Жексенбі, 24 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4690 0 пікір 1 Қыркүйек, 2016 сағат 12:15

ОҚО-ДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚҰНЫ 70,1 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕНI ҚҰРАЙТЫН 144 ЖОБА МАҚҰЛДАНДЫ

Экономикалық дағдарыстың бүгiн-ертең аяқталар түрi жоқ. Бұл жағдай бүкiл әлем халықтарын өте күрделi қиындықтармен бетпе-бет келтiрiп отыр. Кейбiр елдерде iрi компаниялардың банкротқа ұшырап, жүйеқұраушы кәсiпорындардың жабылуы, соның салдарынан туындаған жаппай жұмыссыздық, қымбатшылық пен кедейшiлiк қалыпты құбылысқа айналғалы қашан. Сұраныстың азаюынан сауда тежелiп, салымдардың түспеуi және несиелердiң өтелмеуiнен жекелеген банктер ғана емес, тұтас қаржы жүйелерi құрдымға кетiп жатыр. Мұның бәрi әлемдiк қауымдастықтың ажырамас мүшесi болып отырған Қазақстанды да айналып өтпесi анық. Экономикалық өсiмнiң тежелiп, халықтың әлеуметтiк жағдайының күрт нашарлауының алдын алып, керiсiнше, тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшiн Үкiмет көптеген бағдарламалар қабылдағаны белгiлi.

Бүгiн бiз «Нұрлы жол», Үдемелi индустриалды-инновациялық даму, «Бизнестiң жол картасы – 2020» және басқа да бағдарламалардың орындалу барысын сараптап көрудi жөн санап отырмыз. Сонымен...

Қазақстан Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы қабылдаған негiзгi бағдарламаларының бiрi – «Нұрлы жол». Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған бұл бағдарламасы бiрнеше бағыттан тұрады. Соның iшiнде бiрiншi бағыты жылу, ауызсумен қамтамасыз ету және кәрiз жүйелерiннiң құрылысын жаңғырту және қайта құру жұмыстарын қамтиды. Облыстық экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының деректерiне сүйенсек, бұл бағыт бойынша, 2015-2016 жылдарға 6 жобаға 5 миллиард 500 миллион теңге бөлiнген. Өткен жылы жоспарға сәйкес бiр жоба iске асып, 1,2 миллиард теңгеге 6,5 шақырым жылу құбыры тартылған. Қалған 5 жоба 2016 жылы атқарылуы тиiс. 1 тамыздағы жағдай бойынша 5 жобаға 1,1 миллиард теңге бөлiнген және толықтай игерiлген. Қаржыландыру бекiтiлген жоспарға сәйкес жүзеге асады және тиiстi қаржы жыл соңына дейiн игерiледi.

Бағдарламаның келесi бағыты тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға арналған. Өткен жылы Ұлттық қордан бөлiнген 160,8 миллион теңгеге 324 пәтерлi 9 қабатты үйдiң құрылысы аяқталып, халықтың игiлiгiне берiлсе, биыл бұл бағыттағы жұмыстың көлемi әлдеқайда ұлғайғаны байқалады. Атап айтар болсақ, 2016 жылы инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымның 11 нысанының құрылысын жүргiзуге Ұлттық қордан 5 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлiнген. 1 тамыздағы жағдай бойынша, 1,6 миллиард теңге игерiлiптi.

-- Үшiншi бағыт әлеуметтiк инфрақұрылымды жетiлдiруге арналған. 2015 жылы бұл бағытта 9 мектеп пен 1 балабақша салынды. Оған 2,8 миллиард теңге жұмсалды. Ал, биыл бұл бағытқа бөлiнiп отырған қаржы қомақты. Дәлiрек айтсақ, Ұлттық қордан 13 миллиард теңге бөлiндi. Бұл қаржыға 23 мектеп пен 1 балабақшаның қайта құру жұмыстары мен құрылысы жүргiзiлуде. Тамыз айының басындағы деректер бойынша, 5 миллиард 405,3 миллион теңге игерiлген, -- дейдi облыстық экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жанболат Олжатай.

Көрiп отырғанымыздай, «Нұрлы жол» бағдарламасы қарапайым адамдарға ең қажеттi нысандарды салу мен жаңартуға бағытталған. Мектеп пен балабақшалардың салынуы, ауызсу мен жылу желiлерiнiң жаңартылуы – мұның бәрi қарапайым тұрғындардың күнделiктi өмiрiн жақсартуға сеп болары сөзсiз. Бiлесiз бе, бұл бағдарламаға Ұлттық қордан да қомақты қаржы бөлiнiп отыр. Ұлттық қор дегенiмiз — Елбасының көрегендiгiнiң арқасында қалыптасқан халықтың ортақ қазынасы. Оған жылдар бойы табиғи ресурстар экспортынан түскен қаржы осындай күрделi кезеңде жинақталған. Бiр ауыз сөзбен айтқанда, Ұлттық қордың қаржысы — халықтың несiбесi. Демек, «Нұрлы жол» бағдарламасын орындауды мiндетiне алған лауазымды тұлғалар осынау жауапкершiлiктi толықтай сезiнуi тиiс.

