ҚТЖ-Ы МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙ МЕ?
Сауатсыз саясаттың арқасында сенделіп өлетін болдық. Өз тілімізді өзіміз сөйлемек түгілі қолданудан ада болып бара жатырмыз. Бұл күнде көшеге шықсаң, көзіңді ашып, айналаңа қарап жүруге ұяласың. Туған тіліңді, туған жерінде өзегінен теуіп, өгейсітіп жүрген халықтың бейқам әрекеті шамыңа тиеді. Әттең, бірақ қолдан келер шара жоқ. Зар қақсайсың, қолыңнан келсе, шатпақтатып жазасың, болды, мәртебеге жетуге амалдай алмайсың.
Мәселен, ҚТЖ-ның мына «масқарасын» көріп, тіптен ауыз ашылып, «сұмдық» дегенге тіл зорға келді. Ай, қазақтар-ай, дейін десем, сол қазақтың бірі менмін. Осы күнге дейін қанша рет пойызға отырып, электронды билетті алсам да, осы бір қателерден көз сүрінетін «сұмдыққа» мән бермей жүре беріппін. Қазіргі күні ғаламтор деген күшті нәрсе бар. Кіресің де, керегіңе қарай зырғып, онлайн арқылы билетіңді сатып аласың. Дәл солай Сіз де ҚТЖ-дан электронды билет алсаңыз, егер таза қазақ, намысты, тілін шойын жолдың шылбырында қалдырмайтын, ардақты ана тілін қадірлейтін жан болсаңыз, «Масқара» деп айқайлап, «сұмдық» деп саныңызды соғар едіңіз. Ал бұл электронды жол жүру құжатын дайындағансымақтар «орысшасы оңса болды, қазақ деген сорлы ғой, сол жерде жазылып тұрғанына да қуансын» деген сияқты. Бұл құжаттағы сөйлемдердің құрылымы өте қарапайым. Сондай оп-оңай тіркестер мен сөйлемдерді оңдыра алмаған қызметкерлерді жұмысқа қалай алады екен?...
Мөлдір Бақытқызы
Abai.kz