Кентаудағы «Нұр Отан» партиясы өкілдері тұрғындардың өтініштерін тыңдады
«Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалында қала әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Ташимов жеке мәселелермен жазылған азаматтарды қабылдады. Бұл туралы Кентау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қабылдауға кірген Сая Байсова С.Бәйтереков көшесін жарықтандыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Бәйтереков көшесі №3 көпқабатты тұрғын үйдің шатырынан су өтетіндігін және ауыз су жоғары қабатқа көтерілмейтіндігін, аулаға ойын алаңшасы керектігін жеткізді. Ал, С.Сейфуллин көшесінің тұрғыны көлік жайға жер телімін бөлуді сұрады. Қарт кенші Сейдулла Боранбаев тұрғылықты үйінің апатты жағдайда тұрғанын айтып, мәселені шешіп беруін өтінді. Нахимов мүйісінің тұрғыны Төрехан Сералиев су құбырының мәселесін жеткізсе, Хантағы ауылы Бірлік көшесінің тұрғындарының атынан сөз алған Болатқали Нүрпейісов жылу, жарықтандыру, асфальт төсеу керектігін сөз етті.
Тұрғындардың өтінішін мұқият тыңдаған Нұржан Полатұлы мәселелердің заңға сәйкес оңтайлы шешілу барысын айтып, сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Жұмыс сұрап келген азамат «Кентау тазалық» мекемесіне жұмысқа орналасатын болды. Ал, кейбір жайттар бойынша тұрғындарға заң аясында түсініктемелер берілді.
Abai.kz