Сенбі, 23 Қараша 2024
Әкім мен халық 4452 0 пікір 4 Тамыз, 2016 сағат 14:06

ОҚО, Ордабасы ауданы: кемшіліктерді жою үшін – 1 ай

Бүгін аудан әкімі А. Мамытбеков Төрткүл ауыл округіне жұмыс сапарымен барды. Мақсат - күрмеулі мәселелерді көріп, оның шешілу жолдарын қарастыру. Алдымен шаруалардың жағдайымен танысып, мақта алқаптарын аралады. Ы.Бердеш 4 гектарға ақ алтынның «түксіз 47-27» және «Лидия» сұрыптарын орналастырған. Ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері А.Толықбек мақта егудегі инновация жайын сөз ете келе, дұрыс бапталғанда ғана өнім мол болатынын айтты. Биылғы жауын-шашынның мол түсуі мақта еккен дихандарға қолайлы болған. Олар: «Есесіне, өніміміз биыл көп түседі», - деп үмітін үкілеуде.

Қызылжар ауылындағы демеушілер есебінен бой көтерген спортзалдың бүгінгі ахуалын көрді. Ауыл тұрғындары жасөспірімдерді баулу мақсатында арнайы спорт секцияларын ашу жөнінде ұсыныс айтып, көмек сұрады. 

Сонымен қатар, таза ауыз су жүйесінде де түйткілді түйіндер бар екен. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Шалтайұлы Төрткүлдің жоғарғы аумағында қолданылмайтын ұңғыма барын, егер ол іске қосылса таза ауыз сумен қамтылатындар қатары артатынын атап өтті. Аудан басшысы ауыл әкіміне аталған жәйтті ескеріп, ұңғымаға қатысты ЖСҚ әзірлеуді тапсырды. Қолданыстағы ұңғыманың айналасын реттеуге, көгалдандыруға 1 ай мерзім берді. Сонымен қатар, қарауылдық штат ашуды қарастыру қажеттігін ескертті. 

Демеушілер есебінен жасалған тағы бір нысан - Төрткүл ауылындағы Жастар аллеясы. Ауылдың 1989 жылы туылған азаматтары мектеп бітіргендеріне 10 жыл толуына орай туған жеріне осындай тосын сый жасаған. Құптарлық іс. Ендігі мәселе, осы аллеяға су жүйесін тарту. Су тартылса осында егілген ағаштар мен гүлдер аллеяның ғана емес, ауылдың ажарын ашқалы тұр. 

Жұмыс сапарының соңында Алмасбек Кеңесбекұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауыл округі әкімі Өтеміс Мұхтарханның 6 айда атқарылған жұмыстар жөнінде есебін тыңдады. 

14 мыңнан астам тұрғыны бар ауыл округінде шаруашылық жақсы дамыған. 10 331 гектар суармалы жер ел игілігінде. Диханшылықпен қатар мал шаруашылығының да қыр-сырын меңгерген төрткүлдіктер 8780 ірі қара, 800 жылқы, 308 түйе, 33 005 уақ мал бағып отырған жайы бар. 

Әйтсе де, тұрғындарды толғандырған мәселе де жетерлік. Сыпатаев ауылының азаматтары таза ауыз су жүйесінің ертерек тартылуын сұранса, көкаралдықтар Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінің маңынан жанама жол жүргізіп беруді өтінді. Ағын суға қатысты көтерілген мәселелер де арналардың жұмысын реттеу арқылы шешілетін болды.

Өтеміс Мұхтарханнан кейін сөз алған ауылдың учаскелік полицейі Абзал Мыңбаев Төрткүл аумағындағы қылмыс жайын саралады. 

Аудан әкімі Алмасбек Кеңесбекұлы кездесу барысында тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-тілектердің міндетті түрде назарға алынатынын, Заң аясында жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, ауыл әкіміне жергілікті тұрғындарды арыз-шағымдарымен тұрақты қабылдап отыруды, оларды атқарылған жұмыстармен таныстырып отыруды тапсырды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415