деп, мені білмейтін бөтен жаққа кетіп қалғым келді. Отбасы жағдайын сылтау етіп, оқуымды сырттай оқуға ауыстыратын болып, құжаттарымды дайындап, оқуға құр сүлдерімді сүйреп барып жүргенде жаңа жылда келіп қалды.  Жалғыз менің басыма түскен ақырзаманды кімге айтам? Жанымды оттай күйдірген сырымның шет жағасын Гүлнарға сездіріп, Шевченко қаласына барып жұмысқа тұрмақ ойым бар екенін айттым. Оқуымды сырттай жалғастырып, жылына екі рет сессияға келіп тұрамын дедім.  Аяғымның ауыр екенін ойламақ түгіл, ол жәйді өзімнен де жасырғым келеді. Шевченкоға баруды шешкенім, сол кезде ол қала туралы «ақшаны күреп алатын жиырма бес мың адам жұмыс істейтін пластмасса зауыты бар екен,сонда  жұмыс қолы тапшы, әрі тауарлар мен тамақ жағын тікелей Москвадан қамтамасыз етеді екен» - деп, сол жақтың студенттері ауыздарының суы құрып мақтайтын.  Сол жақта Гүлнардың әпкесі  жұмыс істейді екен, ол да «бір кәдеге жарар, қысылсаң ұялма» - деп оның адресін берді. Жаңа жылға дейін кетіп қалуға асыққанмен, уақ-түйек жұмыстарым бітпей, әрі самолетке билет болмай, кетуім жаңа жылдан кейінге қалды. 

Бөлмеден шықпай бүк түсіп жатып аламын. Ешнәрсеге зауқым жоқ, жүрегім айнып, әр нәрсеге көңілім шауып, жерік болғанымды ешкім сезбесе екен деймін. Ішімдегі баланы не істейтінімді білмеймін, бала емес бір құбыжық өсіп жатқандай, кейде ол құбыжықтың бет бейнесі Маратқа ұқсап кететіндей. Менің бірінші жауым сол секілді, менің алаңсыз күндерімді құртқан, абыройымды төккен, бәрінен айырған бұл құбыжықты уақыты үлкеймей тұрып аборт жасату керек, бірақ, достарым, курстастарым, таныстарымның көзіне түспеу үшін ең алдымен Алматыдан кетіп, мені ешкім танымайтын жерге жетуім керек деп шештім. Біресе, еш қиындықсыз ретін тауып осы қалада өлгім келді. Басым қатты. Жақын облыстардағы студенттер секілді қасымдағы екі қыз да  жаңа жылға үйлеріне кетті. Бүгін бөлмеде өзім оңашамын.

Кеше ғана ашық жарқын, бақытты жүргенімде  маған айналамның бәрі ән салып, нұрын шашып тұратын секілді еді. Бүгінде басқаша, өзіміздің қыздар ғана емес, басқалар да көңіл аударып, біреулері мүсіркей қараса, біреулері: «өзіңе де сол керек»-деп табалап тұрғандай болады.  Соңғы жұма бойы іздеген Қасымға «ұйықтап жатыр», «жоқ»-деп айтыңдар деймін. 

Мен емес, басқалар күткен жаңа жыл кеші де келді.

Үміт деген жақсы нәрсе екен, еш жақсылықтан үміттенетін жағдайым болмаса да, жаңа жыл келген соң бір нәрсе өзгеретін секілді болды да тұрды. Ырду-дырду  болып, әрі-бері сапырылысқан бір жұрт, бәрі көңілді.  Жағдайы жақсы студенттер жаңа жылға қандай көйлек  тіктіргенін айтса, жағдайы нашарлары үйлерінен келген посылка мен шаштарын қалай түйетіндерін айтады. Жалғыз маған ғана ешкім де, ештеңе де керек емес,  бар арманым осы қаладан, осы жатақханадан тезірек кету, жан баласын көргім келмейді, ішімдегі күн сайын емес, сағат сайын өсіп келе жатқан құбыжықтан да, өзімнен де жиіркенемін. Группалас, көрші бөлмедегі қыздар бірінен соң бірі келіп, жан-жақтан жабылса да, мені ешқайда баруға көндіре алмады. Бір мойным босап қалғандай, өзімнің жалғыз қалғаныма риза сезіммен, өзімді еркін сезініп, Гүлнар алып келген қатықты ішіп, кереуетіме жатып алып,  бөлмедегі жарықты жақпай, тумба үстіндегі шаммен күнделік жазуға кірістім. Төменде жатақханада қалған студенттерге жаңа жылға арналған  би, маскарад болып жатыр. «Бөлмеде ешкім жоқ» - деп жазып, есік сыртына іліп қойғаныма қарамастан, біреулер екі-үш рет келіп есік түртіп кетті.

Күнделігіммен сырласып, бар мұңымды соған төгіп, жылап жатып көзім ілініп кетіпті. Есікті жатақхананы көшіріп жіберетіндей тоқылдатумен қатар, көрші бөлмедегі Розаның :

- Күләш, есікті аш, мен сенің бөлмеде екеніңді білемін - деген базарлы дауысы естілді.  Бұл арсыл-гүрсіл жүрісті дәу қара қызға есікті ашып құтылмасаң, жатақхананы басына көтеріп, әлі екі сағат тоқылдатуға бар екенін біліп, амалсыз есік ашуға тұрдым. Оның үстіне секциядағы төрт бөлменің  ыдыстары қай бөлмеге қонақтар келсе сонда «көшіп»  кететіні бар.  Оларға қонақтар келетін болған ғой, бұл аксиома. Есікті әлі ұруын тоқтатпаған Розаға «адам деген сәл шыдамас па» - деп, бұрқылдап барып амалсыз есік ашқанда, Розаның артында тұрған Қасымды көрдім. Оны Гүлнар ауылына кетеді деп еді, кетпей қалыпты.  Аңқиып тұрып қалған мені Роза дәу денесімен қаға-соға ыдыстар тұрған шкафқа ұмтылды, мен Қасымның тұмсығының астынан есікті жаба алмадым.

- Күләш, кіруге рұқсат ет, мен сені жаңа жылмен құттықтауға келдім - деді. Қасымның ыдыстарды алып шығып бара жатқан Розаға асқан бір ризашылықпен қарағанын байқадым, ол болса жымың-жымың етті.  Не істерімді білмей тұрып қалып едім, Қасым ішке кіріп, есікті жауып, кілтін бұрады. Баяғы Қасым, маған қиын сәттерде менің қасымнан табылады, табылмаса да  сырттай қамқорлығын сеземін. Өткенде  өзі спорттан жарысқа кетіп бара жатса да «Күләштің көңіл күйі болмай жүр екен, көңіл көтеріңіздер» - деп, бөлмедегі үш қызға циркке билет әкеліп тастапты. Сол циркте өнер көрсеткен бір жас жігіттің дайындаған номері менің есімде мәңгі қалып қойған. Арасына тақтайшалар қойып, бірнеше қатар қойылған цилиндрлермен өнер көрсеткен жігіттің номері алғашқысында өз деңгейінен шықпады. Әлгі жігіт екінші рет қайтадан басынан бастады, бұл жолы да болмады. Үшінші ретте де ойын        жүзеге асыра алмаған жігітке көрермендер «әуре болмай-ақ қой, ниетіңе де, еңбегіңе де ризамыз дегендей» қол соқты. Жігіт болса алған бетінен қайтар емес. Әйтеуір бесінші ретінде беті қып-қызыл болып, үстінен тер моншақтап номерді өз деңгейінде жасап шықты-ау! Өзі де риза секілді, көрермендер де оның номерінен гөрі табандылығына риза болған секілді, орындарынан тұрып ұзақ қол соқты.  Осы көрініске қарап, мен:  «бәріне үйрену, төзу, шыдау керек,  бір құласаң да,  он құласаң да қайта тұрып, мақсатыңа жетуге жұмыс істеу керек, нәтиже шыққанша жұмыс істеуден жалықпау керек» -деген ой түйген едім.  Цирктен аз уақытқа болса да сергіп оралғам.

- Күләш, жаңа жылға жарты сағат қалды, мына шампанды құятын кеселер бар ма? –деп, қолындағы пакеттен бір шампан бөтелкесін шығарды,  мен жақсы көретін  құс сүтінен жасалған бір коробка  конфетті стол үстіне қойды. Ең соңынан бір тал  қан қызыл түсті  роза гүлін алып маған жақындады. Мен болсам бәрінен бұрын ұйпа-тұйпа шашымнан, жылап-жылап ісіп кеткен көздерімнен, боянбаған түрімнен, қыртыс-қыртыс киімімнен ұялып тұрмын, бүгін ешкімді, оның ішінде Қасымды  көремін деген ойым жоқ еді. Екеуімізде үнсізбіз, үнсіздіктен сол құтқаратындай, екеуміз де роза гүліне қарап қалыппыз.

Маңызы мен қадірі жағынан жылдарға тұратын секундтар өтіп жатыр. Қасымның ыстық демі денемді балқытып, алпыс екі тамырыма қан жүгіртіп, ғажайып дәрі еккендей өліп қалған жаным мен тәнімде ып-ыстық толқындар жүгіруде. Көзіме жас келді. Талай қызға арман болған абыройлы жігіт, факультет қана емес, бүкіл университет қыздарының ішіндегі ең соры болып отырған менің қолымнан ұстауға бата алмай, кінәлі жас баладай алдымда тұр. Көзімдегі жас, жүрегімдегі «сенім» деген отаудың есігін ашып қойып, бар асылымды тонатып, ойнақтап жүріп от басып, орға түскен өкініштің жасы ма, қолыма түскен алтынды бағаламай, асыл, мөлдір таза сезім дегенді қалай біліп, қалай таразылайтынын еш пәннен оқымай, таза мен ласты, адал мен жалғанды, ақ пен қараны, нәпсі мен Қасымдай жігіттің пәк махаббатын  ажырата алмай, қателіктің құрбаны болған  өзімді аяу ма, әлде алдымдағы тұманды өмірге  тіке қарауға қорыққанымнан ба, әйтеуір білмеймін көзімнен жас бұршақтап, қатты өткінші жауындай  сорғалай берді, сорғалай берді. Қасымның ыстық демінен өзім түгелімен еріп кетіп, көлкіген көз жасына айналатындаймын.

Қасымды алғаш көргенде оның түр-сыйпатын Маратпен салыстырып, менсінбегенім есіме түссе, жерге кірердей ұяламын. Жас жігіттің көркі оның дене мүсіні, сырт түр-сыйпаты гитара, домбыра тартуымен емес,  істеген жақсы істері, көңілге қонымды жасаған  әрекеттері, тұнық сезімі және оған  берік болуы екен. Мен де осы сезімге берікпін-ау деймін, күн сайын Мараттың есімін жүрегімнен сызып тастауға тырыссам да, оны жек көріп кетсем де, оның есімі өшпейтін бояумен жазылғандай, қайта-қайта пайда бола береді. Ол менің Маратпен екі жыл бойы айына үш-төрт рет кездесуге шығып, 2-3 сағаттан серуендеп жүргенімнен пайда болған жоқ, менің бұл ұлы сезімге үлкен әзірлікпен келіп, бір адамды сүйіп, соған адал болып өтемін деген ұстанымды берік ұстанғанымнан болар, тек объектісімен қателесіппін.  Мен адамда махаббат бір-ақ рет болады, адам өмірінде бір-ақ рет сүйе алады деп ойлайтынмын. Дәл осы сәтте мен Қасымның мен білетін жігіттердің ішіндегі ең төресі екенін мойындадым.

 Егер менің жаным әппақ болса, өзім-ақ Қасымның мойнына ақ білектерімді орап, құшағына құлай кетер едім, өткенде тауға барғанда «неге өйтпегенмін» деп өкініп те үлгердім. Тіпті жаным пәк болмаса да, қазір ішімде құбыжық жатпағанда сөйтер едім.  Жіберген қателігімді айтып, түсіндірсем, Қасым мені түсінер де еді, кешірер де еді, оған көзім жетеді.  Әттең, бұл ішімдегі құбыжықты Қасым білмейді ғой, білсе қасымда бір минутта тұрмас еді.

Бір қолымен иығымнан ұстаған Қасым төмен қарап тұрған менің иегімді көтеріп, көздеріме қарамақшы болды ма, әлде мені батылсыздау сүймек болды ма, көзімдегі жасты қалтасынан орамал алып сүртіп:

- Жылама, Күләш, қоя ғой. Жақсылық алып жаңа жыл келе жатыр. Сен қанатты едің ғой, қанатың қайырылмасын, мойыма, жаным! - деді толқып.  «Жаным»-деген сөзді алғаш айтты ма, өзі де бір түрлі болып, көздері жыпылықтап, қызарып төмен қарап кетті. Аузынан еріксіз шығып кеткендей.  Сол бір тәтті минуттарды мен арада өткен жиырма жылдай уақыттың ішінде қайтадан басымнан талай кешкім келген, дәл сол сәттегідей денем балқып тұрғым келген, дәл сол сәттегідей жүрек түбінен шыққан сөздерді естігім келген. «Сүйемін» -деп бір ауыз сөз айтпастан бар болмысымен, іс-әрекеттерімен сүйетінін сездірген адамды Қасымнан кейін кездестірген емеспін.  Қанша тұрғанымыз белгісіз, бір кезде секцияға  кірген адамдардың у-шу дауысынан есімізді жиғандаймыз, көрші бөлмедегі Розаларға қонақтар келген секілді.

- Жүр Күләш, бетіңді жуып келеміз - деп, мені қолымнан ұстап дәліздегі жуынатын жерге жетелеген Қасымды бөлмеде әрең қалдырып, бетімді жуып келсем, Қасым шампанды ашып екі кесеге құйып қойыпты. Маған ұсынған кесені маған  қиын кезде әр кез қасымнан табылатын Қасымға ризашылығымды қалай білдірерімді білмей отырған мен, ештеңені күтпестен «Сен үшін Қасым» - деп басыма бірден көтердім. Жанымның сыздаған жарасын шарап ішіп жеңілдеткім келгені өз алдына, ол үшін у ішуге де тұратын жігіт екеніне көзім жеткен.  Қасыммен бірге болу керемет еді, оның қасында болсам уақыттың қалай өткенін білмеймін. Бөлмедегі радиолаға жай ғана пластинка қойып, биге шақырды, жеңіл, тез билейтін би ырғағы екеуімізге де ұнамады, әсіресе, ол менің көңіл күйіме сәйкес келмейтін. Жәй ырғақты, немесе  қалқып жүріп билейтін баяу музыка әуені жазылған табақшалар жоқ болып шықты.

- Күләш, біз өз жанымыздың музыкасын тыңдайық - деді. Мен ішімнен өзімді Қасыммен билеуге де тұрмайтын  жанмын деп жазғырғанмен, оның ұсынысын үнсіз құптаудамын. Жан-тәнімде өмірге деген құштарлық оянып келе жатқандай, Маратпен болған жағдайдан кейін мен үшін өмір деген бітіп қалғандай көрінген, жоқ олай емес, алда әлі өмір бар екен. Мені аялай құшақтаған Қасым  Мұхтар Шаханов ағамыздың «Жұбайлар жырын» ыңылдап айтып, сол әннің әуенімен бөлме ішінде қалқып жүрміз. Әжептәуір құлаққа жағымды даусы бар екен. Арасында өлең сөздерін анық, даусын шығарып айтуда, «Құстың қос қанатындаймыз... Бірге ұшып барамыз бола-ша-ақ-қа»-дейді. Мен оның жанының музыкасына құлақ салдым.  «Мен сені сүйемін, Күләш, басқа қыздардың алдында патшадай болып жүретін басым, сенің алдыңа келгенде  жап-жас бозбаладай сөз таппай қаламын»-дейді. Сені өмірде бетіңе шаң тигізбей алып жүрейін, сені жан-тәніммен сүйемін ғой, қалайша сезбейсің күнім, онымды талай рет дәлелдеуге тырыстым емес пе, мен сенің  жүрегіңмен, жан тәніңмен мендік болғаныңды қалаймын, егер жүрегіңде біреулердің бейнесі сақталып, жатталып қалса, олардың бейнесін өшіруге тырысамын, олар  сенің жаныңнан толық кеткенше күте тұрамын, сендікпін десең болды, мен күтуге әзірмін. Басыңнан қателік өтсе ештеңе емес, сондай жағдайды ішім сезетін секілді,  кімнің басынан өтпей жатыр, жаныңның жарасын емдейін, қаласаң қазір-ақ үйленейік, мен он баланың еркесі, әке–шешемнің сүт кенжесімін, аға –әпкелеріме менің сөзім заң, олар ертең-ақ тойымызды жасап бере алады. Сен сүйсең, беріліп сүйесің, сезімге адалсың, сендей әйел ешқашан алдамайды, ешқашан сатпайды, көзге шөп салмайды, өмірде адал дос болып өтеді -дейді. Соңғы сөздерді еске алғаным бірде Гүлнар әрі маған жыны келіп, әрі Қасымды сынайын деп, «Күләшті қайтесің, талай сұлу, ақылды қыздар толып жүрген жоқ па, сен сүйетіндей  оның қандай артық қасиеті бар?»-деп сұраса, «Гүлнар, саған жауап беру үшін,  сезімім түгіл ойымды да сөзбен жеткізе алмаспын, бірақ, Күләш ерекше, ішкі стержені мықты қыз» -деп бұрылып кетіпті. Мен естіген Қасым жанының музыкасы осы, ал Қасымның не естігені маған жұмбақ күйі қалды.

«Қадіріңді кеш білдім ғой Қасым. Маған неге екі жыл ерте кездеспедің, екеуіміз бір жатақханада жүріппіз ғой.  Мен қазір бұрынғы Күләш емеспін, біреудің бәтеңкесін сүртіп тастаған лас шүберекпен теңмін. Егер менің ішімде менің әр қимылымды бағып құбыжық отырмағанда, мен көзімді жұмып-ақ «мен сенің еркіңдемін»-дер  едім.  Сенің адал жаның, маған деген таза махаббатың баға жетпейтін асыл нәрсе, оған ие болатын адам бастан-аяқ, іші-сырты таза, өзі адал болуы керек. Мен сенің сезіміңе тұрмаймын жаным. Жаны пәк, өзіңнің қадіріңе жететін басқа жан ізде, мен сенен жауапсыз, қайтарымсыз болса да  жан-тәнімен сүйіп, оны дәлелдеу дегенді үйрендім, сенің бақытты болуыңды күн сайын тәңірден тілеп жүремін, әттең-ай, неге екі-жыл бұрын кездеспедік! Менің махаббатым – адасып ұшқан аққулармен тең, неге Маратқа емес, саған арналмады екен, енді бәрі кеш, түзеуге болмайтын қателер бар, бұл соның бірі»

Екеуміз де үнсізбіз, ауада тұнған жанымыздың бір-бірін түсінген әппақ, аққу сезімін үркітіп алудан қорыққандаймыз. Оған риза болғаным: қолымды ұстағаннан басқаға барған жоқ, сүюге де ұмтылмады. Көрші бөлмедегі музыка мен шу түннің бір уағы болса да басылар емес. Қанша уақыт өткенін де білмеймін, минуттар, сағаттар өтіп жатыр. Менің де жаным жарқырап, ұзақ меңдеген ауыр науқастан жазыла бастағандаймын. Бірге болып, бірге өмір сүрмесең де Қасымдай жігіттердің осындай асыл сезімі үшін өмір сүруге тұратынын ұққандаймын,  осы түннен  бастап  өлім туралы ойламайтын боламын – деп, бекіндім. Бойыма бір күш құйылып, еңсемді көтере бастадым. «Бірақ, мен ешқашан  Қасымның әппақ  махаббатының иесі бола алмаймын, оған тұрмаймын» - деп, бір-ақ кестім.  Қасым бөлмеден кетерде ауылына үш-төрт күнге бір жағдайлармен барып келетінін айтты.  Есіктен шығып бара жатып:

-     Күләш, енді жылама, мойыма, сен қанаттысың ғой - деді тағы да.

Мен оның «жыламасын» түсінгенмен, «қанаттысың ғой, қанатың қайырылмасын»-деген сөздерімен не айтқысы келгенін түсінбедім. Неге екенін білмеймін шығып бара жатқанда оқыстан бетінен сүйіп алдым. Оның сол кездегі жүзін көрсеңіз ғой!  Күтпесе керек, сәл-пәл таңырқап, тұрып қалды да, менің бетінен сүйіп алғаным миына жеткен кезде жүзін бір шуақ жапты. Бетінің әр бір молекуласы, әр бір атомы «мен бақыттымын» - деп атойлап шыға келгендей болды.  Соңынан, неге екені белгісіз сол әрекетіме есеп бере алмай, не үшін сүйгенімді  түсіне алмай,  өзімді талай ұрысып жазғырдым да.   Ол шаттана күліп,  бұрылып, қайта  кірмекші болып еді, есікті тез жауып, кілттеп алдым.

Екі күннен соң сол кезде Украина халқының ұлы ақынының атымен аталған, ақ шаңқан үйлері бар Каспийдің жағасындағы қаладан бір-ақ шықтым. Таныс, дос, жолдас деген жақсы ғой. Гүлнардың әпкесінің арқасында хат-хабар тасушы болып, жұмысқа орналасып, жатақханадан  орын алдым. Алматы туралы да, Қасым туралы да ойламауға тырыстым.  Ішімдегі құбыжықты не істеймін, аборт жасатам ба десем, алғашқы баласын аборт жасатқандар көп жағдайда соңынан бала көтеруге қабілетсіз болады дейді. Туып, содан кейін  перзентханада сәбиінен бас тартатындарды білемін, біздің жатақханада тұратын екі қыз солай жасаған, соңынан олар түк болмағандай оқуларын жалғастырған. Осы екі жолдың қайсысын таңдаймын деп, миым қатты.  Жүріс-тұрысым күннен күнге ауырлап келе жатыр, аборт жасайтын болсам тез шешім қабылдауым керек, тек 3-3,5 айдан асса кеш болады деген. Қасымда екі неміс қызы тұрады, менде көп жұмыстары жоқ, бірақ, адамгершіліктері жақсы. Алғашқы айлығымды алған күні Гүлнардың әпкесіне сыйлық алып барып, ақылыңызды беріңіз деп бәрін жайып салдым. Оның түсінігі бар кісі еді.

Апай әңгімемді сөзімді бөлместен тыңдап алды. Сосын терең бір дем алып, «қасқыр екеш қасқырда баласына қастық қылмайды, аборт жасамайсың» - деді. Себебі, алғаш баласын аборт жасатқандардың пәлен пайызы соңынан бала көтере алмайды, ал, сенің басың жас,  бала керек болады – деді. Бірақ, ол балалы болсам, жатақханада тұру мүмкіндігімнен айырылатынымды, әрі дүниеге келген баланың қандай да болсын әкесі болғандығы дұрыс деп айта келіп, «Неге күйеуге тиіп алмайсың, қол-аяғың балғадай, денің сау, әрі әдемі қызсың» - деді. Одан кейін де талай әңгіме айтылды.

 Содан кейін апай, мені бір көзіне ақ түскен, онысына ыңғайсызданып қара көзілдірік киіп жүретін Әмір деген отыздар шамасындағы  жігітпен таныстырды.  Ол мені бір көргеннен ұнатты, ал маған бәрібір еді, толқын мені қай жағаға лақтырса, сол жағалауға шығып жата беретін заттай болып қалғанмын. Мен өмірдегі маягімнен айырылып қалдым, не болса да ішімдегі құбыжықтан құтылайын, қалғанын соңынан көре жатармын - деп ойладым. 

 Содан, мен бір ай көлемінде Әмірге тұрмысқа шықтым да, жатақханадан шығып кеттім.  Арамызда махаббат жоқ, тек үнсіз келісім бар еді, бәрін реттеген Гүлнардың әпкесі. Ол мені шақырып алып, Әмір жақсы жігіт, осыған дейін басыңнан өткен нәрсе өтті, кетті, енді ең алдымен оған адал бол, екіншіден азамат басын сыйла, үшіншіден, қандай қиындық болса да онымен бірге көтер, төз, шыда - деді.  Мен ол апайға да, «Күләш, сенің балам менің балам деген» Әмірге де өте риза едім. Ол әйелімен он жыл тұрып бала болмаған, ал әйелі екі жыл бұрын ракпен ауырып қайтыс болса да, әлі үйленбей жүр екен.

Әмірдің әке, шешесі кіші баласының қолында тұрады, Әмір екеуіміз оңашамыз. Ата-енемнің жағдайлары жақсы, менің шешеме қарағанда ауқатты тұрады. Құдалардың алдынан өтіп қайтамыз деп еді, «кейінірек»-деп өзім тоқтаттым. Ашулары басылсын деп ойладым, әрі олардың дәл қазір құда күтетіндей жағдайлары жоқ екенін сеземін. Әмір «оқуыңды оқып, бітіріп ал, диплом қандай жағдайда да керек» - деп, Алматыға өзі барып, құжаттарымды туралап, жақын жерден оқы деп, Гурьевке  ауыстырды. Бала туғанша істейін дегеніме қарамастан, жұмыс ауыр деп, почтадан да шығарып алды. Жастайымнан қара жұмысқа пісіп қалған маған жұмыстың еш ауырлығы жоқ еді. Шевченкода көше деген атымен жоқ, қала мөлтек аудандарға бөлінген, таксиге отырсаң мөлтек ауданы мен үй номерін айтасың, дәл үйіңнің, ғана емес, есігіңнің алдына дейін әкеліп тастайды. Сабақтарыма әзірленемін, Әмірге «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы, бір өнер көрсең үйрене бер»- деп өсірген әжемнің тәрбиесі бойынша үйренген  палау мен лағман,  нансалма мен нарын жасап берсем,  ата-енем келгенде олардың  сүйікті астары бесбармақ пен борщын да бабына келтіріп әзірлеп беремін. Күндер солай өтіп жатты. Өмірім бір арнаға түскен секілді.

 Әмір мені қатты еркелетіп, күнім жақындаған сайын алақанға салып әлпештеумен болды. Өзі он бес күн жұмыс істеп, он бес күн демалады. Демалысында асты-үстіме түсіп, қасымнан шықпайды. Жұмысқа кеткенде қасыма туысқандарынан, иә жолдастарының қарындастарын  тастап кетеді. Өзінің баласы еместігіне қарамастан әке боламын деп есі шығып жүр. Кешке екеуіміз Каспийдің жағасына шығып серуендеп қайтамыз. Шаңқылдап,  шарықтап, әлде не іздегендей, теңізге  төсін төсей,  аймалай, жаны тынбай ұшқан шағалаларға қарап, өз жаныммен бір үндестік табамын.  Маған қазір махаббат та, сезім де романтика да керек емес еді. Әмір екеуіміздің арамыздағы бар қатынас сыйластыққа құрылған.  Мен басымда баспана, жылы, жарық үйім, алдымда тамағым, менің жәйімді ойлайтын күйеуім бар, соған шүкіршілік еттім, басқа ештеңе керек емес еді. Арасында шешем мен бауырларыма   сәлемдемелер жолдап риза етіп қоямын.

Босанатын кезім де жетті. Ата-енем, қайным-әйелімен бәрі шұбырып, босанбай жатып-ақ перзентханаға келіпті. Көптен күткен қуаныштары екені көрініп тұр, бөтеннің баласы екенін қайдан білсін, немерелі боламыз деп, мәз-мәйрам, тіпті Әмір де ұмытып кеткендей, ал мен ұмыта алар емеспін, жоқ, ұмытпаймын. Ұл туғандағы қуаныштарын көрсеңіз, менің оларға қарауға бетім жоқ. Олар келсе де, Әмір келсе де «басым ауырып жатыр»-деп, көзімді жұмып алып жатамын, ал шынын айтқанда олардың алдында қылмыскер секілдімін, не істерімді білмеймін, тіпті тамақ та ішуді қойдым. Бұл жағдайым дәрігерлерді де мазаласа керек.  Баланы алғаш алып келгенде «емізбеймін» - дедім.  Оны естіген Әмір, алдында екі рет келіп кеткеніне қарамай, кешке үшінші рет жетіп келіпті.

 Коридорға шығып сөйлескенде, оған «сенің балаң емес, алмаймын» - дедім.  Ішімнен «егер бұл құбыжық болмағанда Қасымға тиер едім» - деп ойладым.   Ішімнен шыққан баланы жауым секілді көргім де келмейді.  Әмір өзіне бала керек екенін, ол баланы менің ішімде жатқаннан-ақ жақсы көріп кеткенін, себебі,  оның шешесін, яғни, мені бір көргеннен ұнатқанын,  әке-шешесінің қандай қуанып жүргенін, баланы көргенін, шекесі торсықтай ұл екенін, тіпті зиянды өндірісте көп жыл жұмыс істеген соң, өзінде бала болмауы да мүмкін-ау деп қауіп қылатынын, өзі тәрбиелеп, ешкімнен кем қылмай өсіретінін айтып, мені бетімнен қайтара алмаған соң, шарасы таусылып:

- Бұл ісіңді басқаларға қалай түсіндірмексің, ол бала екеуміздің ғана құпиямыз. Бала саған керек болмаса маған керек, баланы алмасаң үйге келмей-ақ қой - деп ренжіп кетті.  Екі емшегім сыздап, бұндай сүтті болармын ба, сауумен болдым. Ертеңіне бас дәрігер «сәбиді туғызған дәрігер, қиналып босанды деп еді,  қорқып қалған ғой» деп, маған психологты жіберіпті. Оның менімен әңгімелескенінен де түк нәтиже шықпады. Сәбилерді аналарына емізуге әкелгенде мен тағы да  «баланы емізбеймін, қолыма да алмаймын, қорқамын»-дедім. Көрпені басыма орап тас бүркеніп жатып алдым. «Баланы алмаймын»- деп, Әмірге айтқанмен басқаларға айта алмадым. Бірақ, өзімді қанша зорласам да баланы алу ойымда жоқ болатын.

Елеусіз ғана оқиға бәрін өзгертті.

Ертеңіне перзентхананың дәлізіне шығып, демалысқа келуі тиіс Әмірді сұрап, қайнымның үйіне телефон шалып келе жатыр едім,  кішкене акушерка қазақ кемпірі қолымнан ұстай алып, сөз айтуға мұршамды келтірмей,  дәліз бойымен сүйрей жөнелді.  Алдымызда сәбилер жататын бөлме. Шүйкедей кемпір мені алдыңғы бөлмеге кіргізіп, өзі әрі қарай жалғас бөлмеге кіріп, бір кезде тақтайдай етіп ұқыпты оралған, маужырап ұйықтап жатқан бір сәбиді көтеріп шықты, қашайын десем, аяқтарым қозғалмайды, мына шүйкедей кемпірдің мысы басып барады. Сәбидің орауын шешті де:

- Сен қатын қара, мынау сенің туған балаң, төрт кило, қыздың баласындай. Ақыл есің дұрыс па,  сен неге емізбеймін, қолыма алмаймын дейсің, байың бар, жағдайың бар, не болды, ішіңнен шыққан шаранадан жиреніп не күн туды басыңа?  Ал күйеуің болса кеше қалбаңдап, иіскелеп, асты –үстіне түсіп жатыр. Кеше күйеуі жоқ, жалғыз, жасы келіп қалған әйел Дауна ауруымен туған мүгедек баланы да алып кетті, ал сен болсаң сау баладан бас тартасың, сенікі не құтырыс, сендейлерді түрмеге отырғызып қою керек, баласын жетім етті деп. Қара деймін, мына балаға қара! - деп мені қатты жұлқылап жіберді.

Өзім де қарап тұрғанмын, сәби  көздерін жұмып алған, танауы тәмпиіп жатыр, еш нәрседен хабарсыз, менің кінәм жоқ, қалғанын өздерің біліңдер дегендей, маңқиып жатыр.  Қорғансыз, бейғам, кіп-кішкене, құбыжыққа  ұқсайтын еш жері жоқ. Кемпір қарлыққан даусымен маған ұрсып жатыр.  «Сен бас тартсаң өзім асырап аламын, екеуін өсіргенмін, бұны да өсірем, құдайдан қорықпайтын неғылған жансың, өзегіңді жарып шыққан сәбиіңнен бас тартып» деген күйі сәбидің жаялығын ашып,  жанынан өтіп еді, әдейі шымшып алғандай,  сәби оқыстан шар ете қалды. Қол аяғы тырбаңдап, шыр-шыр еткен қорғансыз сәби бір жамандықты сезіп маған шағынып жатқандай. Менің ішімнен шыққан менің тәнімнің бір бөлшегі... Арасында жылағанын дереу қоя салып, екі жаққа кезек басын бұрып, еш нәрсеге көз тоқтатпастан өзін  қорғайтын біреуді іздейтіндей, кішкене аяқтарын тыпырлатып қояды. Кеудем сыздады, сауып тастайтын уақыты болмаса да емшегімнен сүт ақты. Әрине ол мені іздеп жатыр.  Анасын, мына жарық дүниеге әкелген мені іздеуде, іңгәләған дауысымен «тастайтының бар, дүниеге неге әкелдің?»-деп, кінәлап жатқандай.  Екі аттап қасына жетіп бардым.  Мына кемпірдің есі дұрыс па, неге ашып тастаған, салқын тисін дей ме екен? «Өзім аламын- дейді ғой, оған кім берейін деп жатыр»- деп, кемпірді итеріп жіберіп, сәбиді жаялығына орап, кеудеме бастым, ол шырылдаған сайын кеудем сыздады, сүйектерім сырқырап, денемдегі жіпшелер бырт-бырт үзіліп жатқандай. Иіп кеткен бір омырауымды шығарып жұбатпақшы болып сәбидің аузына тостым.  «Бөпешім, жылама» дей беріп едім, есіме қайдан сап ете қалғанын,  іштей аты «Қасым» болады дедім.  Менің адасқан аққу махаббатыма ескерткіш. Кішкентай Қасым қомағайлана емшегімді еміп жатты, күні бойы ұштары қышып мазасызданумен болып едім, енді рахаттанып бей-жай күйге ендім.  Мыстан кемпірге: Апа, кешіріңіз, қатты итеріп жібердім бе? - деппін. Шүйкедей кемпір маған ала көзімен ата қарағанмен, онысы жүзіндегі қуанышты әрең жасырып тұр еді.

 Үйіміз базарлы болды. Екі жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Мен Әмірді сыйлап тұрсам, ол мені сүйетін де еді, ал, кішкене  Қасым десе шығарда жаны басқа болатын. Үйге келсе мойнынан түсірмейді. Құдай бергенде бала түрінің көбі  маған тартыпты. Қасымды емшектен шығарысымен тағы да аяғымның ауыр екенін білдім. Әмірге айтқанымда, онда тіпті ес қалмады. Өзі қорқып жүргенде өз кіндігінен сәбилі болатынын білгенде өте бақытты еді. Білмеймін тағдыр бірде ақ жолын тосса, бірде қара жолағын тосады емес пе? Айналдырған үш айдың ішінде атам  мен енем аз уақыт қана ауырып, бірінен соң бірі о дүниелік болып кетті. «Жұт жеті ағайынды» - деген емес пе, сол қайғыдан енді арыла бергенде өзінің жеңіл машинасымен келе жатқан Әмір  машинасы тайып жолдан шығып,  жол бойында тұрған екі қабат әйелді қағып кетті. Кейде әдейі адам өлтіргенді соттамайтын сот, оны дөрекі жол ережесін бұзды, екі адамның өліміне себепкер болды деп сегіз жылға соттап жіберді. Тағдыр тәлкегі деп жатушы еді үлкендер, сол шығар,  ешкімге титтей қиянаты жоқ Әмір көзі жаудырап, ернін тістеген күйі темір тордың артына кете барды. Әйелі өлген еркекке  қомақты қаржы апарып, адвокат екеуіміз кешірім сұрасақ та, «кешірмеймін, екі адамымды өлтірді» - деп тұрып алды.  Адвокатым, егер кешірім алсақ, бұл әдейі істелген қылмыс емес, шартты жаза белгілеуі мүмкін деген. Бір баласы ішіндегі, бір баласы сыртындағы мені жылатып, Әмірді сегіз жылға түрмеге отырғызғанда оған не түсетінін білмедім.

Қасымның Маратқа емес маған ұқсағанына құдайға шүкіршілік етемін. Егер Маратқа ұқсаса, маған оны есіме күн сайын салып тұрар еді. Перзентханадан шыққан кезде емізу түгіл, қолыма алғым келмейтін,  ішімде жатқан бір психологиялық кедергілерді жеңуге Әмір көмектесті. «Күләш-ау, сәбидің не кінәсі бар, қарашы қандай сүйкімді, сенен аумайды, мен жанымнан жақсы көремін, балапанды»-деп еміренетін. Аяғым ауыр екенін білгенде ішімді сипап, «мен бақыттымын, мен бақыттымын» - дейтін. Осы жүктілігім туралы хабар, оған әке-шешесінің қайғысын да жеңілдеткендей еді.

Дипломды алғанмен жұмыс істемегенмін. Әмір екеуіміздің жиған азын-аулақ қаржымыз әке-шешесін жерлеуге, адвокат алуға, жол шығындарымен кетті. Жалғыз қуанышым-томпаңдап жүгіріп жүрген ұлым Қасым мен  мені сүйген Қасымның «Күләш,  сен қанатты едің ғой, мойыма, қанатың қайырылмасын» - деген әппақ тілегі ғана. Осы тілек мені талай қиындықтан алып шығып, сүрінген кезде қолтығымнан демеп,  құлаған жерімнен тұрғызған, күш беріп қанат бітірген.  Қасымды тәулік бойы қарайтын балабақшаға бергенмін, үйге сенбі, жексенбі күндері ғана аламын, өзім Әмірге айына бір рет рұқсат берілетін  кездесу  уақыты келгендіктен оған апаратын киімдері мен азық-түлік  әзірлеп, әрі оны осы жерге  қалдыруға адвокат екеуіміз әрекет жасап тағы біраз құжаттар жинап, бір жағынан жұмыс іздеп жүргенмін.

Сондай бір көңілсіз кештердің бірінде  есік қоңырауы берілді. Кір жуып жатқан мен есікті сүлесоқ күйде «көршілердің бірі шығар» деп аша салсам, алдымда Қасым тұр.  Төбемнен жай түскендей, тіл жағым байланып қалды, менің тұратын жерімді қалай білген, қалай тапқан  деймін. Түрім де оңып тұрған жоқ. Құдай-ау,  мені Қасымның  ылғи түрімнің нашар кезінде көретіні несі? Үйдегі дүние, мүліктің тәуірі ақша болсын деп сатылған. Әмірді шығарып ала алмасақ та,  уақытын азайтуға әрекет жасауға қайным екеуіміз келіскенбіз, адвокат оның талай жолы бар, бірақ, бәрі ақшаға келіп тіреледі деген.

Бірақ, өзіме тез келдім. Қасымды ішке кіргізіп, «телевизор қарай тұр», мен қазір келем дегем, ол фотоальбом сұрады. Оны беріп жатып, Қасымның  қыз-жігіттермен түскен суреттерін толық сақтағаным есіме түсіп, ұрлығым ашылып қалғандай қызарып кеттім, оның менде жеке суреті жоқ еді. Жуып жатқан кірімді жинап, ең бірінші әппақ, аққу мойынымды ерекшелеп тұратын мойны ашық көйлек киіп, тарандым.  Әдемілеп боянып, әтір жағып, аса бір іскерлікпен дастархан жасауға кірістім. Қасым қасыма келіп, «әуреленбе, жүр отыршы, әңгімелесейік» - дейді. «Жоқ, біз Әмір екеуіміз үйге ең бірінші рет келген адамды дастарханнан дәм татқызбай жібермейміз» - деймін. Әмірдің аты  тек Қасымнан ғана емес, ішімді өртеп жатқан сезімнен де өзімді қорғау болатын. Үлкен өртке шелекпен су тасып жатқан жандаймын.  Оның мені осындай кезде, осындай жағдайда көргеніне намыстансам да, жағдайымның нашарлығын сездірмеуге тырыстым.  Көршіден қарыз алып, дүкенге барып келдім. Бар жоғы бір сағатқа жетпей Қасым екеуіміз жайнаған дастархан басында отырдық.

