«Нұр Отан» жалғызбасты аналарға көмектеседі
Жалғызбасты аналар алимент өндіре алмай жүр. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық тыңдауына бұл жолы тиісті көмекке қол жеткізе алмаған тұрғындар келді. Табаннан тозған аналар заң қызметкерлерінің өздерінен жауап алынса дейді.
Шымкент қаласының тұрғыны Гүлчехра Сайдахметова партия қызметкерлерінің алдына туа бітті кемістікпен дүниеге келген баласын ала келіпті. Ұлының күтімі мен емделуіне жағдай жасай алмай жүрген жалғызбасты ана бұрынғы жолдасынан титтей де көмек көрмейтінін айтады. Ал сот орындаушылар алимент өндіріп берудің орнына өзін балағаттап, бетін қайтарғанын ашына жеткізді.
Дәл осындай әке қамқорлығына зәру бес баланың анасы да нұротандықтардан көмек сұрай келіпті. Бәрінің де заң қызметкерлерінің селқостығынан тауы шағылып, тауаны қайтқан. Айтуларынша, жауаптылардың өздері дер кезінде тиісті шараларға кіріспей, істің насырға шабуына себеп болуда.
Мұң-мұқтажын арқалай келген келіншектердің ендігі үміті — осы партияда. Филиал жетекшілері талап-тілектерді жіті тыңдай келе жауапты мамандарға жүктейтінін айтты.
Кейбір тас бауыр әкелердің ісі сотқа дейін барады. Дегенмен, алименттен төлеуден жалтарғандардың үстінен, тіпті, қылмыстық іс қозғалғанымен, олар заңды пысқырмайтын секілді. Бауыр еті баласын асырауды жөн санамаған әкелердің айтатын түрлі сылтаулары да дайын.
Abai.kz