Шәмші әндері Отырар аспанын әнмен көмкерді
Шәмші әндері Отырар аспанын әнмен көмкерді
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамып, бабтардың бабы Арыстанбаб бабамыздың рухы тыншып жатқан киелі мекеннің аспанында Шәмші әндері самғады. Сазгер мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу, әсем әндерін насихаттау мақсатында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Менің Қазақстаным» гала концерті кеше Ш.Қалдаяқов ауылында болып өтті. Кешке арнайы қатысқан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов барша оңтүстік жұртшылығын өнер мерекесімен құттықтап, ұлы композитор Шəмші Қалдаяқовтың туған күніне орай туған жерінде өткен «Менің Қазақстаным» əн байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Құттықтау сөзінде өңір басшысы дəстүрлі түрде өтіп келе жатқан фестиваль биыл Шəмші Қалдаяқовтың туған жерінде тұңғыш рет өткізіліп отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ, биыл байқауға арқау болып, қазақ рухын асқақтатып жүрген «Менің Қазақстаным» әніне 60 жыл толғандығын жеткізіп, осы байқауды алдағы уақытта облыстық деңгейде барлық аудандарда, келесі жылы Созақ ауданында өткізуді ұсынды.
Құттықтау сөзінен соң өңір басшысы жүзден жүйрік шыққан əн байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Үшінші орынға Түркістан қаласынан келген «Асу» дуэті лайықты деп танылды. Облыс əкімінің арнайы жүлдесі арыстық Жұлдыз Әділбекова бұйырды. Жүлделі ІІ орынды созақтық Гүлбану Шалабаева иеленсе, байқауға Шымкент қаласынан сынға түскен Тұрғынбек Бекзат І орын төрінен көрінді. Ал, байқаудың бас жүлдесіне композитордың жерлесі, Отырар ауданының тумасы Руслан Ақынбеков ие болды. Фестиваль тарихындағы отырарлықтардың тұңғыш жеңісі барша көрерменді бір серпілтіп тастады.
Барша конкурсанттарға облыс әкімінің арнайы сыйлығы табысталып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген мәдени шара Оңтүстік өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Бағдарлама соңы композитор Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» атты әнімен түйінделді.
Abai.kz