Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. ҒАФУДЫҢ АЙТҚАНДАРЫ
1973- жылы наурыз айы болатын, Ғафу Қайырбеков іс сапармен Арқалыққа келді.
Оны сол кездегі обкомның хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қарсы алды. Ол Ғафаңмен КазПи –де бірге оқыған екен. Ақын құрдасына қонақ үйден жеке бөлме беріп, аста-төк жағдай жасады. Ғафаң Қима ауданындағы еңбек адамдары туралы очерк жазуға іс сапармен келген екен. Окомның астанадан келетін қонақтарға арналған қонақүйінде Ғафаңмен сол күні бірге қондым, менің қызметім- ақынның айтқанын орындап, қызмет ету ғой.
Ертеңіне Ғафаң машинамен Қимаға қарай бет алды. Қасына жол серігі болып жазушы Сейіт Кенжеахметов пен мен ердім. Күн шайдай ашық. Көктемнің жылы лебі көңіл шалқытады. Мен осы сәтте бізбен қатарласа ұшып бара жатқан қос аққуды байқап қалдым. Қолымда алыстан жақындататын объективі бар сурет түсіргіш бар еді. Соны аққуларға бағыштап суретке түсіргенмін. Сұлулыққа ақын көңілі жақын болмай ма. «Аққулардың суретін кейін маған салып жібер, мүмкін өлең жазармын» деген Ғафу сонда.
Кейін суретті Ғафаңа жіберуді ұмытып кетіппін. Содан он жыл өткеннен кейін Сырағамыздың –С.Мәуленовтың 60 жылдық мерей тойына Торғайға келе жатқанбыз. Жаркөлдің тұсынан өте бергенде, аққулар тобы көлге қонуға бет алып бара жатты. Соны байқаған Ғафаң, маған қарап: «Аналардың соңындағы қос аққу баяғы сен суретке түсірген аққулар сияқты» дегені. Осыған дейін күліп, мәз болып келе жатқан мен, Ғафаңның баяғы бір уәдемді орындамағандығымды сыпайы еске салып отырғанын сезіп, езуімді жия қойған едім.
«Ауыздан жырылған қаламақы»
Айтқалы отырған бұл әңгімем де сол жылдарға қатысты. Көк базардың жанынан өтіп бара жатқанбыз. Ғафу анадайдан «Шертер» ансамбілінің сол кездегі жетекшісі Қайыржан Мақановты көріп қалып, машинаны тоқтатты. Шақырып алдық, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп жатыр. «Сен бала хабарласуды ұмыттың ғой» -дейді Ғафу оған. «Шетелге барамыз деп қол тимей жатыр. Таяуда бәрін реттеймін», -дейді анау. Мен екеуінің жұмбақ әңгімесіне сол жерде түсінбей қалғанмын. Оның мәнісін Ғафаң өзі айтты. Мені асырап жүрген «Ана жыры» әні. Сонау Қазаннан, Қарақалпақстаннан, Түркіменстаннан, республикалық, облыстық радио, филармониядан қаламақылар келеді де, мына сияқты өзіміздің жігіттер мені елей бермейді деп, кәдімгідей ренжіген. Сөйтсе Қайыржан филормониядан қаламақы жіберуді ұмытып кете береді екен.
«Тағы бір қайта туайын...»
1988 жылдың тамыз айы. Ғ.Қайырбековтың 60 жылдық мерей тойы Торғайда өтіп жатқан. Ғафаңды кіндік қаны тамған жері-Торғай өзені бойындағы Батпақсуат деген жерге жұрт қаумалап алып келген. Жақын туыстары Ғафаңды аяқ қолынан ұстап көтеріп алған. Уыс-уыс күмістен шашу шашылып жатыр. Жеңгелері Ғафуға «Туған топырағыңа аунатамыз» -дейді. Сонда Ғафаңның «Аунатсаңдар аунатыңдар, енді алпысқа келгенде тағы бір туып көрейін» деген сөзі есте қалыпты.
«Мен де керемет әнші едім»
1973 жылғы наурыз айы болатын. Арқалыққа келген Ғафаңды-Ғафу Қайырбековты сол жылдары облыстық радио комитетінде тілші, бүгінде ғалым, белгілі жазушы Қойшығара Салғарин үйіне қонаққа шақырған. Әңгіме үстінде:
- Ғафа, Қасымның «Дариғасын» сізден керемет орындайтын ешкім жоқ деседі. Осы әнді сіздің орындауыңызда жазып алсам деп едім,- деп құралдарын жая бастаған.
- Жина мына пәлекеттеріңді, мені осы жұрт ақын деп жүр емес пе, әнші ретінде тарихта атым қалмай-ақ қойсын, деп Ғафаң шорт кескен. Ол кезде Ғафаң қырықтың қырқасынан жаңа асқан болатын. Ғафаң шынтуайтында әнші, жақсы домбырашы еді. Оның дауысының магнитофонға жазылмау себебі Қойшығараның Ғафаңның тілін, ыбын таба алмауында болса керек.
Содан кейін бірнеше жылдар зымырып өте шыққан. Ғафаң қасында Бәдеш жеңгеміз бар, Арқалыққа келді. Алыстан келген құрметті қонақтар той үстіне тап келген екен. Туысы Сапабек Саматов деген ағасы алпысқа толған екен. Той иесі құрметіне Бәдеш жеңгеміз ән орындады. Ортамызға Бибігүл келгендей әсер алдық. Отырған жұрт Бәдеш жеңгеміздің әншілігіне дән риза болысты. Сонан кейін Ғафаң қолына домбыра алды. Орындағаны Қасым Аманжоловтың атақты «Дариға» әні. Ғафаңның тамағы қарлығып қалыпты. Ертедегі дауысы жоқ. Дегенмен арқалы ақын емес пе. Тыңдаушы жұртты сонысымен елітті. Ғафаң соңында:
- Өте шыққан қайран жастық-ай! Кезінде мен де керемет әнші едім,- деп елді бір жадыратты. «Ертеде Қойшығара Ғафаңның дауысын түсіріп алғанда, заңғар ақынның керемет әнші, термеші болғанын кейінгі ұрпаққа осылай дәлелдеп отырар ма едік»- деген екінші ой жылт ете қалып еді сол жолы маған.
«Парыз бен қарыз»
1987 жылы Жазушылар одағының үшінші қабатында орналасқан «Жұлдыз» журналында редактордың орынбасары болып істейтін Ғафаңа сәлем берейін деп барғанмын. Ол қызметкері Серік Тұрғынбековті шақыртып: «Боса да, түс болып қалды ғой, далаға шығайық» -деді. Түстікке апаратын болар деп менен дәмеленіп тұрғанын байқадым да, Серікке ауылдан келген аз уақыттың ішінде шығындалып қалғанымды айтып, «мына қиындықтан енді өзің алып шық» -дегем. Ол да елп ете қалып:
- Ойбай, Ғафа, жаңа ғана Кеңшілік Жұматтың сізге алып келе жатқан бес жұлдызды коньягін пайдаланып қойыпты, -дейд. Ғафаң сол жерде тас талқан ашуланған болып: - Көресіні осы Кеңшіліктен көріп келе жатырмын. Тіпті жақында ғана Шымкенттегі бір інішектің маған алып келе жатқан сыбағасын сіміріп қойыпты. Ол аз дегендей, өзімді сыбап жерлеп кететінін қайтерсің!-деді.
- Бұл Жұмат Кеңшілікті алма ағашына байлап қойып, кезінде талай ұрған, -деп Серік онан сайын сылқылдап күледі.
- Ендеше «Алладан сұрағанда бере салған» дегендей мына нағашыңның ана Кеңшілікке кетіп жүрген есесін қайтар, -деп, Ғафаң сонда маған арнайы «тапсырма» берген. Ертеңіне Кеңшілік Ғафаңның әлгі сөзін естіп қойыпты.
Маған келді.
- Ғафаң маған режіп жүр екен. Бір көңілін көтеріп жіберейікші, аға алдында парызым бар еді!-дейді. Мен оған:- ауылға жүрейін деп жатырмын, жағдай жоқ қой,- десем де болмайды.
