«Recommended by Universiade -2017» серіктестік бағдарламасы таныстырылды
Алматыда «Recommended by Universiade — 2017» серіктестік бағдарламасының таныстырылымы өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат».
Аталған бағдарлама аясында Алматы қаласы аумағындағы қонақ үй, хостел, қоғамдық тамақтану орындары «Recommended by Universiade-2017» белгісімен Универсиадаға қатысуға іріктеу комиссиясының қарауына өте алады.
«Универсиада — Қазақстан тарихындағы ірі спорт шарасы. 5 000 спортшы, жаттықтырушы, мамандар мен құрметті қонақтарды күтіп отырмыз. Универсиада кезінде 30 мыңнан астам туристі қабылдамақпыз. Біз Туризм басқармасымен «Recommended by Universiade — 2017» бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік», — деді «Универсиада 2017» дирекциясының директоры Наиль Нуров бағдарламаның таныстырылымында.
Өз сөзінде Наиль Нуров аталған бағдарламаның мақсаты қысқы универсиада кезінде де Алматы қаласына келген туристерге жайлы жағдай жасауға бағытталған салалардың сапасын арттыру екенін нақтылай түсті.
«Алматы жылына 4 млн туристі қабылдауға қауқарлы. Қазірі жағдайда біз саяхатшыларға аса таныла қойған жоқпыз, дегенмен Универсиададан кейін жағдай өзгереді деп ойлаймын. Айта кетейік, жасалған сараптамаларға сүйенсек, қызмет көрсету сапасы жағынан біз көрші аймақтардағы қалалардан қалып келеміз. Біздің міндет: «әуежайдан әуежайға дейін» сапасын жүйелеу. Өйткені, біз қонақ үй мен қоғамдық тамақтану салаларында сапалы сервисті құруға кірістік. Бұл бірінші қадам. Осыдан кейін біз әуежайда, сауда орталықтарында қызмет көрсету талаптарын әзірлейміз. Туркомпанияларға мониторинг жасап отырамыз», — деді Наиль Нуров.
«Recommended by Universiade-2017» бағдарламасы ресми түрде 7 қарашадан жұмысын бастайды. Бағдарламаның алғашқы нәтижесі қараша айының соңында белгілі болмақ. Желтоқсан айының соңында бағдарламаға қатысушылар туралы қағаз бетіндегі және интерактивті түрдегі карта әзірлеу жоспарланған. Универсиада аяқталғаннан кейін «Almaty Quality» сапа белгісін құру белгіленіп отыр.
Abai.kz