Жұма, 22 Қараша 2024
Көк тудың желбірегені 5336 0 пікір 1 Қараша, 2016 сағат 12:16

ҚАЗАҚ ШЫНАЙЫ АЗАТТЫҚТЫҢ ДӘМІН СЕЗІНГЕН ЖОҚ

Ширек ғасыр бізден басқа ешкім тәуелсіз ел болмағандай лепіріп келеміз. Еш нәтижесіз, бос көку. Шындығында біз тәуелсіздік алған жоқпыз, далада қалған соң амалсыз «тәуелсізбіз» деп жариялай салдық. Санаға әсер ететін, ерекше, нағыз Азаттық дегеннің мәнін сезінбей қалдық. Сондықтан болар, көп қазақ Кеңес кезінің «мамыражай» тірлігін аңсайды. «Тамақ тоқ, көйлек көк» болатын. Бай, кедейдің ара жігі білінбейтін. Білінетін, бірақ білдіртпейтін...

Ғайыптан пайда болған Тәуелсіздік қазаққа не берді?

Жұмыссыздық.

Қымбатшылық.

Әлеуметтік жіктелу.

Діни жіктелу.

Надандық. Ең қауіптісі осы.

Надандық барлық салада көрініс береді. Билікте, бизнесте, ғылымда, мәдениетте, діни ұстанымда.

Надандық дегеніміз кейбіреулер ойлағандай әріп танымау, оқи, жаза білмеу емес, надандық-көңіл көзінің соқырлығы. Не бір, философияны жатқа соғатын, ғылыми ізденістерде жетістіктерге жетіп жүрген, жаратылыстану-дүниеауи пәлсапаның майын ішкен ғұламар жеткілікті. Бірақ, қайсысының пікірі өмірде пайдаға жарап жатыр? Ешқайсысының деп батыл айта аламын. Мұның басты себебі надандықта жатыр. Белгілі бір кезеңде шешімді болып көрінуі немесе көрінген болуы мүмкін. Бірақ, Қазақ үшін, Қазақ елі үшін қағида болып қалған біреуін білсеңіз, айтып жіберіңіз. Сіздікі дұрыс болу керек, себебі, білетінім – бір, білмейтінім – тоқсан тоғыз. Менде сол көп наданның бірімін ғой.

Надандық «қағынан жеруден» бастау алады. Жаңағы мен айтқан ғұламалар ізденіс үстінде көптеген еңбектер оқиды, зерттейді. Өзге тілде, өзге елдің өзі сияқты ғалымының жазғанын білім, ғылым деп есептейді. Себебі, олар «Қазақ халқында жазу-сызу болмаған, сауатсыз болған» деген «оқудан» өткен. Сөйтіп, Қазақтың далалық философиясынан, ұлттық таным-түйсігінен ажырап қалды. Өз тегі үшін «ұялу», жек көру, жиіркеніш басталды. Ұрпақ ауысқан сәттен бастап, бұл заңдылыққа айналды.

Осы надандықтың кесірінен ширек ғасыр бойы көбік ауызданып лепіріп кері кетіп барамыз.

Надандықтың кесірінен – дінде жікке бөліндік.

Надандықтың кесірінен – адамшылық қасиеттен айырылып, ағайын-туыс арасы ашылып кетті.

Надандықтың кесірінен – бәсеке, байлық қуу басталып, экономикалық тоқырауға ұшырадық.

Надандықтың кесірінен – жұмыссыздық пайда болды.

Ең сорақысы надандықтың жоғарыда, биліктен қолдау табуында болып отыр.

Ал. Енді не істейміз?

Қазақта «бұлақ басынан тұнады» деген сөз бар. Бұлақтың басы қайда?

Менің ойымша бұлақтың басы – халық. Бірақ, Қазақ, сөзімнің басында айтқанымдай, нағыз Тәуелсіздіктің, шын Азаттықтың дәмін сезінген жоқ. Керісінше, «мұндай тәуелсіздігіңнің...» деп жүргендер жеткілікті.

Меңдібай Ізтұрғанұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279