ГРАНТҚА ІЛІНБЕЙ ҚАЛҒАН "АЛТЫН БЕЛГІ" ИЕГЕРЛЕРІ ДАЛАДА ҚАЛМАЙДЫ
Қазақстанның бірқатар ЖОО-ы мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерлерін өз қаражаты есебінен оқытуға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Қазақстан Ресубликасы Білім және ғылым министрлігі мен жоғары оқу орындары мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерлерін тегін оқыту мүмкіндіктерін талқылады. Бұл игі бастаманы оншақты қазақстандық ЖОО ректорлары қолдап, бүгін олардың бөлгелі отырған гранттық орындар саны да белгілі болды: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – 10, Тұран университеті – 10, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті – 1, Қазақ мемлекеттік заң университеті – 15, Нархоз университеті – 3, С. Демирел атындағы университет – 2, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті - 1, Алматы менеджмент университеті – 1, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – 2 орын бөлетін болды.
ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО-ның мұндай бастаманы қолдап, қоғамға, жұмыс берушілер мен түлектерге көрсеткен әлеуметтік жауапкершілік үлгісі үшін алғысын білдіреді. Өйткені, үздік оқып, ҰБТ барысында «Алтын белгіге» лайық жоғары білім деңгейін растаған мектеп түлектері оқуларын тегін жалғастыру мүмкіндігінен айырылуы мүмкін еді. Мұндай жағдай «Алтын белгі» иелерінің бәсекелестік деңгейі жоғары, әрі мемлекеттік тапсырысы аз бөлінетін мамандықтарды таңдауларынан туындап отыр.
Осылайша, биыл мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерінің 19-ы экономикалық, 8-і – халықаралық қатынастар, 14-і – заңгерлік, 4-і – аудармашылық мамандықтарын таңдаған. Ал елімізде мемлекеттік білім гранттарының негізгі бөлігі еңбек нарығында сұранысы жоғары, ел экономикасына аса қажетті техникалық және технологиялық мамандықтарға, атап айтқанда, көлік техникасы, құрылыс, радиотехника, электроника, телекоммуникациялар, нанотехнологиялар, т.с.с. көптеген басқа мамандықтарға бөлінген.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz