ОҚО, Шардара ауданында тұңғыш рет жағажай волейболы турнирі өтті
Облыс бойынша тұңғыш жағажай волейболы спорты Шардарада ашылып отыр. Спортшылар мерекесі күні аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында аудан әкімінің жүлдесіне арналған жағажай волейболынан тұңғыш рет облыстық турнир өткізілді. Жарыс басталмас бұрын аудан әкімі Арман Абдуллаев пен жағажай волейболынан облыс құрамасының базасы болып саналатын №2 спорт мектебінің директоры Нұрмахан Мелдеханов жағажай волейболы алаңының тұсауын кесіп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жағажай волейболы турниріне барлық аудандар мен Шымкент қаласынан командалар келіп қатысты. Алғаш болып алаңға Сарыағаш ауданының командасы мен Қазығұрт ауданының командасы шығып, есеп сарыағаштықтардың пайдасына шешілді. Жалаңаяғымен толарсақтан құм кешкен спортшылар ойын көрігін кешке дейін қыздырды. Ақдәулет Мамақ және Пердалы Қоқыш есімді ойыншылардан құралған Қазығұрт ауданының командасын ІІІ орынға қалдырған Шымкент қаласы мен Шардара ауданының командалары ақтық сынға шығып, жеңіс үшін бәсекеге түсті. Шардаралық волейболшы жігіттер Ербол Сәкиев пен Асқар Қанділлаевтар жарыс соңына дейін жанқиярлықпен сайысқа түскенімен, шымкенттік Нұрдос Алдаш пен Владислав Кунченколар айласын асырып кетті. Нәтижесінде Шардара ауданы әкімінің жүлдесіне арналған жағажай волейболы турнирінің жеңімпазы болып Шымкент қаласының командасы танылды. Шардара ауданы екінші, Қазығұрт ауданы үшінші орындарды иеленді.
Жарыс соңында аудан әкімі Арман Абдуллаев жеңіс тұғырына көтерілген жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар, медальдар мен кубоктарды сыйға тартты.
Енді алдағы қыркүйек айында жағажай волейболынан Оңтүстік Қазақстан облысының І чемпионаты Шардара қаласында өткізілетін болып шешілді.
Abai.kz