Жексенбі, 24 Қараша 2024
Үміт пен күдік 7153 0 пікір 6 Қыркүйек, 2016 сағат 10:14

ҚЫТАЙ КӘСІПОРЫНДАРЫ - ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ ҚАУІП

Қытайға сапарға барған Елбасымыз тағы бір су жаңа тақырыптың шымылдығын ашты. G20 саммитінен бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай ақпарат құралдарына сұхбат беріп, Қытайдан 51 кәсіпорын Қазақстанға көшірілетінін жеткізді. Бұл әрине, Елбасының бүгінгі тұралаған экономикамызды алдыға сүйреу үшін жасап жатқан қадамы екенін жақсы түсінеміз. Десек те, Елбасының бұл қадамын қазақ халқы дұрыс қабылдамауы әбден мүмкін. 

Себеп. Себебі, бүгінгі таңда қазақ қоғамында Қытай экспанциясына қарсы тұратын сана қалыптасты. Осыны көре тұрып, дәл осындай жоба дайындау біздің бүгінгі Үкіметтің қабілетсіздігін көресетеді. 

Кеше ғана бүкіл Қазақстанды дүрбелеңге салған жер дауы да сол Үкімет қабілетсіздігінің белгісі еді. Тәуелсіздіктің шаңырағын шайқалтып жібере жаздаған сол дауды Елбасымыз "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай" өте дұрыс жолмен шеше білді. 

Екі тарапқа да бес жылға мұрсат беріп, дұрыс жолды таңдауға мүмкіндік туғызды. 

Осы бір даулы мәселенің қызуы басылмай жатып, Қытайдан 51 кәсіпорынды көшіріп әкелу бықсып жатқан шалаға май құйғандай әсер етуі мүмкін. 

51 кәсіпорын қазақ экономикасын алға сүйрейтіні ақиқат. Десе де, бұл өз кезегінде тәуелсіз елдің мойнына бодандықтың қамытын да ілуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Қытайдан алақан жайып сұрап отырған  26,5 млрд долларымыз қазақтың болашақ тағдырын тас-талқан етуі мүмкін. Белгілі журналист Марат Тоқашбаев осы мәселе жайлы Facebook-тегі парақшасында өз ойын білдіріп, "Қытай еш нәрсені жайдан жай жасай салмайтынын" айтады. "Бұл әрекеттердің негізінде үш себеп жатыр" дейді ол.

Марат Тоқашбаев, журналист:

- Біріншіден, алысты көздейтін саяси себеп – бұл Қытайдың бейбіт экспансиясы. Жер көлемі орасан Қазақстан Қытайды бұрыннан қызықтырып келеді. Қытайға қандай себеппен болса да өзінің Қазақстанға жаппай енуін қамтамасыз ететін жобалар ауадай қажет. «51 кәсіпорын» соның таптырмас жолы. Ал Қытай бір кірген жерінен шықпайды. Ресейдің Қытайға жалға берген жері соның дәлелі.

Екіншіден, бізге көшірілетін зауыттар Қытайдың экологиялық проблемаларын Қазақстанға көшіреді. Өйткені дәл бүгінде Қытай экологиялық қиындықтардың ауыр зардаптарын бастан кешіруде. Қытай компаниялары мен қытай көліктері негізінен арзан отынмен, дизельмен жұмыс істейді. New York Times газеті атап өткеніндей, Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары, әсіресе Қытайдың мұнай, химия корпорациялары мен энергетикалық компаниялары халықтың денсаулығынан гөрі табатын экономикалық пайдасын жоғары қояды. Сондықтан, шенеуніктер экологиялық жаңа нормативтердің қабылдануына жол бермей отыр. «Өзінің бетін аямаған кісінің бетін даладай қылады» демекші, өз елін аямаған қытай кәсіпорындары Қазақстан халқын аяуы мүмкін емес. 51 зауыт Қазақстан үшін орасан проблемалар туғызары анық. Ертең кіргізіп алған соң ол зауыттардың жұмысын не тоқтата алмай, не елден қайта шығара алмай өзімізге өзіміз проблемалар тауып аларымыз сөзсіз. Қазақстанның өз экологиясының да жағдайы жетісіп тұрған жоқ.

Үшіншіден, Қытай жағы «міне, сіздерге 51 зауытымызды бердік, енді өздеріңіз істей беріңіздер» деп қарап отырмайды. 51 зауыт орташа есеппен әрқайсысы мың адамнан жұмысшы, маман кіргізетін болса 51 мың қытай кіреді деген сөз. Оларға қытай мұғалімдері, қытай дәрігерлері, қытай аспаздары керек болады. Ары қарай отбасылары, туыстары, түрлі қызмет салалары қаптайды. «Жерді сатпаймыз!» деген айқайымызды жылаған баланың дауысы сияқты ешкім құлағына ілмейтін болады. Қысқа мерзімде экономика арқылы еліміздегі саяси, әлеуметтік ахуал қытай пайдасына қарай бет бұрады. Шын мәнінде Қазақстанға көшірілмек Қытай зауыттары тәуелсіздігімізге төнген қауіп! Сондықтан, Елбасы бұл жобаға мораторий жариялап, мәселені толық зерттеуден өткізген жөн деп есептеймін. Әйтеуір бармағымызды тістеп қалмайық. Қытаймен ойнауға болмайды!

Түйін

Рас. Әлемді мойындатып отырған Қытаймен ойнауға болмайды. "Мың өліп, мың тірілген" қазақ жұртын аждаһаның аузына апарып, қарнын тоқ ету - тәуелсіздікпен қоштасу деп білеміз. Журналистің бұл ойы - әр қазақтың ойы. Ол оймен Үкіметіміз санаспаса, тағы да комиссия құрып, ырың-жырың болып жүруіміз әбден мүмкін. 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576