«Алматы -Термез» автомагистраль бойынан заманауи сауда қатары салынбақ
Қазығұрт ауданы аумағынан өтетін республикалық маңызы бар "Алматы-Термез" автомагистраль жолында орналасқан 94 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ҚР Автомобиль жолдары туралы заңнамасына сәйкес түсінік жұмыстарын жүргізу нәтижесінде заңсыз салынған 20 нысан бұзылды. Бұл туралы «Abai.kz» порталы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің «Фейсбук» желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сонымен қатар, Шарапхана ауылы округінен өткен республикалық маңызы бар автомагистраль жолының 741-785 шақырымы бойындағы заңсыз салынған нысандары мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын сақтамай салынған 14 құрылыс нысандарын ОҚО сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына заңдылығын тексеріп, тиісті шара қолдану үшін хаттар жолданып, ескерту хаттар берілді.
Бүгінгі таңға 8 нысан иелері сотқа тапсырылды. Оның 5-не айыппұл салынып, бұзылуға шешім шығарылды. Ал 3 нысан сотта қаралып жатса, 1 нысан иесі өз еркімен бұзды. Қалған нысандар бойынша қайта ОҚО сәулет-құрылыс бақылау басқармасына заңдылығын тексеруге жолданып, осы жылдың 22 тамызы күні сотқа тапсырылады деп күтілуде.
Республикалық маңызы бар «Алматы-Термез» автомагистралі жолының бойынан заманауи талапқа сәйкес сауда орталығын салуға жобалық сметалық құжаты әзірленіп, жалпы егжей-тегжей жоспарын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып отыр.
Abai.kz