Ел экономикасын шикiзатқа, оның iшiнде «қара алтынның» экспортына тәуелдiлiктен арылту — Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұстанған саясаттың басым бағыттарының бiрi. Бұл жұмыстар Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асып келедi. Оңтүстiк Қазақстан облысында бағдарлама басталғалы берi Индустрияландыру бағдарламасына енген 143 жоба жүзеге асқан. Оның жалпы құны 223,3 миллиард теңгенi құрайды. Өңiрде барлығы 12 600 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның iшiнде алғашқы бесжылдықта құны 176,5 миллиард теңгенi құрайтын 115 жоба жүзеге асып, 10 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Осы кезеңде ҮИИД бағдарламасы аясында өңiрiмiзде ашылған кәсiпорындар 180 миллиард теңгенiң өнiмiн өндiрiптi.

Екiншi бесжылдықта Индустрияландыру картасына 119 жоба енген. Оның жалпы құны 846 миллиард 100 миллион теңгенi құрайды. Яғни, тартылатын инвестиция көлемi бiрiншi бесжылдықпен салыстырғанда 4 еседей көп. Сондай-ақ, 2019 жылға дейiн 18 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

-- Биыл Үндемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында 16 жобаны iске қосу жоспарланған. Бұл жұмыстарға 27,2 миллиард теңге инвестиция тартылады. Аталған кәсiпорындар толықтай жұмыс iстей бастағанда жаңадан 845 жұмыс орны пайда болады. Бүгiнге дейiн екеуi iске қосылды. Олардың бiрi – «Шымкент май» акционерлiк қоғамының өсiмдiк майын өндiру көлемiн ұлғайтуға бағытталған жобасы. Жоба аясында 1 миллиард 920 миллион теңге инвестиция құйылып, кәсiпорында қосымша 26 жұмыс орны ашылды. Ал, екiншiсi – Қазығұрт ауданындағы «Lotus Food Company LLC» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң тез әзiрленетiн тағамдар өндiру зауыты. Жаңа кәсiпорынның жалпы құны 471 миллион теңгенiң құраса, онда 48 жаңа жұмыс орны пайда болды, -- дейдi облыстық кәсiпкерлiк, индустриялдық-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сыдықов.

Оның айтуынша, 2016 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Индустрияландыру картасына енген кәсiпорындар 59,7 миллиард теңгенiң өнiмiн өндiрген.

Оңтүстiк Қазақстан облысында бизнестi қолдау мен дамытудың бiрыңғай бағдарламасы – «Бизнестiң жол картасы – 2020» барынша нәтижелi жүзеге асуда. Олай дейтiнiмiз, 2016 жылдың 7 айында «Бизнес ОҚО» аймақтық Үйлестiру кеңесiнiң 7 отырысы өтiп, онда жалпы инвестициялық құны 70,1 миллиард теңгенi құрайтын 144 жоба қаралып, мақұлданды. Жобалар толық iске асқан кезде 1213 жұмыс орны құрылатын болады.

Бағдарламаның бiрiншi және екiншi бағыттары бойынша бiрқатар жұмыстар iстелдi. Бiрiншiден, 78 жобаны жүзеге асыруға екiншi деңгейлi банктерден алынған несиенiң пайыздық үстемеақысын субсидиялауға 19 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған. Соның арқасында кәсiпкерлерге банктерден алған несиесi 7 пайыздық үстемеақымен түсiп отыр.

Екiншiден, «Даму» кәсiпкерлiктi дамыту қоры» акционерлiк қоғамы 5 жобаға алынған несиенiң бiр бөлiгiн кепiлдендiрудi мiндетiне алды. «Бизнес ОҚО» өңiрлiк үйлестiру кеңесiнiң кезектi отырысында мақұлданғандардың қатарында «Ұлан» ғылыми-тәжiриберлiк базасын дамыту мен кеңейтуге бағытталған жеке кәсiпкер Оразалиевтiң жобасы да бар. База қонақүйлер мен спорттық-сауықтыру кешендерiн қамтиды, спорттық құрылғылар сатып алу мен тұрғын жай салу есебiнен кеңейтiледi. Ал, мақұлданған екiншi жоба бойынша Бақытгүл Баймырзаева нан-тоқаш және кондитерлiк өнiмдер шығаруды қолға алады. Несиеге алынған қаражат цехтың құрылыс жұмыстарына жұмсалмақ. Қолдауға ие болған үшiншi жоба бойынша «Нұр АСУ» мектепалды шағын орталығы кеңейтiлсе, «Санжар» ЖШС диiрмен кешенiн сатып алуды көздеп отыр. Бұл – төртiншi жоба. Сондай-ақ, бидай өңдеумен айналысатын «Асыл LTD» ЖШС мемлекеттiң қолдауының арқасында өзiнiң айналымын толықтыруды жоспарлауда.

«Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасының үшiншi бағыты кәсiпкерлердiң валюталық тәуекелдерiн төмендетуге арналған. Осы мақсатта үш жобаның банктерден алынған несиесiнiң пайыздық үстемеақысы субсидияланды. Оған 4,7 миллиард теңге жұмсалған.

Жалпы, 2016 жылы облыста аталған бағдарлама шеңберiнде 464 безнес-жобаға мемлекеттiк қолдау көрсету жоспарланған. Оған 5 миллиард 673 миллион теңге бөлiнiптi. Бағдарламаны бағыттар бойынша саралар болса, 350 жобаның екiншi деңгейлi банктерден алған несиесiнiң пайыздық үстемеақысын субсидиялауға 3 миллиард 296,2 миллион теңге бөлiнген. Ағымдағы жылдың 6 айында 333 жобаға 2 миллиард 164 миллион теңгенiң қолдауы көрсетiлiптi. Ал, 35 жобаның банк займдарына кепiлдiк беруге 214,8 миллион теңге жұмсаған. Шағын кәсiпкерлер әзiрлеген 29 жобаға 85 миллион теңгелiк грант үлестiрiлiптi. Сондай-ақ, тағы 17 жобаның жұмыс iстеуi үшiн қажеттi инфрақұрылымды жүргiзуге 1 миллиард 771,9 миллион теңге бөлiнiптi. Оның 700 миллионға жуығы Ұлттық қордың, қалғаны жергiлiктi бюджеттердiң қаржысы.

Экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының мәлiметтерiне сүйенсек, «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2016 жылдың 7 айында 4 миллиард 074,3 миллион теңге бөлiнсе, соның 3 миллиард 844,9 миллион теңгесi игерiлген. Яғни, жоспарланған қаржының 96 пайызы игерiлген. Бұл — Оңтүстiк Қазақстан облысында өнеркәсiп пен кәсiпкерлiк, дағдарысқа қарамастан, ойдағыдай дамып жатыр деген сөз.

Оңтүстiк Қазақстан облысы — қашаннан аграрлы өңiр. Облыста 5 миллион 674 мың гектардан астам жайылым, 1 миллион 13 мың гектардан астам егiс алқабы бар. Оның iшiнде 470 400 гектары — суармалы егiстiк. Осынау орасан зор байлықты ел игiлiгi жолында тиiмдi пайдалану — маңызды мiндет. Сондықтан «Агробизнес – 2020»

бағдарламасының облыстағы орындалу барысына тоқталмай өту мүмкiн емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлiметтерiне сүйенсек, биыл аталған саланы дамытуға 28 миллиард 723,2 миллиард теңге бөлiнген. Оның 3 миллиард 210 миллион теңгесi республикалық бюджеттен қаралған.

Бағдарламаның бiрiншi бағыты агроөнеркәсiп кешенi субъектiлерiнiң несиесi мен лизингтiк мiндеттемелерiнiң пайыздық үстемеақысын субсидиялауға арналған. Бұл бағыттың әкiмшiсi осыған дейiн ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi болып келген. Ағымдағы жылдың екiншi жартысынан бастап бұл құқық жергiлiктi бюджетке берiлуде. Ал, екiншi бағыт бойынша түрлi тауарлар, жұмыстар мен қызметтердiң ауыл шаруашылығы нысандары үшiн экономикалық қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету көзделген. Ағымдағы жылы агроөнеркәсiп кешенi субъектiлерiнiң инвестициялық салымдар кезiндегi шығынын өтеуге 6 миллиард 125,4 миллион теңге бөлiнсе, есептi кезеңде соның 2 миллиард 227,9 миллион теңгесi игерiлген. Сондай-ақ, элиталы тұқым мен көшеттiң, жанар-жағармайдың, минералды тыңайтқыштардың, ағын судың қолжетiмдiлiгiн арттыруға, егiлетiн тұқым мен отандық мақта талшығының сапасын анықтайтын сараптамалар өткiзуге, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн терең өңдейтiн кәсiпорындардың шығындарын субсидиялауға қомақты қаржы жұмсалған. Мемлекет тарапынан көрсетiлiп жатқан осынау қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы саласындағы өнiм көлемi биыл қаңтар-шiлде аралығында өткен жылғы тиiстi кезеңмен салыстырғанда 2 пайызға артып, 160 миллиард теңгенi құрады.

Мiнеки, осының барлығы жергiлiктi мемлекеттiк органдардың Елбасы тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмысының нәтижелi екенiнiң айғағы. Мемлекеттiк бағдарламалардың қай-қайсысының да қабылданған кездегi түпкi мақсаты — халықтың тұрмысының түзелiп, табысының артуына сеп болу. Бiздiңше, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан осынау ауқымды жұмыстар жерлестерiмiздiң күнделiктi өмiрiне тек қана оң әсер етуде.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан»

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560