Тіледім тәтті тіршілік
Жетімін жылатпаған ұлттың ұрпағы ретінде сол үрдістің жалғасып келе жатқанына қуанасың. «Жетім көңілі тасбауыр» дейді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған балаларға мемлекет тарапынан зор демеу болып жатқанын жұртшылық білсе керек.
Машат шатқалындағы «Самал» жазғы сауықтыру лагерінде Төле би, Сайрам аудандарының, Арыс қаласының Балалар үйінің тәрбиеленушілері демалып жатқанын естіп, атқа қондық. Мезгіл қызығына кенелген 300-ге жуық баланың ішінде ауданымыздағы «Бауыржан» отбасылық негіздегі балалар ауылынан 69 оқушы бар екен. Осындағы денешынықтыру пәнінің мұғалімі Дарын Мыңбайдың айтуынша, лагерде 4 мезгіл тамақ беріліп, спорттық іс-шаралардың көрігі қызады екен. Балалар өзара достасады. Үлкенді сыйлауды үйренеді. Өзі тым көңілді. Ауылдағы мектептен бөлек осында 10 жылдан бері тәжірибе жинаған. Біз онда болмысы жасықтау келетін жетімдіктің қаяу көрінісін сезбедік. Бала көңілі бәріне риза. Футбол, волейболдан тіпті жүзуден жарыс болғанда балалар шуылы аспандап-ақ кетеді. Түнгі алау маңындағы мәдени іс-шаралар да ертеңінен үміт күттіретіндерді ізгілікке тәрбиелейді. Сол күні құдайы тамақ берілді. Әруақтарға құран бағышталды. Оған демеуші болған аудандық мәслихаттың депутаты Сиқымбай Сағындықов сырбаздығымен тағы бір рет көзге түсті. Ал, «Ақарыс» ауылының имамы Арыстан Оспанов пен Қасымбек датқа ауылының діндар азаматы Қуаныш Шамсуллин тәрбие мен Ислам бағытын балаларға түсінікті етіп, әдемі жеткізді. Жалпы, осы екі ауылдың жастары, іскер азаматтары көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созатыны басқа замандастарына үлгі болса дейсің...Балаларға бас-көз болып жүретін тәрбиеші Жанат Әлібекқызы «Оқушыларымыз мұнда табиғат ғажайыптарына куә болады. «Үштасқа» барып, жар жағалап, үлкен тастарды кезсе, «құс базарындағы» қанаттылардың сайраған сазын тыңдайды» дейді. Қалай болғанда да қалқатайларға қалқан болар елі барда, сол періштедей жандар зар-запыран тағдырды елей қоймас.
Диас есімді 6 жастағы баламен таныстым. Тұнық көзінде бір тылсым жатқандай. Кекілінен сипап отырып, сыр суыртпақтадым. 8 жастағы ағасы, 12 және 14 жастағы әпкелерімен осында бірге жүр екен. Бір отбасының перзенттері әке-шешеден бір-ақ күнде айырылыпты. Жазымыштың қаталдығы-ай, дейсің. Себеп-құрып кеткір жол апаты. «Аға, сіз үнемі келіп тұрасыз ба? дейді Диас. Баланы алдамау керек...үнсіз қалдым. «Мамам түсіме енеді» дейді кенет көзі жадырап...Екеуміз біраз қызықты әңгіме айттық. Бауырларын жақсы көреді екен. «Үлкейгенде ұшқыш боламын» дейді аспанға қарай қол созып. Ертеде мұсылман дініне көзқарасы түзу, халқын имандылыққа бастаған һарун Рашид деген патша көз жұмарда: «Е, мүлкі таймас құдіретті патша! Жердегі мүлкі тайған пендеңе рахымды бол!» деп көкке қарап, қол жайыпты. Ата-анасыз өсіп келе жатқан бүлдіршін жолына мен де Жаратушыдан рахым нұрын тіледім. Ауыр жолға ұрынбасыншы.
Мәртөбе газеті,
Төремұратов Нұрғиса Тұрдымұратұлы
Abai.kz