- Балаң өзіңнен аумайды екен, ол қайда ?- деген Қасымға  сұйық қаймақ қосылған қою шәйді ұсынып жатқан мен ойымда ешнәрсе жоқ:

-  А, Қасым ба, ол балабақшада - дедім.

-  Қасым?!

Ернімді тістей қойдым, бірақ, бәрі кеш еді, бір нәрсені бүлдіргенімді сездім. Ұсынып жатқан шыныаяқтағы шәй теңселіп, төгіліп кетті. Намыстанып, жағдайымды білдірмеймін деп тырысып жүріп, сақ болуды ұмытып кеткен екенмін.

- Күйеуің қайда? - деген сұрағына, «Ұзаққа, сапарға кетті» - дедім, өтірік айтқым келмеді, шындықты да айта алмадым. Осы жұмбақтап айтқанымнан не түсінсе соны түсінсін. Ауада тұнып қалған ауыр үнсіздікті серпілткім келіп, орнымнан тұрып, «Аққу» күйін қойдым. Асығыс қоя салып едім, қос аққудың да жаны бебеу қағып жатқан жеріне түсіпті. Қасымды білмеймін, менің жаным да бебеулеп жатыр еді. 

Күйтабақ бітті, екеумізде орнымыздан қозғалмадық. Үнсіздікті Қасымның даусы бұзды.

- Мұқият тыңда Күләш, мен бәрін біліп келіп отырмын. Жаны саған ұқсаған қыз кездестіре алмай жүрмін, әлі үйленген жоқпын.  Аяғың ауыр екенін де білемін, күйеуіңнің ұзақ жылға сотталып кеткенін де білем. Мен оқуды бітіргеннен кейін Қызыл-Ордада жұмыс істеп жатырмын. Екеуіміз ұғысқан сол бір түннен кейін, мен саған үйленемін деп, ауылға барып, ата-ана, бауырларыммен сөйлесіп келгенмін.  Ал, сен бір түнде жоқ болыпсың, еңсеңгіреп қалдым. Бір-екі апта есімді жиып, қайда деп іздесем, ешкім білмейді. Гүлнар да «мен жоқта кетіп қалыпты, білмеймін»- дейді. Өмірдің қызығын сен алып кеткендей болып, бөлмемнен шықпай жатып алдым.  Бір күні Гүлнар келіп, «Күләш ешкімге айтпа деп еді, мына түріңмен өлетін түрің бар ғой» - деп, сенің осы қалаға кеткеніңді айтты. Қуанып, жолға жинала бастадым. Сабақтарымды реттеп, тағы ауылға барып, қаржы алып, біраз уақыт өткізіп алсам керек, сосын осы қалаға келіп, Гүлнардың апасына келсем, сені бір жұма бұрын ғана күйеуге шығып кеткен - деді.  Мені менсінбей күйеуге тиіп кетті-деп ойлағам, бірақ, Гүлнардың апасы «ол солай істеуге мәжбүр болды, оны енді іздеме, ауылыңа қайт, сенің де маңдайыңа жазылған адам бар, басқа ештеңе айтпаймын, Күләшқа да сенің келгеніңді айтпаймын»-деген. Ол апайдың «солай істеуге мәжбүр болды»-дегенінен біраз нәрсені ұққандай болдым.  Ішімнен «бақытты бол»-деп, бармағымды тістеп, Алматыға қайтқанмын. Одан кейін талай қызбен танысқанда «осы менің Күләшім шығар»-деймін. Сенің күйеуге шыққаның, балаң бары, тағы бір балаң болатыны мен үшін маңызды емес. Маған тек сенімен бірге болсам, сенімен өмірімді өткізсем болды. Көп болса басқа облысқа көшіп кетеміз, маған сен керексің, балаларың да өзімнің балаларымдай болады, тоқ етерін айтқанда мен сені алып кеткелі келдім...  Сен де мені сүйесің ғой, балаңның да атын Қасым қойыпсың. Ол сөйлеп жатыр, айтып жатыр, мен бірін естісем, бірін естімеймін. Мен үшін осының барлығы түс секілді, алдымдағы виноны ішіп отырмын, ішіп отырмын.

Ол сөзін бітіріп,   «кезек сенікі» дегендей маған қарады. Ол орнынан тұрып, баяу музыка қойып мені биге шақырды.  Ол  сол бір ертегідей түнді қайталағысы келген, менің де қайталағым келген, бірақ...

Көз алдыма темір тордың арғы жағында отырған Әмір келді, үндемейді, тек үнсіз қарайды. Мені  масқаралықтан құтқарып, ұятымды жинап алуға көмектескен, менің ел қатарлы абыройлы ана, үй иесі-әйел, азаматқа жар болуға көмектескен Әмірді қалай жерге қаратып кетемін. Рас, мен оны сүймеймін, бірақ, сыйлаймын, оған қарыздармын. Мені бір ренжіткен, не дауыс көтерген емес. Ешнәрсені бетіме салық қылған емес, көз алдымда Әмір.

Қасым екеуміз билеп жүрміз, қалқып жүрміз. Музыка да бітті.  Кенет Қасым сезіміне ие бола алмай кетті ме, әлде, ашқарынға ішкен шараптың әсері ме, мені құшақтай алып, мойнымнан, көзімнен сүйе бастады.

«Жаным, Күләш, мен сенімен ғана өзімді еркек сезінемін, сенен басқа ешкімді сүйген емеспін, тек сені ғана сүйіп өтем»-деп, өзін ұстай алмаған Қасымның  маған деген тұсаулап келген сезімі, кездейсоқ, үлкен күшпен атылған жанартаудай мені де күйдіріп, жаным мен тәнімді өртеп, менің әлсіз қарсылығымды жайпап барады, бұрынғы ұяң Қасым емес. Бір кезде ерніме жабысты, тілімді сорып жатыр, қатты ауыртып жатқанын да сезбейтін секілді, сорлы денем ырқыма  көнбей,  еріп барамын, еріп барамын...

-Жоқ! - дедім ышқынып, өз даусымнан Қасым түгіл,  айқайлаған өзім де шошып кеттім.  Көз алдыма Әмір келді, ұлым Қасым келді. Әмірге мен бір рет білмей опасыздық көрсетсем, яғни, Әмір менің бетіме шіркеу түскеніне қарамастан үйленсе, екінші рет біліп тұрып опасыздық жасай алмаймын. Мен оған өлгенше адал болуға, бар қуаныш пен қайғыны бірдей бөлісуге, қолымнан келгенше оның маған істеген үлкен жақсылығын қайтаруға, қандай қиындық болса да ол үшін төзуге өзіме өзім серт бергенмін. Қасымға да опасыздық жасай алмаймын. Оның жылдар бойғы маған деген әппақ сезімін дәлелдегеніне, кіршіксіз махаббатының өтеуі- жарты бақыт, жартыкеш сезім, екі еркектің қолы тиген денем бе? Жоқ, Қасымның кіршіксіз таза сезімі, сол аққу сезім күйінде қалсын. Оны бір сәттік нәпсінің құлы болып, кірлетуге Қасымға да, өзіме де жол бермеймін. Сол аққу сезім күйінде сақталсын. Киімдерімді де, қайырылып кеткен қанаттарымды

да түзедім.

- Жоқ, Қасым. Сенің мөлдір махаббатыңның орнына мен жартыкеш сезім, жаралы жаныммен, екі еркек ұстаған тәнімді ұсына алмаймын. Сен менен гөрі таза, менен гөрі қымбатты адамның сезіміне лайықсың. Бір сүйе білетін адам сендей болар. Мен сенің өз қолыңмен қойып кеткен биігіңнен түскім келмейді. Маған деген сезіміңе көп рахмет, мен сені өле-өлгенше ұмытпаймын. Бар жаным, мені де, өзіңді де қинама. Біздің аққу сезімдеріміз адасып ұшып жүр.  Хош бол Қасым, мәңгіге қош бол, мен басына іс түскен азаматымды сүймесем де тастамаймын, оған адал болып өтемін. Кешір мені, кешір...

Теріс қарап, шашын қайта –қайта саусақтарымен тараған Қасым не істерін білмей тұрғандай. Әрең сөйлеп, ішетін су сұрады. Бетімді шәйіп, одан ас үйден кесемен су әкелгенімде Қасымның да бойын жинағанын көрдім. Еңкейіп, туфлиін киіп жатқанда көздерінен екі тамшы жастың үзіліп түскенін байқадым. Сол күйі қолымдағы ұсынған кесені алмастан ,  маған да қарамастан кете барды. Есікті жауып алып ұзақ жыладым, сол жаспен тағдырға деген өкпемді де, Маратқа деген кегімді де, Қасымға деген махаббатымды да - бәрін жуып жатқандаймын. 

Содан түн ортасында басымды көтердім. Зілдей басымды орамалмен шарт байлап алып, үйді жинастырдым, одан Әмірге апаратын жылы киімдерін өтектеп, даярладым.

 Ұйқым келмеген соң, музыка қояйын десем, ән табақшаларының арасынан оралған қағаз шықты. Ішінде жиырма дана жиырма бес сомдық ақшалар екен. Барлығы бес жүз сом. Жоғары оқу орнын  бітірген мұғалімнің жалақысы жүз жиырма, еден жуушының жалақысы алпыс сом екенін ескерсем, бұл  үлкен ақша, қағаздың сыртына «Кішкене Қасымға үлкен Қасымнан» деп жазылған.   Қайран Қасым!  Қасымды сылтау етіп, маған берген  көмегі. Әрине бұл ақша маған қандай керек десеңізші, әсіресе,  қазіргі тиын санап отырған кезімде көп көмегі тиер еді, бірақ, мен  бұл ақшаны қабылдай алмаймын. Мен онсыз да Қасымның алдында үлкен қарыздармын. Ол өзінің әппақ, қымбат, мөлдір, сезімін сыйлады. Не үшін мені суға жұмсағаны енді түсінікті болды, сол кезде қойып кеткен. Оның су ішкісі келген жоқ, маған осыны білдірмей қалдыру үшін жұмсаған.  Альбомнан фотоларын алып қайта-қайта қарадым...Оның жансыз бейнесіне  қарап, ұзақ ойландым. Ақыры бір шешімге келгендей, оның жансыз бейнесімен  «сен менің намысқойлығым мен тәкаппарлығымды білмейтін ба едің, менің аққу сезімімнің иесі-ау ?»-деп, «сөйлесіп» те алдым.  

Ертеңіне ерте тұрып, почтаға барып, Қызылордаға, ол істейтін мекеменің адресіне, оның аты-жөнін көрсетіп бес жүз сомын қайта салып жібердім. Ол ақшаны салу шығынын да өз қалтамнан, көршіден алған қарыз ақшадан жұмсадым. Хабарландырудың жанында сөз жазатын жеріне «Рахмет!» деген жалғыз ауыз сөз жаздым.  Жіберушінің орнына  К. Абзалов – деп, ер адамның фамилиясын  жазуды ұмытпадым. Біреулер бұл ақша жіберген хабарламаны кездейсоқ көрсе ер адамнан келгендей болсын-деп ойладым. Маған тек менің  ақшасын қайта жібергенімді Қасымның өзі түсінсе болды. Екі жұмадан кейін оны Қасымның алғаны туралы пошта хабарламасын алғанда көңілім жайланып, мойнымнан бір жүк түскендей болды.

Ол  жағдайларды әрине Гүлнар білмейді, менің де айтқым  келмеген. Бірақ, арада жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, менің тағдырым Қасымды алаңдатады екен, әлі күнге мен жаққа құлағын тосып, жағдайымды білуге тырысады екен. Ішімнен қош бол менің аққу сезімімнің иесі- деймін. Мен сенің әр таңда ұйқыдан бақытты жан екеніңді сезініп,  оянуыңды тілеймін.

Қасыммен сол кездесуден кейін 2-3 жылдан соң Әмірді поселениеге шығарып  Жетібайға жіберді, екі баламен қасына көшіп барып, пәтер жалдап тұрдық. Қызымды Шевченкоға қайтқанда  босандым. Кейде өзіме-өзім, «осы мен бақыттымын ба?»-деп сұрақ қоямын.  Қадірлейтін жұбайым, ішімнен шыққан екі ұл, бір қызым бар. Әмір екеуімізде жұмыс істейміз. Бұл жолы Алматыға оқуға түскен үлкен ұлымды баяғы, перзентханадан алмаймын дейтін Қасымды орналастыруға келгенмін. Бақытты секілдімін. Бірақ, сиректеу болса да кейде көздерімді бір нүктеге қарап, ұзақ отырып қалатыным бар. Содан соң, жасаураған көздерімді ешкімге байқатпай, балаларымды айналып толғана бастаймын.  Үлкен сезімге кез-келген адам лайық бола бермейді ғой, лайық болса да кез-келген адамның қолы  жете бермейтін шығар деп ойлаймын. Аққулар адасып жүріп, бір-бірін тапса кеш емес, ал адамдар аққу емес қой...

Р. Қамидуллақызы

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394