Жұма, 17 Қыркүйек 2021
Мәйекті 3359 0 пікір 30 Тамыз, 2016 сағат 09:56

МАРАТ ТОҚАШБАЕВ. КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ КЕМІСТІКТЕР

Ертең, 30-тамызда еліміз Ата заң күнін атап өтеді. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының қолданыста жүргеніне 21 жыл болыпты. Негізгі заң еліміздің кеңестік кезеңнен кейінгі өтпелі уақытында өз міндетін орындады. Ең бастысы – тұрақтылық пен тыныштықтың орнығуына, жаңа жас мемлекеттің қалыптасуына, ішкі саясатта құқық тәртібін нығайтуға, сыртқы саясатта – Қазақстанның әлемдік қауымдастың толық мүшесіне айналуына мүмкінік берді. Ата заңымызды мақтан көріп, кәдімгідей арақаланып жүрдік.

ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов 25-тамыз күні журналистерге берген сұқбатында Президенттің мемлекеттік органдардың арасында кейбір өкілеттіліктерді қайта бөлуге байланысты өзгерістер енгізу қажеттігі туралы пікіріне сәйкес кейбір нәрселер жасалып жатқанын айтыпты. Шынында да меніңше Ата заңға енгізілетін, міндетті түрде енгізетін өзгерістер бар. Өйткені бүгінгі 21 жылдық биіктен қарасақ, оның толып жатқан кемшіліктері көзімізге ұрып тұрады.

Ең алдымен Ата заңымыздың аңдатпасынан (преамбуласынан) бастайын. Онда Қазақстандағы мемлекет құраушы Қазақ халқының құқықтық орны мен Қазақстан халқы алдындағы шоғырландырушы, ұйыстырушы, жауапкершілік рөлі ұмыт қалған. Ғасырлар бойы ел мен жердің тәуелсіздігі, ұлттың азаттығы жолында қазақтан басқа ешкім күрескен емес. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – жоңғар басқыншылығына қарсы үш ғасырлық шайқастардың, үш ғасырлық патшалық Ресей отаршылдығына қарсы 400-ден астам көтерілістің, кешегі Желтоқсан қаһармандықтарының нәтижесі. Ол преамбулада атап тұрып көрсетілуге тиіс болатын. Осы кемістіктің салдарынан Қазақ халқының құқықтық мәртебесі бүгінде онда тұратын диаспоралардан да төмен қалып отыр.

Кеңестік кезеңде еліміз Қазақ АССР-і, одан кейін «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деп аталатын. Яғни атынан-ақ ұлттық мемлекеттіліктің белгісі көрініп тұратын. Сол кезде-ақ ол ҚАЗАҚ ҰЛТЫ үшін құрылды. Тәуелсіздік жылдарында бұл дәстүр жетіле түсуі керек еді. Мәселен, «Қазақ Республикасы» болып. Бірақ біз тәуелсіздіктен кейін кері кетіп барамыз. Алысқа бармай-ақ қоялық, 
1991 жылғы 16-желтоқсанда қабылданған бәріміз мақтан тұтатын «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы конституциялық заңының» аңдатпасында «қазақ ұлтының өзiн-өзi билеу хұқын растай отырып» деген тіркес бар. Осы конституциялық заңының 8-бабында «Қазақ ұлтының және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар өкілдерінiң мәдениетiн, дәстүр-салтын, тiлiн қайта түлетiп, дамыту, ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту мемлекеттiң аса маңызды міндеттерінің бiрi болып табылады» деп мемлекет құраушы ұлттың орнын нақтылап қойған. 1993 жылғы конституциямыздың аңдатпасында «..қазақ мемлекеттілігінің мызғымастығы негізінде...» (осындағы және ары қарайғы аудармалар ресми емес –М.Т.) деген тіркес болса, ары қарай: «Қазақстан Республикасы өзін өзі билеген қазақ ұлтының мемлекеттік формасы ретінде өз азаматтарын теңдей құқықпен қамтамасыз етеді» деп тұжырымдайды.

Ақиқаты да әділдігі де осы емес пе! Тамаша формулировка! Ал қолданыстағы 1995 жылғы Негізгі заңымызда қазақ халқының конституциялық, демократиялық құқықтықтары жетілдірілу орнына тіпті мүлде ескерілмей қалған. Аңдатпада «біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып...» деп сипай қамшылап кете береді. Құдды бір жер бетінен жойылған әлде бір «байырғы қазақ» халқы туралы хабарлап тұрған тәрізді. Сондықтан Конституциямызға қазақ халқының мемлекет құрылтайшысы екендігі туралы тұжырымды қайтару қажет!

Жақын көршіміз Өзбекстан Конституциясы: «...ӨЗБЕК мемлекеттілігін дамыту тәжірибесіне сүйене отырып» деп басталса, Испания Конституциясы «Испан ұлты» деген тіркеспен басталған. Германия Конституциясында: «Жаратушы Иеміз бен адамдар алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, бүкіл әлемдегі бейбітшілік ісіне қызмет етуге құлшыныспен бірлескен Еуропаның тең құқылы мүшесі ретінде НЕМІС ХАЛҚЫ өзінің құрылтайшылық құқығы арқылы өзіне осы Негізгі заңды белгілейді» деп көрсеткен. Сонда өзге мемлекеттер конституциясында мемлекет құрушы ұлттың орнын көрсетуге болады да Қазақ халқының өз Конституциясында өзінің мемлекет құраушы ұлт екендігін, тарихы орны мен рөлі туралы көрсетуге болмай ма?!.

Қазақстанның қазіргі (2016 ж) қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы жалпы халықтық референдумда қабылданған Негізгі заңнан жер мен көктей мүлде алшақ. 21 жылда Ата заңымызға 59 (елу тоғыз!) өзгеріс пен толықтыру енгізілген. Ерінбей санап шықтым. Бұдан өзге баптарға жасалған Конституциялық Кеңестің отызшақты түсіндірмесі тағы бар. Демократиялық қағидалар мүлтіксіз сақталатын елдерде (АҚШ, Германия, Франция, Испания, Дания, т.б.) конституциялары өзгермейді. Ата заңға Президентінен (монархынан) бастап бәрі бағынады. Біздегі өзгерістер мен түзетулердің көптігіне қайран қалмасқа шараң жоқ.

Әлемдік тәжірибеде референдумда қабылданған құжаттарға Парламент түбегейлі өзгеріс енгізе алмайды. Маңызды өзгеріс пен толықтырулар көбіне тек референдумда ғана жасалады. Біздің Конституциямызда Ата заңға Парламент арқылы өзгерістер жасау құқығы бәрін бүлдіріп тұр. Соның салдарынан электорат Конституцияға жасалар өзгерістер мен толықтырулар туралы ол қабылданып кеткен соң ғана хабардар болып жүр. Парламент енгізген 59 (!!!) түзету мен толықтырудан кейін қолданыстағы Ата заңымызды бүкілхалықтық деуге де, демократиялық деуге де ауыз бармайды.

Сондай-ақ қарапайым сайлаушылардың Парламент депутаттығына сайлау мен сайлану құқығы қолданыстағы Конституциямызға іс жүзінде қайта енгізілуі тиіс деп ойлаймын. Депутаттарды Мәжіліске мажоритарлық жүйемен партиялар арқылы сайлау азаматтардың сайлауға тікелей және төтелей, жасырын түрде дауыс беру құқығын шектеп жүр. Кешегі кеңестік кезеңде сайлау тұсында «коммунистер мен партияда жоқтардың блогы» дейтіні есімізде. Бізде партияда жоқтар құқығы мүлде ескерусіз қалған.Олар Мәжіліске сайлана алмайды. Үстіміздегі жылғы қаңтар айының соңында өткен құрылтайында «Нұр Отан» партиясына 849 мың 647 адам мүше екендігі айтылған. Басқа 5-6 партияның әрқайсысын максимум жарты миллионнан деп есептегенде еліміздегі тіркелген партиялардың мүшелерінің саны 4 миллионға жетпейді. 18 миллион халықтың дауыс беруге қабілетті 9 миллионының тең жартысы әлдебір партияға мүше болмағандықтан конституциялық құқығын жүзеге асыра алмай қағыс қалып жатыр. Бұл да конституциялық қиғаштық.

Екі палаталы Парламент те Қазақстанға көптік қылатынын өмір көрсетіп жүр. Әділет министрлігінің заң қабылдайтын қос департаментіне айналып бара жатқан Сенат пен Мәжіліс ел үшін тағдыршешті тұстарда кесімді сөзін айта алған емес. Таяуда шиеленіскен шетелдіктерге Жер сатуға байланысты дау Парламенттің халықтық сипаттан айырылып қалғанын көрсетті. Сенат жанама сайлау тәсілімен, Мәжіліс партиялық мажоритарлық тәсілмен сайланып жүргендіктен екеуі де іс жүзінде бірін бірі қайталайды. Президент әкімшілігінің қақпақылынан шыға алмайды. Сондықтан «Халық қалаулысы» болу үшін парламент сайлауының әлдеқайда демократиялық тікелей және төтелей, жасырын дауыс беру жолы қайтарылуға тиіс. Әрі Парламенттің екі палатасынан гөрі өзін өзі депутаттыққа ұсыну құқығы сақталған шынайы демократиялық жалқы палата әлдеқайда тиімді болары анық.

Ата заңымыздың 51-бабының 1-тармағында «Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылса, ал Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңның Сайлау жүйелерi туралы 9-бабының 1-1 тармағында «Саяси партиялардан Парламент Мәжілісінің депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдермен сайланады» дейді. Мұндай конституциялық қайшылық қайдан пайда болған? Қызық болғанда осы заңның 37-бабында «Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары енгiзiледi» деп түйінделген. Сайлау бюллетеніне партиялардың аты жазылса онда депутаттарды тең және төте сайлау қалай жүзеге аспақ? «Партиялық тізімдермен сайлану» қай партия көп дауыс алса сол партияның тізіміндегі партия мүшелері депутаттыққа өтетіндігін білдіреді. Конституция мен конституциялық заңдарда (қалған күллі заңдарда да) қайшылықтар болмауға тиіс.

Ата заңымыздың мемлекеттік тілге қатысты тұсы да солқылдақтықтан шаршатты. Конституциядағы 7-баптың екінші тармағындағы «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген норма алынып тасталуы тиіс. Қазақстандағы қазақ халқының саны қазір 67 пайыздан асты. Республиканың 25 жасқа дейінгі тұрғындары арасында қазақтар 80 пайыздан астам үлесті құрайды. Сондықтан орыс тіліне жалтақтықты қою керек! Қазақстанда орыс диаспорасы 3,5 миллиондай ғана. Германиядағы орыс диаспорасы 4 миллионнан астам. Олар Германия Конституциясына орыс тілін ресми етіп енгіз деп жатқан жоқ қой.

Өзінің ұлттық мемлекеттілігін нығайтып жатқан Өзбек елі конституциясының 4-бабында «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тілі өзбек тілі болып табылады. Өзбекстан Республикасы оның аумағында тұратын ұлттар мен ұлыстардың тіліне, әдет-ғұрпы мен дәстүріне құрметпен қарауды, олардың дамуына жағдай жасауды қамтамасыз етеді» деп шаруаны оп-оңай тындыра салған. Бізге де тап осы формулировка жарап тұр.

Сот билігі саласы да конституциялық реформаға өте мұқтаж. Сот судьялары корпусын сайлау да бүкілхалықтық тікелей және төтелей жасырын дауыс беру жолымен жүзеге асырылғаны жөн. Сайлаушылар алдында жауап бермейтін сот судьясы халық пікірін құлағына да ілмейді. Сондықтан өз қатарындағы коррупцияны да тыя алмай отыр. Сотқа халық сенімі өте төмен. Болмашы нәрсе үшін сот шешімдері барлық сатылардан өтіп Жоғарғы Сотқа дейін шағымдалып жатады. Соттың әділдігіне сенім орнаған кезде азаматтар төменгі сот сатысының билігіне тоқтайды. Біз соған жетуіміз керек!

Сондай-ақ, қолданыстағы Конституция БҰҰ 1948 жылы қабылданған «Жалпыға ортақ адам құқықтарының Деклрациясына», 1990 жылы қабылданған «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына» сәйкес болуға тиіс. Өйткені, сол құжаттың соңғы бабында Декларация елдің алдағы Конституциясына негіз болу керектігі шегеленген. Екі құжатты үңіліп салыстырып қараған адамға Декларацияның кейбір тұжырымдары Ата заңға ілінбей қалғанын байқауға болады. Айталық, Декларацияның 2-бабында: «Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады» делінген. Ал қолданыстағы Ата заңымызда ұлттық мемлекетімізді қорғау түгілі, оны азаматтық мемлекетке ойыстыру бағыты көзге ұрып тұр. Бұл Ата заң емес Өгей заң сияқты көрініп кетеді. Осының бәрі елімізге конституциялық реформалар аса қажет екендігін байқатады.

Мен заңгер емеспін. Бірақ Ата заңымыз туралы Отанымыздың қарапайым азаматы ретінде өз пікірімді білдірдім. Қоғам жетілу үшін оның заңдық, құқықтық негіздері де жетілуге тиіс деп есептеймін. Егер осы күнге дейін 59 түзету мен толықтыру енгізілген болса мен жоғарыда айтқан мәселелерді де Парламенттің қолданыстағы Негізгі заңға енгізе салуына еш кедергі жоқ!

Материал автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.

Abai.kz

0 пікір