К.МӘСІМОВ: БІЛІМ МИНИСТРІ БІР КЕЗДЕРІ БАЛМҰЗДАҚ САТҚАН...
(К.Мәсімов пен Б.Боқауов)
Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов жақында іс-сапармен Павлодар облысында болды. Павлодарлық кәсіпкерлермен кездесу барысында премьер-министр Кәрім Қажымқанұлы ҚР Білім және ғылым министрін мысал етіп, оның балмұздақ сатып жүріп, министр дәрежесіне дейін көтерілгенін айтты,-деп жазады «ratel.kz» порталы.
Павлодар облысына жасаған сапары барысында премьер-министр Железин ауданында орналасқан «Пахарь» шаруа қожалығында болып, онан соң «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан «Ертіс» көпірінің құрылысымен танысқан. Аталған көпердің құрылысы аяқталуға жақын қалғанымен, құрылыс әлі аяқталмаған. Десе де биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған көрінеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша, «Орталық - Шығыс» жобасына бюджеттен 50 миллиард теңге бөлініпті. Ал көпірдің ұзындығы 12,6 шақырымды құрайды екен.
Әдеткі сценарий бойынша ресми кездесулер аяқталған соң, Үкімет басшысы тікұшақпен құрылыс алаңына келіп, құрылысшылармен кездескен еді. Мұнда да Мәсімов мырзаны мәз болып қарсы алған қауым оған мадақ сөздер айтып таусылды.
Өңір басшысы Болат Боқауовтың арнайы дайындаған презентациясы айналасы 15 минутта тәмімдалған соң, Үкімет басшысы асығыс-үсігіс көлігіне отырып, Павлодар облысының орталығына аттанды. Айтпақшы, премьер-министр желтоқсанда ашылуы керек деп жоспарланған көпірді ҚР Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай атауды ұсынған.
(Үкімет басшысы жұмысшының қолын қысып тұрған сәті)
«Бұл көпірді Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай атауымызға болады. Президентке осындай ұсыныс жасау керек»,-деді Үкімет басшысы.
Осыдан кейін ресми жиын облыс орталығында жалғасты. Онда премьер-министрді белсенді студенттер мен ұстаздар, дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлері тосып тұрған.
Әдеттегідей жиналған топ Үкімет басшысына алғыстарын айтып, өңірдің тыныс-тіршілігі күн санап жақсарып келе жатқанын жеткізген.
Десе де, жиынға келген «Жасыл ел» отрядының еріктілері жыл сайын жалақыларының кешеуілдеп келетінін, кейде, тіпті, бюджеттен бір тиын да бөлінбей қалатынын айтып шағымданған.
Одан әрі өңір басшысы премьер-министрге алғысын айтып, өңірдегі қымыздан жасалатын балмұздыққа сұраныстың артып жатқанын айтқан.
Мұндай «пиар жүрістердің» нақ шеберіне айналып үлгерген премьер-министр әзіл-шыны аралас, балмұздақтан дәм тату керектігін айтқан.
«Онда дәмін татып көру керек!»,-деген Үкімет басшысы жас кәсіпкерлерге ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті мысал еткен.
«Стартапшы Сағадиев те кезінде балмұздақ сатудан бастаған. Қазір қарашы, министр болды»,-деді Кәрім Мәсімов.
Ол ол ма, ең қызығы өңір жастарының атынан сөз алған студент қыз премьер-министрге үш тілде баяндама жасап, өңір жастарының ЭКСПО-2017 көрмесіне ерікті ретінде қызмет етуге дайын екенін жеткізді.
(ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев)
«Сіз Сағадиевті танисыз ба?»,-деген премьер-министр үш тілде баяндама жасаған бойжеткенге қарап. Содан соң Білім және ғылым министрі Сағадиевке бұрылып: «Сен де оған үш тілде жауап берсеңші»,-деп әзілдеген.
Премьердің әзілі ауыр тиді ме, әлде оны кекесін ретінде қабылдады ма, Сағадиев мырза селт еткен жоқ. «Бізде әрі көрікті, әрі сауатты еріктілер жетерлік. Павлодар облысына рақмет»,-деп қайырды сөзін министр. Одан әрі жиын дәстүрлі сценарий бойынша жалғасты.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz