Жер дауын қалай шешуге болады?
ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN газетінің дөңгелек үстелі
Ата-бабаларымыздан мұраға қалған жер дауы күннен-күнге өршіп тұр. Шаңырақтың мұң-зары айналасына жайылып, соңғы бір жарым айдың ішінде Алатау ауданының 8 ауылында 121 үй жермен-жексен қиратылды.
ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN газетінің дөңгелек үстелі
Ата-бабаларымыздан мұраға қалған жер дауы күннен-күнге өршіп тұр. Шаңырақтың мұң-зары айналасына жайылып, соңғы бір жарым айдың ішінде Алатау ауданының 8 ауылында 121 үй жермен-жексен қиратылды.
Жер болғанда да қандай жерлер десеңізші?! Қазаққа өз елінде, өз жерінде пана таптырмауға айналған билік, атап айтқанда Алматы қаласы әкімінің қолымен от көсеген Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров мәні зор зорлығын тыныш жатқан «Ақбұлақ», «Трудовик» ауылдарына жалғастыруға кіріскенін алдыңғы нөмірімізде жазғанбыз. Прокуратура, заң орындарының рұқсатына қарап жатқан олар жоқ, «Заңсыз салынған үйлерді заңсыз бұзамыз!» - деген ұранмен халықты зар қақсатып жатқан көрінеді. Осыған орай билік пен халықты беттестіріп, істің насырға шаппай шешілуін қалаған біз дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, жаңадан тағайындалған қала прокуроры Естаев, Ішкі істер Департаментінің бастығы Ерлан Тұрғымбаев, Алматы қалалық жер қатынастарын реттеу басқарамасының төрағасы Бекқали Торғаев мырзалар дөңгелек үстелге арнайы шақырылғандықтан, өздері келмесе де, өкілін жіберер деп бекер үміттеніппіз. «Халықтың қамын біз де ойлап жүрген азаматпыз» дегенді жиі айтатын Алатау ауданының әкімі Б.Мәнізоров, обалы не керек, орынбасары Әбдібековті жіберіпті. Алайда, Әбдібеков өз жақтастарының төбесі көрінбеген соң, көлігіне қайта отырып, ләм-мим деместен тұра зытты. Бұл биліктегілердің халықты менсінбегені ме? Әлде «ұрының арты қуыстың» кебі ме? Не де болса, шақырғанға келмеген дөкейлердің дөң қылығы дөңгелек үстел басына жиналған алатаулықтар мен өзге де қоғамдық ұйымдардың мүшелеріне жұмбақ күйінде қалды. «Өзіміз осында жүргенде бұлар барып үйімізді қиратып кетпей ме?» – деп санасы сан-саққа жүгірген халық бір пәс аяқ жазып отырудан да қалыпты.
Ертай Айғалиұлы, «Қазақстан-ZAMAN» газетінің Бас редакторы:
– Жанайқайларыңызды үзбей жариялап келеміз. Келеңсіздіктерге біздің журналистер қауымы қатты алаңдаулымыз. Бүгін әкімшілік, құқық қорғау орындары басшыларын арнайы шақырып, осы мәселенің себеп-салдарын іздейік, тереңге, айқай-шуға апармайық деген оймен өздеріңізбен кездестірейік деп едік, жаңа көрдіңіздер, Алатау ауданы әкімінің орынбасары келді, бірақ көлігіне қайта отырып кетіп қалды. Дегенмен, ел мүддесін көтеріп жүрген азаматтар, қоғамдық ұйымдар арамызда бар. Бәріміз бірлесіп, жер дауын қалай шешеміз, соған тоқталсақ.
Жасарал Қуанышәлин, «Алға, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Жер мәселесі бүгін басталған мәселе емес. Жалпы, қазақта белгілі, жер дауы мен жесір дауы – негізгі мәселе. 1990 жылдардың басында жер сату мәселесі күн тәртібіне қойылды, бірақ оған ол кезде ешкім мән бермеді. 1993 жылы мен Парламентте депутатпын. Мемлекет басшысы қабылдаған екі Жарлығында жерді сату, жекеменшікке беру мәселесі қаралған. Біз осы жарлыққа қарсы жиын өткізгенде ресми биліктен қатысқан лауазымды адамдардың өзі шошыған еді. Дабыл қаққанымызда құлақ аспаған көптеген қоғамдық ұйымдар мен қайраткерлер артынан бармағын тістеді. Сол бірте-бірте бүгінгі ойранға әкеп соқтырды. Ел ойрандалып жатыр. Біздің дер кезінде мәселеге назар аудармайтын бейғамдық ауруымыз өзімізді сорлатты. Сонан соң бірінен соң бірі «Жер жөнінде» заң қабылданды. Жер Қодексін қабылдатпау үшін халық аштыққа отырды. «Алға!» партиясының тарапынан арнайы комитет құрылып, референдум өткізу мәселесі көтерілді. Оның құрамында Айсұлу Қадырбаева, марқұм Қайролла Адамов, Юрий Храмов бар, полиция алдарына тосқауыл қойып, сойқан салғанына қарамай, қазіргі халыққа қарсы билік белден басып, қылмысты Жер кодексін қабылдап тынды.
Енді бүгін неге Бақайға, Шаңыраққа шабуыл жасайды? Өйткені бұл билікке қазір пышақ үстінен өзара бөлісіп алған қазақтың ең құнарлы, шұрайлы жерлері аз болып тұр.
Терещенко, Кулагин, Мадинов, Балиева, Дариға Назарбаева, Болат Назарбаев, т.б. аудан-аудан, облыс-облысымен бөлісіп алды. Жүздеген гектар жерлер солардың қолында. Енді биліктің өзі қаңғытып жіберген халықтың бас сауғалап отырған жерін тартып алуға шықты. Оларды алдын-ала сатып алғандары бар, сатуға жоспарлап қойғаны бар, сондықтан халықты полициямен қуып, үйлерін трактормен бұзып, сұмдық зұлымдық жасап жатыр. Мен өзім Алатау ауданының екі мыңға жуық тұрғынының қол қойып, сенім білдірген Халық депутаты ретінде «Алға!» партиясының жобасымен іске кірістім. Былтыр қараша айында «Алға, Азаттық!» атты қоғамдық бірлестік құрып, Алатау ауданының құрамындағы 18 елді мекенді жаяу аралап, 18 қоғамдық комитетті іске қостық. Үлкен жұмыстар арқасында қауіп саябырсып, Жер комитеті халықтың үйін бұзуға берген талап-арыздарын қайтарып алды. Бұл – бұған дейін болмаған жағдай. Бірақ, қазір қайтадан басымызға қара бұлт үйірілді. Атам қазақ адамның үйі түгілі, құстың ұясын бұзбаған.
Өйткені оны жаман ырым, бүліншілік, пәле шақыру деп есептеген. Мына билік Құдайдан қорықпайды, ештеңеге қарамай, керек десеңіз, үйдің ішінде адам болса да, үй бұзуға дайын. Көздерінде - шел, құлқынында – ақша. Сол себепті бұл билікпен күресу үшін әлбетте үлкен күш керек. Ұйымдасқан, бірлескен күш қажет. Сорлаған халықтың обалы осыны жасаған билікке, екіншіден – сол халықтың пайдасына жасалып жатқан істерге кедергі қойып жүргендерге деймін. Конституция бойынша Қазақстанның әр азаматына жер тиесілі, үй тиесілі. Алатау ауданындағы шаңырағы ортасына түсіп, биліктің әлімжеттігінен жылы орнын суытқан халық босқынға айналды. Демек, егер Медеу мен Бутаковкада тойып секірген қалталылар мен биліктегілер заңсыз басып алған жерлері мен заңсыз салған үйлерін осы билік бір сәтте қалай заңдастырса, Алатау ауданындағы бүкіл үйлердің бәрін түгел солай заңдастыруы керек! Басқа жол жоқ. «Жалға алыңдар, айып төлеңдер» дегеннің бәрі – қитұрқы саясат, алдап-арбап, жерді тартып алудың амалы ғана. Өкінішке қарай, саяси жағынан және заң тұрғысынан сауатсыз халқымыз жалға алуға келісіп, айыбын төлеп, өз-өзін сорлатып жатыр. Билікке әлі күнге дейін сенеді. Президент сайлауының алдында И.Тасмағамбетовтің өзі: «Шаңырақ шайқалмайды, Әйгерім әбігерленбейді»,– деп уәдесін беріп еді ғой. Ал сайлаудан кейін тракторын жалаңдатып қоя берді. Сол сабақ болмады халыққа, әлі сенеді өтірікші әкімдерге. Жерді жалға алдым деген сөз – жер менікі емес деген сөз. Ар жағында иесі тұр, қай уақытта келіп алады, өзі біледі. Халық биліктің заңсыз құрбандығына шалынды. Қызыл сызықта орналасқан үйлерді заңдастырмаса заңдастырмасын. Бірақ кеткен жұрт далада қалмауы тиіс. Үкімет я үймен, я жермен қамтамасыз етуге тиіс. Біз осындай үш талабымызды Президентке, басқа да лауазымды адамдардың қолына жеткіздік. Ары қарай не істейді, уақыт көрсетеді. Егер халық пен қоғамдық ұйымдар ұйымдасып күшті тірлік жасаса, билік райынан қайтады деп ойлаймын.
Жанар Молдахметова, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
– Мен төрт баланың анасымын. 14 сәуірден бастап сойқан басталды да, соның ішінде менің үйімді де бұзып кетті. Төрт баламның алдында намысым тапталып, биліктің құлы екенімізді шын сезіндім. Алматыда тұрғаныма отыз жыл болды, күйеуім екеуміз білім саласының білдей қызметкеріміз. Храпуновқа кезінде талай рет жер сұрап, хат жазғанмын. Жекеменшік оқу орнында істегенім үшін мені тұрған жерімнен шығарып тастады. Амал жоқ, Ақбұлақ ауылын паналадым. Үш жыл бойы я әкімшіліктен, я учаскелік полиция бөлімінен бір адам келіп: «Мына үйің заңсыз»,– деп ескерткен емес. Үйімді соғып бітірген кезде шаңырағымды ортасына түсірді. Күйеуімді полиция алып кетті. Мен есімнен танып құладым. Басымызға іс түскенде жанымда медеу болып халық комитетінің төрайымы Зәуре Нұрмағамбетова тұрды. Осы кісінің арқасында бойыма күш бітіп, төрт балам үшін басымды көтердім. Егер «Алға!» партиясының өкілі екінші жағымнан демегенде мен орнымнан тік тұрып кетер ме едім. Ал енді қазір Айтқасымов, Мәнізоровтар Ақбұлаққа күнде арнайы келіп, халықты жерін жалға беруге үгіттеуде. Халық қорыққанынан амалсыз келісуде.
Жасарал Қуанышәлин:
– Бұл ұлтқа қарсы билік. Қазақтан басқаның үйін қиратып жатқан жоқ, соны ескеріңіздер. Жерді жалға беру дегеннің не екенін түсіндіріп, біз арнайы парақша тараттық. Газетке жаздық, жиналыстың бәрінде айттық. Сонда даалдағанға көніп жатқан халыққа не істеуіміз керек? Мәселе – халықтың алданғыштығында, сауатсыздығында. Жалға беруге қол қояйын деп жатқанда бөгей алмайсыз. Ертең сотқа барған кезде оның сөзін ешкім сөйлемейтінін, қанша жерден жылап-сықтаса да, көз жасын ешкім де керек қылмайтынын түсінбей отыр. «Айналайын, сені ешкім зорлаған жоқ, өзің қол қойдың ғой?!» – дейді, сонымен бітті.
Өміртай Әбілдаев, Алатау ауданының тұрғыны: – Қоғамдық ұйымдар болсын, оппозициялық партиялардың болсын, бірінші әңгімесі төбені тұқыртудан басталады. Енді аз күнде ешкім де қалмайды, жерлерін бәрі жалға өткізіп тынады. Оның бірінші себебі – әкімшілік күнделікті үгіттеген соң, халық көнбей қайда барады?
Айсұлу Қадырбаева, «Күретамыр» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Бұл мәселені тез арада Үкіметтің алдына қою керек! Үлкен саясатқа шығасың, басқа басқа амалың жоқ. «Маған алты сотық керек еді» дегеніңнен ештеңе шықпайды. Қазір бөліп береді, ертең тартып алады. Бүгін он жылға жалға беруге шарт жасайды, ертеңіне үйіңді бұзып, он минутта қайтып аламын десе де қақы бар. Бүкіл Қазақстандағы жағдай осындай. Бос жатқан жер жоқ. Жеріміздің иесі – шетелдіктер. Жеті алып мемлекетпен бірге ДСҰ-ға қалай кірдік? Халықаралық банктерден несие алу үшін жеріміз кепілдікке қойылады. Ал кепілдікке қойылған дүние ешқашан қайтпайды.
Зәуре Нұрмағамбетова, халықтық комитет төрайымы:
– Ресми билік өкілдерінің бүгінгі кездесуге келмеуінің себебі, істерінің бұрыс екенінің белгісі, халықтың, қоғамдық ұйымдардың алдында жауап беруге дайын еместігі. Өйткені, бірде-бір үкімет, аудан әкімінің өзі заңсыз үй бұзуды басқарған емес. Бір көрініп, жоқ болған Алатау ауданы әкімінің орынбасары Әбдібеков мырза аяғына керзі етік киіп келіп, эксковатордың алдында үйлерді бұзуға бұйрық бергендердің бірі. «Заңсыз салынған үйді заңсыз бұзамын!»– деп тепсініп тұрды. Әуезов ауданынан әлі бөлініп шықпай тұрған кезімізде аудан әкімі Устюгов ондайға барған жоқ еді. Мұның бәрі Алатау ауданы басшыларының тексіздігін білдіреді. Сөзіміз дәлелсіз емес, екі ауылдың бұзылып жатқаны түсірілген бейнетаспамыз бар. 20 мамыр күні арамызда Бағдат Әріпов бар, үш-төрт көлікпен Алатау ауданының әкімі Б.Мәнізоровтың Сақ қорғанының қасындағы «Красный трудовик» ауылын бұзуға келген сәтінде тура үстінен түстік. Әкімнің үйлерді бұзбай қайтқысы жоқ. «Неге тоқтатамын? Бұлар заңсыз салды, мен де заңсыз бұзамын!» - деп еліргенін көргенімізде, жағамызды ұстадық. Ал телеарнаға: «Біз бұларға ескерту бергенбіз. Ескертуге құлақ асқан жоқ. Сондықтан бұздық. Ары қарай бұза береміз»,– деді шімірікпестен. 18 ауылдың халқы алауыздыққа жол беріп, үш топқа бөлінді: жалға беруге қарсылар – бір топ, келіскендер – екінші топ, «қай жеңгенің менікі» деген – үшінші топ. «Құжат тапсырған 700 адамның 225-інің жері жалға берілді, 500-дейі жекеменшікке өтті»,– деген әкімнің мәліметі өтірік. Бұлар газ құбырын да әдейі қоспай отыр. Газ қосылса төрт ауылдағы екі мыңнан аса тұрғынның жері жекеменшікке өтіп кетеді ғой. Жалға беруге көнген тоғыз балалы ана 21 сәуірде айыппұлын төледі, артынша 5 мамырда үйі бұзылды. Әкімшіліктің заңсыздығы сол, елге айыппұл төлетіп, заңсыз жер басып алғандығын мойнына іледі, бірақ істі сотқа жібермейді. Өздері сот. Өздері шешім шығарып, бульдозерін бастап келеді. Қала әкімі А.Есімов «Время» газетіне: «Пәленбай үй бұзылды, бір адам алдыма келген жоқ»,– деп сұхбат беріпті. Яғни, Есімов «үйбұзар» екенін мойындайды. Өкінішке қарай, шарасыз халықтың кеңестік заманды аңсап, Ресейдің құрамына кіруге болса да дайын екенін көріп жүрегің ауырады.
Бағдат Әріпов, «Ел болашағы» қоғамдық ұйымының төрағасы:
– Үйді бұзып, жерді тартып алуға соттың ғана құзыры жетеді. Үй бұзуға әкімдер емес, қолында шешімі бар сот орындаушылары ғана келуі керек. Сол себепті, әкімдердікі – барып тұрған заңсыздық.
Айсұлу Қадырбаева: Үй бұзғандардың тізімін алып, сотқа беру керек. Заңды-заңсыздығын солай айыруға болады.
Жасарал Қуанышәлин: Жақында Қарасу да ойрандалды. Тұрғындардың аңғалдығы сонша, қай «қарақшы» келгенін де білмейді. Тым болмаса көліктердің, трактордың нөмірін жазып алмай ма? Қорғайын десең, ізі жоқ.
Бейсенғазы Сәдуұлы, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров құрған комиссияның құрамында «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан мен де жұмыс істедім. Бізді «Шаңырақ ықшамауданындағы қордаланып қалған мәселелерді бірлесіп шешейік» деп шақырған-ды. «Мен әрқашан да халық жағындамын, халықты қолдаймын, бірігіп жерлерін заңдастырайық», – деп сөйлеген әкімге де ішіміз жылып, шынында да, мәселе халық пайдасына шешіледі деп сендік. Ақырында басқаша болып шықты. Саз балшықты толарсақтан кешіп жүріп, жүз үйге кірдім. Сондағы байқағаным – Шаңырақта ауызбіршілік жоқ, біреу етектен, біреу жағадан тартады. Бірақ, оған қарап отырмауымыз керек. Мұндай халықтық мәселені неге бүкіл партиялар мен ұлттық ұйымдарды, 130 этникалық мәдени орталықтардың басын қосып, үлкен залдарда талқыламаймыз? Депутаттарды неге шақырмаймыз? Бауырларымыздың «Ресейге қайта бодан болайық» дегені намысымызға тимей ме? Жаны ауырған адам осындайға барады. Мұның қателік екеніне көздерін жеткізуге тиіспіз.
Маржан Аспандиярова, «Азат» партиясы төрағасының орынбасары: – Әкімшіліктің жанынан жуырда әлеуметтік дағдарысқа қарсы комиссия құрылды. Біраз кісілер құрамына кірді. Бірақ, мен оны билікке ыңғайлы, ал халыққа қажетсіз жасанды комиссия деп есептеймін. Ортақ комиссия құруды ұсынамын. Меніңше, үй бұзуға мораторий жариялауды талап ету керек! Биліктен сұрау, жалынып-жалбарыну дегенді қойып, талап ету керек! Халықты азаматтық қақтығысқа итермелеп отырған биліктің өзі. Өз жеріне симай, қазақ қазақтың жағасынан алып жатыр. Біз Бақай тұрғындарына қолымыздан келгенше көмектесудеміз. Бақайда, бір жақсысы, түтін саны аз. Бос жатқан жерге 2003 жылы қоныстанған адамдардың үстінен 2007 жылдың датасы қойылған мемактілер шықты. Храпунов, Тасмағамбетовтер қалай заңсыз берген? Енді сол мемактісі барлар бұрын қоныстанған адамдардың үйінің төңірегіне бензин шашып, тура соғыстағыдай жағдай болып жатыр. Ал бұл мемактілердің иесі кімдер дейсіз ғой? Полиция мен сот орындаушылардың, әкімшілік пен жер комитеті қызметкерлерінің жер телімдері болып шықты. Бүгінгі жер дауы – шын мәнінде төтенше жағдай. Біздегі жер, су туралы заң-кодекстің бәрі Конституциямызға қарсы келеді. Жалғыз Мәнізоровтың: «Заңсыз үйлерді заңсыз бұзамын!» деген сөзі үшін сотқа беруге әбден толық құқығымыз бар. Беремін деген адам болса, сотта өкілі болуға әзірмін. Ал үйін заңдастыра алмай жатқан адамдардың өзге мекенде меншіктенген жері болмаса, Министрлер Кабинетінің нақты шешімімен біржола рақымшылық жарияланып, құжаттары заңдастырылуы тиіс. Биліктің ең сүйкімсіз жері – халықты алтыбақан алауыз етіп қырылыстырып қоюы. Бақайлықтардың шыдамы қашанға дейін жететінін білмеймін. Ал халықтық комиссия ең соңғы бақайлықтың үйі заңдастырылғанша, бірге болатыны анық. Халықтан өтінеріміз – өз шаруаларыңызды шешіп алған соң, арамыздан тайып тұрмасаңыздар екен.
Зәуре Нұрмағамбетова:
– Біз құрылған жарты жылдың аясында түрлі қауесет тарады. Мәнізоров пен Есімов «Красный трудовик», «Көк қайнар» ауылдарының жерін иемденіп, Сақ қорғанындағы келешек ашық мұражайда қонақүй салдырмақшы екен. Ол маңда тұп-тұнық көл бар, суға шомылып, демалатын орын жасауды көздейтін сияқты. Екіншіден, «Ұлжан-1», «Ұлжан-2» ауылдарындағы Сақ қорғанына да үлкен қонақ үй кешенін салдыруды жоспарлауда. Білектерін сыбанып, трактордың алдына түсіп, естері шығып жүргендеріне қарағанда, осы қауесеттер шындық па деп те ойлайсың. Халықтың арасында тағы бір қауесет бой көтерді: билікке таласқан бірнеше топ Алатау ауданы халқының қаны арқылы төңкеріс жасап, билікке келмек. Бұған сенбейін десең, үшке бөлінген халықты ақырындап қосып жатыр. «Біз неге қарап отырмыз? Біз неге көтерілмейміз? Біз неге қаруланбаймыз?» – деп ел күнде айтады. «Кінәсіз халықтың қанын мойнына жүктеп, ешкім билікке келмей-ақ қойсын, басылыңыздар!» - деп сабырға шақырып отырмыз. Енді күйзелген ел не істейді? «Жарайды, көтерілмейік, билік те ауыспасын, сонда біз қайда барамыз?» – деген халыққа не деп жауап бересіздер?
Жасарал Қуанышәлин:
– Әрбір тұрғын «Үйдің иесі менмін бе, әлде басқа иесі бар ма?» деп сұраныс жасауы керек. Ана жақ жауап беруге мәжбүр болады. Егер жауаптан қашқақтаса, я бұлталақтаса, шикі екені көрінеді. Қоғамдық ұйымдар атынан сұраныс жіберуімізге де болады. Бірақ, заң бойынша жердің иесі бірінші болып мәселе көтеруі тиіс.
Автор Гүлжанат Шонабай
«Қазақстан-Заман» газеті 28 мамыр 2009 жыл