Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4343 0 пікір 28 Желтоқсан, 2010 сағат 05:01

Болат МҮРСӘЛІМ. ӘЛІМҚАН ТІККЕН ТУ

- Странно, странно! – деп, Әлімқанға қарап, Ленин қайта-қайта таңдана беріпті...
Ол кезде қазақ зиялысы «Жер жүзінің бейнетқорлары, бірігіңдер!» деген ұранға елпілдей қоймаған. Әлиханның екі жыл бұрын айтқан: «Ленинге сенбеңдер, ол үшін демократия – буржуазиялық сандырақ» деген тәкаппар сөзі де көкіректе сақтаулы. Ахаң мен Әлімқан, сөйтсе де, шекара туралы кесімді сөз айтылар кеңеске тастүйін барған.

- Странно, странно! – деп, Әлімқанға қарап, Ленин қайта-қайта таңдана беріпті...
Ол кезде қазақ зиялысы «Жер жүзінің бейнетқорлары, бірігіңдер!» деген ұранға елпілдей қоймаған. Әлиханның екі жыл бұрын айтқан: «Ленинге сенбеңдер, ол үшін демократия – буржуазиялық сандырақ» деген тәкаппар сөзі де көкіректе сақтаулы. Ахаң мен Әлімқан, сөйтсе де, шекара туралы кесімді сөз айтылар кеңеске тастүйін барған.
...Бізде осы Байтұрсынұлы туралы сөз болғанда, «Қазақты» шығарғаны, оқулық жазғаны,.. түрколог-лингвист ғалымдығы айтылады да, Ахаңның мемлекеттілікті қалыптастыру жолындағы саяси қызметі назардан тыс қалады. Ал, Ахаң 1917 жылы «Алаш» партиясының мүшесі ретінде Алаш автономиясына қандай қызмет етсе, 1919 жылдан қазақтың алғашқы коммунистерінің бірі ретінде Сәбет өкіметін орнатуға дәл сондай еңбек еткен. Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы Қырғыз Революциялық комитеті төрағасының орынбасары, елдегі «екінші» адам болған. Төраға – Пестковский, Польша тумасы. Бірақ, Ахаңды «атқа жеңіл Телпекбай» большевиктермен салыстыруға келмейді. Рас, коммунистік партияға кіргені де рас, одан тез шыққаны да рас. 1919-20 жылдарда Қазақстандағы бірден-бір билік органы Ревкомда Алашқа араша түсем деп, өлім аузынан қалғаны да рас. Ревкомның бір шовинисі Ахметті револьвьерімен атып тастай жаздапты. Алайда, Ахаңның қазаққа деген махаббатын сөндіру мүмкін емес,.. дүние өзгерсін, мылтық төсесін, Ленин тусын... Ахаңның Кеңестік биліктегі қызметінің мәні басқа еді.
Бұл шақта кеудесінде жаны бар әрбір ұлт өзінің шекарасын анықтап алуға жанталасып жатқан. Ахаң мен Әлімқан да Кремльге алты миллион қазаққа тиемел жерді өзгенің иелігіне бермеймін деп барған. Әуелі 1920 жылдың 18 мамырында қолына №2043 мандатын ұстап Мәскеуге Әлімқан Ермеков аттанады. Қырревком Ермековті Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті жанындағы өкілдіктің алқа төрағасы етіп тағайындайды да, оған Қырғыз (қазақ) өлкесіндегі жалпы жағдай және оның шекара мәселесі жөнінде баяндама дайындауды тапсырады.  
1917-19 жылдар аралығында Алашорда бар қазақты бір ұлттық мемлекеттік құрылымның дәргейінде болуға үндеген. Сол жылдарда қазақ билігі де-факто Алаш ұлттық-территориялық автономиясының қолында еді. Ендігі міндет сол жер, сол биліктің өзгенің қолына өтуіне жол бермеу. Осы себепті Мәскеуге әр деңгейде ықпал ету үшін У.Танашев, С.Қадірбаев, Е.Омаров, М.Әуезов сынды алашордашылар Ә.Ермековтің ізінше аттанады.
Шекаралық комиссияның ең белді өкілі ретінде Әлімқан Мәскеуде төрт айға жуық жұмыс істейді. Осы мерзім ішінде Қазақ өлкесі мен Ресей арасындағы даулы жерлер бойынша Кремльдің қаншама кеңестеріне қатысады. Әуелгі кезекте Сібірге қарап кеткен облыстар мен уездерді қайтару мәселесі тұрған. Тамыз айында бұл мәселе бірыңғаймен шешіліп, Ұлт істері жөніндегі комиссариат Семей, Ақмола облыстары мен Қостанай уезін Сібірден қайтарып, Қазақ комитетіне беруге келіседі. 3 тамызда Ә.Ермеков осыны заңдастыруға НКВД-ға барады. Содан соңғы ірі мәжіліс 9-10 тамызда өткен. Екі күндік кеңеске большевик көсемдері, Түрккомиссия өкілдері, Сібірревком, Омбы, Челябі, Астрахань т.б. жағының басшылары қатысқан.
Ә.Ермеков өзінің баяндамасында Астрахань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облыстары мен уездерінің қазақ қоныстанған жерін жаңадан құрылмақшы Қазақ республикасының құрамына түгел беруді сұрайды. Бұл 1917 жылы 12 (25) желтоқсанда Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінің қаулысында көрсетілген Алаш автономиясының жері болатын. Кезінде «Сарыарқа» газетіне «Декабрьдің 12-і күні, түс ауа сағат үште Алаш автономиясы жарияланды» деп мақала жазған да Әлімқанның өзі еді.  
Алты миллион қазақ қоныс тепкен территорияны қазақтың өзіне қайтар деген ұсынысқа мәскеуліктер де, өзге көршілер де бірден қарсы шығады. Олар тіпті, Қазақ республикасы құрылса, ол өзін-өзі басқара алады дегенге мүлде күмәнмен қарайды. Сол кезде Қырғыз (Қазақ) ревкомының төрағасы, елдің бірінші басшысы Пестковский сөз алады. Ол не деуші еді? Пестковский: «Қырғызияда ұлттық принцип бойынша автономия орнатуға болмайды» дейді. Ал, Түрккомиссиядан келген Сафаров: «Орынборда отырып, Жетісу мен Сырдарияны басқарамын деу – анекдот, тіпті авантюра. Бұл ұлттық утопизм» деп мысқылдайды.
Большевиктердің мұндай күмәні мен мазағына Ахаң, әрине, шыдамаған. Ахаңның сөзі: «Ашығын айтайық. Егер Қазақ өлкесі өзін-өзі басқара алмайды десеңдер, онда республика құрудың да түк қажеті жоқ. Ал, егер Қазақ республикасын құрғыларың келсе, онда қазақтың өзіне тиесілі жерін республикасына беріңдер!» болыпты. Сонымен, 10 тамыз, қорытынды мәжіліс Қырғыз (Қазақ) республикасын құру туралы қарар қабылдаумен аяқталады.
12 тамыз күні Лениннің төрағалық етуімен шешуші мәжіліс өтеді.
- Странно, странно! – деп, Әлімқанға қарап, Ленин таңдана беріпті. – Большевик Сафаров Түркістандағы кулакты қуайық, кулак – тап жауы дейді. Сіз қазақтың жерін тартып алған орысты қуайық дейсіз.
- Сафаров Түркістанның ішкі жағдайын қалай білсе, қазақ өлкесінің жайын мен де солай білемін.
- Ага, надо подумать, подумать, - депті Ленин.
Осы отырыста Астрахань губерниясы атқару комитетінің төрағасы: «Мәскеуді Каспий балығы асырап отыр, сондықтан теңіздің солтүстік жағалауы орыс балықшыларының иелігінде қалсын» дейді.
- Бұған не дейсіз? – деп, Ленин Әлімқанға қайырыла қарапты.
- Мәскеуге балық керек болса, біз Астрахань губерниясының балығынан екі есе көп балық жіберейік. Бірақ, Каспийдің солтүстігі қазақ жері болып қалсын.
Осыдан соң-ақ Ленин Әлімқанның тегін адам емес екеніне көзі жеткен сықылды.
- Владимир Ильич, Ермеков жолдас Данциг дәлізін жасамақшы ма? – дейді даурыққан большевиктер.
- Данциг дәлізін Ермеков емес, Сіздер жасап отырсыздар, - деп Ленин қысқа қайырыпты.
Арада 14 күн өткен соң, 1920 жылдың 26 тамызы күні Ленин мен Калинин қол қойған Қазақ Кеңестік автономиясын құру туралы декрет шығады. Сөйтіп, Ахаң мен Әлімқанның тікелей тартысының, Ә.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ықпалының арқасында қазақ шекарасының ең даулы мәселесі осылайша шешілген болатын. Ленинмен кездесу аяқталғанда, Әлихан: «Әлімқанмен екі сағат сөйлесуге білімі жететіндей, орыстан да біреулер туған екен ғой» деп қалжыңдапты.

***

Бұл кезде Әлімқан Ермеков небәрі 4 курстың студенті еді. Келесі жылы ол Том университетінің бесінші курсын толығымен тәмамдап шығады.
Әлімқан Әбеуұлы 1917 жылдың қазан айында Г.Потанин құрған Сібір үкіметінің мүшесі болған, министр шеніндегі тұңғыш қазақ еді.
Әлімқан Ермеков өмір-бақи қуғын-сүргіннен көз ашпай, 1970 жылы дүние салған ең соңғы алашордашы болатын.


“Абай-ақпарат”

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053