ӘДІЛБЕКТІҢ ҚАРСЫЛАСЫ ПОРНОГРАФИЯ КӨРСЕТТІ МЕ?
Жуырда ғана Рио төрінде төрешілердің әділетсіздігінің құрбаны болған қазақстандық боксшы Василий Левитті айтпағанда, Бас бапкердің шәкірттері шеке қыздырып тұрмағаны рас. Данияр Елеусіновтің жалғыз алтынын жанға медеу тұтып, тәубе дестік. Жоқ, Рио медалдері жоқ емес. Бар. Тек, біздің боксшылар ақырғы сәтте салбырт қимылдап, қолдағы алтынды, қолдағы жүлдені өзгеге ұстатып жатыр.
Осы жолы өзінің үшінші Олимпиадасына барған Біржан Жақыпов жер иіскеп қайтты. Үш олимпиададан да Біржан жүлдесіз қайтты. Биыл жекпе-жекке шыққан өзбек спортшылары мықты болды, рас. Біз соны көрдік. Комментаторлар да «бұлардың бойындағы жеңіске деген құштарлық қандай күшті!» деп, қайта-қайта таңдай қағуға мәжбүр.
Күллі қазақ жұрты үміт артқан Жәнібек Әлімханұлы Олимпиадаға емес, ауданаралық жарысқа қатысып жатқандай жүрді. Бірінші раундтта бірде-бір соққы жұмсай алмаған Жәнібек Мырзағали Айтжановтың айғайын тыңдаған жоқ. Рас, айқын жеңілді, даусыз жеңілді.
Хош, Василий Левитті әділетсіз қазылар алқасы ресейліктерге жығып берді. Оған дауымыз жоқ.
Ал АИБА-ның дүрдей вице-президенті Серік Қонақбаев мырза осындай өрескел қараулыққа жол беріп ай қарап отыр ма? Қонақбаев неге «ләм-мим» демейді?
Енді кеше Әділбек Ниязымбетов шаршы алаңға шыққанда қазақ Әділбектен алтын күтті. Өкінішке орай кубалық боксшы ойнап жүріп ойсыратты, Әділбекті. Жауапкершілік қайда? Төрт жыл бойы дайындалған боксшының жұдырықтасуы дәл кешегідей болмас еді, сірә.
Масқарасы сол – мұны біз ғана емес, әлем солай көрді. Солай қабылдады. «Кубалық боксшы бокс емес – порнография көрсетті» деп жазып жатыр.
Ресейлік Олимпиада чемпионы Егор Мехонцев Әділбек Ниязымбетов пен Хулио Сесар Ла Крустың финалдағы кездесуінен кейін «Бұл бокс емес, порнография. Мұны кубалық жасады. Бұл бокс масқарасы!», - деп жазған Instagram желісіндегі парақшасында.
Бұл жекпе-жекте қазылардың бірауыздан жасаған шешімі бойынша Ла Крус жеңді және алтын медальдің иегері атанды. Алайда Мехонцев кубалықтың рингтегі жұдырықтасу мәнері ұнамай қалыпты.
Ал бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов бұл жекпе-жекте өз шәкірті жеңіске жетті деп есептейтінін мәлімдеп отыр. "Ол Әділбекті жеңді деп айта алмаймын - қашып жүрді. Бірақ бұл бокс, кубалықтың соққылары тиіп жатты. Алайда Әділбектің соққылары мықтырақ болды. Барлық үш раундта қарсыласына соққы дарыта білді. Әлемнің үш дүркін чемпионын құлата салу оңай емес. Меніңше, Әділбек жеңді. Залдағылар да осылай дейді. Қазақстанның жеңгенін барлығы айғайлап жатты", - деді бас бапкер шәкіртінің жекпе-жегінен кейін берген сұхбатында.
Айтпақшы, Лондонда финалға шыққан Әділбек жанын аяп айқасқанының кесірінен алтыннан айрылып қалған еді. Бұл жолы да солай болды. Өкінішке орай, Айтжановтың шәкірттері ақырына дейін шыдамай жатқаны рас.
Енді екі боксшымыз Рио төрінде жұдырықтасады. Әзірге қазақстандық спортшылар жұртты күміске күпті қылып отыр. Арманымыз – алтын!
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz