ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ БҮЛДІРШІНІ. "ЖАПЫРАҚТЫ ЖЕК КӨРЕМІН!"
Қытайдағы қазақ баласының жазған "Жапырақ - өмір" атты шығармасы "Аспан асты" елінің әлеуметтік желілерінде қызу талқыланып жатыр. Оқушыларға бір ақынның жапыраққа қатысты өлеңіне шығарма жазу тапсырылса керек. Сол тапсырманы қазақ бүлдіршіні көңілге мұң ұялатқандай етіп жазыпты.
"Жылдам ғұмыр уақыт өтті зымырап,
Әп-сәтте алтын түске енді күзгі бақ.
Жапырақтар жыр парағым секілді,
Жер бетіне құлап жатыр судырап".
Шығармаға осы өлең арқау болған. Бірақ, кішкене ғана бүлдіршіннің күздегі жауған жапыраққа деген махаббатынан гөрі өкпесі басым екен. Ол жұдырықтай жүрегімен сырын шертіп, өзге мемлекетте көше сыпырып, жан бағып жүрген анасының ауыр халін суреттеген.
Бұл бір ғана ана мен баланың жүрегін тілгілеген ащы шындық емес. Бұл - бөтен елде көзінің жасын көлдетіп кіріптар болып жүрген, бүгін кіріптар болмағанымен болашақта жат жұртқа жалтақтап қалатын қандастарымыздың күйін дәл көрсетіп отырған шығарма.
"Жапырақ - өмір. Мен жапырақты жек көремін. Анашым көше тазалықшысы, ол осы айда қатты жүдеп кетті. Көшені бүгін сыпырып қойса, ертесі тағы жапырақ жауып қалады. Әбден титықтады... Жапырақты жек көремін! Жапырақ анамның маңдайынан аққан тері секілді. Әр рет ағаштан түскен жапырақты көрсем анамның маңдайынан аққан тер көз алдыма келеді. Жапырақ ақындарға ұнайтын шығар, бірақ маған ол жауып жатқан сор сияқты. Шіркін, жапырақ түспейтін болсашы!.."
Түйін
Көрші елдің WeChat әлеуметтік желісін дүр сілкіндірген бүлдіршіннің аты жөні әзірге белгісіз.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz