Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2891 0 пікір 8 Қараша, 2016 сағат 14:37

Облыс бойынша бүгінде көлемі 1116 гектар жылыжай бар

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Созақ ауданында болып, ондағы тұрғын үй құрылысы мен бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы аудандағы индустриалды аймақта орналасқан екі ірі кәсіпорынды аралады. Уран өндіруші кәсіпорындарға арнап металл бөшкелер шығаратын «UKO-S Star» зауытының жұмысымен танысты. Жылына 50 мың дана металл бөшке шығаруға қауқарлы зауыт, бүгінгі таңда 40 адамды тұрақты  жұмыспен қамтып отыр. Зауытта жыл басынан бері 18 мыңға жуық металл бөшке әзірлеген.

Сондай-ақ, жұмысшы топ йодталған ас тұзын шығаратын «Дархан-Ас» зауытында болды. Жылына 9600 тонна өнім шығаруға қуатты зауыт жыл басынан бері 2500 тонна ас тұзын өндірді. Жаңадан ашылған кәсіпорын алдағы уақытта өндіретін өнімдерінің көлемін мұнан да арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда 14 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт өнімін облыс нарығына шығаруда.

Бүгінгі таңда, Созақтағы индустриалды аймақтың инфрақұрылым жұмыстары аяқталып, аталмыш аймаққа берілген 5 жобаның өтініштері  енгізіліп, 4-уі жүзеге асырылуда.

Индустриалды аймақтағы осынау жобалармен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кəсіпкерлермен тілдесіп, жұмыстарына оң бағасын берді. Шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан төменгі пайыздық несиелер мен субсидия сынды үлкен қолдаулар көрсетіліп жатқанына тоқталған əкім жергілікті əкімшілік тарапынан кəсіпкерлікті жандандыруда кедергі келтірілмеуі керектігін ескертті. Бұл ретте, ол таяуда облысымызға тұрғын үй құрылысы мен шағын және орта кәсіпті дамытуды қолдауға келген «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің» еншілес компаниялары біздегі болашағы зор жобаларға қаржы салуға ниетті екенін еске салып, соған сай үздік жобаларды ойластыру қажеттігін жеткізді.

Жалпы, облыс бойынша бүгінде көлемі 1116 гектар жылыжай бар болса, келер жылы оның көлемі тағы 100 гектарға ұлғаймақ. Бұл өз кезегінде, Оңтүстікте жылыжай кластерін құруға мүмкіндік береді. Осыны меңзеген аймақ басшысы аудандағы пластмасса қалдықтарынан шикізат өндіріп, полиэтилен құбырын шығаратын зауыт өз өнімін тек «Қазатомөнеркәсіпке» ғана бермей, қуаттылығын арттырып, оны жылыжай салуда қолдану қажеттігіне тоқталды.

Мұнан соң, аймақ басшысы Созақтың орталығы - Шолаққорған ауылындағы «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынып жатқан жалдамалы 50 тұрғын үйдің құрылысын көрді. 2015 жылы басталған баспана салу жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Ел Құрылыс тобы» ЖШС-і жүргізіп отыр. Айта кету керек, бүгінде Созақ ауданында 454 адам тұрғын үй кезегінде тұр.

Тұрғын үй құрылысымен танысу барысында аймақ басшысына осы маңға таяу жерден тағы да жеке сектор үшін жер телімі бөлінетінін айтты. Аталған мәселеге қатысты ойын білдірген аймақ басшысы жоғарыда аталған тұрғын үй құрылысы сынды баспаналарды бірдей етіп, ортақ жоспармен салуды тапсырды.

Сапар барысында аймақ басшысы аудан активімен кездесіп, Созақ ауданының әкімі Мақсат Исаевтың жыл басынан бері атқарған жұмыстарының барысын тыңдады.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң Жансейіт Қансейітұлы аудандағы түрлі бағыттардағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалмағанына назар аударды. Оның ішінде, аудан басшылығы индустрияландыру картасына енуі тиіс жобаларды облысқа ұсынбаған. Мәселен, ауданда 97 мың түп ағаш отырғызу жоспарланса, соның небары 14 мыңы егілген. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында салынуы тиіс 11 нысанның 7-уі ғана бой көтерген. Мұнан бөлек, аудан ҰБТ көрсеткіші бойынша 12-орында. Білім сапасының төмендігіне алаңдаған өңір басшысы денсаулық сақтау, құқық қорғау саласының жұмыстарына да көңілі толмайтынын жеткізді.

Жиын соңында Ж.Түймебаев аудан басшылығына әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Нақтырақ айтқанда, индустрияландыру картасы аясында жобалар ұсынып, шағын және орта кәсіпті дамытуды, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Созақта туризмді дамытып, жол бойындағы сервистік қызметтердің халықаралық стандарттарға сай болуы керектігін, сонымен бірге, тазалық мәселесіне айрықша көңіл бөлуді жүктеді. Оған қоса, аудандағы уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнымен тығыз байланыс орнатып, онда тұтынылатын тағамдардың үлесін жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету үшін жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

Абай ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434