БАҚ: Авторитарлық елдер кибертыңшылықты белсенділерге қарсы қолданады
Қазақстан, Өзбекстан және басқа да авторитарлық елдердің үкіметтері киберқұралдар сатып алып, ол технологияларды жүйеге қарсы шыққан адамдардың электрондық пошталарын бұзуға қолданады, деп жазды шетел басылымдары.
Зерттеушілер тобы анықтағандай, 2000 жылдардың басында Verint және Nice Systems сынды компаниялар Өзбекстан мен Қазақстанға жаппай құпия бақылау технологиялары мен құрылғыларын сатқан, деп хабарлады Associated Press. Аталған компаниялардың израильдік мамандары Ташкентке барып, бұл технологиялардың қалай жұмыс істейтіндігін көрсетіп берген. Құрылғылар өзбек арнайы қызметіне құпия ақпараттарды телефонмен немесе электрондық пошта арқылы алмасатын адамдарды тауып, қамауға алуға көмектеседі.
Associated Press хабарлауынша, адам құқығын үнемі бұзып жүрген авторитарлық елдердің үкіметтері Батыстың арнайы қызметі мен полициясы пайдаланатын технология мен құралдарға ие болған. Осы технологиялардың көмегімен авторитарлық биліктер адамдарды түрмеге жауып, оларға зорлық көрсетті, дейді адам құқығын қорғаушы топтар.
Reuters-тің хабарлауынша, хакерлер Қазақстан үкіметінің тапсырысын орындауға жұмыс істеген. Олар қуғындағы диссиденттердің, адвокаттары мен жақтастарының электрондық құрылғыларына тыңшы бағдарламалар орнатуға тырысқан. Кибершабуылдар бұл елдерде шынайы қылмыстарды ашуда сирек қолданылады, деп жазды Reuters.
Абай-ақпарат