- Саған бір амал айтайын, ауылға барғасын қайтадан салып жібермейсің бе, Серікбайда ақша бар, содан қарыз ал, -деді. Серікбайдан ақша алып Ғафаңа бардық. Сөйтіп қарыз алып аға алдындағы «парызымызды» өтеген едік.
«Киноға өзім түсем бе десем...»
1994 жылы көктемде Торғайда Бақыт Қайырбеков әкесі Ғафудың шығармашылық ғұмырнамасы туралы деректі фильм түсірмекші болып келген. Қасында режиссері, операторлары. Олардың Ғафаңның «Ақ желкен», «Үш қиян» повестері бойынша деректі фильм түсіріп жүрген кезі. Жас балалар, мәдениет үйінің актерлері Ғафаңның жас кезіндегі бір сәтті бейнелеуде. Кинооператор аппаратын зырылдатып түсіріп жатыр. Соларды байқап тұрған Ғафу: «Киноға өзім түсем деп жүрсем, мен болып әртістер ойнап жүр. Менің де тарих болып кеткенім –ау сонда!»
Зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай!, -деп қиналғандай сыңай танытып еді.
«Әкең енді нәл қағуға да жарамас»
Ғафаңның Алматыдағы үйінде отырмыз. Оның еңбек зейнетіне шыққан кезі. Маған әңгіме айтып отырған. Әңгіме өзегі-соғыстан кейінгі ауыл өмірі. Мен оны құлықсыз тыңдап отыр деп ойлаған-ау, шамасы:
- Менің соңғы кітабымды оқымағанға ұқсайсың-деді.
- Оқыдым. Сіздің жастық шағыңыз туралы да өмірбаяндық повесть емес пе!
- Оқысаң, сонда сенің әкең туралы да жазып едім. Ол кезде Әнес «Заготживсирьеның» директоры еді, енді өкшеме нәл қағуға да жарамас,- деп күлді. Қалжыңдағаны еді. Менің әкем Ғафаңның жездесі болатын.
«Жеке келген жақсы екен»
1994- жылы май айында Ғафаң елге келді. Алғашқы болып аманкелділік ағайындар құшақ жайып қарсы алды. Байғабыл өзенінің жағасына киіз үйлер тігіліпті. Қонақасы ұлан-асыр мерекеге жалғасып кетті. Сазгер Қалибек Деріпсалдин, термеші Мұрат Көшеков, әнші Дариға Сақұлова Ғафаңның әндерін кезек –кезе орындап, автордың мерейін асырып тастады.
Белгілі айтыс ақындары Әлфия Орманшина мен Бүркіт Бекетов те өлеңдерін судай ағызып, Ғафаңды қошеметтеп жатты.
Бүркіт:
Ассалаумағалейкум, Ғафу аға,
Жалғанмен, қас шындықпен тату аға.
Парасат жолындағы пайғамбарым,
Бір қазақ бас игендей пәтуәңа.
Бүгінгі алып топтың көсемісің,
Сындарлы сырлы сөздің шешенісің.
Адамсың жан сарайын жасандырар,
Өлеңнің найзағайлы нөсерісің.
Ақиық ақындардың алыбы едің,
Қашаннан көркем сөздің қалыбы едің,
Ат басын туған жерге сіз бұрды деп,
Қуанып мәз болады қалың елің!
Кезек Әлфияға тиіп, ол да желдірте жөнелген:
Құшағын ашқан елің бар,
Сағынып тұрар жерің бар.
Сәті болса Торғайға,
Атыңның басын бұрғайсың.
Қанаты талмас қынарым,
Елім деп талмай жырлайсың.
Біздер үшін қол жетпес,
Асқар да биік шыңдайсың.
Арқа сүйер шыңым деп,
Мәртебе тұтып жүр елің.
Торғай деп соғар тынбай бір,
Жүрегің жақсы білемін.
Тіл мен көзден сақтасын,
Тұмар қып тақшы мойныңа,
Әлфия қыздың білегін.
Тыңдаушы жұртшылық та Әлфияның орынды әзіліне разы болып, күлісіп жатыр. Ғафаң да орнынан қайта-қайта қозғалақтап:
- Осындай да он-он бес жасты сылып тастағың келеді, ә, -деп мәз болды. Таңертең ерте тұрып, екеуміз Байғабыл өзенін жағаладық. Көктемгі жайсаң табиғат, сұлу, көркем. Ғафаңның да көңілі көтеріңкі. Ақын жүрегі сезімтал, нәзік болады ғой. Шамасы түндегі сый құрметтің әсерінен әлі арылмаған. «Бұрын Сырбаймен, әйтпесе басқалармен бірге келіп, солардың тасасында қалып көзге түсе бермейтін едім. Бұл жолғыдай сый құрмет қошеметті өз басым ешқашан көрмеген екенмін. Елге жеке келгенде қандай жақсы...» деп еді.
Тосыннан табылған туыс
Менің тегім арғын, оның ішінде аю руынан еді. Ағайындық жағынан Сырағаң маған туыс. Ғафаң – нағашы болып келеді. Нағашыларымды жеңгелері «атқыш» деп атайтын, мерген руынан еді, оның ішінде Баймырзадан тарайтын. (Баймырза аруақты әулие , қорымының басына барып түнейтіндер әлі күнге дейін көп). Шешемнің әкесі Досжан аймағына әйгілі би болған мерген Төкенің жақын туысы еді. Өзінің мінезі қызық, мұрны пұшықтау, құлағының мүкісі бар естімейтін. Бірақ сауатты, кітапты көзілдіріксіз оқи беруші еді. Біздің үйде жазды күндері жиі қонақ болатын. Оқитыны 1957 жылы Москвада өткен қазақ әдебиетінің он күндігіне арнайы шығарылған «Қазақ эпосы» атты қалың том еді. (Осы кітап әлі күнге менде сақтаулы). Осы қазақ батырларының жырларын бас алмай қайт-қайта оқып отырар еді. Көпті көрген қария болғасын, кейде әңгіме айтатыны бар. Сондайда айтқаны болуы керек «Біз не көрмедік, Қарсақбасы Қаракөлді де көргенбіз» деген сөзі ел аузында күлкілі әңгіме ретінде айтылып жүреді. Сөйтсе, менің нағашым патша өкіметі тұсында барымташы болыпты. Содан Дощекең өзі жайлаған Шұбалаң деген жерден ымырт жабыла шығып, сонау екі жүз шақырым жердегі Ырғыз жерінен жылқы тартып ертеңіне оралады екен. Қарсақбасы дегені Жапониядағы Фудзияма тауы сияқты алыстан басы үшкірленіп көрінетін шағын тау. Торғай өзенінің құрдымға кететіні де осы жер. Яғни, бұл Торғай мен Ырғыздың шекарасы. Дощекеңнің ауылдан ең ұзап шыққан жері сол болса керек.
Дощекеңнің Сұлтан деген баласы дүниеден ерте өтті. Соғыс жылдарына дейін қызмет істеген, Торғай өңіріне атбегілігімен, серілігімен аты шыққан. Оның бірнеше жүйрік аты болған, оның ішінде әсіресе Сұлтан көк деген тұлпары бәйге алдын бермепті. Ғафу Қайырбеков оны «Ер қанаты» кітабында жазған болатын. Ғафу Дощекеңнің немере інісі. «Біздің бірге туған Таңқы деген ағамыз бар еді, ол сонау 30-шы ылаңды аласапыран жылдары оңтүстікке жер ауып кетіп еді, содан хабар болмады. Ғафуға болса соның өзін, болмаса соңында қалған ұрпақтарын тап -деп тапсырып едім, содан хабар келмеді ме екен»-деп менен бірнеше рет сұрағаны есімде. Кейінірек, Ғафудың үйінде бір болғанымда ағасы Дощекеңнің тапсырмасымен Таңқының ұрпақтарын қалай тапқанын әңгіме етті:
«Бұл өзі қызық оқиға. Таңқы деген ағамызды оңтүстік өңіріне сапарға шыққан сайын сұрастырып жүретінмін. Бірақ туыстарыммен жүздесу күтпеген жерден болды. Бірде Тараз (бұрын Жамбыл) қаласында іс сапармен барып, біздің келуімізге орай ұйымдастырылған концертте отыр едік, бір кезде жүргізушінің «келесі әнді орындайтын Танкина» деген хабары құлағыма жылы естілді. Концерт біткенше жүрегім дүрсілдеп, бір орнымда отыра алмадым. Сахна жабылғасын іздеп бардым әлгі баланы. Сұрастыра келіп, туысым екенін білдім. Бауырларым Тараз қаласында тұрады екен шұрқырасып табыстық. Таңқы ағамыз дүниеден ерте өтіпті. Артында қанатын жайған ұрпақтары бар екен. Бір баласы Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факултетінің деканы Марат Барманқұлов» -деп әңгімесін аяқтаған Ғафаң. Мараттың ол кезде көзі тірі еді... Қайран Дощекең де туысының табылғанын ести алмай дүниеден өтті...
Қоштасу
1994 жылы қазан айының соңына таман «Нағашың науқас, халі нашар» деген хабар жетті. Мен «ыстық сорпа науқасын жеңілдетер» деген оймен, қала сыртындағы ауылдан бір қой сатып алып, Алматыға жүріп кеттім. Ғафаңның үйі «Самалда» тұратын кезі. Мен үйге кіргенде Ғафаң төргі бөлмеде жатыр екен. Бәдеш жеңгеміз оның арқасын маймен сылап жатты. Аузымен құс тістеген шешен Ғафаң сөйлеуге шамасы жоқ, бетін маған қарай әрең бұрып, сүйегі ырсиып тұрған жүдеу қолын баяу жылжытып менің ұсынған қолымның үстіне салды.
- Ағаң (нағашың демеді) – Сәкеннің тойы өткен Жезқазғаннан бірнәрсеге көңілі толмай оралды. Әрі салқын тигізген екен, келе салып ауруханаға түсті. Осы екі үш күн болды, дәрігерлер «енді ештеңеге шамамыз келмейді» -деп хабарлағасын барсам, Ғафуды арбаға салып кіре беріске шығарып тастаған, өзі салқынды көтере алмайтын адам, темірдің үстінде жатыр екен, үйге халі тіпті нашарлап келді. Неше түрлі қымбат дәрілермен, майларды сатып алып, өзіміз емдеп жатырмыз –деді Бәдеш жеңгеміз мұңын шағып.
Менің жанымда белгілі ақын Бақыткерей Ысқақов тұрған:
- Жеңеше-ау, маймен сылай бергенше, елу грамм коньяк беріп жібершеңізші, мүмкін жан ауруы жеңілдер-дегені. Сол жерде не күлерімді не жыларымды білмей мен тұрдым.
Содан көп ұзамай заманымыздың дүлдүл ақыны Ғафаң бұл дүниеден бақи аттанып кетті. 7-қараша күні осы күнгі жасөспірімдер театрынан Кеңсайға апарылып жерленді. Онда үкімет басшылары, қазақтың белгілі қоғам қайраткерлері, жазушы –ақындары соңғы қоштасу сөздерін айтты. Ондай жерде шын жүректен, терең сезіммен айтылған сөз ғана қайғыртып, көзге жас алдырады екен, ол сөзді қабір басында айтқан Ғафаңның ұлы Бақыт еді.
Қандай жаман ажалдың қандауыры,
Талай –талай алау жан тұрды ауырып,
Он ғасырлық қазақы ұлы жырдың,
Біткені ме осымен бір дәуірі?!-деп сол жылы айтқан Қадыр Мырза Әлінің жыр жолдары еске түседі...
Сол жерде енді ақынның екі ғұмыры бары еске түсті -бірі шығармашылық, екіншісі, ұрпағы жалғастырар ғұмыры, екеуініңде алды жарық болғай деп тіледік.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ
abai.kz