БАУЫРЖАН БАЙБЕК МЫРЗАҒА АМАНАТ
Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаға қазақтың қарапайым азаматы, жазушы, атбегі, «Ұлы Дала Қырандары» халықтық қозғалысы жетекшілерінің бірі Сәдібек Түгелдің әсем қала, ару қала Алматы шаһарында лас туризм мен жеңіл жүрістерге жол бермеу туралы
АМАНАТЫ
Құрметті, Бауыржан Қыдырғалиұлы!
Қазақта түсі жылыдан түңілме деген ұлағатты ұғымы бар. Өзіңмен 2007 жылы Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромының салтанатты ашылуына үш күн қалғанда кездестім. Сіз, ол кезде ҚР Президенті протокол бөлімінің меңгерушісі болатынсыз. «Барлық көрсетілімдерді көрсетуге, бұл жерде 18 минут қана уақыт беріледі»-деген Сіздің сөзіңізге мен, «олай болмайды, тек, үш бәйгеге - 45 минут, көкпарға - 50 минут, атбегілер шеруіне - 15 минут, ат құлағында ойнау өнеріне -25 минут, керемет сәйгүліктер байқауына - 20 минут, қалғандарына - 30 минут қажет», - деп жарыстың хронометражына орай келіспейтінімді ашық білдірдім. Жанымдағылар не айтарларын білмей үнсіз түр. Сіз «мен айтарымды айттым, енді болды дегендей ишарамен» есігі ашық тұрған көлікке отырып жүріп кеттіңіз. Біз, «не болып кетті өзі, есіл еңбегіміз еш болды ма, бір жыл дайындалған, еліміздегі ең үлкен ипподромның тұсаукесер тойына бар жоғы он сегіз минут берілгені несі?» деп аң-таң боп тұрғанбыз. Сол сәтте, Сіз отырған мәшін 20-30 метрдей жер жүріп барып, кілт тоқтады. Сіз көліктен шығып біздің қасымызға келдіңіз. « Жігіттер, сіздер мерекені қалай көрсете аласыздар, соған байланысты болады ғой. Сәттілік тілеймін», - дедіңіз ақжарқын жүзіңізбен біздің қолымызды алып. Осы бір ғана іс-қимылыңызға, бір ғана жылы сөзіңізге біздер, ұйымдастырушылар алқасы шынын айту керек жадырап қалдық. Сол жолы ат спортының мерекесі өте жоғары деңгейде өтіп, бүкіл жанкүйерлердің көңілінен шықты. Ел риза болды. Елбасы жарыстың соңына дейін болды. Бұл жердегі айтарым, Сіздің қазіргі қазақ шенеуніктеріне тән өркөкіректікке, менмендікке салынбай інілік ізеттілік пен көргендік көрсеткеніңіз жүрегімізге ұялап қалды. Жолың ашық болсын, бауырым! Өсіп, өркендей бер!
Енді негізгі мәселеге көшейін. Халық өзі сыйлайтын басшыға АМАНАТ айтады. Менің Аманатым - Сіз басқарып отырған, бәріміз өсіп-өнген, ару қала, сұлу қала, тарихи шаһар, мәдени шаһар АЛМАТЫНЫ арсыздықтан тазарту болып табылады.
Ол қайдан шықты дейсіз ғой. «Время» газетінде белгілі қазақстандық журналист қарындасымыз Мадина Айымбетова: «Зачем вы, мальчики? Кто-то пытается приклеит к Казахстану ярлык второго Таиланда. Статья в индийском интернет-издании, назвавшая нашу страну новым центром мирового секс-туризма, стала поводом для разбирательства на дипломатическом уровне. Бангкок – это прошлое. Сейчас – Алматы». Индийские мужчины теперь толпами стекаются в Казахстан» деп жазады.
