Сенбі, 23 Қараша 2024
Мың бір мысал 4667 0 пікір 26 Тамыз, 2016 сағат 13:09

ЖАРНАМАСЫ - ЗОР, ТАУҚЫМЕТІ - СОР...

Халықтың назарына осы банктің жарнамалары жиі ілінеді. Әу дегенде елдің ойына көптен қолжеткізе алмай жүрген баспана мәселесін шешуге деген үміті жылт етері сөзсіз. Дегенмен ТҚЖБ шынайы соқпағынан өтіп көргендер мақтауынан гөрі машақатын көбірек айтуда. 

Кез келген коммерциялық мекемелер тұтынушылар тарту мақсатында жақсысын асырып, жаманын жасырып қалары бар. Десе де тұтынушыны көп әуреге салмай қалауын тауып беру – ең мықты жарнама болары сөзсіз. Бірақ бұл қағида ТҚЖБ не жүрмейді екен. Неге дерсіз?  

Құрылғанына табаны күректей 13 жыл болса дағы тұтынушылармен жұмыс істеуде оларды әуре-сарсаңға салатын талаптары тым көп. Өзге екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда баспана алуға несие беруі анағұрлым қиын. Есесіне пайызы аз дерсіз жарнамаға сеніп... Қателесесіз, ТҚЖБ жарнамасы кәдімгі алдау деуге болады. Алатын баспана құнының 50 пайызын сіз жинайсыз, ал 50 пайызыны банк береді. Пайыздық үстеме 8,5 пайыз 100 пайыз үйдің құнына жүреді. Тереңірек ойлансаңыз пайыз 8,5*2 = 17 пайыздық көрсеткіш болып тұр. Басқа банктерде тек алған сомаңызға жүреді және үстемесі 15-16 пайыздық көрсеткіштен аспайды. Бұдан өзге банктің ми ашытатын мыңдаған талаптары мен бітпейтін қызметіне алатын коммиссиялық ақылары бар. Ал алтын уақытыңызды ұрлауға келгенде бармақ шайнауға дейін барасыз. 

Біздің жанұямыздың ТҚЖБ –нен баспана несиесін алмақ болып бармақ шайнаған жағдайымыз туралы жайып салғым келеді. Мүмкін банк басшылары ойланып халыққа тиімді жағдайлар жасап қалар, я болмаса әлдебіреулерді әурешіліктен азат етермін. 

Жарнамаларға сеніп 2009 жылдан бері аталған банкке Астана қаласында шот ашып, қаражат жинай бастадық. Жинаған қаражатымыз Астананың жыл сайын бағасы аспандайтын баспанасына жете алмай қала берді. Одан беріде теңгенің құны үш рет қатты құлдырап, тіптен үмітіміз үзілді. 2016 жылдың жазында жеті жыл бойы жинаған 2 млн теңгеден астам қаражатымызды банктен алуға бел байладық. Бірден алу мүмкін емес, өтінішіңізді кемінде 5 күн қарап отырып алады. Осы соманы өзге банкке салғанда әлдеқашан тиімді үстемемен өсіп, қалаған уақытта қолма қол алған болар едік. Алайда ақшаны алуға келгенде банк менеджерінің ақылымен тұрғын үй заемын рәсімдеп 2 есе қаражат алуға шешім шығардық. 

Заемды тек Шымкент қаласынан рәсімдеуге мүмкіндігіміз болды. Өйткені банкке қоятын тұрғын үйіміз осы қалада орналасқан болатын. Өз үйін сеніп тапсырған жақын туысымыз болатын. Әлбетте үй құжаттарынан мін таппайтындай етіп түгелдеп бардық. Өтінішті қабылдап алған жас менеджер 2 күн күттіріп, тиісті мамандардың қосымша құжаттарды талап ететінін айтты. «Ситуационный план» деп аталатын бұл құжат көрші үйлердің кадастрлық нөмірлері түскен жергілікті жер қатынастары бөлімі беретін қағаз екен. Орындау мерзімі кемі 5 күн. Аталмыш құжаттың қаншалықты қажеті барына ми қатырып жатпастан жылдам жасау мақсатында таныс іздеп сандалып, тегін берілетін қағазды бақандай 8 мың теңге беріп жасаттық. Бұл құжатты тапсырғаннан кейін банктік мақұл дей салуын күткеніміз қате бопты. «Иә» немесе «жоқ» деген жауапты тағы 3 күн күттік. Бағалаушылардың жазбасында қате кетіп, көрсетілген ескертуді 15 минут ішінде түзеттіріп әкелдік. Бар ойымыз тезірек рәсімдеу жұмыстарын аяқтап, керек қаражатты қолымызға алу емес пе. Ақша керек кезде әрбір сағат алтынға бергісіз болатыны рас. Біз уақытты сағаттап емес, ТҚЖБ «күте тұрыңыз» деген әуресімен апталап жоғалттық. 5 млн теңгеге езуімізді бекер керіппіз. Банк менеджері бағалау қағазын мұқият қарап отырып, 4 млн 660 деп шарт түзді. Барға қанағатшыл ниетімізбен шартқа қол қойдық. Бірақ жоғарыда басқа мамандар (оларды көрмедік) 3 млн 660 деп шешім қабылдап тұтастай 1 млн шорт кескен. Тағы 3 күн өткізіп алып, жаңа Шартқа қол қойдық. Айта кету керек, шынайы сатушы болса өз үйінің құнын нарық бағасынан анағұрлым арзан болғанына келіспейтіні анық және үйін осы банк арқылы сатудан бас тартуы ғажап емес. Осы банктің қабырғасында жүріп, сатушылардың бас тартып, әуре-сарсаңға түскені ғана қалған талай тұтынушыларды кездестіргенімді жасыра алмаймын. Біздің жағдайымызда үйді заемға беріп тұрған өз туысымыз болғандықтан ғана үйді рәсімдеу одан әрі жалғасын тапты. Алайда, көңіл қалатын тұстары әлі алда екен. Әрбір ескертпелерді жылдам түзетіп әкеле қойғанмен банк менеджерлері аспай-саспай әрқайсысына 3-5 күн уақыт шығындайды. Оны жұмыстың көптігімен түсіндіріп, банктің ішкі мехнатын айтып тұтынушының басын қатырады. Сақтандыру шартына келгенде біз рәсімдеп жатқан саман үйлерге ерекше талап қойылыпты. Бірден барлық несиелеу уақытына сақтандыру қажет. Біздің жағдайымызда тұтастай 10 жыл. Айта кету керек, ҚР Заңнамаларына сәйкес қандай да бір сақтандыру шарты 1 жылдан аспауға тиіс. ТҚЖБ басшылары заңды аттап өтіп, тұтынушылардан мүмкін болмайтын талаптарды да сұрайтынына көз жеткіздік.  Нәтижесінде қаншама пайдасы жоқ ақы-пұлдарды төлеп, қосып алмақ түгіл өз қаражатымызды қайтып алу мұң болды. Бұл - ИСО 9001 сапа стандартына сәйкес сертификаты бар банктің тірлігі. Осылайша 1 айдан аса уақытымызды текке шығындадық. Астанадағы жұмысымыздан қалып, айлықтан айрылдық, үйімізден жырақта жүріп, қосымша шығындарды көбейтіп алдық. Осылайша сандалтып қойған банкке қай рахметімді айтайын. 

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354