Шымкенттің қоғамдық ахуалы тұрақты
Шымкент қаласында бүгінде саяси- қоғамдық ахуал тұрақты. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен кезекті қала әкімдігінің мәжілісінде айтылды. Шымкент қаласындағы қоғамдық саяси жағдайды тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков баяндама жасады.
- Алты ай ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жер Кодексін түсіндіру бойынша 184 материал жарық көрген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Орталық коммуникациялар қызметі тарапынан жолданған ақпараттық агенттіктер парақшаларында және әлеуметтік желілерде жарияланған. Жер мәселесі бойынша заңға өзгеріс енгізуге қарсылық білдірген азаматтармен шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың басшылығымен ашық диалог орнатылды. Мұндай істерді республикамыздағы белгілі саясаттанушылар, эксперттер жоғары бағалап, әлеуметтік желілерде, тіпті наразылық білдіруші азаматтар да оңды пікір білдірді, - деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков.
Шымкент қаласының алғашқы жартыжылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының жағдайы туралы қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова айтып өтті. Яғни, осы жылдың 1 шілдесіндегі статистикалық мәліметке сәйкес, өнеркәсіп өнім көлемі 155,9 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 5 пайызға, тасымалданған жүк көлемі 7,2 пайызға, іске қосылған тұрғын үй 2,9 есе, кәсіпкерлік субъектілерімен шығарылған өнім көлемі 1,4 пайызға өскен. Ал, экономика салаларында 9 434 жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрады. Сонымен қатар, қала бойынша орташа айлық жалақы 11,2 пайызға өсіп, 95 220 теңгені құраған.
Қала әкімдігінің мәжілісінде шаһар тұрғындарын толғандырып отырған бірқатар мәселелер сөз болды. Өз кезегінде шаһар басшысы әкім орынбасарлары мен аудан әкімдерін, бөлім басшыларын халықпен кездесіп, түйіткілді проблемалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Abai.kz