Атап айтарым, бұл проблеманы талқылауда біз тақыр-таяң емеспіз. Осы сұраққа ат үсті келе салғанымыз жоқ. Жылдар бойы жинаған, терген тәжірибеміз бар.1995 жылы «Біз қайда барамыз?» атты қазақ телевидениясында бағдарлама ұйымдастырдық. Ол кезде қазақ телевизиясының директоры Әділбек Тауасаров ал, телевидение мен радио корпорациясының төрағасы Әшірбек Көпеев болатын. Осы бағдарламаның негізінде 1995 жылдың соңғы айларында «Қазақтың қызына қырық үйден тыйым» атты телехабар экранға шықты. Бұл бағдарлама сол кезде қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жер жерде талқылаулар болды. Осы мәселеге орай менің мақалам «Жас Алаш» газетінде және «Каз. правда» т.б. бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
21 жыл бұрын «Қазақтың қызына қырық үйден тыйым» атты телехабарды жарыққа шығарудағы біздің ойымыз, осы жиіркенішті құбылыстың жайылып, тамырын тереңге салып бара жатқанын қоғамға ескертіп, жеткізіп, ауыр да болса ашық шындықты шырылдап айтып, белең алып бара жатқан ұлтымызға жат жаман үрдістің алдын алу еді.
Сол үлкен резонанс тудырған хабардың материалдарын қазір ақтарып, қарап отырсам 1995 жылы ресми түрде Алматы қаласында тіркелген 180 жөзекше әйел болған екен. Соның 60-сы қазақтың қыздары болыпты. Бұл хабар көрермендер алдында кең тарағанымен, тиісті мемлекеттік министрліктер, мемлекеттік әкімдіктер, мемлекеттік ұйымдар мен бизнес құрылымдарының тарапынан қолдау таппады. Қазақ қоғамы да селқостық танытты. Содан бері тура 21 жыл уақыт өтті. Тек, бір Алматы қаласында тіркелген 180 жезөкшенің саны бұл күні 10 000-ға жетіп отыр. Сонда, жаман жүрістірілердің қатары 55 есеге артқаны ма?.. Сонымен қатар, депутаттардың айтуынша, Алматы қаласында 20 гей клуб, 40-тан астам неше түрлі жын-ойнақ мекемелер күндіз-түні жұмыс істейді. Жастарды жаман, кір, лас жолдарға салатын кешендер бой көтеріп, ар-ұятты жоғалтты. Соның нағыз дәлелдерінің бірі де бірегейі Алматы қаласының «ең саунасы» көп қалаға айналуы дер едім. Ал, ол кешендер шындығын айтқанда, ар-намысты ұмытып, дүние жинауға құныққан «бизнесмендер» мен «кәсіпкерлердің», кейбір «құқық қорғаушылардың» күреп тұрып лас ақша табатын, бордел-сексханаларына, жын-ойнақ сауналарына айналып кетті. Бұл не деген сұмдық? Бұл не деген бизнес?
Біз осыдан екі-үш жыл бұрын осы Алматы қаласының Алмалы ауданында қанша сауна барын есептедік. Бір Алмалы ауданында 100-ден аса сауна бар екен. Сонда Алматының барлық жеті ауданында жеті жүз күндіз -түні жұмыс істейтін «САУНА- 24» тер бар. Ашығын айтқанда, бұл «САУНА-24»-тер-нағыз «бордельдер», лас орындар. Оларды қарапайым халық: «Сексханалар», «бордельдер», «жын-ойнақтар»-деп дөп атайды, айтады. Оның үстіне, арсыздыққа бойлаған «қонақүйлер», «түнгі клубтар», «хауыздар» мен «хамамдар», «гей-клубтар», «түнгі барлар» мен «моншалар», «лас туризмнің қанат жайуы» және тағы басқалары бар. Лас туризмнің арқасында бізге өте жаман лас атау таңылып отыр. Бұны естігеннен, көргеннен өлген артық деп санаймын. Біз бай елміз деп жар саламыз. Бүкіл әлем мазақтап «секс туризмнің отаны – Қазақстан, ал секс туризмнің астанасы – Алматы қаласы» десе намысы бар қазақ өлмегенде не істеуі керек?!. Әділін өзіңіз айтыңыз, біз неге осындай күйге жеттік??? Дәл осы жағдайда байлық неге керек, барлық неге керек? Ашығын айтайық осы жағдай мені және ұлттың болашағына немқұрайды қарамайтын азаматтарды қатты алаңдатып отыр. Логикаға салсақ, секс-туризм экономикасы нашар, намысы тапталған, ар-ұяты аз елде ғана орын алады емес пе? Бізде ұлтқа, жастарға жоғары адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беретін идеология жоқ. Арсыздықтың белең алуы - идеологияның әлсіреуінде дер едім. Бізде экономика бар да, идеология жоқ. Идеология жоқ жерде, «ар-намыс», «ар-ұят», «ар-ождан» жоқ болады, жастар рухани азғындыққа ұшырайды. Қазақтың екі мың жылдық тарихында қазақ әйелдерінің арасында бұрын соңды көшеде, далада тәнін сататын жезөкшелік болған емес. Ол бізге 20-ғасырдың тоқсаныншы жылдары капитализммен бірге келді. Бір сөзбен түйіндегенде, Алматы қаласы секс индустриясы шырқап дамыған шайтани шаһарға айналып барады. Бұл дегеніңіз – қоғамның әлсізденуін, арсыздықтың батпағына батуын, жамандық жат құбылыстардың шырқап өсуін, ар-ұяттан жұрдай болуымызды дәлелдейтін факт. Осы үрдіс жақсы ма жаман ба? Әрине, өте жаман. Осы сауналардың көбі жеңіл жүрістілердің мекеніне айналған. Осының бәрін ойлап, зердеден өткізсек, төбе шашымыз тік тұрады. Жүрегіміз ауырып, намысымыз қайнайды.
Біз қайда барамыз? Неге осындай күйге жеттік?
Арды бәрінен жоғары ұстаған ата-бабаларымыз: «Малым – жанымның садағасы, жаным – АРЫМНЫҢ садағасы», «Малсыз болсаң да арсыз болма», «Әрлі болғанша – арлы бол», «Арыңды жеме, барыңды же», «Ар жазасы бар жазадан ауыр», «Ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы» деп өмір сүрген, өлмес өсиет қалдырған.
Біздің Мемлекеттік Ән Ұранымызда «Намысын бермеген қазағым мықты ғой!» деген қанатты сөздер тайға таңба басқандай жазылған. Оның үстінеде мұсылмандығымыз да бар.
Құрметті Бауыржан Қыдырғалиұлы!
Сізге жолданып отырған АМАНАТ Күнделікті өмірдегі жастар арасында қалыптасқан жантүршігерлік арсыздықтардың көбеюіне тосқауыл қою, ұлт намысын қорлайтын келеңсіз жәйіттерді болдырмау, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған Отанымыз - Қазақстан Республикасын әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосуымыз қажет деген Стратегиясына азаматтық үн қосу мақсатында дүниеге келді.
Ал шынында, біздің қалалардағы туризм – лас туризмге, ұлттың қасіретіне, қайғысына айналып, біздің елді әлемге масқаралауда. Аталарымыз: «Мешкей деген жаман ат» десе, мынау ярлык тіпті онан миллион есе сұмдық клеймо болып тұр. Осыны түсінетін сәт келді.
Орыстарда мынадай қанатты сөз бар:-«ИМИДЖ все, остальное ничто!».
Болашақ ұрпақтарымыздың, немере, шөберелеріміздің жағдайын ойласақ, осындай намысқа кір келтіретін, ұлттың арына дақ түсіретін сорақылықтарды болдырмайық, күресейік, алдын алайық! Төзіп отыра беруге болмайды. Ұрпақ кешірмейді, ата-баба рухы кешірмейді.
Осы орын алған келеңсіз жағдайларды мұқият талқылап, зерттеп, талдап Сізге АМАНАТ ретінде 7-ұсыныс бергелі отырмын:
Біріншіден, Алматы қаласының жарқын болашығы мен рухани тазалығы үшін «сексхана» атанып, қаптап кеткен 700-ден аса сауна-хауыздарды, түнгі клубтарды, гей, гейша клубтарды, басқада «жынойнақтарды», «бордельдерді» күшпен осы 2016 жылдың аяғына дейін жабу.
Олардың орынына жиырма төрт сағат жұмыс істейтін «Кітапхана-24»-тер, патриот жастар дайындайтын клубтар, руханият орталықтарын, Ар-намыс, Ар-ождан ұйымдарын көптеп ашуды ұсынамын.
Екіншіден, «Ар-Ождан мәселелері» атты 2016-2030 жылдарға арналған Алматы қалалық Бағдарламасын қабылдау қажет деп санаймын.
Үшіншіден, осы «Ар-Ождан» Бағдарламасының негізінде жезөкшелерді, гейлерді, гейшелерді, нашақорларды қатаң жазаға тарту. Оларды бас бостандықтарынан айырып, қоғамнан аластату.
Төртіншіден, Алматы қаласында «АР-ОЖДАН» атты полиция тобын құру.
Бесіншіден, Алматы қаласына «лас туризмді» кіргізуге мүлдем жол бермеу.
Алтыншыдан, Алматы қаласы бойынша, жастардың, балалардың тәлім-тәрбиесіне алдымен отбасында, сосын балалар бақшасында, мектепте, барлық оқу орындарында, ұйымдарда, кәсіпорындарда бірінші кезекте көңіл бөлу. Барлық оқу орындарында, барлық мекемелерде «Ар-Ождан» сабақтарын өткізу.
Жетіншіден, қазақ «Қызға –қырық үйден тыйым» деп бекер айтпаған. «Қыздың намысы - елдің намысы». Қыздың намысы тапталса, елдің намысы ойран болады емес пе? Алматы шаһарында тұратын қыздардың тәлім-тәрбиесіне баса назар аударып, оларды ақылы оқудан құтқару;.
Құрметті Бауыржан Қыдырғалиұлы!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні төмендегідей: қала экономикасы оңалар. Қоршаған орта экологиясы түзелер. Оған мемлекет қалтасынан қыруар қаржы бөлінуде. Ал, ұлттық рухани экологиямыз, жастарымыздың Ар, Ождан, Намыс, ұлттық тәлім-тәрбиелері кері кетудің үстінде. Осы сауалдарды мен, 2012 жылы ҚР Президенті жанындағы «Телекоммуникациялар қызметі орталығында» баспасөз мәслихатын өткізген сол кездегі қала басшысы Есімов мырзаға ұлттық құндылықтарға арналған ғылыми-танымдық «Қазанат» журналының атынан жолдаған болатынмын. Сол журналистік сұрақтың стенограмдық мәтіні былай болатын:
«Құрметті Ахметжан Смағұлұлы! Мына кезек күттірмейтін ащы сұраққа Сіздің көңіліңізді бұрып, оған тұщымды жауап алайын деген ниетпен микрофонға келіп тұрмын. Сіз, өз сөзіңізде Елбасының тапсырмасымен Алматы қаласында орын алған экологиялық проблемаларды жоюға арналған үлкен бағдарламаның жасалғанын, оны жүзеге асыруға бағытталған бұрын соңды болмаған миллиондаған доллар көлемінде қаржы бөлінгенін жақсы хабарладыңыз. Сөз жоқ, қоршаған орта экологиясы тазаланады, экономика оңалады. Менің айтарым, Алматы қаласында рухани экологиямыз, рухани-адамгершілік жұмыстарымыз, Ар-Ождан, Ар-Намыс мәселелері ұмытылған. Оның орнына, осы бәріміз жақсы көретін Алматы қаласында, жастарды таза жолдан адастыратын жын-ойнақ, шайтани орындар арам шөптей қаптап кетті. Сөзім дәлелді болу үшін мына фактіні айтсам да болады. Белинский көшесінің бойында орналасқан жастарымызға ұлттық рухани-патриоттық тәрбие бере алатын ипподромның жұмыс істемей тұрғанына 2 жыл болды. Ешқандай ат жарыстары, бәйгелер өтпейді. Қазір, тіпті жабылудың, жеке бизнеске сатылудың алдында тұр. Осы жағдайда Сіз басқаратын Алматы қаласында соңғы екі-үш жылдың жүзінде 20 гей, гейша клубтармен 40 шаққты күндіз-түні жұмыс жасайтын «жын-ойнақ» шайтани мекемелер ашылған. Неге оларға жол берсіздер?
Есімовтың жауабы: «Сәке, сұрағыңыз дұрыс. Әсіресе, ипподромға байланысты. Бұл сауалмен келісемін. Ипподромның жабылмауына күш саламын. Қалалық парк бағдарламасы арқылы сақтап қалуға болады. Тиісті шара қолданамыз. Ал, гейлерге келсек жағдай солай. Жастар тәрбиесі ақсап тұр» Әділін айту керек, сол жолы Есімов менің ұсынысымның негізінде ипподромды жабылудан сақтап қалды.
Менің айтарым, құрметті, Бауыржан Қыдырғалиұлы, Ар мәселесінде алдымызда –жар, артымызда – құз тұр! Алматыны арсыздықтан тазартыңыз! Сізге сенемін!
Сәдібек Түгел,
«Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық
мәдени-әлеуметтік қозғалысының тең төрағасы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы
12 тамыз 2016 жыл. Алматы қаласы.
Abai.kz